Тыныштықбай Мырзаев: Отанды сүюдің сауабы мол, сатудың күнәсі ауыр болады
2020 ж. 11 желтоқсан
2035
0
Отанды сүю – адамзаттың асыл міндеті, азаматтық борышы, өмірлік ұстанымы. Отан дегеніміз – әрқайсымыздың дүниеге келіп, кіндігіміз кесілген, топырағына аунап өскен, ауасын жұтып, суын ішкен, тілінде сөйлеп, дінінен тәрбие алған туған жеріміз. «Отансыз адам, ормансыз құс»-деп қазақ бекер айтпаған.
Біздің Отанымыз – жер көлемі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі - тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Осындай керемет елді, кең байтақ жерді бізге Отан етіп берген, бізді осы елде жаратқан Алла тағалаға мың шүкірлік айтамыз...
Асыл дініміз Ислам сонау тарихи кезеңдерден бері отансүйгіштікке, елді құрметтеуге, туған жерімізді бағалауға шақырады. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Отанды сүю – иманнан» деген. Бұл хадис туралы әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулер бұл хадис емес дейді, кейбіреулер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі дейді.
Дегенмен Алла елшісінің (с.ғ.с) өз туған жерін ерекше жақсы көргені туралы дәлелдер көп.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жер бетіндегі ең қасиетті мекен Мекке қаласында дүниеге келді. Алладан пайғамбарлық жауапкершілігі жүктелген күннен бастап, ол кісіге дұшпандардың қатары артты. Сосын Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, Исламның болашағы үшін Мәдинаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Мекке қаласынан қасиетті Мәдинаға хижрет жасап шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап:
«Ей, Ибрахим пайғамбар дұға қылған шаһар, жетпіс алты Пайғамбар өткен шаһар! Ей, кіндік қаным төгілген шаһар, қасиетті Қағба орналасқан шаһар, сені тағы көруді Алла нәсіп етсін! Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім. Отанды сүю – иманнан» – дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап, Отанымен қимастықпен қоштасқаны, көңіл құлазыған сәті біз үшін сабақ.
Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Отанға деген махаббат адам талғамайды. Пайғамбар да, Патша да, қарапайым адам да Отанын құрметтеп, сүйе білу керек. Кімде-кім Отанын сүймесе, Отанының қадірін білмесе ол қандай адам болуы мүмкін?! Адамзат қайда болсын, қай елде болсын жүрегінде отанына деген мейір-махаббат болуы керек!
Ертеде бір елдің Патшасы, Шах тақта отырып:
«Ах, Отаным»-деп жылапты. Яғни, байлық та, атақ та, даңқ та Отанға деген махаббатты алмастыра алмайды.
Біздің Елбасымыз, осынау Егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев: «Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!» - дейді өз сөзінде.
Елбасымыз өзінің еліне, Отанына, отандастарына 30 жылдай адал қызмет ете отырып, Отанына деген махаббатын дәлелдеді. Халқымыздың жарқын болашағы мен бейбіт өмірі үшін жан аянбай еңбек етті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, 2003 жылы сол кезде Қазақстан Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев әлем бойынша тұңғыш рет әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді.
Елбасының бастамасы арқылы орнаған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен түсіністік осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашты және экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды еңсеруге ықпал етті.
Халық арасында отанға деген сүйіспеншілік асыл дінімізбен егіз ұғым екенін дін қызметкерлері де кеңінен насихаттап жүр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл жолда айтарлықтай жұмыс атқаруда. Өзінің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Бас мүфти:
«Біз сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағаттарда бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, иманымыз бен бауырмалдығымыздың арқасында аман қалған рухы биік жоралы жұртпыз»-деп Отанына деген құрметін білдірді.
Бас мүфти еліне, халқына деген құрметін іспен де дәлелдеп жүр. Алысқа бармай-ақ, биылғы ел басына туған сынақ – короновирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде жасаған жақсылықтары және Діни басқарманың 30 жылдығына орай ұйымдастырған игі істері қаншама?!
Атап айтсақ, 30 жылдық мереке аясында жомарт жандардың демеушілігімен 30 елді мекенге көпір салынды, 40 құдық ел игілігіне берілді. Оқуда озат болған, көмекке зәру отбасыдан шыққан 30 шәкіртке мүфтият гранты табысталды. Республика көлемінде «30 жылдық мерейтойға 30 мың көшет отырғызу» атты игі шара жүзеге асырылды. Республика бойынша ең ауқымды «Ел үлесі пәтерге» атты жоба аясында бүгінгі таңда 329 баспананың кілті табысталды.
Мұның барлығы еліміздің, Отанымызды игілігі, отандастарымыздың болашағы үшін жасалған шаралар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Ең жақсы адам - басқаға пайдасы тиген адам», - дейді. Осы себепті жүрегі Отан деп соққан әрбір азамат ол махаббатын Отаны үшін жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек.
Отанды сүю әртүрлі жағдаймен дәлелденуі мүмкін. Тағы бір мысал келтіре кетсем:
Түркияда Темір Қая деген жер бар. Бұл жердің тарихына тоқтала кетсек, ертеде Темір Қая деген баукеспе, қарақшы өмір сүріпті. Ол керуен жолдарын торып, өткен-кеткен жолаушыларды тонап, адамдарға қарақшылық шабуыл жасап, күн көріпті.
Бір күні бір керуеннің жолын тосып тұрып, тонап жатса, ол керуенде бір әулие бар екен. Сол әулие қарақшылардың басшысы Темір Қаяға: «Ей, қарақшы, сен неге мұндай бейшара күйге түстің? Неге мұндай теріс жолды таңдадың? Ата-анаң сені дүниеге ұры болсын деп әкеліп пе еді? Алла сені бұл дүниеде елдің хақын жеп, қарақшы болып, өлген соң жаһаннамның отына жану үшін жаратып па еді?»-дейді.
Әулиенің сөздері ұрыға қатты әсер етіп, жүрегіне иман кіре бастапты. Әулиенің аяғына жығылып: «Пірім, Алла тағала мені кешіре ме екен? Мен өте көп күнә жасадым ғой. Енді артқа жол жоқ маған»-дейді жалбарынып. «Алла тағала кешіруші. Бірақ, тәуба ете білу керек. Күнәң қаншалықты үлкен болса, соншалықты сауапты іс жасауың керек. Алла кешіреді»-деп жауап береді әулие. Қарақшы біраз ойланып тұрып: «Енді мен махаббатпен, тағатпен ғибадат етемін, жақсылық жасаймын. Бірақ, мен қайдан білемін Алланың мені кешіргенін?»-деп сұрайды? Әулие оған: «Мына көшетті осы жерге ек. Сосын сауапты істеріңді жасай бер. Сол көшет көгеріп, көктеп шыққанда Алланың кешіргенінің белгісі болады»-дейді.
Қарақшы сол өзі бұрын тонаушылықпен айналысқан жол бойына қонақ үй салып, түрлі тағамдар дайындап, өткен-кеткен жолаушы, керуендерді еш ақысыз қонақ етіп, күтіп, тамақтандырып, демалдырып жіберіп отырады. Тіпті, бірнеше күн қонса да барлығын өзі күтіп, қызмет қылады. Арасында көшетіне қарап қояды. Осылайша бірнеше жыл өтті. Жолаушылар келіп-кетіп, баталарын беріп, алғыстарын білдіріп кетіп жатты. Бірақ көшет көктеп шықпады.
Бір күні Темір бір жолаушының тоқтамай, асығыс кетіп бара жатқанын көріп, жүгіріп шығады. «Жолаушы, бұл жерден ешкім тоқтамай өтпеген. Тоқтап мейманым болыңыз, дастарханымнан дәм татыңыз.»-дейді ол. Жолаушы тоқтамады. Темір артынан жүгіріп: «Жан бауырым, жалынамын. Мен Аллаға уәде бергенмін. Тоқтап, тым болмаса су ішіп кет»-дейді. «Жолама, асығып барамын, жолдан кет»-дейді жолаушы. «Тым болмаса, атыңнан түспей-ақ қой, мен еңкейіп тұрайын, желкеме аяғымды қойып, бір кесе су ішіп кет»-деп жалынады Темір. Сол кезде жолаушы оны бетінен қамшымен бір салып, асығыс кетіп қалады. Бұған қатты ашуланған Темір беліндегі қанжарын суырып алып, артынан лақтырады. Қанжар жолаушының арқасына қадалып, атынан құлап түседі. Темір жанына келгенде жолаушы: «Мені Алла жазалады»-деп соңғы сөзін айтып көз жұмады. Қалтасынан бір қағаз сусып түседі. Қараса, бұл қағазда Отанының әлсіз жерлері мен күші жерлері, мемлекеттің саяси жағдайы бәрі нақты көрсетілген карта болып шығады. Жолаушы пұл үшін Отанының сырын өзге елдің патшасына сатпақ болған екен.
Осы кезде Темірдің көзі көшетке түседі. Көшет көктеп, көгеріп шығып келе жатқанын көреді. Мұны көріп көңілі босаған Темір: «О Аллахым, мен осы уақытқа дейін қанша жақсылық жасадым. Мыңдаған жолаушыға қызмет етіп, алғысын алдым. Мүсәпірге көмектестім. Бірақ, күнәм кешірілмеді. Бүгін Отанын сатқан опасыздың көзін жойғаным үшін күнәмді кешірдің. Сонда Отанын сатқандардың соншалықты қор болғаны ма? Бұларға соншалықты азап қыласың ба, Аллаһым»-дейді. Осылайша, Отанына қиянат жасаған опасызды өлтірген адамның әуелгі-ақырғы күнәларын Алла кешіріп, мағфират етті.
Қарап отырсақ, Отанды сатудың күнәсі қаншалықты ауыр болса, Отанды сүюдің сауабы мен шарапаты соншалықты мол екен.
Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, «Ұрпағым, елім болашақта қорғансыз қалмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын» деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз азап тартып жүрген ұлттар қаншама?! Бар Отанының қадірін білмей жүргендер қаншама?!
Қазір, әсіресе, жастар арасында шетелге кетіп жатқандар көп. Әрине, оқу-білім қуып, кейін елге келіп, алған білімін ел игілігіне жаратып жатса, сауабы өте мол.
Ал Отанынан жеріп, өзге елге көшіп жатқандардың болашағы қалай болатыны белгісіз. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»-деген халық мақалы тегін айтылмаған. Кезінде тарихтағы ауыр жылдарда қаншама ата-бабамыз өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар өз елдерінен қимай-қимай жылап кетті. Өзге елдерде жүрсе де туған тілін, дінін, мәдениетін ұмытпай, ұрпағың ұлттық дәстүрде тәрбиеледі. Бұл Отанға деген сағыныш пен махаббат емей немене?! Аллаға тәуба, еліміз егемендік алғаннан кейін, Елбасымыздың бастамасымен қаншама қандастарымыз тарихи Отанына оралып, атамекенімен қауышты.
Ал қазір бейбіт өмірде, тәуелсіз ел болып өмір сүріп жатқанда көшіп жатқандар өзге елден не бақыт табады екен?
Тіпті, соңғы кезде, өз Отанында елдің ала жібін аттап, заң бұзып, еліне, халқына зардап, шығын келтіріп, соңында жазадан қорқып, шетелге қашып кететіндер де бар екені жасырын емес. Олар жас ұрпаққа, қарапайым халыққа теріс тәрбие, арандатар үгіт жүргізіп отыр. Мұндай опасыз, арамза адамдар жазадан құтылмайды. Бұл өмірде жазадан қашқандар, Алланың жазасын тартатыны сөзсіз.
Я, Рабби, өле-өлгенше Отанға садық ет. Отаннан ұзақтатып, қорлатып қойма... Өзгелерге қызмет жасатып, өзге жұртта аздырып, жүдетіп қойма. Ешқашан сені өзге жұрт ұлым демес, қызым демес, оларға сен бөтенсің...Өз еліңде байсың ба, кедейсің бе бұл сенің Отаның. Өз Отанында еш адам ғаріп болмайды, әрқашан сұлтандай жүресің. Ал өзге жұртта әкім болсаң да Отанға деген сағыныш махаббаты өле-өлгенше азаптайды. Отаннан қашқан, отанын сатқан опасыз деген таңба мәңгілікке басылып, мөрленіп қалады. Я, Рабби осындай Отанымыздан бізді ұзақтата көрме. Менің отаным – Қазақстан, өзгесі мен үшін ұлық емес!
Қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаев ел шекарасында тұрып:
Мен, міне, Отанымның шетіндемін. Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай, Әрі қарай мекен жоқ жаныма жәй. Осы жерден шығады күнім менің, Осы жерден атады таңым арай. Осы жерден Отаным басталады, Бақытымның осында тас қамалы - деп Отанына деген махаббатын өлеңмен жеткізіпті. Осылайша, Отанының шекарасынан асқандарға бақыт жоқ екенін баяндайды.
Аллаға тәуба, келер жылы біздің Отанымыз - Қазақстанның Тәуелсіз, егеменді ел болғанына 30 жыл толмақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдіре отырып: «Келер жылы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол адам құқықтарын қорғау, цифровизация, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек», – деді.
Тәуелсіздік – бабаларымыз аңсаған, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.
Егемен еліміз, сүйікті Отанымыз 16 желтоқсанда Ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Биыл, өкінішке орай, әлемдік пандемия жариялануы себепті, салтанатты шаралар өтпейді. Дегенмен, халқымыз үшін бұл күн мәні мен маңызын жоғалтпайды. Бұл күн әрбір отансүйгіш азаматтың жүрегінде от болып лаулап, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, болашағына сенімін ныңайта түседі.
Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған ұлы Далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Алла тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Тыныштықбай МЫРЗАЕВ,
Алматы қаласы,
Абдулла мешітінің бас имамы
Қазақ үні