Қазыбек Иса. ӨЗГЕНІҢ ҚАТЕСІНЕН ҮЙРЕНГЕН ЖАҚСЫ - БІЗДЕ ДЕ АЛДА САЙЛАУ ТҰР... (толықтырылды)
2020 ж. 07 қазан
1517
0
Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар тағы да атқа мініп, алаңда ат ойнатты!.. Атойлатудың ақыры Ақ үйін өртеп, өздері үш жыл бұрын заңды сайлап алған президенттері Сооранбай Жиенбековтың ордасында ойран салды... Президенттің портретін тепкілеп, қызыл туларын жерде сүйретіп жүр көбісі...
Тағы да Бішгектегі қаншама қарапайым халықтың дүкендері, мекемелер қиратылды, дүние-мүлік, құрал-жабдықтар тоналды!
Бұл осымен Қырғыз еліндегі біз білетін үшінші төңкеріс!
Бұны демократия деуге келе ме? Саясаттанушыларымыз айтып жатқандай нағыз охлократия! Охлократия дегеніміз грек тілінен таза қазақшалап айтсақ, тобырдың топалаңы деген сөз.
Мысалы, өзіңнің балаларыңның аузынан жырып тауып, солардың күн көретін несібесі болсын деп салған дүңгіршегіңді біреулер қиратып, тонап кетсе, немесе, күнделікті мініп жүрген жалғыз мәшинеңді төңкеріп кетсе, Алатаудың ар жағына аузының суы құрып отырғандардың өзі "демократияның" жетпіс жеті атасынан қалай қалай боқтар екен?
Демократия тек темірдей тәртіп пен әділ де, берік заң болғанда ғана жемісін береді. Әйтпесе, керісінше кесірі елге тиетініне көршімізге қарап көзіміз жетіп отыр.
Әрине, төңкеріске себеп, тағы да сайлаудағы әділетсіздік!
Қырғызстанда мемлекеттілік қалыптаспаған секілді әлі. Бір топ митингішілер Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті түрмесіне барып, 11 жылға заңды сотталған экс-президент Алмазбек Атамбаевты шығарып ала салды. Бір өңірде біреу өзін сот сайлап алып, түрмедегілерді түгел босатып жіберді...
Министрлік ғимараттарына басып кіріп, өздерін министр тағайындап алып жатқандарды көрсетіп жатыр телеарналар...
Қырғыз ағайындар көшеге жүз мыңдап шықса да, бір тал сындырмай, орындарында бір шырпы қалдырмай жинап кететін Белорустықтардың бекзаттығын үйренуі керек еді. Керегі билік пе, қарапайым халық игілігіне, қоршаған ортаға зияныңды тигізбе!
Белоруссияда да президент сайлауындағы әділетсіздік бүкіл елді алаңдар мен көшелерге толтырды!
Қырғызстандағы төңкеріс халық көтерілісінен гөрі өмір бойы бітпей келе жатқан оңтүстік пен солтүстіктің соғысы, кландардың есебі жоқ есеп айырысуы екені елдің бәріне белгілі болды қазір.
Тағы бір нұсқа - сайлауда 16 партияның ішінде тек төрт партия ғана, олардың үшеуі билік партиясы және Ресейге мойын бұратындар екенін алға тартуда. Ұлттық мүддені көтерген оппозициялық партиялардың сайлаудағы әділетсіздік пен Ресейге қосылуды көтеріп жүргендерге қарсылығы дейді бұл көтеріліс. Бұның да жаны бар сөз деуге болады. Өйткені, осы сайлаудың алдында ғана президент Жиенбеков Мәскеуге барып, Путиннің есігін күзетіп, дәргейіне жығылып келген еді...
Қырғыз президенті Жиенбековтың бір атап айтарлығы - әскерге халыққа оқ атпауға бұйрық бергені!
Белоруссиядағы халықтың жаппай наразылығында да президент Лукашенконың былай сырт көзге Ресейге қарсы тентектіктер көрсетіп қойғанымен, өмір бойы тек Ресей тілінде сөйлейтін орысшылдығына бұрыннан келе жатқан Ұлттық қарсылық жатыр деген сарапшылар сөзіне де толық қосылуға болады.
Бір ғана нәрсе айқын - Белоруссияда да, Қырғызстанда да сайлау әділ өтсе, осындай көтерілістер болмас еді...
Енді Қырғыз Президенті Сооронбай Жиенбековтың отставкаға кетуін қалай түсінуге болады? Тәжірибелі білікті саясаткер, Қырғызстанды Құрманбек Бақиевке қарсы қантөгіске ұласқан көтерілістее кейін, ең қиын кезде екі жыл басқарып, Президент сайлауын жасап, ел тізгінін Алмазбек Атамбаевқа аман-есен өткізіп берген Роза Отынбаева осыны білгендей алдын ала ескертіп, "Президентке кетуге болмайды" деп дабыл қақты ғой?!. Бұны мемлекеттің заңды сайланған президентінің қиын кезде жауапкершіліктен қашып, елді тастап кетуі деуге болады. Сонда ел алаңға митингіге шыққан сайын президент ауыса беруі керек пе? Мемлекеттік саяси-қоғамдық тұрақтылық болмаған жерде мемлекеттің де болашағы қауіпті. Сондықтан да,
Қырғызстан президенті Сооранбай Жиенбековтың өз еркімен қызметінен кету туралы мәлімдемесін сарапшылар "әлсіздік актісі, өзінің дәрменсіздігін және жағдайды бақылауға қабілетсіздігін мойындау" деп санап, "Президент өзінің саяси және моральдық көшбасшы мәртебесінен айырылды" – деген сыни пікірлер дұрыс айтылуда.
Көршің бүлініп, өртеніп жатса, көңілің қалай орнықсын! Сондықтан қырғыз бауырлардың ел Конституциясы мен заңдарына бағынып, мемлекет тұрақтылығын сақтау үшін елдікке, бірлікке келуін тілейміз.
Өзіңнен гөрі өзгенің қатесінен үйренген жақсы. Біздің елде де алда парламент сайлауы таяп тұр.
Билік көп елдердегі сайлаудағы әділетсіздіктер мен Тәуелсіздікті тәрк еткісі келетіндердің соңы немен аяқталып жатқанынан нақты сабақ алуы тиіс! Енді баяғыдай сайлауда қалаған дауыс санын жазып ала берудің соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін...
Ең бастысы Ел аман, жұрт тыныш болып, Тәуелсіздіктің іргесі беки берсін!
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні»