ЖҮЗЖЫЛДЫҚ КҮНГІ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МӘСЕЛЕ
2020 ж. 28 тамыз
2208
0
Ақордада отырып, Ұлт мүддесін қорғап, Алаш ұстанымын ұлықтап жүретін Президент көмекшісі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин бауырыммен кездесуіміз Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толған күніне тура келгенін жақсылыққа жорыдым. Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлылар Кеңес үкіметі көсемі Лениннің алдында дәлелдеп берген Қазақ Елі территориясында құрылған Қазақ автономиясының 100 жылдығы, одан үш жыл бұрын 1917 жылы Алаш автономиясын құрған арыстардың тарихи тағылымды ерлік істері әңгіме болды. Әрине, республика 100 жылдығында 100 жылдан бері шешілмей келе жатқан Мемлекеттік тіл мәселесі, "Қазақ үні" ұлттық порталындағы Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, 122 мыңнан астам қол қойылған Ашық хат та сөз болды.
Бұл бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жеткен қалың қол жиналған Ашық хаттың қорытындысы, менің Ұлттық кеңестің бірінші отырысындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы ұсынысымнан соң, Мәдениет министрлігінде дайындалып, Үкіметке жіберілген Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Консепциясы да басты тақырыбымызға айналды.
Ерлан Қарин - Ақордадағы ел сенетін, мен сенетін саусақпен санарлықтай салмақты саясаткерлердің бірі. Ұлт үшін үндемей жүріп-ақ істеген игі істері аз емес. Өзінің бар мүмкіндігін ұлттық мүддені қорғауда аянып қалмайтыны анық. Үміт күтеміз!
Иә, билік басында жүргендерден қазақ сенетін қайраткерлер аз деп отырғанымның жаны бар. Өйткені, бұрынғы коммунистік кеңестік құлдық санадан құтыла алмайтын, ұлтшылдықты әлі жау көретін қақсалдардың көп екенін былай қойғанда, Тәуелсіздік қарсаңында есейген жас шенеуніктердің де көбісі ұлтсыздықпен ауырып, ұлтшылдықпен күресіп жүргенін көргенде таң қаласың... Президент әкімшілігі мен Үкіметте, яғни мемлекеттік жауапты жоғары қызметте отырып алып, мемлекеттік мүддеге - мемлекеттік тілге, ұлттық ұстанымдарға қарсы жұмыс істеп, зиянын тигізіп келе жатқандардың аттарын атайтын күн де алыс емес... Ұлттық мүддеге қандай кері пиғыл, теріс ағымда болсаң да ештеңе емес, жоғарыға өрлеуге жол ашық, тек Ұлтшылдығыңды - Ұлтың үшін күресуді кешірмейтіндер кеми қойған жоқ әлі...
Саясаткер інім саясат шеңберімен шектеліп қалмай, руханият әлемінен де нәр алып жүрсін деген оймен "Сырымды айттым далаға" атты жыр кітабымды қолтаңба жазып сыйладым.
Ерекең шығарып салғасын, есік алдындағы жаздық кафеде көлік күтіп отырғанда үстеліме бір бозторғай ұшып келіп, дәл алдымда шықылықтап тұрып алды. Өзі сондай сүйкімді, көзі жәудіреп қарайды. Боздаланың бозторғайы тас қала астанада қайдан жүргенін қайдам, жақсылықтың жаршысы санадым.
Құс екеш құс та, қаптаған адамдар арасынан дала ақынын іздеп тапқанын-ай деп, риза болып қалдым...
Алаш аман болып, Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні