Қазыбек Иса. Коммунистердің миллиондар моласының үстінде сайран салуы қашан тоқтайды?!.
2020 ж. 12 тамыз
2127
0
ҰЛТЫН СҮЮДІ АЙЫПТАЙТЫНДАР - ҰЛТ ЖАУЛАРЫ!
НАҒЫЗ ҰЛТШЫЛ БОЛУ - ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ!
КОММУНИСТЕР ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫН БІЛЕ МЕ ЕКЕН?!.
Қызыл коммунист Айқын Ойратұлы айқын ойрат ұлының тірлігін жасауда
ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЕЛДЕРДЕ ерте ме, кеш пе, ДЕКОММУНИЗАЦИЯНЫҢ күшейе беруі тарихи да, табиғи да заңдылық!
Біздің елде коммунистердің әлі парламентте отыруы - Ұлтты қырғандарға Ұлт туралы билік айтқызу, яғни адам өлімі туралы сот үкімін қандықол қанішерге шығартумен бірдей парадоксты жағдай.
1922 жылы Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы елуге толғанда сол кезде Үкімет басқарып отырған Сәкен Сейфуллиннің өзі келіп, сөз сөйлеген. Сонда ол Ахаңның сегіз қырлы қасиетін әбден мақтап келіп, «Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деп, бағалаған болатын. Қызыл сұңқар атанған, Алашордаға қарсы Сәкен Сейфуллиннің өзі Алаштың арысын осылай жоғары бағалап тұрса, бұл ҰЛТШЫЛДЫҚ сол кезде ең жоғары баға болғанын білдіреді. Жүз жыл өткенде біз де ҰЛТШЫЛДЫҚТЫ ең жоғары баға деп қабылдаймыз. Яғни, Коммунистік Кеңес империясының ұлттарға қарсы басталған қанды жорығына дейін Ұлтшылдық -Ұлтты сүюдің, Ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып келгені анық.
Коммунистер көлеңкесінен қорқып, аттандап отырғандай Радикалды ұлтшылдық әлі жоқ бізде! Ал оған не жеткізеді елді? Радикалды ұлтшылдықты тек биліктің ұлт мүддесін елеусіз қалдырғаны былай тұрсын, қайта қарсы жұмыс істеуі тудырады. Яғни радикалды ұлтшылдықтың күшеюі тек биліктің әрекетіне байланысты. Серіппені басқан сайын күшейіп, серпіні қатты болып, қайта серпілетінін ұмытпау керек!
Ұлтшылдық деген - Ұлтты сүю. Сонда коммунистердің айыптап отырған "радикалды ұлтшылдығы" - Ұлтты қатты сүю, жақсы көру, нағыз ұлтшылдық болып шығады! НАҒЫЗ ҰЛТШЫЛ БОЛУ - Ел үшін де, Мен үшін де ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ, ПЕРЗЕНТТІК МІНДЕТ!
Ал нағыз ұлтшылдықты, яғни ұлтыңды қатты сүюді, жақсы көруді жаулық көріп, қатаң айыптауы Коммунистердің Ұлттың нағыз жауы екенін айқын көрсетеді.
Тәуелсіздік алған елде кешегі Кеңес одағындай ұлтшылдықты айыптау - коммунистердің шетелден бұйрық алып, қолмен басқарылып отырған қуыршақ ұйым екеніне анық көз жеткізеді. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қырағылық танытатын жері осы тұс болуы керек!
Биліктің күні біткен коммунистерді парламентке отырғызып қойған Тәуелсіздік ұстанымына қарсы мұндай саяси соқырлық шешімі ешбір елде болмайтын нағыз парадокс!
БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ КІМДЕРДЕН АЛДЫҚ?!. Коммунистік партия басқарған Кеңес одағынан! Ендеше бұл коммунистердің ұлттық тәуелсіздікке қарсы болуы -негізгі мақсаттары ғой!..
Жалпы, бұл коммунистер Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болғанын біле ме екен?!. Жоқ әлі қандықол Кеңес империясында өмір сүріп жатырмыз деп ойлай ма?!. Бірақ коммунистер мен Копбаев сияқты жалған интернационалистердің Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанын білмеуін түсінуге де болады. Өйткені, бұлар біздің билік секілді елден екі-үш тілділікті талап еткенмен, өздері әлі сол баяғы Кеңес империясы кезіндегідей бір-ақ тілмен сөйлеп келе жатыр... Өздері әлі сол кездегідей билікте, парламентте отыр... Әлі сол кездегідей "халық жауларын" қырудың социалистік жарыс жоспарын жасап, ұлтшылдықпен қорқытып келеді елді...
Мысалы "Қазақ үні" сайтындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп қол қойған, алды әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған 122 мыңнан астам адамның ішінде Парламентте заңсыз отырған Компартияның бір де бір депутатының болмауы нені білдіреді?
Парламентте оншақты жыл отырғанда бұлардың есте қалған ессіз тірліктерін атап өтейік. "Одақта ортақ ақша болсын" деп, Ресей тапсырысын орындауы мен өзі зорға күнін көріп отырған кедейлері көп елде "нанды 400 теңге етуді" ұсынған, бүгінде Ұлтшылдықты жау көріп, ұйқысынан айрылған Айкын Ойратович Конуров, "Русский мирден алыстап кеттік" деп қатты қайғырып, орманға қарап ұлып отырған Смирнова, Ұлттық кеңесте Мемлекеттік тіл мәселесінің көтерілуіне жан-тәнімен қарсы болған Жамбыл Ахметбеков, кеше ұлттық құндылықтарымызға қарсы болған, бүгінде Мәжіліске түнгі "тойлардан" қалған ұйқысын қандыру үшін келетін, жасы ең үлкен кәрі коммунист шал Косарев.
Коммунистердің Тәуелсіз Қазақ Елінің Мемлекеттік тілін қолдамағаны да заңдылық! Өйткені олар Кеңес империясы кезінде 70 жыл, Тәуелсіз Қазақстанда 30 жыл, барлығы 100 жылдан бері Ұлттық мүддені, Қазақ тілін жаныштап келе жатыр ғой, басты бағыт-бағдарламасынан енді неге қайта қойсын?!.
Украинадағы, Грузиядағы, Молдавиядағы басқыншылыққа басты кінәлі - басып алған коммунистік империялық пиғылдағы Ресейді айыптаудың орнына территориясының бір бөлігінен айрылған сол елдерді кінәлау үшін өзің де нағыз басқыншы, не бассыз болуың керек!
Қырда қытайдың қырғынынан, ойда ойрат пен орыстың ойранынан әлі 20 миллионға жете алмай отырған елде 1916-1986 жылдар арасындағы барлық қазақ босып кеткен соғыс пен сойқанды үркіншілікке, ұлтқа жасалған геноцид - ашаршылықтарға, қазақтың қаймақтарын қырып салған зұлмат-зобалаңға, Желтоқсанда Азаттық алаңын қызыл қанға бояуға басты кінәлі қызыл большевик-коммунистерді Тәуелсіз мемлекеттің парламентінде сайратып, миллиондардың моласының үстінде сайран салдырып қойған масқара қашан тоқтайды?!.
Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық күні 31 мамырда "Ақ жол" партиясы парламентте Ашаршылық зұлматын "Ұлтқа қарсы ГЕНОЦИД" деп тануды талап еткен депутаттық сауал жасағанда да бұл коммунистердің "өздерін бірден танып" ойбайлағанын естіп қалған едік...
Енді тағы да Бас прокуратураға "ұлтшылдарды құрту керек" деген ашық хат жазып, жаппай жазалауға шақырып, кешегі кеңестік коммунистік билік кезіндегідей тағы да қызыл қырғынды аңсап отырған қызыл коммунист депутат Айқын Ойратұлы бастаған коммунистер айқын ойрат ұлы екендіктерін айқын көрсетуде!
Өйткені, ҰЛТЫН СҮЮДІ АЙЫПТАЙТЫНДАР - ҰЛТ ЖАУЛАРЫ! Ал НАҒЫЗ ҰЛТШЫЛ БОЛУ - ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ! Бұл тұжырымдама - әлемдік әйгілі қағида!
Бұл жанталас -КОММУНИСТЕРДІҢ СОҢҒЫ ТҰЯҚ СЕРПУІ!
Коммунистерге "ұрының "ұрыны ұстаңдар" деген айқайы" үшін бір-ақ нәрседе алғыс айтуға болады! Қолдары қызыл қанға боялған қызыл коммунизмнің қызыл қыжыммен қапталған табытына соңғы сом шегені қағуды ұмытып кеткенімізді өздері еске түсіріп отырғандарына рахмет!
Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі. "Қазақ үні"