ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫ ҚОЛДАУ СҰРАҒАНҒА ОРЫСТІЛДІ САЙТ НЕГЕ ОЙБАЙЛАДЫ?!
2020 ж. 25 мамыр
2679
0
Таяуда Алматыда Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Аида Балаеваның қазақтілді газет және сайт басшыларымен кездесуі туралы қысқаша хабар жазған болатынбыз. Ондағы көтерілген мәселелерді тағы да қайталап өтейік.
1.Ең алдымен өткенде еліміздегі БАҚ басшылары ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жазған «Қазақ баспасөзінің басына зор қауіп төніп тұр» атты Ашық хаттағы көтерілген өзекті мәселелер айтылды. Бұл қазақ баспасөзі туралы проблемалар баяғыдан жазылып келе жатқанына ширек ғасыр болды. Осыдан бір ай бұрын "Қазақстан дәуірі" газетінің ұйымдастыруымен, барлық газет басшылары қол қойып, президентке жеткен, біз соны министрдің есіне салдық.
Ең бастысы Қазақ басылымдарының жазылымы мәселесінің бүгінгідей интернет заманында қиын жағдайда қалып отырғандығына байланысты мемлекет идеологиясын жүргізіп отырған қазақ басылымдарына үкімет те қолдау көрсетпесе болмайды. Жазылушыларының көбісі ауылдарда болғандықтан, карантин кезінде тарата алмай қалған басылымдардың жазылымына қолдау көрсетуді, тіпті қазақ басылымдарын сататын дүңгіршектер жүйесінің де жоқтығы сөз болды. "Қазпоштаның" ауылдарға басылым жеткізуі көп уақыт алатындықтан, өңірлердегі тираждарды сол жергілікті баспаханаларда басуға келісім жасау мәселесі ұсынылды.
2.Идеологиядағы телеарнаның рөлі туралы «Қазақ үні» порталында жарияланған белгілі кино және театр тарланы Талғат Теменовтың Ақпарат министрі Аида Балаеваға жазған хатындағы өткір мәселелер де сөз болды.
Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында Ұлттық идеология мәселелерінде көтергендей, шетел үздік балалар арналарындағы мультфильмдерді қазақшаға аударып, «Балапан» арнасынан көрсету мәселесін сөз еттік. Өйткені орысша балабақшаларға бармайтын қазақ балаларының өзі осы телеарналар арқылы орысша араластырып сөйлеуге ойысып барады.
3.Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік, Ресей басылымдарының қауіпті деңгейдегі басымдығы, Қазақ қаржысын молынан алып отырған орыстілді БАҚ-тардың Ұлттық мүддемізге қарсы саясаты туралы айтылды.
4."Қазақ әдебиеті" газеті бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат та орыстілді БАҚ мәселесіне қазақтілді БАҚ-тардан көп қаржы бөлінетін дәстүр әлі қалмай келе жатқанын, ендеше оларға еліміздің ұлттық мүддесі, тарихы мен мәдениетін насихаттайтын тақырыптар беру керектігін дұрыс көтерді.
5."Адырна.кз" пен "Даланьюс.кз" сайттары бас редакторлары Арман Әубәкір мен Думан Бықай әлеуметтік желілерді пайдалану артықшылықтарын қозғады.
6.Сонымен бірге қазақтың ұлттық санасының өскені, билік орындарындағы қарсылықтарға қарамастан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ұлт зиялыларының «Қазақ үні» сайтындағы Ашық хатына екі аптада 100 мыңнан аса қол қойылып, қазір 120 мыңнан асып кеткені, 850 мыңға жуық оқырман оқығанына шешім қабылдайтын тиісті орындар баса назар аудару керектігін атап өтті.
Аида Ғалымқызы барлық БАҚ басшылары сөздері мен көтерген мәселелерін, ұсыныстарын жазып алып, назарға алатынын айтты. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың халыққа жетуі мәселесін атап көрсетті.
"КЕТПЕННІҢ БАСЫН БАССАҢ, САБЫ МАҢДАЙЫҢА САРТ ЕТЕ ҚАЛАДЫ!"
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік, Қазақ қаржысын молынан алып отырған орыстілді БАҚ-тардың Ұлттық мүддемізге қарсы саясаты туралы айтып ауыз жиғанша, сол сөзімізді растап, ертеңіне-ақ бар жұмысы үнемі Ұлт мүддесіне қарсы шығу болып келе жатқан "Сентрал Азия монитор" басылымы "Қазақ басылымдары қаржы сұрап жатыр" деп ойбайға басты... "Ведь, по их утверждениям, именно казахские масс-медиа (и только они!) являются проводниками государственной идеологии"-деп, өздері мойындағысы келмесе де, шындық шымбайларына батып кеткенін де жасырмапты. Әрине, бұл жерде "Тәуелсіздік кезеңінде Қазақ басылымдары ұлттық партияның рөлін атқаруда" (Ерлан Қарин) деген елдің сөзін жеткізген ердің бір ауыз жоғары бағасының өзі де шындыққа көз жеткізуге толық жеткілікті. 1.Біріншіден қазақ басылымдары орыстілді басылымдар баяғыдан алып келе жатқандай мол қаржы сұраған жоқ, жазылушылары ауылдарда болғандықтан, карантин кезінде тарата алмай қалған басылымдардың жазылымына қолдау көрсетуді сұрады. Екіншіден, еліміздегі халықтың төлейтін пайызымен байып отырған банктерге Ұлттық қордан 10 млрд төлегенде ештеңе демеген, кеше карантинге байланысты еліміздің 361 алпауыт кәсіпорындары халық қазынасынан тағы да миллиардтар алатын болғанда бір ауыз тіл қатпаған, өздері мемлекеттен мол қаржы алып отырған бұл орыстілді басылым "Сентрал Азия монитордың" "Қазақ тілді басылымдар қаржы сұрап қойды" деп шат-шәлекейі шығып, тіпті Президент әкімшілігіне дейін арыз айтып баруы нені білдіреді? Осыдан-ақ өздеріңіз ойлай беріңіздер олардың теріс пиғылы қандай екенін. Сол үшін ғана, біздің жоғарыда айтқан көптеген орыстілді БАҚ-тардың ұлттық мүддеге қарсы шығып келе жатқаны туралы сөзімізді олардың өздерінің лезде растағаны үшін рахмет айтамыз. 2. "Орыстілді БАҚ-та интернет заманында өмір сүріп отыр ғой "-деп уәж айтады Жандос Асылбеков деген тілші. Біріншіден, орыстілді журналистер мемлекеттен қаржы алмай отырған секілді беттері бүлк етпейді-ау шіркіндердің. Екіншіден осы сөздерімен біздегі екі тілділіктің тек орыстілділерге пайдалы екендігін мойындайды. Яғни, қазақтілділер екі тілдегі де басылымдарды сатып алып, екі тілдегі сайтты да оқиды.Бұл орыстілді БАҚ-қа биліктің отыз жылдан бері тигізіп келе жатқан пайдасы, орыстілді басылымдардың артықшылары емес. Ал орыстілділер тек орыстілді басылымдар сатып алады, интернеттен орыстілді сайттарды ғана оқиды. Қазақтілді басылымдар мен сайттарды оқуға Қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, олардың сауаттары жетпей келе жатыр отыз жылдан бері. Биліктегі орыстілділердің де қазақ басылымдары мен сайттарын оқуға сауаттары жетпейді де, өздері оқыған тілдегі басылымдарды артық санайды. Әрине, оқи алмаған басылым туралы нашар дегеннен басқа не айтсын?!. Бұл жерде Елбасымыз пен Президентіміз қанша жерден қоғамның бірігуі, ол жолда "Мемлекеттік тіл -қоғамды біріктіруші фактор" екенін талай айтып келе жатса да, қоғамды екі тілге ажыратып, екіге бөліп келген Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағы екеніне көкірегі ояу, көзі ашықтардың көзі анық жетті. Енді бұл бапты қоғамға жік салушы, 83 пайыз қазақтілділерге (үкіметтің- мәдениет министрлігінің ресми мәлімдемесі) дикриминация ретінде алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды талап етіп жатқан 120 мыңнан аса азаматтардың (орыстар, украиндар, немістер, өзбектер, татарлар, дұңғандар, белорустар тб, бәрі бар) талабы өте орынды деген сөз. Қоғамды бір тілге - Мемлекеттік тілге біріктіру мәселесінде билік отыз жылдан бері ештеңе істеген жоқ деген ащы шындық ашық айтылып жатыр қазір. Мен айтар едім "Елді біріктіретін Ұлттық идеологияда ештеңе істеген жоқ" деген сөз билікке айтылған жақсы сөз болып тұр ғой, ал шындығында Конституцияда Тілді екіге бөліп, Елді де екіге бөлді, яғни, отыз жыл зиянын тигізді! 3.Менің "Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік, Ресей басылымдарының қауіпті деңгейдегі басымдығы, Қазақ қаржысын молынан алып отырған орыстілді БАҚтардың Ұлттық мүддемізге қарсы саясаты туралы айтылды" деген сөзімді мемлекеттік тілді білуі тиістігін былай қойғанда, өз ана тілін түсінуге миы жетпеген сауатсыз "Сентрал Азия монитордың" журналисті Жандос Асылбеков басқаша, өзінің бізге тиісуіне қажетті мағынада аударып алып, "қазақ қаржысы, корей қаржысы, дұнған қаржысы, орыс қаржысы деген бола ма"-деп соғады. Бұл жерде сөйлем арасында келсе де бас әріппен жазылғандықтан "Қазақ қаржысы" деген сөздің "Қазақ Елі қаржысы, Қазақстан қаржысы" деген мағына екенін түсіну үшін, оған сауаты жету үшін тағы да қайталап айтамын, Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! 4.Орыстілді сайт өтірік айтқандай, қазақ басылымдары тек қолдау сұрап қана қойған жоқ, Ақпарат министрімен кездесуде көптеген нақты ұсыныстар айтылды. Министр олардың бәрін жазып алып, мәселелерді шешуші мекемелер басшыларымен бірлесіп жиын өткізетін болып келісті. Яғни бұл "Сентрал Азия монитордың" баяғыдан жағы талмай жар салып келе жатқан жарамазаны ғой ұлттық мүддеге қарсы шығып, "Қазақ үні" тб қазақ баспасөзіне қарсы жұмыс істеп келе жатуы. Сондықтан бұл қазақ басылымдары үшін жаңалық та, таңсық та емес. Біздікі тек "Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа сарт ете қалады" деген қазақ мақалын қазақ тілін ұмытқандардың есіне салып қою ғана. Қазыбек ИСА