Мақтааралдағы су тасқыны салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды
2020 ж. 04 мамыр
1496
0
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Өкімімен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен комиссия құрамына орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары кірді.
Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды.
Атап өту керек, бұған дейін «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Исаның «МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!» атты мақаласы жарияланған болатын. - Енді бүгінгі біздің елдегі осындай нақты мәліметтерге қарағанда, 350 мыңдай халқы бар қасиетті Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, Үкімет жәрдем бермесе, жағдай сәт сайын қиындап бара жатыр…, – деп жазды Қазыбек Иса өз мақаласында.