Президент: Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылады
2020 ж. 27 сәуір
1192
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет. Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым», - деді Президент.
«Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.