Бексұлтан Нұржеке: Кейде Қазақ мемлекетінде тұрамын ба, жоқ па деп күдіктенемін?!.
2020 ж. 16 сәуір
3549
0
"Хабар24" телеарнасын немесе "Ресей24" арнасын қараңыз, еш айырмашылық жоқ
Бүгінде қоғамымыздағы ең басты мақсат- 30 жылдан бері кейінге қалып келе жатқан Мемлекеттік Тіл туралы заңды талап ету болып тұр! Қазақ тілін қолдап 5 күнде 45 мыңнан астам қол қойылды! Бұл бұрын-соңды тарихта болмаған, бұрынғы межелерден 350 еседей көп зор рекорд! Бұл үшін Әрбір қол қойған және осы қасиетті істе қайрат көрсеткен азаматтарға, барлық Қазақтың қайсар қырандарына алғысымыз шексіз! Алашқа Алла жар болсын!
Осы мәселеге орай қазақтың қабырғалы қаламгері, ұлттық мүдде жолында ұдайы шындықты айтып жүрген ұлт зиялысы Бексұлтан Нұржеке ағамызбен хабарласқан едік.
Бексұлтан Нұржеке, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Тіл мәселесіне Үкімет қайтадан көңіл бұратын уақыт жетті. Біз кеше Совет одағы деген халық едік, бәріміз бір едік. Орыс тіліне басымдық бердік. Халықаралық жағдайымыз ұшығып кетпесін деп шыдап бақтық. Содан бері, міне, 30 жылдай уақыт өтті. Қазақ тілі Кеңес дәуірінен кейін өскен жоқ. Ол қайта соның дәрежесіне дейін төмендеді. Себебі... Кейде мен, өз басым, Қазақ мемлекетінде тұрамын ба, тұрмаймын ба деп күдіктенемін?!. Өйткені, Мемлекет басшысы да, Үкімет, облыс, аудан басшылары да, тіпті, аудан-ауылдың әкімдеріне дейін бәрі орыс тілінде сөйлейді, орыс тілінде тапсырма береді. Қыл аяғы, телеарна, радиоларымыздың көбі орысша. "Хабар24" телеарнасын қосып қараңыз, "Ресей24" арнасын қараңыз, еш айырмашылық жоқ. Бұл тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған мемлекетке лайық емес. Сондықтан, Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдануын талап еткен "Қазақ үні" Ашық хатын толық қолдаймын!
qazaquni.kz https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html