БАС САНИТАРДЫҢ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ СӨЗІН МИНИСТР АУДАРЫП БЕРЕ МЕ?
2020 ж. 06 сәуір
14318
32
Бүгінде 75 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге кім рұқсат берді?
Бүгін сағат 15-00-де ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметінде Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова еліміздегі коронавирустық жағдайға байланысты брифинг өткізді.
Бірден айтайық, брифинг Қазақ Елінде емес, Ресейде өтіп жатқандай болды. Өйткені мемлекеттік тілді жиып қойып, тек орыс тілінде ақпарат беруші Қазақстанның Бас санитары Айжан Есмағамбетоваға қарасаңыз, Тәуелсіз Қазақстанның астанасында емес, Ресейдің бір губерниясында отырғандай... еркін отырды...
1.Қазақстанның Мемлекеттік Бас санитары Айжан Есмағамбетоваға Мемлекеттік тілді, яғни Конституция мен Тіл туралы заңды аттап-таптап өтуге кім рұқсат берді?!.
2.Қазақстанға 30 жылдың ішінде көшіп келген, бүгінде 2 миллионға жуықтап қалған қандастарымыздың және Тәуелсіздік алғалы 30 жылда қалыптасқандай, орыс тілін білуді қажет санамайтын ауылдағы қазақтарды қосқанда, 10 миллионннан аса азаматтарды айтпағанда, бүгінде жалпы 75 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге кім рұқсат берді?
Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде брифинг өткізушілерге белгілі бір заңды талаптар болмай ма? Қытай немесе шүршіт тілінде де өткізе беруге бола ма?
3.Егер Айжан Есмағамбетова МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕСЕ,МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАР ЕТІП ОНЫ КІМ ТАҒАЙЫНДАДЫ?
А.Есмағамбетованы жауапты лауазымды мемлекеттік қызметке қойып отырғанда одан Мемлекеттік тілді білу Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Мемлекеттік қызмет агенттігінде және Денсаулық министрлігінде талап етілмеген бе, жоқ мұндай талап біздің Тәуелсіз Қазақстанда 30 жылдан бері әлі жоқ па?!.
Өткенде Ақмола облыстық, Қарағанды облыстық денсаулық саласы басшылары мен Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сәуле Қисықова да (өзім байқағандар) Мемлекеттік тілді аттап өтіп, тек Ресей тілінде сайрап-сайрап кеткен болатын... Соған қарағанда біздің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан заңдарын сақтауды жиып қойған ба?
Ендеше, Мемлекеттік тілге миы жетпейтіндерді, тек Ресей тілін білсе жеткілікті деп санап, қызметке ала беретін болса, Денсаулық министрі Елжан Біртанов немесе Айжан Есмағамбетованы осындай қалың елдің жауапкершілігін жүктеген лауазымды қызметке алғызған Президент әкімшілігі мен Үкіметтегі жауапты басшылар брифингке келіп, Бас санитардың сөзін Мемлекеттік тілге аударып беріп отырсын. Әйтпесе, Бас санитардың Ресей тіліндегі сөзін түсінбеген 10 миллионнан аса ел (70 пайыздан кем емес) қалай емделмек?
Еліміздегі 75 пайыз Қазақстан азаматтары осыны талап етеді!
Біз, Қазақстаннның Мемлекеттік тілін талап етушілер, бұдан былай еліміздегі Ақорда мен Үкімет, парламенттен бастап, барлық жиындарды қадағалап отыратын боламыз!
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі.
"Қазақ үні"