Болат Бақауов не үшін қамалды?
2020 ж. 20 қаңтар
1835
0
Павлодардың мамандандырылған тергеу соты күдікті ретінде ұсталған облыс әкімі Болат Бақауовты 2 айға қамау туралы шешім қабылдады.
Сот процессі кезінде прокурор облыс әкімі Болат Бақауовтың ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабы, 4 тармағы, 3 бөлігі бойынша, яғни, «өзінің жеке бас пайдасы немесе басқа жеке тұлғаның, ұйымның пайдасы үшін қызметтік мансабын немесе билік құзыретін пайдалану» бойынша күдікті деп танылғанын айтты.
Заңда бұл бап бойынша, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, дүние мүлкін тәркілеу, өмір бойы белгілі бір қызметке тағайындалу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру жазасы көзделген.
Бақауов 2 айға қамалды
Мемлекеттік айыптау күдікті Бақауовты 2 айға, яғни 2020 жылдың 16 наурызына дейін қамауда ұстауды сұрады. Прокурор өз талабында, күдікті Бақауов бостандықта жүріп, тергеу процессінің обьективті өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екендігін айтып, уәж келтірген.
Ал Бақауов болса, өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтқан. Павлодар обылысының әкімі өзіне қатысты соттан кепілақы төлеу арқылы үйқамаққа жіберуін сұраған. Тіпті, сотқа қатысқан әкімнің екі қорғаушысы әкімнің туыстарының 1 миллион теңге көлемінде кепілақы төлегені туралы құжатты көрсетіп, оны іс материалдарына тіркеуді сұраған.
Істі Павлодар тергеу сотының судьясы Балтабек Дүнбекбаев қарап, әкім Болат Бақауовты 2 айға қамау туралы санкция қабылдады.
Болат Бақауов не үшін қамалды?
Сот процессі кезінде Бақауов ісі туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Бұл туралы «Tengrinews.kz» сайты жазды.
Прокурор Рустам Садвакасовтың айтуынша, 2019 жылдың қыркүйегінде Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті «AksuTransLogistic» ЖШС-де салыққа қатысты кешенді тексеріс жүргізген. Ал жаңағы «AksuTransLogistic» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы облыс әкімі Болат Бақауовтың туысы Бақауов Р.Д. дейтін адам болған.
Салықшылар ЖШС-нің 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы бюджетке төленетін салықты уақытылы төлеуін, корпоративтік, әлеуметтік, ҚҚС және басқа да міндетті бюджеттік төлемдердің дұрыс жүргізілуін тексерген.
«Жауапты мемлекеттік қызметкер бола тұра Павлодар облысының әкімі Бақауов «AksuTransLogistic» ЖШС-дегі тексеріс туралы біліп, аталмыш кәсіпорын мен өзінің туысы болып келетін Бақауов Р.Д.-ға кесір тигізбеу үшін, өзіне берілген құқықты асыра пайдаланып, Павлодар облыстық МКД-нің жауапты тұлғаларына аталған кәсіпорындағы тексеріс туралы, оның қорытындысы туралы ақпаратты жеткізуге тапсырма береді», деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаудың айтуынша, 2019 жылдың желтоқсанында облыс әкіміне ЖШС-ні тексеру кезінде салықтық заңнамалардың бұзылғаны анықталып, 200 миллион теңгеден аса салықтың алынуы мен салық төлеуден мақсатты түрде бұлтарғанына қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы ақпарат жетеді.
«Болат Бақауов «AksuTransLogistic» ЖШС-нің иесі болып табылатын өз туысының мүддесі үшін, яғни, басқа жеке тұлғаның пайдасы үшін бірнеше мәрте заңсыз түрде өзіне берілген құқық пен құзыретті асыра пайдаланып, Павлодар облыстық МКД-нің жауапты тұлғаларынан шынайы қорытындыны жасырып, артық алынған соманы 3-5 миллион теңгеге дейін азайтып көрсетуді талап еткен», деді Мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бойынша айып тағылып, іс тіркелген. Сол бойынша қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ҰҚК мәлімдеген.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде толық деректер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды»,- делінген ведомство хабарламасында.
Дереккөз: abai.kz