СОҢҒЫ СӨЗДІ СОТ АЙТАДЫ - ӘДІЛ ШЕШПЕСЕ ХАЛЫҚ АЙТАДЫ!
2020 ж. 20 қаңтар
8072
1
ТРИЛЛИОН ҮНЕМДЕГЕН ҚАЙРАТКЕРДІ МИЛЛИОНДАРДЫ ЖЕП КЕТКЕН АЙЛАКЕРГЕ ЖЫҒЫП БЕРМЕК ПЕ?'.
"Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органы қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!"
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауынан.
ҰЛТТЫҚ БЮРО ТЕРГЕУШІЛЕРІ мен ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ ІСТЕРІ - НАҒЫЗ ЗАҢСЫЗ АРАНДАТУШЫЛЫҚ
Триллион үнемдеймін деп түрмеге түскен Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің атышулы сотында өткен аптаның бейсенбісінде, 16 қаңтарда прокурор Саламат Сүлейменов айыптауын оқыды. Адвокаттардың тергеу ісінің заңсыздығын, жалған да, жасанды дәлелдердің бәрінің күлін көкке ұшырған қарсы дәлелдерінің біріне де қарсы жауап бере алмай, тек жазып келгенін (жазып бергенін бәлкім) бас көтермей сыдыртып оқып шықты. Ислам Әбішевке 11 жыл, Серік Түкеевке 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады... Үш айдан астам уақытқа созылған басты сот талқылауындағы айыптау тарабының Ислам Әлмаханұлы Әбішевті Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен, яғни аса ауыр қылмысын жасады деп айыптаудың негізі болып табылатын "басты дәлелдерге"тоқталып көрейік. Адвокат Саян Жүнісбаев тергеу ісінің дәлелдерінің бәрі жалған екенін нақты дәлелдермен көрсетіп береді. Алдымен тағылған айыптың қысқаша мазмұнына тоқталсақ: "Ислам Абишев қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеті үшін аса ірі мөлшерде пара алу үшін жалпы соммасы 5 980 598 463теңге болатын «Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданында Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту және қосылған ауылдық елді мекендердің тарату желілерін салу, II-кезек» құрылысы бойынша Комитет пен «Казбайлық Астана» ЖШС араларында келісім шарт түзу үшін соңғы мекеменің басшыларынан құрылыстың жалпы соммасы 4-5% яғни, 250 000 000 теңге ақшаны «откат» ретінде А.К. Шаймерденов арқылы талап етіп, оның 60 000 000 теңге ақшасынан 10 000 000 теңгесін С.А. Тукиевке беруге, ал параның қалған бөлігі 50 000 000 теңге ақшаны кейін өзі алуға оқталған" деп айыпталуда. Бұл айыпты растайтын бұлтартпас даусыз дәлелдері ретінде айыптау тарабы сотқа қаралып отырған қылмыстық істің құжаттарын, атап айтқанда жасырын тергеу амалдарын жүргізу кезінде алынған аудио-видео таспалар (стенограммалар), олар бойынша жүргізілген сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындылары, негізгі куәләр Шаймерденовтің, Жампозовтың, Шындаулетовтың жауаптарын ұсынып отыр. Бұл дәлелдемелерге тоқталатын болсақ, нақты айыптау тарабы тұжырымдап отырған айып өз дәлелін таппай, теріске шығарылады және бұл дәлелдемелер керісінше сотқа дейінгі тергеп тексеру қаншалықты айыптау бағытында көптеген өрескел заң бұзушылықтарға жол бере отырып жүргізілгенін растайтын деректер болып табылатыны айқын ақиқат"-дейді адвокат. Бұл орайда, ең алдымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының (СЖҚК ҰБ) жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің жасырын тергеу амалдарын жүргізу барысындағы көрінеу заңсыз әрекеттеріне тоқталайық.Қылмыстық істің құжаттарына сәйкес Ислам Абишев пен Серик Тукиевке және тағы басқа тұлғаларға қатысты жасырын тергеу амалдары 23.12.2018 ж. бастап 14.03.2019ж. дейін тұрақты түрде үздіксіз жүргізіліп келген. ҚР «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының 15-бабында, жедел іздестіру қызметін жүргізу кезінде азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және араңдатуға тікелей шектеулер қойылған. Осыған қарамастан ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің жасаған әрекеттері қылмысты иммитациялау емес, Ислам Абишевті және Серик Тукиевті құқық бұзушылыққа итермелеуге және парақорлыққа араңдатушылыққа анық бағытталғанының куәсі болдық. Істің мән-жайларына сәйкес, СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері, соның ішінде Исмагулов Жәрдем, Шаймерденовті пара беруші рөлінде ме, әлде куә ретінде ме, әлде жәбірленуші ретінде ме, әлі күнге дейін белгісіз, әйтеуір оны пайдалана отырып, Ислам Абишев параны алуға ниеттенбесе де, оның қылмыс жасағаны туралы дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Исмагулов пен Шаймерденов, Ислам Абишевті парақорлыққа араңдату мақсатында «Қазбайлық Астана» ЖШС–не қатысы бар адамды танитын А.Макишевке өз бастамасымен жолығып, оған: "Ислам Абишев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 000 000 теңге ақшалай пара талап етіп жатыр" деп жеткізеді. Ал А.Макишев өз кезегінде осы мекемеге ресми емес қатысы бар А.Тюлегеновке жолығып, хабарлайды. Соңғысы бұған келіспей бас тартады. Сонымен қатар пара беру себебін тудыратындай «Қазбайлық Астана» ЖШС мен СКР арасында осы шарттың орындалуымен байланысты ешқандай проблемалар болмағанын және ол қалыпты орындалып отырғанын атап көрсетті (30.10.2019ж. сот тергеуіндегі – пара беруден бас тартқаны және мүлдем ойы болмағаны туралы А.Тюлегеновтің жауабы). Ең маңыздысы, дәл сол кезеңде И.Абишев, А.Шаймерденовтің бұл әрекеттерінен бейхабар болған. Өйткені қылмыстық қудалау органы И.Абишевтің қылмыстық ниетін растайтын бірде–бір дәлелдеме қылмыстық істе жоқ.Соған қарамастан, Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж. ҚР СЖҚК ҰБ-на жазбаша арызданып, өзінің арызында "03.07.2014 ж. СРК мен «СМП-610» ЖШС араларындағы жасасқан шарты үшін Ислам Абишевке оның жақын адамы Қалыбеков Ибадулла арқылы 1 млн. АҚШ долларын бергенін және аталған шарт бұзылғаннан кейін Ислам Абишев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 млн.теңгені өзінен талап етіп, оның 190 млн.теңгесін өзі алып, қалған 60 млн.теңгесін өзіне әкеп беруін талап етті" деп көрсетеді. Ал арызда (1-бума, 3-бет) және 22.12.2018 ж. жауабында (15-бума, 1-8 беттер) көрсетілген А.Шаймерденовтің 1 млн.АҚШ долларын Ислам Абишевке оның жақын адамы Калыбеков Ибадулла арқылы апарып бердім деген уәждері еш дәлелін таппаған тек қана құр сөз болып шықты. Өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде анықталып, жауапталған Калыбеков Ибадулла өз жауабында (16-бума, 14-19 беттер) және Шаймерденовпен өткізген беттестіруде (16-бума, 29-беттен басталады) соңғының жауабын толығымен теріске шығарды. Осылайша Шаймерденовтің бұл жауабы еш дәлелсіз құр сөзге айналады. Сол себепті де тергеу органы 31.07.2019ж. қаулыларымен И.Абишев пен И.Қалыбековке қатысты ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлімінің 2- тармағымен, яғни қылмыс құрамының болмауына орай қылмыстық қудалауды ақталатын негізбен тоқтатады(28-бума, 176-200 беттері). Енді ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері «Қазбайлық Астана» ЖШС-тарапынан Ислам Абишевке пара беруден бас тартуына орай, оны пара беруші рөлінде пайдалана алмайтынын біліп, А.Шаймерденовтің көмегімен әрі қарай қылмысты иммитациялауды сылтауратып, пара алуға келісімін бермесе де, Абишевті парақорлыққа араңдатуға кіріседі. Сөйтіп, 24.12.2018 ж. бастап 14.03.2019 ж. жасырын тергеу амалдарын жүргізеді, соның ішінде А.Шаймерденов өзінің денесіне дыбыс және бейне құралдарын тағып алып, 8-рет С.Тукиевтің, екі рет И.Абишевтің әңгімелерін жазып алады. «Қазбайлық Астана» ЖШС А.Шаймерденовтың пара беруге үгіттеуіне көнбей, бас тартқасын, Ұлттық бюроның жедел қызметкерлері Шаймерденовтің өз бастамасымен демеушілікке бергісі келген ақшаларын пара ретінде пайдаланып, С.Тукиевке 10 млн.теңге беріп, құжаттандырып алады. Алайда, жасырын тергеу амалдары осы қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру мерзімі ҚР ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағымен, яғни кінәлі тұлғаның анықталмауына орай 3 рет көрінеу заңсыз үзілген аралықтарда жүргізіліп отырған.. Яғни жасырын тергеу амалдарының нәтижелері сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің заңсыз үзілу кезінде алынған.Бұдан бөлек ҚР Бас прокуратурасының ҚС және АЕ Комитетінің мәліметтеріне сәйкес, үш рет тергеу мерзімін үзу туралы шешімнің тек біріншісі ғана ресми тіркелген, қалған екі шешімі тіркелмеген, яғни мерзімді үзу және қалпына келтіру туралы шешімдердің карточкалары қойылмаған. Ендігі кезекте жасырын тергеу амалдарының жүргізілу нәтижесінде алынған жазбалардың мазмұндарына көз жүгіртсек, аса ірі мөлшерде пара алуға оқталды деп айыпталып отырған Ислам Абишевке қатысты ақша туралы мәліметтер мен әңгімелер тек қана екі жағдайда жазылып алынған: Біріншісі - 20.01.2019 ж. "Риксос" қонақ үйінде. Екіншісі - 07.03.2019 ж. Астана-Шымкент бағытындағы ұшақта. Бірінші жағдайда, И.Абишев өзінің «Қазбайлық Астана» ЖШС-нан ақша алған сыңайлы жалған әңгімелер тарқап кеткенін Шаймерденовке айтып, ренішін білдіруде және үшінші тұлғалармен берілетін ақшалай қаражаттар Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясына демеушілік көрсетуге арналғаны А.Шаймерденов, И.Абишев және С.Тукиев араларындағы үш жақты әңгімелердің мазмұнынан анық көрініп тұр (9-бума, 121-138 беттерде, СПФС қорытындысында көрсетілген). Екінші жағдайда, И.Абишев пен А.Шаймерденов араларындағы әңгімелерде бірінші соңғыдан ақша талап етіп жатқанын көрсететін нақты белгілер жоқ (9-бума, 165 бетте, СПФС қорытындысында). Дәл осы жерде маңызды жағдайларды атап кетсек: 1. Шаймерденовтың арызы бойынша 60 млн.теңге пара талап етті деген Абишев қоңырау шалып Шаймерденовті кездесуге шақырмаған, кездесу тағайындамаған, ақша мүлдем сұрамаған, яғни еш хабарсыз кеткен. Бұл жағдай Исмагулов пен Шаймерденовтің сотта берген жауабымен де расталады; 2. Сол күнгі, 7 наурыз 2019 жылғы ұшақтағы кездесу Исмагуловтың жоспарымен Шаймерденовтің бастамасымен ғана орын алған, өйткені қорқытып ақша талап етті деген Абишев еш хабарсыз кеткесін, оның ұшаққа отырып Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, ұлттық бюроның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем шұғыл түрде ұшақ билетін алып, Шаймерденовті дереу Астанақаласының әуежайына шақырып алып, сол жерде сағат 14.45-14.50 уақыт аралығында оған «Москит» маркалы диктофонын беріп (13-бума, 29-бетте арнайы құралды тапсыру туралы хаттама), ұшаққа отырғызады. Ұшақта отырып, өзіне хабарласпаған, шақырмаған Абишевке байланысқа шығады, сұранып қасына отырып алған; 3. Содан соң Абишевтің қасына келіп отырып алып, ақша туралы әңгімені өзінен-өзі бастаған, алайда стенограммадағы әңгіме мазмұнында Абишев Шаймерденовтің ақша туралы әңгімелеріне қолдап жауап қатпаған және ақша талап ету немесе сұрау туралы әңгіме қозғамаған. Ал 50 млн.теңге ақша туралы әңгімелер мүлдем басқа, яғни тақырыпқа қатысы жоқ «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің қос мердігерлігімен байланысты тақырыпта қозғалған; 4. Стенограмма мазмұнына сәйкес, Абишев Тукиевтің Федерацияға демеушілік ретінде Шаймерденовтен 10 млн.теңге алғанынан да бейхабар болып шыққан. Дәл осы жағдай стенограмма мазмұнымен ғана дәлелденіп қоймай, 31.10.2019 ж. сотта берген Шаймерденовтің және Исмагулов Жәрдемнің өздерінің жауаптарымен расталады. Атап айтсақ, 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. ұшаққа отырғанға дейін бұрын-соңды 50 млн.теңге ақша талап етті деген Абишев өзінің тарапынан ешқандайда қорқытып пара талап етушілік әрекетін жасамаған, Шаймерденовке хабарласпаған, оны кездесуге шақырмаған. Сол себепті сотта жауапталған жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем 7 наурыз 2019 жылы ұшақта Шаймерденов пен Абишев араларындағы кездесуді қолдан ұйымдастырғанын растап берді ("хотел убедиться...!"). Осылайша ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері бірнеше айға созылған жасырын тергеу амалдарының түпкілікті нәтижесі болмай бара жатқанын біліп, 07.03.2019 ж. Абишевтің Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, Шаймерденовпен кездесуді қолдан ұйымдастырып, оны әуежайға шақыртып алып, оған дыбыс жазба құралын тапсырып, ұшақта Абишевтің қасына отырып алып, ақша туралы әңгіме қозғауға әдейі итермелеген әрекеттері жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденовтің парақорлыққа араңдатушылық-айдап салушылық жасағанынын айқын көрінісі болып табылады. Жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің өздерінің әрекеттерімен Абишевті парақорлыққа араңдатқаны жоғарыда көрсетілген дәлелдерден бөлек, Шаймерденовтің Шымкент қаласының әуежайында жедел қызметкерлерімен кездесіп, диктофонға жазылған әңгімелерін талқылап жатқан сөздерінен анық байқалады ("танцуйте, тогда отдам флешку"). Алайда дәл осы әңгімелерді СПФС зерттеу объектісіне жедел қызметкерлері әдейі кіргізбей қояды! Айыптау тарабының келесі уәжіне баға беретін болсақ: "Абишев хаттың түскенін пайдаланып, Республикалық бюджеттің қысқартылуының Комитетке ешқандай қатысы жоқтығын біле тұра, өзі алдында аса ірі мөлшерде талап еткен параны толығымен алу мақсатында, «Казбайлық Астана» ЖШС-нің заңды мүдделеріне залал келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп, оларға 28.01.2019 ж. №18-3-1-169-КВР хатымен Республикалық бюжеттің қысқартылуы күтілуіне байланысты 14.11.2018 ж. түзілген №42 келісім шартқа қосымша түзілетін келісім шарт уақытша тоқтатыла тұратыны туралы хабарлап, пара берушіні қорқытып, «Казбайлық Астана» ЖШС-нің басшыларын өзіне аса ірі мөлшерде пара беруге мәжбүр болатындай жағдайға қасақана қойған"-деп көрсетеді. Айыптау тарабы бұл тұжырымын Шаймерденовтің жауабымен негіздеген (15-бума, 22-бетте), яғни Шаймерденовтың жауабына сай, ол 2019 жылдың ақпан айының басында Макишевпен кездескен кезде, Абишев өзіне және Тукиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып жатқанын, әйтпесе СРК Соколовский су құбырын жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын қысқартып (секвестирование) тастайтынын, соның салдарынан «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін банктік кепіл ретінде берілген 500 млн.теңгесін қайтарып алуға қиындық туғызатынын айтады. Кейінірек "Абишев тек қана қорқытып қоймай, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бюджетті қысқартуы (секвестирование) туралы хат жолдаған" дейді. Алайда 31.10.2019 ж. сот тергеуінде жауапталған Шаймерденов бұл мәліметтерді Макишевтен естігенін, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өзі 2019 ж. жұмысын жоспарлау мақсатында қаржыландыру жоспарын сұрап СРК-ға жазған хаты туралы мүлдем білмегенін айтып,қашқалақтады. Дегенмен, айыптаудың бұл тұжырымдары өз дәлелін таппағаны былай тұрсын, істің кезекпен орын алған мән-жайлары мен өзі қабылдаған процессуалдық шешімдеріне қарама-қайшы келеді: - Егер шын мәнінде Абишев өзіне және Тукиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып, осы ақшаны иемдену үшін «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бөлінетін ақшалай қаражаттарды қысқартып тастаймын деп қорқытып-үркітуойы болса, онда неге 2019 ж. ақпан айының басында-ақ әлі "талап еткен параны" алмай жатып, «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен қосымша келісімге отырып, оны 2019 жылға қаржыландыруға жол береді!? - СРК Республикалық бюджеттік қаржыландырылуы тоқтата тұратыны туралы хатты «Қазбайлық Астана» ЖШС-не өз бетімен емес, соңғының 21.01.2019 ж. жазған сұраныс хатына жауап ретінде жазған, ал «Баймен» ЖШС бұндай сұраныс хат жолдамағасын, оған дәл осындай сипатта жауап хат жазбаған. - Шын мәнінде Абишев пара беруді талап еткен болса, онда неге 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. А.Шаймерденовке хабарласып, онымен кездесуді тағайындап, параны сұрамайды. Яғни бұл жағдай Абишевтің ойында пара алу болмағанын, сондықтанда Шаймерденовке хабарласу мүлдем жоспарында болмағанын дәлелдейді. Айыптау тарабының тағы бір уәжіне баға беретін болсақ: Айыптау актісінде көрсетілгендей, өз кезегінде, "пара талап етуші Абишевтің қылмыстық әрекетінен хабарсыз оның туған інісі Қ.Абишов, Қ.Шындаулетовке хабарласып, онымен 13.03.2019ж. жолығып, А.К. Шаймерденовтен ақша алуды тапсырған" деп айыптайды. Айыптаудың бұл тұжырымы тек қана дәлелсіз болжам болып, тергеу органының істегі процессуалдық шешімінің тұжырымына тікелей қайшы болып шықты. Өйткені Абишев өзінің туған інісі Қ.Абишевке, ол өз кезегінде Қ.Шындаулетовке хабарласып, пара нысанын алуды тапсырса, онда неге айыптау тарабы бұл туралы жасырын тергеу амалдары барысында жазылған әңгімелерді сотқа ұсынбады!? Одан бөлек сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының 31.07.2019 ж. қылмыстық іс бойынша жекелеген тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы (28-бума, 176-200 беттер) қаулылары И.Абишевтің 14.03.2019 ж. Қ.Шындаулетов А.Шаймерденовтен алған ақшаға қатыстылығын жоққа шығарады. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденов ұйымдасқан түрде арнайы мақсаттақылмыстық әрекетті имитациялау ұғымын бүркеніп пара алуға ниеті болмаған Абишевті парақорлыққа араңдату–айдап салу әрекетін жасаған. Бұл мақсатта қылмыстық әрекеттерді имитациялаушы тұлға ретінде 21.12.2018 ж. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне Абишев пен Тукиевтің үстінен арызданған мүдделі Шаймерденовті қатыстырған. ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлерінің бұл шешімі кездейсоқ емес. Өйткені іс бойынша пара беруші болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өкілдері Малгаждаров та, Тюлегенов те Абишевке СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде пара бермек түгілі, ол туралы мүлдем ойларында болмаған, өйткені жасалынған шарт бойынша жұмыстар қалыпты жағдайда орындалып отырған, СРК тарапынан ешқандай кедергі болмаған. Ал Макишев болса пара беруші болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-на мүлдем қатысы жоқ болып шығады. Сот тергеуінде жауапталған Макишев пара беруге де, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не мүлдем қатысы жоқ екенін анық көрсеткен. Дәл осы жағдайға қарамастан ҚР СЖҚК ҰБ-ның лауазымды түлғалары қылмыстық істегі барлық процессуалдық құжаттарда (жасырын тергеу амалдарын жүргізу, сезіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қаулыларда) ресми анықталған мәлімет ретінде іс бойынша пара беруші ретінде «Қазбайлық Астана» ЖШС және оның директоры ретінде Макишевті және соңғы СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде 250 млн.теңге пара беруге келісімін берді, - деп көрінеу жалған мәліметтер енгізіп-көрсетіп, сот органдарын шатастырып, Абишев пен Тукиевке қатысты қате тұжырым жасауға әкеліп соқтырған. Қылмыстық процесстік заң тұрғысынан ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерінің бұл процессуалдық әрекеттері ешқандай сын көтермейді. Өйткені сот тергеуінде 28-бумадан тұратын қылмыстық істің құжаттарын зерттеу кезінде қылмыстық қудалау органының Шаймерденовтің қатысуымен «жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы қаулысы қылмыстық істе - тізімінде (опись) жоқ болып шықты, яғни сотқа ұсынылып отырған қылмыстық істің құжаттарымен Шаймерденовтің қатысуымен жүргізілген жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекеттерді имитациялау туралы әрекеттер заң тұрғысынан негізделмеген болып табылады. Бұл орайда, ҚР ҚПК-нің 112-бабының 3-бөлігінде, егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары, сарапшының, маманның қорытындысы, заттай дәлелдемелер, тергеу және сот әрекеттерiнiң хаттамалары және өзге де құжаттар қылмыстық iс материалдарының тізімдемесіне енгізілмесе, оларды айыптау негiзiне жатқызуға болмайды, - деп көрсеткен. Бұдан бөлек қылмыстық істің 14-бумасының 47-49 беттерінде ҚР СЖҚК ҰБ-ның тергеушісі Д.Бахытовтың Шаймерденовтің қатысуымен «қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы тапсырмасында мерзімдері көрсетілмеген. Осылайша қылмыстық істе Шаймерденовтің қатысуымен қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу әрекеттерін қылмыстық процесстік заңнаманың талаптары тұрғысынан заңды және негізді танитын ешқандай құқықтық процесстік құжаттар жоқ. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің әрекеттерін қылмыстық әрекеттерді имитациялау емес, пара алуға ниеті болмаған Абишевке қатысты жасанды дәлелдемелерді қолдан жасау мақсатында парақорлыққа араңдату– айдап салу болып табылады.ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы №8 нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес, қылмыстық қудалау органдарының ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігі және осы нормативтік қаулының 25-тармағына сай, ҚК-нің 417- бабының екінші бөлігі бойынша сотта жарияланған өтініштерді қолдай отырып ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерінің және арызданушы А.Шаймерденовтің әрекеттерінде парақорлыққа араңдатушылық-айдап салушылықты танып, жүргізілген қылмыстық әрекетті имитациялауды заңсыз деп танылуы керек. Ал адвокат Абзал Құспан "нағыз арандатушы сексот (секретный сотрудник) екені анықталды" деп мәлімдеген Азамат Шаймерденовтың қандай арандатушы екенін сот барысында жауап берген куәлер де нақты дәлелдеп берді. 1. Ол адвокаттардың "Сіздің Ұлттық бюро тергеушілерімен бұрыннан байланысыңыз бар ма?" деген сұрағына сотта "Шындықты айтамын" деп ант қабылдап тұрып, "Жоқ, ешқандай байланысым болған емес!" деп, алаяқтықпен жалған жауап береді. Ал адвокаттар талабымен Kcell компаниясынан алынған телефон жазбаларында анықталғандай, Шаймерденов Ұлттық бюроға Ислам Әбішевтің үстінен жалған арыз жазған күнінен екі ай бұрын Ұлттық бюроның СҚО департаменті басшысы орынбасары Арлан Андасовпен күнде сөйлесіп отырған. 53 рет сөйлесудің 49-ы Шаймерденовтың бастамасымен, 4-і Андасовтың бастамасымен болған. Тіпті, сыралғыдосчтардай. түн жарымда да, түнгі 22-30-дарда телефон соғып, сөйлесіп отырған. Ал куә ретінде шақырылған А.Андасов адвокаттардың барлық жауабына бір-ақ сөзбен "Не помню" деген сөзбен жауап берді. "Кешегі сөйлескенімді де ұмытып қаламын" деп соқты. Атын сұрасң да "не помню" дейтін түрі бар А.Андасовқа сотталушы Ислам Әбішев "Бәрін ұмытып қала берсең, онда сен қалай департамент басшысының орынбасары болып жүрсің" деп сұрады. Оған да "не помню" деп жауап бере жаздаған Андасов ақыры адвокаттар сұрағының ешқайсысына жауап бермей жалтарып кетті. "А.Жампозовты танымаймын, көрген адамым емес" деген Андасовтың сөзін сол залда отырған А.Жампозов теріске шығарып, Андасовты Шаймерденовтың офисінде 4-5 рет көргенін, тіпті телефон алмасқандарын айтып берді. Сол кезде Шаймерденов Андасовты компания ұжымына "бізге заңгер болып жұмысқа келді" деп таныстырады. "5-6 айдан бері айлық ала алмай жүрміз, бұл кісіге қалай жалақы төлейсің?" деген сұраққа: "Тегін істейді" деп жауап берген. Жампозов Андасовты одан кейін И.Әбішев тұтқындалған күннің ертеңіне Шаймерденовтың шақыруымен бір жанармай бекеті қасындағы техникалық жөндеу шеберханасында екеуін көргенін айтты. Шаймерденов Жампозовқа: "Көкешканы кеше ұстады, есіттің бе? Мен ұстаттым"-дейді. "Иә, есіттім. Неге олай жасадың?" деген Жампозовқа Шаймерденов: "Ол менімен келісім-шартты бұзды ғой" деп жауап береді. И.Әбішевтің үстінен арыз беруші А.Шаймерденовтің онымен бас араздығының себебі, ол арыз берерден 5 ай бұрын И.Әбішев басқарған Су ресурстары комитеті мен Шаймерденовтің СМП-610 компаниясы арасындағы келісім шарт (құны 7,6 млрд теңге) бір жақты Су ресурстары комитеті талабы бойынша үзілген болатын. Мұның заңдылығы сот арқылы дәлелденген. Жампозов Андасовтың Ұлттық бюро қызметкері екенін кейін 2019 жылы мамыр айында тергеушіге жауап беруге барғанда көреді. Бұл жауап беріп жатқан кабинетке кірген Андасов Жампозовқа: "Қалайсың, братишка?"-деп амандасып, тергеушіні сыртқа 5-6 минутқа алып кетеді. Куә ретінде жауап берген Қ.Шындәулетов те Шаймерденовтың бұның жұмысшылары мен техникасын алып жұмыс істетіп, миллиондаған ақысын әлі төлемей зар қақсатып жүргенін айтып берді.Ал сайт пен әлеуметтік желіден И.Әбішев соты өтіп жатқанын, онда басты арызданушы Шаймерденов екенін білген Көкшетауда тұратын Фуат Рифхатович Ишмухаметов (Foat Ishmukhametov) деген кісі келді.
Ол адвокаттарға хабарласып, "фейсбуктен тікелей эфирден Әбішев сотын әркез көріп отырдым, Азамат Шаймерденовтің кластасымын, ол туралы куәлік еткім келеді" деп өзі өтініш айтыпты.
Ислам Әбіш сотынан Фейсбукта тікелей эфир жүргізіп келген, прокурордың талабымен сот залында аудио/видео және басқа да жазу құралдарына тыйым салынған соң да тұрақты түрде жазба жариялап келе жатқан белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызының "Азамат Шаймерденов "СЕКСОТ" қана емес, "ҚЫЛМЫС МАНЬЯГІ" - деді куәгер" атты жазбасын оқиық:
" Бүгін сотқа келген куәгер Фоат Ишмухаметовтің айтуынша, Азамат Шаймерденов "жалақор сексот (секретный сотрудник)" қана емес, "қылмыс меньягі". Азамат Шаймерденов туралы бұдан басқа да көптеген айғақтар айтып, оның алаяқтық қылмыстарын дәлелдейтін фактілерді баяндап берді.
Адвокаттар судья Қ.Мекемтасқа Фоат Ишмухаметовтен куә ретінде жауап алуға өтініш айтты. Прокурор С.Сүлейменов өтінішті қанағаттандыруға қарсы болды. Алайда, адвокаттардың дәйекті уәждеріне тоқтаған судья Қ.Мекемтас өтінішті қанағаттандырып, Фоат Ишмухаметов куәгер ретінде жауап берді.
Фоат Ишмухаметовтің айтуы бойынша, ол 1997 жылдан бері Азамат Шаймерденовті таниды, екеуі бір сыныпта оқыған, бір партада отырған. Жылдар бойы жақсы дос болған. Бір күні А.Шаймерденов Фоатты бірге бизнес ашуға үгіттей бастайды. Фоаттың өз бизнесі болған, алайда досының үгіттеуіне көніп, 2010 жылы 200 млн теңгесін Шаймерденовтің "норка өсіру" жобасына салып, бірлесіп бизнес бастаған.
- Қалай 200 млн теңгемді компанияның шотына салдым, ертеңіне ол мүлде өзгерді, мен танитын Азамат емес, басқа адамға айналды. Бұрын "братан, друг" деп жылы сөйлесетін досым менің ақшам фирмасына түскен күннің ертеңіне маған басқа тонмен сөйлей бастады, зекіп, бұйырып сөйлейтін болды. Мені адам деп санамайтын болды. "Неге менімен олай қарым-қатынас жасайсың?.." десем:
- Сенімен басқа қалай сөйлесу керек, сен енді бичсің ғой... Саған 70-80 мың тг айлық тағайындаймын, маған водитель боласың, арасында менің машинаммен балаларыңды бақшаға апарып тұруыңа рұқсат, - деді.
Оның "норка өсіреміз" деген фирмасы жұмыс істеген жоқ, бір жылға жетпестен құлдыратып жоқ қылды. Ол ол ма, менің атымнан жалған "Сенім хат" жаздырып, менің атымнан жалған ЭЦП жасатып, компанияның банктік шотында ірі көлемде ақша айналымдарын жасап, мені 197 млн теңге салық қарызын мойныма іліп кетті....
Мен оның үстінен құқық қорғау органдарына арыз жазғанмын, экспертиза арқылы барлық құжаттар жалған екенін дәлелдедім. 3 жылдан бері прокуратура маған, менің арызым бойынша сұранысыма әркез "күдікті Шаймерденовті тексеріп жатырмыз" деп жауап берумен болды. Жақында соңғы жауаптарында "Шаймерденовтің кінәсі жоқ" деген жауап алдым.....
Азамат Шаймерденов бұрын прокуратурада, республикалық қаржы полициясында аса маңызды істер бойынша жедел уәкіл қызметін атқарған. Екі органнан да "жақсы" кетпеген. А.Шаймерденов құқық қорғау органдарына тәуелді. Оның үстінен бірнеше қылмыстық істер қозғалған. Менен басқа да қазақстандық және шетелдік компанияларды Шаймерденов миллиондап тақырға отырғызған, өзім бірнеше адамды білемін.... Бүгінгі таңда бір шетелдік оны сотқа беруге құжат жинап жүргенін білемін.....
А.Шаймерденовтің бір фирмасы әйелінің атында еді, ол фирмасы арнаулы техника сату, жеткізумен айналысады. Ол спецтехника, негізінен, "жучоктар", яғни арнайы тыңдайтын, түсіретін диктофондар, камералар. Ол техникаларды ҰҚК-ге, құқық қорғау органдарына жеткізіп тұрды. Ол техникалар, тауарлар сейф-кабинетте сақталады. А.Шаймерденов кез-келген сәтте кез-келген адамды белгілі бір қашықтықта отырып тыңдай алады. Кез-келген ауа райында алыс қашықтықта анық қып видеоға түсіре алады. Сосын кешкі сағат 7-ден түнгі 12-1-ге дейін сол ақпараттарды жалықпай, шаршамай тыңдап отыратын, жұртты жасырын тыңдау оның екінші жұмысы тәрізді боп кеткен. "Онсыз да мына өмірде қоқыс ақпарат көп, саған сол артық қоқыстар не үшін керек, басыңды мусорға толтырып қайтесің?.." десем, "Түүүшш... тыныш... Қазір ақпараттық шабуыл заманы, бұл ақпараттар арқылы баюға болады..." дейтін...
Ол алаяқтық қылмыс жасаудан, адамдардың үстінен компрамат жинап, оларға жала жабудан, кісілерді зарлатудан ләззат алады, "қылмыс маньягі" десем болатын шығар...- деді Фоат Рифхатович.
- Азамат Шаймерденовтің әкесі де өмір бойы құқық қорғау органдарында, соңғы кезінде Ақмола облыстық полиция басқармасында кадр бөлімінде басшылық қызметте істеген. Өзі полковник дәрежесіндегі зейнеткер. Азамат әкесінің досын да жүздеген миллион теңгеге "лақтырып" кеткен. Ол кісі "Азаматтың үстінен арыз жаза алмаймын, өйткені ол менің досымның баласы ғой, өз баламдай болған, арыз жазуға қолым бармайды, сол миллиондар жоғалды деп есептейміз енді, ұмытамыз..." деді. Азамат Көкшетауда тұратын өз әкесімен хабарласпағанына, бармағанына 4 жыл болды. Ол қарындасының тойына да бармаған...- деді Шаймерденовтың сыныптасы Фоат Ишмухаметов.
СОТ САРАПТАМАСЫ ӘДЕЙІ БҰРМАЛАНҒАНЫ ДА АНЫҚТАЛДЫ
Ендігі кезекте айыптау тарабының басты дәлелдемелерінің бірі ретінде сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындыларына баға беріп көрейік. Іс бойынша «пара берушінің» де, «пара алушының» да статусы түсініксіз және күмәнді, оның үстіне пара нақты адресатқа жетпеген. Бұндай жағдайда, негізгі дәлел ретінде іске қатысушылардың өзара сөйлескен сөздері және оған сарапшылардың беретін баға, яғни психологиялық-филологиялық сараптама қорытындылары міндетті түрде басты дәлелге айналып шығады. Қылмыстық істің 8-бумасында ШҚО бойынша сот сараптамасы институтының сарапшысы Г.К.Кудайбергенованың №1348 санды, 28.06.2019 ж., №1349 санды, 21.06.2019 ж., №1350 санды, 25.06.2019 ж., №1351 санды, 24.06.2019 ж., сот психологиялық-филологиялық сараптамаларының қорытындылары (СПФС) тіркелген. Сараптама қорытындыларының сапасы сын көтермейді, онда сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтар өте көп орын алған. Мәселен, №1351 сараптаманың синтездеу бөлігіндегі Шындаулетовтың сөздері аз болуы себепті, оның пара алуға итермелеу бөлігінде анықтау мүмкін еместігі және құқықтық баға беруге жататыны себепті, СПФС міндетіне жатпайтыны туралы жазылады да, алайда қорытынды бөлігінде СПФС міндетіне жатпайтыны туралы бөлігі қалып қойған. №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлігінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының келісімнің 10% болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасаған. Біріншіден, сарапшының қорытындысы болжамға негізделмеуі керек, екіншіден, ақша сомасының шыққан тегін анықтау немесе келісімнің қанша пайызына жататыны туралы тергеуші тарапынан сұрақ қойылмаған, соған қарамастан сарапшы Кудайбергенова қойылған сұрақ шеңберінен асып кеткен. Осы сұрақтың зерттеу бөлігінде, Абишевке тиесілі емес сөзді сарапшы жазып қойған, ондай сөз стенограммада жоқ. Осы сараптаманың №10 сұрағын зерттеу бөлігінде бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырым жасалған, 1. Тараптардың әңгімесі бір-біріне түсініксіз 2. Бір-біріне түсінікті деп, қорытындыға жеткілікті негізделмесе де, екінші тұжырым кетіп қалған. №1348 санды сараптаманың қорытындысында 5-58 сұрақтарын біріктіре жауап берген сарапшы зерттеу бөлігінде негіздеп, нақты сөздерден мысал келтірмеген. Әрі қарай осы қорытындысының 25 бетінде, сарапшы Кудайбергенова №12, 19, 25, 31, 37, 44, 51 санды сұрақтарды біріктіріп, бір жауап берген, яғни 7 сұрақ бір сұраққа біріктірілген. Сұрақтың орысша мәтіні тергеуші тарапынан былай (сараптама басында орыс тілінде тағайындалған) қойылған (мысалы №12 сұрақ) «Имеется ли в разговоре между Тукиевым и Шаймерденовым от 03.01.2019 г., (ссылка на диски) со стороны Тукиева, смысловой компонент требования денежных средств и на какие нужды?». Сарапшы біріктірілген сұрақтарға жауап бере келіп, атап айтқанда, Тукиев тарапынан Шаймерденовтен ақша талап ету фактісі жоқ, ақша беруге итермелеу әрекеті бар дей келе, сарапшы сұрақтың ең маңызды тұсын, ол ақшаның қандай қажеттілікке ("на какие нужды") сұрағанына әдейі жауап бермей кеткен! Ал бұл сұрақтың өте маңызды жері! Себебі, барлық стенограммаларда және басқа да іс материалдарында Тукиевтың Шаймерденовтен алған 10 000 000 теңге ақшаны «Қазақша күрес» федерациясының спортшыларын Голландияға іссапарға апару үшін демеушілік ретінде алмақшы болғаны анық көрсетілген болатын! Бұл жерде сарапшы Кудайбергенованың толық емес жауабы істің квалификациясына тікелей әсер ететінін айту керек! Осыған ұқсас, №1349 санды сараптаманың бірінші бетінде сарапшы Кудайбергенова тергеушінің №1 былай қойылғанын көрсетеді (сөзбе-сөз) «Содержит ли текст в разговоре между Абишевым и Шаймерденовым от 07.03.2019 г., (диск №1 папка «69с от 11.03.19 г» файл: 2019 март 07 15- 00.wav) общие темы и позволяет ли лексико-синтаксический анализ текстов беседы говорить о том, что участники ведут разговоры на понятную друг другу тему (общую для них тему) и кто является инициатором встречи, разговора и начала каких-либо тем для разговора?». Алайда, сараптаманың зерттеу бөлігінде (№8 беті) бізге белгісіз себептермен, сұрақтың соңғы абзацы толығымен түсіп қалған! Яғни, сарапшы Кудайбергенова өз бетінше тергеу тарапынан қойылған сұрақты өзгертіп тастаған! Нәтижесінде, қорғау тарапы үшін өте маңызды «кездесулердің, әңгіменің жалпы оқиға басталуының бастамашы себепкері кім» деген сұрақ сарапшы тарапынан жауапсыз қалдырылды! Ал іс материалдары бойынша да, стенограммалар мәтіні бойынша да, жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша себепкер Шаймерденов екені анық көрініп тұр! СПФС жүргізу барысында сарапшы Кудайбергенова әдістемелік және құқықтық сипаттағы қателіктер мен заң бұзушылыққа жол бергені үшін Сот сараптама орталығының04.10.2019 ж. №20-05-15, 3133 санды рецензиялау нәтижесі туралы хатына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, қорғаушы тарабы ҚР ҚПК-нің 70-бабының 3-бөлігінің 5- тармағының тәртібімен шарттық негізде сараптама өткізіп, 19.09.2019 ж. сарапшы (лицензия №14008132 05.06.2014ж.) А.Г.Есбаевтың қорытындысы алынып, өтініш негізінде сотпен іске жалғанды. Бұл сараптаманың қорытындысы сарапшы Кудайбергенова жол берген кемшіліктердің орнын толтырып, қорғаушы тарабы үшін маңызды сұрақтарға, яғни 20.01.2019 ж. кездесудегі Абишевтің әңгімелеріндегі ақша қаражаттары федерацияны қолдауға бағытталғанын және 07.03.2019 ж. ұшақтағы кездесу Шаймерденовтің бастамасымен және бұл әңгімеде Абишев ақша талап етіп жатқаны байқалмайтыны туралы толыққанды жауап берген. "Айыптау тарабының сотталушыларды кінәлі деп тану үшін ұсынып отырған жеткіліксіз және бір-біріне қарама-қайшы келетін дәлелдемелерін зерттеп баға беру кезінде ҚР ҚПК-нің және ҚР Жоғарғы Сотының «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» 20.04.2006 ж.№4 Нормативтік Қаулысының талаптарын басшылыққа алады деп ойлаймын. Өйткені ҚР ҚПК-нің 125, 393-баптары мен аталған Нормативтік Қаулының 12, 13-тармақтарының талаптарына сәйкес, әрбiр дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады. Ал соттың үкімісотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, процестік әрекеттердің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды. Сот әр түрлі куәлардың іс жүзіндегі бір мән-жайлар жөнінде қарама-қайшы айғақтарын бағалай отырып, басқа дәлелдемелердің, айғақтардың өзіндегі қарама-қайшылықтарды талдаудың көмегімен, бірі қабылданып, келесілері шындыққа сәйкес келмеуі салдарынан теріске шығарылған дәлелдемелердің уәждерін сот актісінде көрсетіп, оларды шешуі тиіс. Дегенмен сот тергеуінде анықталғандай, айыптау тарабы ұсынып отырған басты дәлелдемелері бір-біріне қарама-қайшы келеді және бір-бірін теріске шығарып тұр. Соның ішінде басты куә А.Шаймерденовтың сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот тергеуінде берген жауаптарының өзі бір-біріне және қылмыстық істегі жасырын тергеу амалдарының нәтижелеріне және сот психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындылары тікелей қарама-қайшы келіп, теріске шығарып тұр"-дейді адвокат Саян Жүнісбаев. Бұдан басқа куә А.Шаймерденов сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде 4-рет берген жауабында "И.Абишев «Қазбайлық-Астана» ЖШС-нен Шаймерденов арқылы ақша талап етуін куә А.Жампозов арқылы жүзеге асырып отырды" дегеніндей бірде-бір сөздері жоқ. Ал сот тергеуінде кенеттен бұрынғы берген жауабын түбегейлі өзгерте отырып, "И.Абишев Шаймерденовтен ақшаны А.Жампозов арқылы талап етті" деп көрсетеді. Бұлай жауап беруінің себебі, айыптау тарабының куәсі А.Жампозов сот тергеуі барысында ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкері Ж.Исмагуловтың және куә Шаймерденовтің тарабынан бірнеше рет қоңырау шалып, қысымшылықтар мен қорқытулар көрсетілулеріне қарамастан, олардың ықпалынан шығып, сотқа келіп, тергеудегі жауабын қолдамай теріске шығарып, сотта шынайы жауап беріп, тергеу органының лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттерін әшкерелеп беруінде. Сондай-ақ куә А.Шаймерденовтің жауабы бойынша "И.Абишев «Қазбайлық – Астана» ЖШС-нен шарттың сомасының 4-5 пайызын талап етті" десе, сот психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысында пара сомасы 10 пайыз деп көрсетілген. Әрі қарай айыптау актісінде, "12.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан қаласына (сол кездегі Астана қаласына) К.А. Абишовтың танысы Түркістан облысының тұрғыны К.К. Шындаулетов келген. Өз кезегінде, "пара талап етуші" И.А. Абишевтің "қылмыстық әрекетінен"хабарсыз оның туған інісі К.А. Абишов, И.А. Абишевтің "қылмыстық әрекетінен" хабарсыз К.К. Шындаулетовке хабарласып, онымен 13.03.2019 ж. жолығып, А.К. Шаймерденовтен ақша алуды тапсырған. 14.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан қаласы (сол кезде Астана қаласы), Тұран көшесі №33 мекен-жайдағы «Традициональ» мейрамханасында И.А. Абишевтің "қылмыстық әрекетінен" хабарсыз К.К. Шындаулетовке қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында, әрі қарай И.А. Абишевке берілуі тиіс пара беруші ретінде қылмыстық әрекетті имитациялаған А.К. Шаймерденовтен 49 000 000 теңгесі муляж, 1 000 000 теңге шынайы ақша жалпы соммасы 50 000 000 теңге ақшаны қолма-қол алу барысында ұсталған", деп көрсетіп қойған. Айыптау тарабының дәл осы тұжырымдары расталмағаны былай тұрсын, өздері сотқа ұсынып отырған дәлелдемелер мен құжаттарға қарама-қайшы келеді. Қ.Шындаулетов 14.03.2019 ж. 50 млн.теңгені И.Абишев үшін алып жатқаны дәлелденбеген. Ал, И.Абишев болса Шындаулетовке немесе Қаныбек Абишевке А.Шаймерденовтен 50 млн.теңге ақшаны алып келуін тапсырғаны жөнінде, яғни араларындағы байланыс ешқандай аудио-бейне жазба дәлелдерімен расталмайды, ал жасырын тергеу амалдары соңғы күнге дейін үздіксіз жүргізіліп келген. Сол себепті де 31.07.2019 ж. Шындаулетов пен Қ.Абишевке қатысты іс әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына орай ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлімінің 2-тармағымен ақталатын негізде тоқтатылған болатын. Дегенмен, ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері мен А.Шаймерденовтің дәлелдерді қолдан жасау мақсатында парақорлыққа араңдатушылық-айдап салушылық әрекеттерінің айқын көрінісі – Қ.Шындаулетов әлі Астана қаласына келмей жатып, онымен ақша туралы сөйлеспей жатып, Шаймерденов ҰБ-ның қызметкерлерінен алдын ала 11.03.2019 ж. 50 млн.теңгені Шындаулетовке беру үшін қара сөмкеге салып алып, 3-күн бойы өзімен ұстап күтіп жүрген. Бұл көрініс А.Шаймерденовтің араңдатушылық әрекетін жасағанының көрінісі ғана болмай, СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерімен тығыз байланыста болғанын растайды. Өйткені, Шаймерденов құқық бұзушылыққа бейім болып қана қоймай, бұрын СЖҚК ҰБ-да аса маңызды істер бойынша инспектор болып жұмыс жасаған және осы ведомстваның жедел қызметкерлерімен байланысын жалғастырып келген. Ислам Әбішев ісіндегі қарапайым жәй халыққа да айқын көрініп тұрған арандатушылықтар мен заңсыз құйтырлықтардың қаптап жүруі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы туралы: «Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органы қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!» – деген ауыр айыптауына нақты дәлел болып тұр...Ендеше, 21 қаңтар күні Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің адвокаттары осы уақытқа дейін дәлелдеп келген нақты айғақтарымен прокурор С.Сүлейменовтың сырғытпа "айыптауының" тас-талқанын шығаратыны анық.
Белгілі қорғаушы, білікті адвокат Абзал Құспан прокурордың айыптауына былай деп түсінік берді:
-Прокурордың айыптау сөзі ешқандай ақылға сыймайды!Ол 17 пунктке тоқталды. Біз 40-қа жуық өтініш-хат бердік. Оның бәрі ойымызға келгенді айта салған емес, негізделген дүние. Куәлер, айыптау жағының өзі әкелген куәлер түгелге жуық тергеудегі сөздерінен бас тартты. Жай бас тартып қойған жоқ, 180 градусқа ауыстырып айтты. Прокурор тергеушілердің сотта анықталған іс-әрекеттерінің бір де біреуіне тоқталған жоқ. Мен бұны қорғаушы ретінде емес, бұрынғы прокуратура қызметкері ретінде айтып отырмын. Ал, прокуратура қызметінің міндеті бойынша оның бәріне баға беруі тиіс еді. Одан басқа да біз сот барысында анықтаған жаңа мән-жайларға да тоқталған жоқ. Тек қана «тергеудің айыптау қорытындысында жазылған мәселелер сот барысында толығымен дәлелденді" деп, жалған айтып,сырғытып өте шықты. И.Әбішевке үш эпизод бойынша кінә тағылған еді. Ал, қылмыстық эпизод тіркелуі тиіс Реестрде соңғы екеуі тіркелмеген! Бұл жайлы, куәлердің жаппай бас тартуы, жаңадан анықталған мән-жайлар туралы бір ауыз сөз жоқ!
21 қаңтар күні біз, қорғаушылар, бәріміз сөйлейміз. Сөзіміздің мәтінін журналистерге таратып береміз. Кейін арнайы баспасөз конференциясын өткіземіз. Біз қандай сұраққа болсын, ашық жұмыс істеуге дайынбыз. ҚР Президенті Қ.Тоқаев та, Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов та осыны талап етуде. Бірақ, біздің жарыссөз бен үкімнен тікелей репортаж жүргізуге рұқсат сұраған өтінішіміз қабылданбады. Қандай мақсатпен қабылданбағаны бізге түсініксіз, сірә, сот пен прокурор оған дайын болмаса керек. Әрқайсысы істі қысқартуға негіз болатын 5 (бес!) бірдей елеулі процессуалдық кодексті бұзушылық орын алып отыр бұл істе! Марат Қоғамов – 2015 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекстің авторларының бірі – соларды көрсетіп жазбаша қорытынды жазып берді -дейді.
Тағы бір назар аударар ерекше мәселе - Ислам Әбішевті қолдап, араша түсу үшін ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа арналған, алды әлемге әйгілі қаламгерлер-қайраткерлер, өнер жұлдыздары мен бір топ Парламент депутаттары, Олимпиада чемпиондары мен қазақ спорты ардагерлері бастаған ұлт зиялыларының "Қазақ үні" ұлттық порталында жарияланған Ашық хатына әділдік іздеп қол қойған азаматтардың саны 200 мыңдай болып, бұрынғы бұндай қол жинаулардан 100 еседей артып, рекордтық деңгейге жетті. Ел үніне Мемлекет басшысы да назар аударады деп үлкен үміт күтеміз. Әйгілі кинодағы кейіпкер айтқандай "Біздің әлемдегі ең әділ де гуманды сот" қолдан жасалған жалған айыптаудың жабуын сыпырып алып, әділдік туын көтеріп шығуы тиіс деп сенеміз. Қазақ тіліндегі шаласауаттылығына және екі бет қаулысынан 74 қате жібергеніне байланысты қорғаушылар үш рет сенімсіздік білдірсе де, үш ретте де қайтып келген (өйткені ел астанасында бұдан артық қазақ тілін білетін сот жоқ...), орнынан қозғалмайтын мекем тас екенін білдірген судья Мекемтастың енді сот әділдігіндегі мекемдігіне куә болайық деп тілейміз. Айтпақшы, Ислам Әбішевтің сотының арқасында судья Қажымұқан Мекемтас қазір қазақша жап-жақсы сөйлейтін болып қалды... Соған қарап үш айдан асқан сот барысында әр аптада судьяларды ауыстырып отырғанда осы уақытқа дейін оншақты судья қазақ тілін меңгеріп қалар еді деп те ойлап қоямыз... Тәуелсіздік алған отыз жылдай уақытта Мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекет заңын сақтау арқылы шешім шығаратын мемлекетіміздің соттары елорданың өзінде толып жүрсе, отыз жыл бойы еліміз Ұлттық идеологиядан жұрдай болғаны жанға батады... Ұлттық Намысыңа тиіп, қорланасың. Әрине, намыс болғасын жаның ауырады да... Сонда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - мемлекет заңын қадағалаушы прокуратура мен сот мемлекеттің триллионын үнемдеген мемлекетшіл қайраткер Ислам Әбішевті талайдың миллиондарын жеп кеткен алаяқ Азамат Шаймерденовке жығып бермекші ме? Әлде Шаймерденов үнемделген триллионда "майлы сыбағаларынан" айрылған жоғарыдағылардың айтақтау құралы ма? Бұған 21 қаңтар күні соңғы сөзді айтатын сот жауап береді! Сол күні сот залынан табылайық, халайық! Ел қаржысын қорғаймын деп, жазықсыз күйіп бара жатқан Ерді біз де қорғап, араша түсейік, әділдік іздеген әлеумет! Қазыбек ИСА Qazaquni.kz