ҚР ҰҚК Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғады
2020 ж. 17 қаңтар
2559
0
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде тергеу мүддесіне орай толық деректер жариялануға жатпайды», - делінген ҰҚК ақпаратында.
Еске салайық, 15 қаңтар күні кешке әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны және тергеліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Алайда, өңір әкімдігінің баспасөз қызметі бұл фактіні растайтын ресми деректер жоқтығын мәлім етіп, осы орайда, қандай да бір өзге ақпарат жариялаудан аулақ болуға шақырды.
Ал 16 қаңтар күні таңертең Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі әкімшілік қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің басшылығы қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі орнында емес, бірақ ол жұмыс бабы бойынша қалада жүр. Таңертең ол Инвесторлар үйінде жиналыс өткізуі керек еді. Бірақ жұмыс кестесіндегі өзгерістерге байланысты кездесуді оның орынбасары Арыстан Қабыкенов өткізді», - деген еді баспасөз қызметінен.