Мұрат Бақтиярұлы: Мемлекетте өз Мемлекеттік тіліне жанашырлық болмаса, тілге деген бетбұрыс болмайды
2019 ж. 21 желтоқсан
2448
3
Осы депутаттық сауал арқылы ел мен ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызды болып табылатын мемлекеттің тіл саясатына қатысты қордаланған өзекті мәселелерге Үкіметтің назарын аударғанды жөн деп білдік.
Осы арада Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – өзге тілдердің жолын кесіп, олардың мәртебесін төмендету емес. Кезінде зорлықпен тұншықтырылған Қазақстан халқының мемлекеттік тілін одан әрі бекемдеу. Кезінде түрлі тарихи жағдайларға орай өз жерінде азшылыққа айналып, тілі де, салт-дәстүрі де зорлықпен тұншықтырылған халқымыздың Ана тілін өлмес тілге, мәңгілік тілге айналдыру мәселесі Ұлы даланың иесі де, киесі де болып келе жатқан халқымыз бен оның зиялы қауымын да толғандырып отырғандығы рас.
Жер бетінде біз ғана көп ұлтты мемлекет емеспіз ғой! Әлемдегі көптеген мемлекеттердің біразы көп ұлттылық, көптілділіктен бізді орта жолда қалдыра да алады.
Мысалы, Иран мемлекетінде Парсы ұлтының саны ел халқының 54% құрайды, қалғаны өзге ұлттардың өкілдері. Мемлекеттік тілі-парсы тілі! Малайзияда малайлықтар 65%, қалғандары басқа ұлттар, мемлекеттік тілі - малай тілі! Латвияда 60% латыштар, қалған 40% өзге ұлттардың өкілдері, мемлекеттік тіл - латыш тілі! Сонымен бірге, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы да Кеңес өкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертіп, өз мемлекеттік тілдеріне басымдық беріп отыр. Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғалы «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарына үш рет өзгеріс енгізді.
Ал Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы негізінен Кеңес өкіметі кезінде қабылданған қос тілді қолдануды толық сақтауға қызмет етіп келетіні ешкімге жаңалық емес.
Ал бұл жағдай елдегі әлдеқашан өзгерген тілдік жағдаятқа толық жауап бермейді. Қазіргі уақытта қоғам да, адами құндылықтар да өзгерді. Ой мен сана, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар да жаңаруда. Дүниеге құлдық ой-санадан мүлдем ада, еркін әрі ұлттық рухы басым, отаншыл жаңа ұрпақ келіп жатыр. Және де бүгінгі қалыптасқан демографиялық, миграциялық үдерістер жағдайын, ұлттық сана-сезімнің өсуін ескерсек, алдағы уақытта ендігі ұрпақ өз ана тілінің мемлекеттік қолданыс аясын тез арада кеңейтуді талап ете түсетін болады. Бұл-заңдылық!
Осы бір жағдайды айта отырып, Мемлекеттік тілдің заңнамалық нормативтік базасын жаңартатын уақыт жеткенін алға тартамыз.
Мемлекетте өзінің Мемлекеттік тіліне деген жанашырлық пен мұқтаждық болмайынша, тілге деген бетбұрыс болмайды.
Сондықтан да, Мемлекеттік тілді білу және оны қолдану Қазақстан азаматтары үшін міндет болуы тиіс!
Мемлекеттік тілді білу «парыз» емес, «міндет» деп көрсетіле отырып, енді инструменталды (нақты) заңдарға көшу керек. Яғни тілге байланысты талаптар заңдарда егжей-тегжей толық жазылып, регламенттелуі керек. Мысалға, мемлекеттік тілді білу Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін міндетті, бірақ әр сала үшін оның деңгейлері әртүрлі болуын (мысалы, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді В1-В2 деңгейде, жекеменшін бизнес иелері, сол сияқты уақытша тұру құқығын алғысы келген мигранттар үшін А1-А2 деңгейінде білуі қажет) міндеттейтін нормативтік база жасау қажет деп есептейміз.
Сонымен қатар, орта білім беру жүйесінде шет тілдерді оқытуды бастауыш мектептің соңында (3-5 сыныптан) бастау, қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі контентін көбейту, сапасын арттыру жұмыстарына, соның ішінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасауға қаражат бөлу, дипломатиялық қатынастың барлық түрінде мемлекеттік тілге тиісті құрмет көрсетілуін қамтамасыз ету, тіл туралы заңның 23-бабында көрсетіліп, орындалмай отырған «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін» жасау қажет.
Осы жағдайда ғана Тіл саясатындағы әсіре кеңшілдік жойылып, оның орнына Мемлекеттік тілді үйреніп, білуге деген ынта шынайы түрде арта түсер еді. Мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің нақты заңнамалық негізі қаланатын болады. Бұл сапалық өзгеріске қоғамда дайындық бар деп санаймыз.
Сондықтан да, ендігі арада Үкімет Мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде нақтылы іске көшу керек деп есептейміз.
Бұл орайда Мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде ұзақ жылдардан бері жинақталып, қордаланып қалған сан алуан түрлі пікірлерді парасат-пайыммен сараптап, бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде қазақ тілін еркін меңгеруге жағдай жасайтын құқықтық негіз қалауымыз керек. Мемлекеттік тілді кеңінен дамытатын да, оның қолданыс аясын кеңейтетін де бұдан өзге өркениетті жол жоқ.
Мұрат Бақтиярұлы,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты