Бүгін Алаш Орда Үкіметі құрылған күн
2019 ж. 12 желтоқсан
4920
1
Алаш Орда Үкіметінің құрылған күні. 1917 жылдың 12 желтоқсанында, Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде Алаш Орда үкіметін құрылғаны жарияланған болатын, - деп хабарлайды Қазақпарат.
Еске сала кетейік, Орынбор қаласындағы жалпықазақ съезі 5-13 желтоқсан аралығында өтті.
Съезде алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейханов жасады. Оның баяндамасы жөніндегі қабылданған қаулыда - қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Ал құрылған комиссияның атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.
Ұлттық автономия үкіметінің құрамындағы халық милициясы, Қазақ автономиясын құру туралы баяндама оқыған Халел Ғаббасұлы былай деді: "Егер әркім өз басын күйттеп, ешкім ешкімге бағынбаса азамат соғысы басталып кетуі мүмкін. Анархия толқыны мемлекеттің бүкіл аумағын шарпып барады. Үлкен қалалар, шағын ауылдардың бәріне кірді. Қазақтар тұратын мекенге баса-көктеп кіру алдындағы монархия адамдардың өміріне, мүлкі мен үйіне қауіп төндіреді. Адамдар қорғансыз қалды. Осындай күрделі кезеңнен шығудың бір жолы - қазақтың аудандары мен облыстарында іргелі мемлекет құру. Егер анархия қазақ облыстарын шарпып кетсе, қазақ халқына толығымен құрып кету қаупі тууы мүмкін. Сондықтан, қайғы-қасіреттен сақтау үшін халықтық әскер - халық милициясын құру керек".
Сонымен қатар, автономия құру ісіне байланысты Халел Ғаббасұлы Әлихан Бөкейхановтың рөлін ерекше атап, жаңа автономияны «АЛАШ» деп атауды ұсынды. Біраз талқыдан соң 1917 жылдың 12 желтоқсанында съез делегаттары уақытша ұлттық кеңесті - Алаш Орданы құрды. Ал көпшіліктің дауысымен Алаш Орда Үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
Кейіннен бұл туралы Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы №28 санында: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге АЛАШ автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, АЛАШ туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды « деп жазған болатын. Осыдан бастап Алаш Орда автономиясы өз жұмысына кірісті. Ал 1917 жылдың 20 желтоқсанында Әлихан Бөкейханов Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, «Алаш» автономиясының және «Алаш Орда» уақытша үкіметінің құрылғанын хабарлады.
Жалпы Алаш қайраткерлерінің мақсаты ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ қоғамын жаңғырту, заманға сай халықты бейімдеу болғаны белгілі. Алаш Орда автономиясының мемлекеттік идеясы қай заманда да өзекті, бұл бүгінгі Тәуелсіздік мерекесімен ұштасып жатқан құбылыс.