ШЫМКЕНТТЕГІ ШАЙЫРЛАР ШЕРУІ (фото)
2019 ж. 18 қараша
10095
0
АҚЫНДАР мен АЙТАХАНОВТЫҢ АРАСЫНДА НЕ БАР?!.
Шымкент шаһарының көрікті көшелеріне көрнекті ақындар бір күнде шыға келді! Тек Оңтүстік ақындары емес, еліміздің барлық ақындары. Шымқаладағы шайырлар шеруін қазақтың ұлы ақындары Абай, Шәкәрім, Махамбеттер бастап шықты.
Бір қаланы поэзия алаңына айналдырып жіберген Шымкенттің әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың айтары мынадай:
-Шымкент - Қазақстандағы поэзия қаласына айналу керек. Себебі өлең оқыған адамның ішкі әлемі көркем болады. Ішкі әлемі көркем адам ешқандай қылмысқа да бармайды, ешқандай жамандық та жасамайды. Адамдары жамандыққа бармайтын қала нағыз қайырымды қала болады. Өмірдегі жамандықтармен тек заңмен күресу жеткіліксіз, жамандықты жеңгіңіз келсе руxаниятты күшейтуіңіз керек, - дейді Ерлан Қуанышұлы.
Биыл елордамызда өткен Евразия астаналары жазушыларының халықаралық форумында ақын Олжас Сүлейменовтің айтуынша, Ресейдегі мұғалімдер конференциясында әйгілі физик-ғалым Моисеев «Физика-химия секілді жаратылыстану пәндерін оқушылар жақсы оқу үшін не істеу керек?» деген сұраққа: «Ол үшін ұлт әдебиеті сабақтарының санын көбейту керек» - деп жауап беріпті.
Ал бізде бәрі керісінше. «Аспаннан шұға жауса да, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, «Сойыл сілтенсе, сорлыға тиіп», Білім министрлігінің жаңа бағдарламасы бойынша былтыр мектептерде бастауыш сыныпта да, жоғары сыныпта да қазақ әдебиеті сабағы керісінше бір сағатқа кеміп кеткен… Ал одан бұрын ЖОО-ларда қазақ әдебиеті кафедрасы жабылып қалған, барлық тілді қосып, Тілдер кафедрасы етіп жібергені академиктердің Ашық хат жазуымен үлкен шу болды…
Біз де шет тілдерінен бұрын қазақ мектебінде алдымен қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын оқытудың санын да, сапасын да артыруымыз қажет.
Ал Шымкенттің әкімі Ерлан Айтаханов қазақ әдебиеті сабағын көшеге, жалпы халыққа шығарды. Көшеде келе жатқан кез келген адам қарсы алдындағы жарқырап тұрған еңселі билбордтағы көрнекті ақынның көркем жырын, өнегелі өлеңін оқымай кете алмайды. Оқыған жан ойланады. Жыр оқыған адамның жаны нұрланып, көңілі көркем болады. Ал бұлай құдіретті поэзиядан нәр алған адам, Ерлан әкімнің тура тауып айтқанындай, жамандыққа бармайды.
Өткенде Шымкентке бір барғанда көшелердегі таныс ақындардың бейнелері жарқ ете қалды. Ең алдымен көзіме түскені ақтөбелік дарын Ертай Ашықбай. Көлікте кетіп бара жатып, суретке түсіріп үлгердім. Жібере қояйын десем, Ерекеңнің телефонын таппадым. Біраз жүргенде Тыныштықбек Әбдікәкімұлының маңдайы жарқырады.
Осы келгенімде мен де өзімнің суретімді кездестіре қоймай, кейін інілеріміз түсіріп салып жіберген еді. Көзіме көріне қоймағасын, шет жақтарда болар деп жүрсем, қаланың қақ ортасында тұр екен. Шымкенттегі Ералы інім келін екеуі бала-шағасымен қыдырып жүрсе, 6 жасар ұлы Әлихан: "Қараңыздар, Қазыбек атам қарап тұр"-деп, қуанып кетіп, билбордты көрсетіпті. Миллионнан асқан халқы бар мегаполистен атасының суретін тапқаны үшін Әлихан әрине, сыйлыққа, бір велосипедке ие болды...
Менің:
"Жарқыраса жаныңдағы жақұтың, Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау…. Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын, Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау!"-
деген бір шумағым жарияланған билборд қаланың орталығында, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында екен. Ақтөбелік "Ақ жол" партиясының төрағасы Асқар Садықов бауырым: "Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде тұр екенсіз, құтты болсын!"-деп жазып жіберіпті. Шымкенттің әкімі, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Ерлан Айтаханов бауырымызға Алла разы болсын!
Менің Шымкент қаласының қақ ортасында ілінген билбордым туралы бір айдай уақыт өтсе де, достар мен ағайындар арасындағы топқа салғаным болмаса, фейсбукке жариялауға асықпағаным, алдымен өзге өңір ақындары жариялағанын қолай көрдім. Өйткені, Шымкент көшелерінде еліміздің бар ақындары сөйлеп тұр ғой.
Ойлағанымдай, Семейдегі көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыз фейсбук парақшасына "Тамаша идея! Ер-Ұлан Айтаханов мырзаға - мың да бір жұпар рахмет! Басқа қалаларға да жұғысты болсын бұл береке!" -деп ықыласын білдіріп, желіні жұпарлатып жатты.
Қарағандыдан қазақтың арқалы ақыны Ақсұңқардың Серігі де өз парақшасында "Көргенді деген, міне - осы" атты жазбасында:
-Алаштың аптал азаматы Қуаныш Айтахановты білмейтін қазақ жоқ шығар? О кісінің аты-жөнін алғаш рет Нұрағамының (Н. Оразбек) аузынан естігем, (80-90-шы жылдары ма?). Анау-мынауды тіліне тиек етпейтін Нұрағам осы азаматты ылғи сүйсініп, ерекше ілтифат құрметпен айтып отырушы еді Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов осы кісінің баласы екен: Шымқаладағы ғана емес, Алаштағы ақындар шеруінің көш басшысы! Қара өлеңі келгенде-Қара шаңырақ түзеледі,-құбылаға қарап!Көргенді ұл екен! Жан-тәні Алаш рухымен суарылған! "Әке көрген-оқ жонар" деген.. Осындай ұл керек қазаққа! Сонда есеміз кетпейді ешкімге!"-деп, ақжарма ықыласын ақтарып салды.
Артынша кеше Ақтөбелік ақын, Оңтүстіктің күйеу баласы Бауыржан Бабажанұлы парақшасында қуанышын бөлісіп жатты:
-Ақтөбедегі әдеби форумды аяқтай бергенде Шымкенттен сүйінші-хабар жетті. Шымқаланың ең орталық көшелерінің біріне менің суретім, қысқаша өмірбаяным, екі шумақ өлеңім таспаланған билборд ілініпті.
Әуелі қатты таңғалдым. Сол өңірдің қызын алғаным болмаса, менің Шымкентке түк қатысым жоқ қой...
Кейін сұрастырсам, тек менің емес, Абай, Шәкәрімнен бастап, жетпіске жуық сөз иесінің өлеңі осылай "ілініпті". Есенғали, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек секілді "дәулермен" қатар менің Әмірхан, Маралтай секілді құрдастарым да бар.
Бұл Шымкент шаһарының тізгінін жақында ғана алған Ерлан Айтахановтың өз идеясы екен. "Қай жерде туғаны маңызды емес, ең бастысы, жақсы ақын болуы керек. Біз ешкімді де жатсынбауға тиіспіз. Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын Шымкент күллі қазаққа ортақ қала!" - депті қала әкімі.
Жаңа әкім тағы қаладағы орталық парктердің бірінен поэзия кешін өткізетін орын жасақтап жатыр екен. Онысын және далитпай, қырық шақты адамға лайықтапты. Расында да, шын өлең сүйетіндердің қатары көп болмайды ғой. Енді әр жұмада поэзия кешін ұйымдастырмақ ниеті бар екен. Бас болып өзі жүрмек. Бәрекелде!
Ерлан Айтаханов - көрген адамым емес. Әкесі, Парламентке бірнеше рет депутат болған Қуаныш Айтахановтың руханияттың қамқоршысы екенін баспасөзден ғана білемін. Әкеге тартып туған ұл екен. Алла ісіне береке берсін."-деп жазды ол өзінің парақшасына.
Ал Шымқаладағы Абай аттас ақын досым: "Шымкент - бүкіл Қазақстанның поэзия астанасына айналып жатыр!"-деп, желіде желпініп қойып отыр. Иә, Айтахановтай ақынжанды әкімі бар шымкенттіктер қалай мақтанса да, жарасады.
Шымкентте тек ақындар ғана емес, Әл-Фарабиден бастап әйгілі ғалымдар мен Әуезовтен бастап көрнекті жазушылардың да өнегелі сөздері жазылған билбордтар сап түзеп тұр.
- Қазір ел бір күндік ұғыммен өмір сүруге дағдыланып кетті. Ал өлең деген өміршеңдік, поэзия - мәңгілік құндылық. Оның үстіне қазір ел ақындар бұрын ғана болғандай, қазір ақындардың бар екенін де біле бермейді. Сондықтан, қала әкімі Ерлан Қуанышұлының бастамасымен қазақтың қасиетті қара өлеңінің сәулелі сабақтастығын көрсету мақсатында Махамбет, Абайлардан бүгінгі жас ақындарға дейін, барлығы 85 ақынның өлеңдерінің билбордтарын орнаттық. Сонымен бірге бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса береді. Абай саябағынан Поэзия үйін ашып жатырмыз. Ақындарды шақырып, жұма сайын кездесу ұйымдастырып отырамыз - дейді Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы басшысы Жанар Бектаева.
Рас, былтыр Түркістан облысында әр ауданда сол жерден шыққан қаламгерлердің билбордын аудан орталықтарына орнатқан болатын. Шардарада Абай мәдениет сарайының алдында:
"Тұлпарымен жайлаған ен ғаламды, Әлем түгел біледі ер бабамды. Әр қадамын қорғайды әрбір қазақ, Мен ешкімге бермеймін кең даламды!"-
деген шумағым жазылып тұрған билбордымызды ауылдағылар суретке түсіріп жіберіп жатты. Жазда алапат апат болып, адамының бәрі көшірілген Арыс қаласына Азат Перуашев бастаған "Ақжолдықтар" барғанымызда қаңыраған қаланың Шардараға шығар жолында қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтың суреті тұрғанын көргенбіз. "Арыс иесіз қалды десек, Дулат көкемнің суреті күзетіп тұр екен ғой"-деп жұбанған едік...
Бірақ бүкіл қазақтың қаламгерлерін бір қалада шерулетіп, көшеге алып шығу деген елімізде бірінші рет болып отырған сүйінші сұрар сүйінішті оқиға! Міне, нағыз Рухани жаңғыру!
Бұрын Президент әкімшілігінде істеп, екі рет Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Ерлан Айтаханов бұның алдында Әл-Фарабидің отаны Отырар ауданын басқарып, қасиетті өңірді ой ордасына лайық деңгейге көтеріп кеткені белгілі. Енді еліміздегі үшінші мегаполист Шымшаһарды шайырлар ордасына айналдыруда.
Ерланның әкесі - Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған, төрт ауданды басқарып, төрге шығарған, бірнеше рет Сенат депутаты болып, ел мүддесін қорғаған дара бітімді тұлға. "Айтаханов академиясы" атты тәлімгерлік мектебі қалыптасқан Қалекеңнің шешімі қиын шаруалардың шешімін шегелеп қағып, шешіп кете беретін көсемдігіне ел риза. Қазақ ақындарының бәрін жақсы біледі. Тереңнен толғап, көнеден тартып, көркем сөйлегенде шешендігіне ақындар, саңқылдаған дауысына дикторлардың өзі қызығады.
Ендеше ақындар мен ақынжанды әкім Ерлан Айтахановтың арасында бабаларынан бастап, әкеден келе жатқан, кіндік қаны тамған киелі топырақтан тартқан рухани ішкі көркем байланыс бар деп білеміз.
Өнегелі, өршіл өлеңнен рух алған елдің өресі де биік болатыны анық.
Абайдан Азаматқа дейінгі Қазақ ақындарын көріп, жырын тыңдағыларыңыз келсе, Шымкентке келіңіздер, ағайындар!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні