Сот кімнің сойылын соғатыны белгілі болды
2019 ж. 08 қараша
6928
44
Қорғаушылар оған қарсылық білдірді
Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің соты кеше, 6-қараша күні одан әрмен жалғасты. Бұл күн сот тарихына соттың төрт бірдей лауазымды тұлғаcына қарсылық білдірген күн болып кіретін шығар. Қорғаушы Алмас Әбдірахманов сот хатшысы Мәлікке қарсылық білдірді. Ол өз сөзін куәгер А.Жампозовтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының (ары қарай Ұлттық бюро – Ө.А.) қызметкерлерінің оған, Жампозовқа көрсеткен қысымы жайлы, жедел іздестіру қызметкері Жәрдем Смағұлов пен тергеуші Айдар Аташовтан оған «сотқа неге бармай жүрсің?» деген телефон қоңырауы келіп түскендігі, А.Жампозовтың «маған шақырту келген жоқ» деген жауабына «кәзір шақырады» дегендігі, шынында да он минуттан соң Ұлттық бюроның қызметкерлері тарапынан судья Қ.Мекемтастың қолы қойылған, соттың мөрі басылған шақыру хаты түскендігі жайлы скрин-шоттың түскендігімен дәлелдеді. Бұл – сот хатшысы Мәліктің Ұлттық бюроның қызметкерлерімен бейпроцессуалдық қарым-қатынаста болғандығын білдіреді. Екіншіден, сот хатшысы Мәліктің ұялы телефонындағы кірген-шыққан қоңырауларды деталдандыруды өтінді. Қорғаушылар М.Адамов пен Е.Мәкенов жалған құжат жасаушылық орын алып отырса да, прокурордың әрәкетсіздігіне және қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейінгі тергеушілердің бұл іске араласуға қатысуға ешқандай құқының жоқтығына соттың назарын аударды. Сотталушы И.Әбішев өз пікірін судьяның қорғаушылардың өтініш-хатына өңкей біржақты көзқараспен қарап, баға беріп келе жатқанын атап өтті. Егер біз өз тарапымыздан «И.Әбішев пен С.Түкеевтің қылмыс істегені дәлелденбеді» деп судьяның қолын қойып, жалған құжат жасап алып, түрмеден шығып кетсек, ұстап алар едіңіздер, қандай айқай-шу болар еді, ал, мына жерде жалған құжат жасаған тергеушілерге қарсы тым-тырыс, ешкім ешқандай шара қолданбайды» деді... Шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткен судья Қ.Мекемтас бір сағаттан соң келіп, өтініш-хат қабылданбайды деді... Қорғаушы Саян Жүнісбаев сот отырысында ҚР Жедел іздестіру қызметі туралы заңның 15-бабына сәйкес жедел іздестіру қызметі кезінде, жасырын тергеу іс-шаралары кезінде азаматтарды, яғни, қылмыстық іс бойынша фигуранттарды әдейілеп, қылмыстық іс жасауға арандатуға, итермелеуге тікелей шектеу қойылғанын сот назарына саламын деді. Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы қызметкерлерінің іс-әрекеті куә ретінде жауап берген Азамат Шәймерденовті қылмысты имитациялауға емес, Серік Түкеев пен Ислам Әбішевті құқық бұзушылыққа итермелеуге және парақорлыққа арандатуға анық бағытталған. Олар А.Шәймерденовті пара беруші ретінде пайдалана отырып, И.Әбішев пара алуға ниеттенбесе де оны осындай әрекетті істеуге оқталды деген әсердің жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Ал, СМП-610 ЖШС директоры А.Шәймерденов 2018 жылы қарашада аса ірі көлемде салық төлемін жалтаруға ұмтылған адам ретінде сезікті деп танылған, оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған, сөйтіп ол құқық қорғау органдарының ықпалына нақты түскен. Бұдан кейін ол И.Әбішевті парақорлыққа арандату мақсатында Ұлттық бюро қызметкерлері берген арнайы аудио және бейне аппараттарды пайдаланып, тергеудің жасырын әрекетіне жұмыс істеуге кіріскен. Бұдан соң қорғаушы сот назарын прокурордың әрекетсіздігіне аудара отырып, судьядан Ұлттық бюро қызметкерлері мен А.Шәймерденовтің іс-әрекеттерінде параққорлыққа арандатушылық-айдап салушылық белгілері бар деп тануды; Ұлттық бюро қызметкерлері мен А.Шәймерденовті ҚР ҚК 147-бабымен қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке қаулы шығаруды; И.Әбішев пен С.Түкеевке қатысты қылмыстық істі қысқартуды сұранды. Қорғаушылар әріптесін толық қолдап, қуаттаса, прокурор С.Сүлейменов әдеттегідей қарсы шықты: «Қорғаушы 3 мәселе көтергенімен, олары дәлелденбеген және негізі өзінің ойы болып табылады», – деді. Судья өтініш-хатты іске тіркейміз, сот барысында зерттейміз, сот өз шешімін сот актісімен бірге айтады; ал, А.Шәймерденовке байланысты пікірлеріңізді жарыссөз басталғанда айтасыздар», – деді де қойды... Осы кезде қорғаушы Е.Мәкенов куә А.Жампозов 30.10.2019ж. күні өзіне тергеу кезінде тергеу органдары тарапынан қысым көрсетілгені, қинағаны жайлы айтса да, тергеу кезіндегі жауабының бәрінен бас тартса да, сотқа қатысып отырған ҚР Бас прокуратурасының прокуроры С.Сүлейменов бұндай жағдайда жедел шара қолдануға тиісті болса да, ешқандай әрекет жасамай отырғаны туралы айта келіп, сот процесі үстінде жазған, прокурорға қарсылық білдіретін өтініш-хатын оқыды. Қорғаушылар әріптесін қолдап, қанша дәлел келтіргенімен, кеңесу бөлмесіне барып келген судья Қ.Мекемтас тағы да өтініш-хатты қабылдамай тастады. Осы кезде қорғаушы Мақыш Есқараев, сірә, шыдамының ішегі үзілген болса керек, өйткені, әдемілеп қағазға да түсірместен ауызша түрде судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіремін деді. Білдіруінің себебін де көрсетті: «Біз сізге бұған дейін де екі рет қарсылық көрсеткен болатынбыз. Бірақ, бүгін сіздің 30 қыркүйектен бері біздің барлық өтініш-хаттарымызды қабылдамай келе жатқаныңызбен қоймай, бейтараптықты қамтамасыз етпей отырсыз. Сіз айыптаушы жақтың мүддесіне жұмыс істеп отырғаныңызға анық көзіміз жетті. Сіз А.Шәймерденовтің өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өтініш бермесе де, жай ауызша ғана айтса да, сіз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюроға тапсырдыңыз. Бұл қойды қасқырға бақтырғанмен бірдей ғой! Неге Ішкі істер министрлігі бар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар, солардың екеуінің біреуіне, бейтарап мекемелерге тапсырмай, істе мүдделі тарапқа тапсырасыз? Онымен де қоймай, сіз сол А.Шәймерденов туралы қаулыңызда оны «қылмыстық әрекеттерді әшкерелеу барысында» деп сипаттап, бүйрегіңіздің қай жаққа бұратынын әзірден көрсетіп қойдыңыз. Сот тергеуі әлі біткен жоқ, соның ішінде А.Шәймерденовтен жауап алу да аяқталған жоқ, ал, сіз жаңағыдай мәлімдеме жасайсыз. Сондықтан, сіз бұл сотқа төрағалық ете алмайсыз». Дегенмен, бүгінгі сот отырысы өзінің апогейіне – шарықтау шегіне – судья Мекемтас кетіп, залға судья А.Шаяхметова келген кезде жетті. Ол өзінің сұрағын «судья Мекемтасқа қарсылық білдірген кім?» деген сұрақтан бастады. «Мен» деп орнынан тұрған қорғаушы М.Есқараевқа «неге қарсылық білдіргеніңізді түсіндіріңіз» дегенде қорғаушы: «Мен неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімді айтпастан бұрын сіздің өзіңізге қарсылық білдіремін», – деді. Ары қарай айтыс былай өрбіді. – Судья Шаяхметова: «– Сіз маған қарсылық білдіре алмайсыз». – Қорғаушы Есқараев: «Білдіре аламын! Өйткені, сіз бұған дейін екі рет судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімізді қарағансыз. Екеуін де қанағаттандырған жоқсыз. Қаулы шығарған кезіңізде прокурордың аты-жөнін дұрыс айтпағансыз, сот құрамын дұрыс айтпағансыз, біз, Жүнісбаев екеуміздің атымызды атаған да жоқсыз...» – Судья Шаяхметова (сөзді үзіп жіберіп): «...Мен сіздің аты-жөніңізді ендігі қаулыда жазатын боламын» – Қорғаушы Есқараев: «Мен түсінбедім, қайталап айтыңызшы». – Судья Шаяхметова: «Судья екі рет айтпайды!..» (Мәссаған, ондай да тәртіп бар ма еді?!) Осы кезде орнынан қорғаушы М.Адамов тұрды: -«Кешіріңіз, құрметті сот, сіз заңды бұзып жатырсыз! Біріншіден, қорғаушы түсінбесе, сіз оны айтып түсіндіруге міндеттісіз. Екіншіден, сізге қарсылық білдірген кезде сіз бұл жерден кетуге тиіссіз! Сіздің орныңызға басқа судья келуі, сот отырысын ары қарай сіз жүргізесіз бе, басқа бір судья жүргізе ме, сол шешуі тиіс! Ол – заң талабы!» -Судья Шаяхметова «Қорғаушы Адамов, отырыңыз, мен сізге сөз берген жоқпын!» -«Жарайды, бірақ сіз заңды бұзып отырсыз...» – Судья: «Қорғаушы Есқараев, неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенізді түсіндіріңіз». – Қорғаушы Есқараев: «Құрметті сот, қайталап айтамын, мен неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімді айтпастан бұрын сіздің өзіңізге қарсылық білдіремін». – Судья Шаяхметова: «Сіздің маған қарсылық білдіру құқыңыз жоқ». -Қорғаушы Есқараев:«Сіз өткен жолы да бізге осыны айтып едіңіз. Кешіріңіз, біздің сізге қарсылық білдіруге құқымыз бар. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінде қорғаушы судьяға қарсылық беруіне болмайды деген нақты талап жоқ, ал, Кодекс талаптары тікелей орындалады, сондықтан, біз сізге қарсылық білдіреміз». – Судья Шаяхметова: «Сізде ондай құқық жоқ, болса маған оқып беріңіз». – Қорғаушы Есқараев: «Қорғаушы судьяға қарсылық беруіне болмайды» деген талап жоқ болса, қалай оқып беремін мен сізге?» – Судья Шаяхметова: «Сізде маған қарсылық көрсетуге негіз жоқ». – Қорғаушы Есқараев: «Неге жоқ? ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабында бұл жайлы толық жазылған». – Судья Шаяхметова: «Сіз маған сол бапты толық оқып беріңіз». – Қорғаушы Есқараев: «Бәрін оқи берейін бе? Жарайды. Тек орысша текстті оқимын». – Судья Шаяхметова: «Жоқ, қазақшасын оқыңыз!» – Қорғаушы Есқараев: «Менің қолымда орысшасы ғана бар, қазақшасын қалай оқимын мен?» – Судья Шаяхметова: «Жоқ, қазақшасын оқыңыз!» (Қап, мына қазақша тілін бұрап зорға сөйлеп отырған судьяның қиғылығын-ай, ә! Енді болар екен?) Осы кезде қорғаушы Е.Мәкенов өзінің қоржынынан кодекстің қазақша нұсқасын суырып алмасы бар ма? Судьяның қазақшасы табылмас деген бақай есебі ақталмай қалды-ау... – Қорғаушы Есқараев: «Құрметті сот, көрдіңіз ғой, мен 87-бапты толық оқып шықтым. Ол дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсіндірілетін, орысша айтқанда бувально толковаться етілетін заң. Біз соған сүйеніп, сізге қарсылық білдіріп отырмыз». – Судья Шаяхметова: «Қорғаушы, сіз заңды білмейді екенсіз!» (Осы жерде судья өзінің қасына сот приставын шақырып алды-дағы, құлағына сыбырлап әлденені айтып жатты. Сот приставы сол процестің үстінде реплика берген журналист Сәуле Әбединоваға келіп, оның жеке куәлігін беруді талап етті. Тікелей эфирге хабар жүргізіп отырған журналист «не үшін?!» деп сұрады... Судья одан: Сіз кімсіз? деп сұрады. Қызық сұрақ. Қолындағы штативке ілінген ұялы телефонды өзі көріп отыр, түсінікті емес пе кім екені? Сәуле Әбединова «журналистпін» деп жауап берді. Залдағы жұрт шулап кетті. Сот приставы жалтақтап судьяға қарады. Бірақ, оның тарапынан «құжатты ал» немесе «шығарып жібер» деген секілді ешқандай нақты команда болмағаннан кейін, жалтақтаған күйі өз орнына қайтып барды. Кішкентай ғана, бірақ, судьяның кім екенін айдан анық көрсетіп берген штрих...) – Мен заңды білемін, – деді қорғаушы Есқараев. – Сіз өткенде сот құрамын қате жариялағаныңыз үшін ертең апелляциялық сатыда судья Мекемтас жүргізген осы сот процесі тұтастай заңсыз деп танылуы мүмкін. Біз соны көрсетіп кейін шағым жазамыз деп айтқанбыз. Ол ол ма, сіз сол қаулыңызды сайтқа салған кезіңізде, қатеңіздің бәрін өндеп қойыпсыз. Бірақ, сіздің оқыған қаулыңыздың тексті сот залындағы аудиовидео таспаға жазылып қалды ғой! Осылайша бір қаулыны екі түрлі етіп беріп отырған судьяға біз не үшін сенуіміз керек? Біз оған қалай қарсылық бермей тұра аламыз?! Сасқалақтаған судья процесті орыс тілінде жүргізуге көшті. Сасқалақтағаны сонша прокурордан «не істейміз?» деп сұрады. Прокурор орнынан тұрып, «дауласпай, шуламай істі жүргізуге мүмкіндік беріңіздер» деп еді, қорғаушылар оған «сіз әлі судья емессіз, оның құзыретін өзіңізге алмаңыз» деп, оны орнына отырғызып қойды... Қорғаушы М.Есқараев судьяның есіне ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабының 11-бөлімін тағы бір оқып шықса да, судья кеңесу бөлмесіне кеткен жоқ. Кейін, бірақ, кетті. Бірақ, не үшін, қанша уақытқа, ешнәрсе айтпай кетті. Бір уақытта қайтып келіп, мен сот тергеуін жалғастырамын деді. Қорғаушылар «кешкі сағат 19-30 болды, ертең жалғастырыңыз» дегенге де көнбеді. Қорғаушы М.Адамов «бізді сот залын тастап кетуге мәжбүрлемесеңізші, қызметтік құқығыңызды асыра сілтегенді қойсаңызшы», – деген соң барып, ертең жалғасады деді. Бүгін судья сотты жалғастырмақ болып еді, қорғаушы М.Есқараев «мен сіздің үстіңізден ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановқа арыз жаздым, мен сол арызға жауап келгенше сізге жауап бермеймін, одан да үзіліс жасаңыз» деді. Соған судья келісуге мәжбүр болды. Ендігі отырыс – 14 қарашада... P.S.Сот залына келіңіздер, ешбір телесериалда жоқ «қызық» пен «шыжықты» көресіздер... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz