Семей әкімдігі дауға айналған мүсінді балабақша ауласына орнатқан
2019 ж. 07 қараша
2269
0
Семейдің «Ажар» балабақшасында кенеттен пайда болған Мәншүк Мәметованың ағаш мүсіні туралы сол орынның қызметкерлері айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BaigeNews.kz сайына сілтеме жасап.
Мәншүктің мүсіні саябақтан әкелініпті. Балабақша қызметкерлеріне ешнәрсе айтпай, дүйсенбі күні мекеме аумағында орналыстырылған.
Таңертең балабақшаға келген тәрбиешілер де, ата-аналар да, бүлдіршіндер де батырдың мүсінін көріп таңқалған. Айтуларынша, мүсін о бастан ешкімнің көңілінен шықпаған, ең қызығы, оны безендіру үшін қолданылған түрлі-түсті бояу мүсіннің келбетін ашпаған көрінеді.
«Біз мүінді алып кетуді өтіндік. Балабақша аумағында басқа да ағаштан жасалған бейнелер жетерлік. Олардың көбі ертегі кейіпкерлері, сондықтан балалар мұндай мүсіндерді ұнатады. Ал Мәншүкті балалар әлі танымайды», - деді балабақша директоры Жанар Сейсембаева.
Сөзінше, мүсін балаларды қорқытқаннан емес, оның балабақша аумағына сәйкес келмеуінен бас тартқан. Бұған қоса мүсіннің авторларының бірі Мәншүктің ағаш бейнесін 4 қараша күні алып кеткен.
Естеріңізге сала кетейік, батыр қыздың ағаш мүсіні қала тұрғындарына да, әлеуметтік желі қолданушыларына да ұнамаған болатын. Мұны байқаған қала әкімшілігі ағаш ескерткішті саябақтан алып, оны басқа жерге енді орналастырмайтындығын айтқан. Дегенмен, Мәншүк Мәметованың халықтың сынына ұшыраған бұл мүсіні «Ажар» балабақшасынан бірақ шыққан.