Ерлан Қарин: Біздегі саяси дискуссияда эмоция көп, ал нақты талдау аз
2019 ж. 04 қараша
2711
0
“Біздегі саяси дискуссияда эмоция көп, ал нақты талдау аз”, – дейді Ерлан Қарин. Мұны “Жас Алаштағы” мақаласынан кейін өзін жазғырған жұртқа берген жауабы деп түсіндік. Қариннің көзқарасын қабылдай алмаған әлеуметтік желідегі бірқатар белсенділер әлгі мақаладағы тұтас тезистердің ту-талақайын шығарған еді. Тоқаевтың уәзірі араға уақыт салып өзін сынаған қауымға қайыра жауап қатыпты. Оның ішінде өзін сын садағына алған Дина Елгезекке қаратып былай деген екен Қарин:
«Жас Алаш» газетінде «Мемлекеттілік және мемлекетшілдік» атты мақалама қатысты түрлі ой, пікірлер келіп түсті. Көпшілігі мақаладағы айтылған ойларыма қатысты оң пікірін жазып, қолдауын білдіруде. Сонымен қатар сын пікірлер де айтылды. Тіпті, мақаладағы кейбір тезистерімен келіспейтіндігін айтып, қарсы пікір білдіргендер де болды.
Кейбір әріптестерім, сол сын пікірлерді көріп, «оқыдыңыз ба, не ойлайсыз, неге олай жазды екен?» деп дүрлігіп, тіпті күдіктеніп, «әдейі сізге біреу қарсы ұйымдастырып, жаздыртып отырған шығар» деп фейсбуктегі парақшамда жекеге шығып, өздерінше алаңдағандай болып, ал шын мәнісінде, екі ортаға ши жүгірткендей көрінеді.
Ал мен шынымды айтсам, ренжімек түгіл, сондай сын пікірлердің келіп түскеніне қуандым. Демек көлемді мақала болса да, жұртшылық қызығып, аяғына дейін оқып, әрбір сөйлемді талдап, сараптауға тырысты.
Жақында «Азаттық радиосының» тв-продюссері Қасым Аманжол сұхбат барысында осы мақаламдағы кейбір тезистерге қатысты нақты дәйекті сұрақтарын қойып, біраз жақсы пікірталас болды. Яғни, мақаладағы ойлар оқыған адамды бей-жай қалдырмады. Басқа ойларға түрткі болды.
Осы мақала арқылы көздегенім де сол болатын. Қайта мақала жарияланған күні, әлеуметтік желідегі достарым мен әріптестерімнің қолдау білдіріп, бөлісіп жатқанын көріп, уайымдап қалғаным рас – бәрі тек мақтап, арты бір дискуссияға ұласпайтын қала ма деп.
Сондықтан осы мақалаға қолдау білдіргендерге де, оны сынап жазғандарға, атап айтқанда, Дина Елгезек, Дархан Өмірбек, Санат Сүгірәлі сияқты әріптестеріме, жалпы барлық оқырмандарға алғысымды білдіргім келеді.
Менің іздегенім сіздер едіңіздер – оқитын, жани ашитын тұлғалар. Соңғы жылдары біз фейсбук пен инстаграмда шағын, қысқа, шолақ посттар жазумен әуестеніп, үлкен және терең дискуссиялардан алыстап кеттік.
Сондықтан осы мақаланы жариялағандағы бір мақсатым – баяғы дәстүрді жаңғыртсам дегенім еді. Бірқатар достарым «қайтесің әлек болып, ондай көлемді дүниені қазір көп оқымайды, бәрі тек видео қарайды» деп ескерткен, бірақ сіздердің пікірлеріңіз оның бәрін жоққа шығарды.
Енді сол айтылған сын пікірлерге келсек, өкініштісі, көпшілігі эмоциялық жауаптар «Мемлекет 30 жылда айтарлықтай жетістіктерге жетпеді, билік мемлекеттің әлеуетін арттыра алмады, керісінше, бәрі тоналды, қирады, жоғалды, мемлекет деген аты болмаса, қалғаны бос әңгіме» дегендей, авторлардың көбісі билікке өз реніштерін айтумен ғана шектелді.
Шын мәнісінде, мақала биліктің жетістіктері жөнінде емес еді. Мақалада билікті мақтау мен ақтау мақсаты болмады. Бірақ билікті кінәлаймыз деп мемлекетті тіпті жоққа шығармау қажет дегенім рас. Оны тағы да қайталап айтып, жазуға дайынмын.
Құдайға шүкір, біздің елде саяси плюрализм орнықты, әркім қандай саяси көзқарас ұстанғысы келеді, өз еркі.
Алайда, билікті сынаймыз деп мемлекетті де қоса мойындамау қауіпті логика. Билік пен мемлекет тең ұғым емес, оны азаматтық қоғам өкілдері айыра алмай отырғандары тіпті қызық. Билік ауысу мүмкін, ауысып жатыр, әлі талай ауысар, бірақ мемлекет қала береді.
Негізі, оны маған биліктің өкіліне, қоғам қайраткерлері айту қажет, ал біздің жағдайда, керісінше, сондай қарапайым қағидатты мен айтып түсіндірумен әлек болудамын.
Және де мақалаға қатысты жазылған кейбір сын пікірлерде сол мақаладағы ойлар қайталанып жатады, мұны мақаламды толық оқымаған не дұрыс түсінбеген деп топшылауға болады.
Мысалы, Дина былай деп жазады – «Мемлекетшілдік дегеніміз билікті қолдау ғана емес, ел тағдырына алаңдау. Оппозициялық бағыттағы халықты мемлекетшіл емес деп айтып тағуға болмайды! Олар да өз елін сүйгендіктен, мемлекетшіл болғандықтан ел тағдырына пофигизммен қарай алмайды. Мемлекетшілдіктің критерийі мансабы бар не жоқ деген өлшеммен өлшенбейді!».
Дұрыс! Бірақ дәл сол ой мақаланың өзінде айтылады емес пе?
«Биліктегінің бәрі сүттен ақ, судан таза, оппозициядағының бәрі елге жау емес. Немесе керісінше, билікке қарсы болсаң мемлекетшілсің, билікті қолдасаң мансапқор, жағымпазсың деген біржақты көзқарастан сақтануымыз қажет. Мемлекетшілдік билікті қолдаумен немесе оған қарсы шығумен өлшенбейді. Мемлекетшілдік – ол қандай жағдай болмасын, ортақ мүддені, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қою!».
Біздегі көп саяси дискуссияда тек эмоция, реніш, өкпе, ал нақты талдау мен сараптама жоқ.
Нақты жауаптың орнына, жалпылама сөздер – мен мақаламда кейбір қайраткерлердің тек қызыл сөзбен, тез ұпай жинап, халықтың көңілімен ойнап, ал сын сәтте жақтастарын алдап, жалтарып кеткендерін айтсам, Дина елдің бүгінгі тағдырына алаңдап пост жазғандардың бәрі халықтың көңілімен ойнап жүрген популист пе деп, билікті сынағандардың бәрін популист деп кінәладың деп бұрап әкеткісі келеді.
Жоқ, олай айтылмады, жеке басым, оппозициядағы көптеген азаматтарға құрметпен қараймын, ешқашан ол тұлғаларға өз симпатиямды, олармен жеке қарым-қатынасымды жасырған емеспін, ал, енді кім билікпен принципті түрде күресіп жүргені бір бөлек, ал кім қоғамдық пікірмен ойнап жүргені онсыз да анық.
Ол, мысалы, хайп үшін жастарды үгіттеп, әдемі бейне роликтерді шығарып, одан кейін 3-4 ай халықтан қашып жүріп, Шри-Ланкадан бірақ шыққан әйгілі киноактер жігітіміз сияқты бір күндік «көсемдер». Халықтың көңілімен ойнағаны өтірік пе?! Сол үгіттеп көшеге шығарған жастардың үмітін алдағаны өтірік пе?!
Тағы да қайталап айтамын, барлық саясаткерлерге – мейлі оппозицияда болсын, мейлі билікте болсын, демократ болсын, ұлтшыл болсын, барлығына бірдей ортақ талап болу керек. Сонда ғана саясаттың мазмұны да сапасы өзгереді.
Дархан інімнің кейбір пікірімен келісемін. Жалпы ойы дұрыс. Оның ойының өзегі – мемлекетшілдік идеясының абсолютизациясы қауіпті, жоғарғы мүдделерге сілтеме жасап, озбыр саясатты ақтауға болады. Ол рас, бірақ ол тұжырымды кез келген идеяға қатысты айтуға болады. Кез келген идеяны, құндылықтарды пайдаланып, алдамшы саясатты ақтауға болады.
Енді сол елдерде демократия да жоқ, мемлекет те жоқ. Тәртіпті орнатамыз деп, хаосты орнықтырды. Оның барлығын жоғарғы құндылықтар мен ортақ мүдде үшін деп жасады. Бірақ, Дарханның мысал ретінде Кеңес билігінің саясатын келтіргені аргументтердің манипуляциясы сияқты болып көрінді. Қазақ мемлекетшілдігін Кеңестік тоталитаризм мен этатизммен қатар қою тіпті қисынға келмейді.
Мемлекетшілдік ұғымы мен тоталитаризм идеологиясының арасын кім-кім, бірақ Дархан саясаттанушы ретінде ажырата білуі тиіс. Кез келген идеяның үстемдігі қауіпті.
Бірақ, менің мақаламдағы ойым – ол бір идеяның үстемдігін орнатып, оны мемлекеттің идеологиясы ретінде бекіту емес, менің ұсынысым, плюрализмді, ой пікірлердің алуан түрлігін сақтай отырып, қазақты біріктіре алатын ортақ құндылықтар бойынша келісіп алу.
Сол құндылықтарды іздеу. Нақтырақ айтқанда, ізденісті тоқтатпау, қазақтың саяси ой-пікір эволюциясы жалғасуы қажет. Әлем, дүние өзгеріп жатыр, қазақ қоғамы да сол өзгерістерге сай ізденісте болу керек!
dalanews.kz