Сот кімнің сойылын соғуда?..
2019 ж. 26 қазан
4611
1
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасын «пара алуға оқталды» деген айыппен тергеу қамағына алғаннан кейін ол кісінің жұрттан пара алмақ түгілі, 2012 жылдың көктемінен 2013 жылдың күзіне дейін бюджеттің 300 млрд.теңгесінің артық жоспарланып кеткенін дәлелдеп, қазынаға қайтарғаны елге белгілі болды.
Исламның ісі не дейді? Фактілерге кезек берейік.
300 млрд.теңге қалай үнемделді?
Өскемен қаласында әкім кезінде құрылысқа жылына 3-4 млрд. теңге жұмсалса, Комитетке келгенде бір жылда 70-80 млрд. теңгені жұмсалатынын көрген ол ең алдымен құны 1 миллиардтан асатын жобалармен танысып, талдай бастайды. Талдау мынадай нәтижеге алып келеді: – 2007-2012 жылдары Қызылорда облысындағы 243 км. Арал-Сарыбұлақ магистралдық топтамалық су құбырының 47 км жерін бөлек-бөлек жөнделіп, оған 12 млрд.теңгеге жуық қаржы жұмсалған екен. Құбырдың қалған 196 км. бөлігі 6,7 млрд. теңгеге 6 айдың ішінде, 2012 жылдың желтоқсанына толық бітіріледі. Егер ескі әдіспен істесе, 7-8 жыл ішінде 40-45 млрд. ақша жұмсалатын, ал, жұмыстың бітер-бітпесі белгісіз екен. – Жаңа Көксарай су қоймасын салуға 45 млрд. теңге жұмсалса, одан 6,5 есе кіші Астана су қоймасын қоршау, жөндеуге 31 млрд. теңге бөлінген. Жобаның бүге-шігесіне дейін есептей келе, 29 миллиардын кесіп, бар жұмыс 2 млрд. теңгемен біткен. – 2011 жылы Ертіс-Қарағанды (Сәтбаев) каналының 22 насос стансасындағы (әр стансада – 5 насостан) 4 насосты ауыстыру жоспарланып, оның құны 6 млрд. теңге болып бекітіледі. Сол 2011 жылы алғашқы 150 млн. теңге төленіп, 2012 жылға 2,5 млрд.теңге қарастырылып та қояды. И.Әбішев насос жасайтын заводқа шығып, 6 млрд.теңгенің орнына 1,5 млрд-қа жуық теңгеге қайта шарт жасалған. Бүгінгі таңда сол агрегаттың барлығы сақадай сай жұмыс істеп тұр. – И.Әбішев Су ресурстарына келгенге дейін 450 шақырымға созылып жатқан сол Сәтпаев каналын 1,5 млрд. теңгеге тікенек сыммен қоршау жоспарланыпты. Бұл қаржы да кесілген. – Ал,Бартоғай су қоймасынан 19 млрд.теңгеден астам қаржыны қысқартылған. «Осылайша, әрбір жобаны терең зерттеп, қайта есептеу нәтижесінде 2012 жылы 300 млрд.теңгеге жуық қаржы қысқартылды. Бұл сол бір жылға емес, 4-5 жылға жоспарланатын қаржылар. Көптеген нысанды аздаған қаржымен бітіріп, соның барлығы бүгінгі күнде халыққа қызмет көрсетіп отыр».1 триллион теңге қайдан шықты?
Орыста «не делай добра – не получишь зла» деген мақал бар. Әбішевтің 300 млрд. теңге үнемдеген әрекеті өзінің басына таяқ болып тиеді – 2012 жылдың аяғында Су ресурстары комитетін Ауылшаруашылығы министрлігінен алып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ауыстырып жібереді.Онымен де тынбайды, 2013-жылдың күзіне қарай Әбішевті арыз жазып кетуге мәжбүр етеді. Екі орынбасары да, «ҚазСуШар» мекемесінің бас директоры да жұмыстан алынады... Ал, Комитет 2012 жыл бойына тыным таппай, біздегі жалпы 2,4 млн.га суармалы жердің 1991 жылдан жарамсыз болып қалған 1 млн. га жерін қайта қалпына келтіру жайлы (Түркіменстан 1991 жылғымен салыстырғанда 800 мың гектар суармалы жер, Өзбекстан 100 мың гектар қосқан, қырғыздар мен тәжіктер сол 1991 жылғы көлемді сақтап қалған; ал, суармалы жердің 1 га. түсетін орташа қаржы 1,5 млн. теңгеден кем емес – 1,4 млн. га суармалы жер 2,1 трлн.теңге, Қазақстандағы 18 млн. га тәлімді жерге түгел бидай ексек, ол 1,5 трлн. теңге береді) оған дейін мемлекеттік деңгейде бір де бір көтерілмеген осынау мәселені терең талдап, зерттеп, қыруар жұмыс істеп, соның арқасында 2012 жылдың соңына қарай Елбасы Н.Назарбаевтан су ресурстарын дамыту жайлы мемлекеттік бағдарлама жасап, оны 2013 жылдың аяғына дейін бітіруді тапсырма алған болатын. Шамаларының келгенінше істеп жатқан болатын... Ауыл шаруашылығы министрлігі енді бұлар қысқартқан, үнемдеген жобалардың барлығын қайта қарап, өте ірі қаржыны талап ететін мегажобалармен айналыса бастайды. Бір жарқын мысал: «Астана қаласына ауызсуға пайдаланылатын қосымша су көзі және астаналықтарға демалыс орны болады, туризмді дамытамыз, балық өсіреміз...» деп, Ертістен 400 км. канал тартатын, суды 15-16 насос стансасы арқылы көтеретін, Астанаға 50-60 км жерде 1 млрд/м3 су қоймасын салатын болады. Жобаның жалпы құны 500 млрд. теңгені құрайды... Ақша үнемдеу, суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселелері мүлдем ескерусіз қалады... Қанша еңбек, қанша уақыт далаға кетіп бара жатқанын көрген И.Әбішев шыдамай Президент Н.Назарбаевқа 2013 жылдың қарашасында хат жазады. Жауап келмейді... Ал, бұл кезде комитет төрағасын тікелей өзі тағайындамайтын Президент Н.Назарбаев хатқа өз қолымен былай деп бұрыштама қояды: «Абишев И.А. один из грамотных руководителей-практиков, вернуть на прежнюю должность, как несправедливо уволенный». Оны алған Президент әкімшілігі тапсырманы орындамау үшін, бірақ, кейін ақтала алатын болу үшін не істейді? Ол жерде оңай адамдар отырған жоқ қой – Президенттің атына бір аптаға жетпей бірнеше құқық қорғау органдарынан Әбішевтің үстінен кінәлап хат түседі. Елбасы енді не істеуі керек еді? Дұрыс! «Проверить, доложить» деген бұрыштама қояды. Оның бәрінен И.Әбішев хабарсыз... Сөйтіп жүргенде 2014 наурызы келеді. Жазушы Дулат Исабеков Лондонда пьесасының тұсаукесеріне кетердің алдында Елбасының қабылдауында болады. Сөз соңында «И.Әбішевті білесіз бе?» деп сұрайды, «білемін» деген жауап алады. «Әне, сол жігіт 300 млрд. теңге үнемдегені үшін жұмыссыз бос жүр, тергеліп жатыр» дейді. Елбасы Президент әкімшілігінің жетекшісіне телефон соғып, екінші қайтара тапсырма береді. Олар И.Әбішевті шақырады. Енді бір апта ішінде құқық қорғау органдарының барлығынан Президент әкімшілігіне «тағылған айып анықталмады» деген хаттар келеді... Кейін Әбішевті Елбасының өзі қабылдап, оның жеке шешімімен шығарылып тасталған «А» корпусына қайта қабылданып, сәуірдің бас жағында бұрынғы қызметіне қайта тағайындалады. Қызметке қайта келгеннен кейін, И.Әбішев бастаған комитет күні-түні жұмыс істеп, 2014 жылдың мамыр айында бастап, қарашаның бас жағында суармалы жер туралы бағдарламаны толық аяқтайды. 1 млн. га жердің 610 мың гектар жері сұранысқа ие болып шығады. Қабылданған ескі бағдарлама түгел қайта қаралады (кестеде). Көріп отырсыздар, игерілетін жер аумағы 60 мың га орнына 610 мың га, ал, жұмсалатын шығын 1533 млрд. теңге орнына 580 млрд. теңге. Міне, үнемделген 963 млрд. теңге немесе «триллион теңге» қайдан шығады! Сөзіміз салмақтырақ болу үшін, кезекті И.Әбішевтің өзіне берейік. «Осы аналитикалық материалдың бәрі дайын болған соң, 13-қарашада Елбасыға «баяндауға дайынмын» деп хат жаздым. Ол кісі мені 19-қарашада қабылдады. Мен барлық мән-жайды асықпай баяндап шықтым. Ол кісі «сенің мынауың қиял-ғажайып ертегі сияқты екен» деп күлді. Кейін «ұсынысың өте жақсы екен, нақты есеппен, дәлелдермен жасаған екенсің» деп, менің аналитикалық анықтама қағазыма төмендегі бұрыштаманы жазды: «Б.Сағынтаевқа, А.Мамытбековке. И.Абишевтің ұсыныстары бұрынғы бағдарламадан ұтымды. Қарап, үкіметте шешім қабылдау үшін. Н.Назарбаев. 19 қараша 2014 ж.» Жалпы, Елбасы ешқандай комитет басшысын қабылдаған емес. Мені бірнеше рет қабылдауы ол кісінің су шаруашылығы саласына деген алаңдаушылығын білдірсе керек. Елбасының алдында болып, жұмысымызға толық оң баға алғаннан кейін көңіл-күйім көтеріліп, қуанып шықтым. Ондағы ойым, жоспарымыздың барлығы енді оп-оңай іске асатын болды, халыққа өте пайдалы болатын болды деп қатты қуандым. Мен ол кезде алда не күтіп тұрғанын білген жоқ едім... 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2016 жылдың желтоқсан айына дейін 2 жыл бойы ескі программаға өзгеріс ендірумен жүрдік. Мысалы, 1 трлн. теңге артық жоспарланған бұрынғы программада біз жүргізген есептің бір де біреуі болмаса да, мен кеткеннен кейінгі 9 айда оп-оңай қабылданып, қомақты қаржы бөліне бастаған... Біздің оны қысқартқан, барлық есеп-қисабы бар, нақты дәлелденген бағдарламамызды үкімет 2 жыл дегенде әрең қабылдады да, мемлекеттен қаржыландырудан бас тартып, қаржы көзін өзгертіп, «халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алыңдар» деп бекітіп берді...»Үстіңгі жағы айсбергтің, астыңғы жағы...
Біз И.Әбішевтің сотталуының басты себебі – осы 1300 млрд. теңгеге жуық ақшаның бюджеттің шығыннан шығып қалуы, бюджеттің «распил» деп аталатын балтасының астына түспей қалуы деп күдіктенуге толық хақымыз бар деп ойлаймыз. Себебі, қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына (логикасына) қара» деген. Әзірге аты аталған А.Шпекбаев – айсбергтің үстіңгі жағы ғана. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро басшысы А.Шпекбаев тергеу кезінде И.Әбішевті Қазақ күресі дүниежүзілік федерациясының президенттігінен өз еркімен кетуге арыз жазуға мәжбүрлеп (кім «бастан құлақ – садақа» демейді), жарғы тәртібін белден баса бұза отырып, оның орнын беттің арын белге тарта отырып тартып алды. Тура «Абай жолындағы» Базаралыны 10 жылға «итжеккенге» айдатып, әйелі Өдекке үйленіп алған Майбасардың тірлігі... Рас, адамгершілікке жатпайды, бірақ, ол үшін жауапқа тарта алмайсыз, өйткені, «мораль – құқықтан жоғары» деген сөз біз таңдап алған континентальдық құқыққа қарата айтылғандай, ол қазақтың билер соты да емес, қылмыстық кодексі жоқ, есесіне адамгершілік нормасы үкім шығарудың құқықтық негізі болып табылатын АҚШ-тағы ағылшын-саксон соты да емес... Егер мәселе Шпекбаевқа федерация президенттігі қажеттігінде болса, іс сотқа бармас еді ғой. Керісінше, тергеуде «маған кішкентай бір кінәні мойныңа алсаң – босатамыз» деді, С.Түкиевке «И.Әбішевке ақша апарып бердім десең – босатамыз», – депті, бірақ, ол маған әкеп бермесе нені айтады, пара алмаған мен неге істемеген қылмысты мойындауым керек, одан-дағы абыройымды аман сақтап, 10-15 жыл отырып келгенім артық», – деп отыр И.Әбішев. Демек, триллиондаған теңгені бюджетке артық салған құдыретті адамдар тұр ол екі лауазымдының артында. «300 млрд. теңге» тұсында олар сол кездегі үкімет басшысы К.Мәсімов Өскеменнен ат пен түйедей қалап әкелгеннен кейін Исламға «іс тігуге» бата қоймаған шығар. Қай «кланға» жататынын анықтай алмаған шығар. Бірақ, оның ешқандай «кланда» жоқ екенін, 2013 жылы «қызметіңе қайтып барсаң, тағы да баяғы қысқартуыңа басасың ба?» деген жұбайына «әрине!» деп жауап берген И.Әбішевтің 2013 жылдан ешқандай «сабақ алмағанын» көргеннен кейін, бұндай «ала қарғаның» қанша жерден ұяласы болса да «көзін шұқып» қоймаса болмайтынына көзі жеткеннен кейін заңдылықты табанға салып таптап, осындай іске барып отыр деуге болады. Ал, заң бұзушылықтың шектен тыс көп екеніне сот басталғалы оған қатысқанның бәрі куә. Соттың 14-қазандағы бірінші күні-ақ қорғаушылар алты бірдей өтініш-хатын қарамай тастаған, Шпекбаевты куә ретінде сотқа шақырмай қойған, мемлекеттік тілден мүлдем сауатсыз судья Қ.Мекемтасқа сенімсіздік білдіргенімен, сот оны қайта әкеліп отырғызып кеткен еді. «Амалым жоқ, ортаншым...» дегендей, «басқа қазақша білетін судья болмағаны ғой» деп, қорғаушылар амалсыз көнген. Соттың екінші күні 7-8 куәден жауап алынды, Үшінші күні И.Әбішевтің сот залында қысылып қалуына байланысты төрт күнге үзіліс жарияланды. Кеше, 23-қазанда сот тергеуі басталған бойда жаңадан қосылған қорғаушы М.Есқараев тергеу кезінде процессуалдық тәртіп бұзушылықтар орын алуына, істі қабылдап алған судьяның бұндай өрескел заң бұзушылықты көріп отырып, істі қысқартпауына қатысты сенімсіздік білдіріп еді, судья оны қарамады да, қабылдамай тастады. Бұдан соң басқа қорғаушылар, сотталушы И.Әбішев «иә қорғаушының сөзін негіздеп, теріске шығарыңыз, ия қабылдаңыз» деп талап қойған соң, судья кеңесу бөлмесіне кетті. Жағдайды білуге келген судья Шаяхметова жай келмей, отырған халыққа зіркілдеп, ұрыса келгеннен кейін, қазақшасы Мекемтастікінен де сорақы болған соң, қорғаушылар оған да сенімсіздік білдірді. Екі сағаттан соң қайта келген Шаяхметова «судья Мекемтасқа сенімсіздік білдіруге негіз жоқ» деп қысқа қайырды. Неге «негіз жоқ» екенін негіздеп, дәлелдеп әуре болған жоқ. Мекемтас мырза өз орнына қайтып келді... Қорғаушылар Шаяхметованың сот құрамын қате оқығанын, сотқа мүлдем қатыспаған адамдарды атағанын, т.б. қателер жібергенін, оның бұл ісі апелляциялық шағымда қолдау тапса, соттың соған дейінгі барысы заңсыз деп танылуы мүмкін екенін ескерткенінен ештеңе шықпады... «Әлем күйресе күйресін, әділеттілік салтанат құратын болсын» деген көне римдіктер. Әділетсіз қоғам күйремей тұра алмайтынына көздері жеткен соң айтқан. Баспасөз бетінде екі жүз мыңнан астам қарапайым халық өкілі де, екі облыстың 13 Парламент, үш облыстың 50 шақты облыстық мәслихат, 6 ауданның 100-ден аса аудандық депутаттары да соттың әділ өтуін өтініп. Президент Қ-Ж.Тоқаевқа Ашық хат жолдаған болатын. «Парамен ұсталған жемқорды бір жолға кешіріңіз» деп отырған жоқ. Қорғаушылар болса, тергеу ісінде заң бұзушылықтың өте көп екендігін, бірақ, оның бәрін бірден шығаруға болмайтынын, шығарса олар да бұған дейінгінің кебін киетінін айтып отыр. Сонда, процессуалдық заң бұзушылық орын алған жерде одан кейінгі істің бәрі заңсыз болып табылатынын білетін прокурор мен мен көрер көзге айыптау жағының мүддесіне жұмыс істеп отырған судьяның көздегені не? Олар неге қоғам «қайығын шайқалтуға» құмар? Кімнің тапсырмасын орындап, кімнің сойылын соғуда? Оларға керегі ел ішінде ертерек толқу туғызу ма? Айыпталушы И.Әбішев пен С.Түкеевке толқудың түкке қажеті жоқ. Қалың халық та тыныштықтың сақталуына бәрімізден бұрын мүдделі. Президент Қ-Ж.Тоқаев пен Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаевтың да мүддесі халық тілегімен тоқайлас шығар деп ойлаймыз. 2013 жылы сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың адал азаматқа араша болғанын, әділеттікті қалпына келтіргенін жоғарыда жаздық. Ендеше, бүгінгі кезек Президент Қ-Ж.Тоқаевтікі тәрізді...Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz