СОТ ЗАЛЫНДА оқылған жыр: ЕРДІҢ ҚҰНЫ - ТРИЛЛИОН! (видео)
2019 ж. 24 қазан
9575
33
Ислам Әбіштің соты Қазақ тілін қорғау және Қазақ жырын қолдау алаңына айналып кеткелі біраз болды...
Сотты жүргізіп жатқан Қ. Мекемтасты екі бет қағаздан Қазақ тілінен 76 қате жібергені үшін екі рет, оған араша түсуші сот Шаяхметованың өзін бір рет, жалпы үш рет сотқа сенімсіздік білдірілді. Бұл Қазақ соты тарихында болмаған оқиға!
Бірақ бәрінде де , алғашқы күні-ақ: "Ел астанасында Қазақ тілін Мекемтастан артық білетін сот жоқ. Көресіңдер қайтып соны әкеледі" деп айтқанымыз айдай келіп, бір емес...екі рет қайтып әкелді оны...Сонымен, сот Мекемтасымыз мекем тас болып, орнынан қозғалар емес...
Міне, біздің Тәуелсіздік алғалы отыз жылдағы жеткен "жетістігіміз"... Міне саған "Ұлттық" идеология!
Әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабек бұл атышулы іске басынан араласып, баспасөз мәслихатына да қатысты. Қазір күніне үш рет хабарласады. Телефонды ала алмай қалсаң, жақсылап сөгіс естисің.... Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Исекең туралы арнайы мақала, айшықты жыр жазған көрнекті ақын Темірхан Медетбек: "Сот залын мүшәйраға айналдырып жібергенсіңдер ме? Жыр оқылған жерде жақсылық болады. Жақсылықтан басқа жасағаны жоқ Ислам ініміз жайлы жақсы хабар күтеміз"-деп хабарласты. Сатира сардары Көпен Әмірбек пен белгілі ғалым, Парламенттің үш мәрте депутаты болған Мырзагелді Кемел сотқа күнде келіп қатысуда.
Кеше Алматыдан арнайы белгілі қаламгер-журналист, ҚР Педагогика ғылымы академиясы академигі, "Президент және Халық" газетінің бас редакторы Марат Тоқашбай келіп қатысты. Алыстан арнайы ат сабылтып келіп жатқан азаматтар қатарын толықтырып, талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының тұңғыш төрағасы Әлібек Шегебай келіп, әдемі жыр арнап кетті. Қай жерде жүрсе де, қоғам қайраткері, кикбоксинг королі Сабыржан Махмет хабарласып, сот барысын біліп отыр. ҚР Мәдениет қайраткері, Елбасының алдында талай рет өзі жетекшілік ететін "Алтын Алма" отбасылық ансамблімен өгер көрсеткен, Исекеңе қай өңірден қандай азамат қолдауға келсе де, дастарханын жайып, дәмі мен әнін сыйламай жібермейтін Алтынбай сері өзі ғана емес, операторлары бастаған бір топ қауымымен келіп қатысуда. Қазақтың Ақжүнісі атанған белгілі тележурналист, блогер Сәуле Әбілдаханқызы мен "Қазақ үні" ұлттық порталы Бас редакторы, дарынды ақын Азамат Тасқараұлы осында, халыққа ақпарат таратуда.
Сот залындағы мүшәйраны кеше Ислам көкеміздің өзі бастады!
Ол қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушановтың өзіне жіберген жырын оқыды. Содан соң Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың махаббат жырын өз атынан айтты. Содан соң қоршау терезе ар жағынан:
" Ал Қазыбек Иса не дейтінін тыңдаңдар" деп:
Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде...
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, білдің бе"-
деп, белгілі өлеңімді нәшіне келтіріп тұрып, шабыттанып оқып берді.
Содан соң менен өлең сұрады. Мен жолымды Ислам Әбішті қолдауға әр өңірден келіп жатқан көптеген азаматтардың бірі, Түркістан облысы Шардара қаласынан келген белгілі әнші-термеші, ақын-журналист, Республикалық термешілер байқауының лауреаты Әбдіғаппар Айдарға бердім. Ол ел мен жер жайлы, Шардара туралы, махаббат жырларын маздатып оқып берді. Содан соң кезек маған да келді.
"ЕРДІҢ ҚҰНЫ - ТРИЛЛИОН!" жыры жазылғалы төрт-бес ай болған. Дизайнер қарындасым Күлайна Оразбекқызы лезде баннер жасап фейсбук пен топтарда таратып жібергесін, "Қазақ үні" сайтында жариялауды да ұмытып кетіппін. Енді міне, Ерге арналған Ерлік жырының тұсаукесері сол Ердің ісін қарап жатқан сот залында кесілді.
Мен жыр оқып тұрғанда сот үзілісі бітсе де, жырды үзбей, есік сыртында кідірген сот қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Бәлкім олар менің өлең оқыр алдында: "Жыр оқылып жатқанда сот болса да, кім болса да , үзіп жібергенін қаламаймын"-дегенімді естіген де болар. Дегенмен, рахмет, олар да адам ғой, соны білдірді.
Исекең жырын оқып болғанда мен Есенғали ағама сот залынан жазба жібердім:
"Ислам досыңыз соттағы үзілісте қазақтың ең мықты екі ақынының -екеуміздің жырымызды оқыды. Сіздікін қағаздан, менікін жатқа оқыды..."-дедім.
Ағам да кешіктірмеді:
"АЗАМАТ АМАН БОЛСЫН! ИСЛАМДАЙ ЕРДІҢ ЖАЛАДАН ҚҰТЫЛЫП, АҚТАЛЫП ШЫҒУЫНА ТІЛЕКТЕСПІН! Менен дұғай-дұғай сәлем!"-деп жауап жазып жіберді.
Мен ақын сәлемін қоршау терезенің аржағындағы Исекеңе жеткіздім.
"Кеше Әбдіжәміл Нұрпейістің 95 жасқа толлған тойында осы Есенғали, Ертай Ашықбай достарыңыз бастаған көп қаламгерлер амандаспай жатып, Сіздің жағдайыңызды сұрады"-деп едім, Исекең жадырап, жалы көтеріліп шыға келді!
Иә, "Аққа - Құдай жақ" дегендей, күйе жаққандарға алақандарын жалатып, ақталып шығар күн тезірек келсін деп тілейміз!
ЕРДІҢ ҚҰНЫ –ТРИЛЛИОН
Ислам Әбішевке
"Ер жақсысы - түрмеде,
Ат жақсысы - кермеде."
Халық мақалы
Тұрмайтындар сенің басқан ізіңе,
Аңдып жүрді әрбір басқан ізіңді...
Ұрлайтындар қарамай бет-жүзіңе,
Бәйге тікті басыңа олар құзырлы...
Жемқорларға жегізбеп ең байлықтан,
"Жемқор" етіп көрсетуде өзіңді...
Халық қамын ойлауыңнан қаймыққан,
Қамауда олар сынап сендік төзімді...
Триллионды үнемдеген түрмеде-
Қудалаған құлқынқұлдар мінбеде...
"Ер жақсысы - түрмеде" дер күнге де...
Жеттік қалай?
Тоқтамайды бұл неге?!.
Халық үшін күрескен сан алыптың,
Халық жауы атанғаны белгілі!
Қазынасын қорғап едің xалықтың-
Триллионға бағаланды Ер құны!
Сен жатырсың көшесінде Алаштың ,
Қуғын көрді кеше Алаштық ерлерім...
Түрмеде де жоқ-жітікке қарастың-
Қарап жатар қапаста да сен бе едің?!.
"Ат жақсысы - кермеде" боп
тұр бүгін -
Құрту керек тұрқы бөлек асылды...
Заңдастырып бермеп едің ұрлығын...
Заңсыздықпен сені торға жасырды...
Белден басқан Заңың менен Арыңды,
Билік айтса,
Биің билер
көп-көрім...
Пайғамбар жас - парасатты шағыңды
Темір торда қарсы аламын
деп пе едің?
Шын жағдайды ел басшысы білер ме-ей,
Өткізесің ойға батып күнді ұзын...
Жолдан келіп, үйге асығып кірердей,
Есік жаққа елеңдейді
ұл-қызың!
Сүйген жардың сенімі де
кепіл мол,
Махаббаттың жырында да дарасың!
Декабристер әйелдері
секілді ол,
Жол қылуда үй мен түрме арасын...
Төбеттер көп-
Төніп тұрған қауіп бар,
"Аққа күйе жұқпас"-
Алла қорғайды!
Жоғалса да, тары аңдыған тауықтар,
Қаранарын xалық іздеп, қолдайды!
Домбыра алса, ән мен күйге бөлеген,
Әкімдердің ішіндегі ақынсың!
Кең далаңдай кемел едің,
кенен ең,
Темір торға қалай сыйып жатырсың?
Азапта да Алған беттен қайтатын,
Ойың жоқ қой!
Бұл күнде оны білмес кім?
Қаламгерлер жоқ сырыңды айтатын,
Қасыңдағы қанішермен тілдестің...
Көтересің қиындықтың қандайын,
Аллам өзі Ерді сынап, баптайды!
Жарқырайды ертең-ақ кең маңдайың,
Алмас қылыш қын түбінде жатпайды!
Нарда жатыр-
Нарқы биік Нар тұлға!
Өршіп аққан өзенсің ғой-
Өр едің!..
Ел қаржысын қорғаған Ер,
артыңда,
Халқың бар ғой-
Қорғап қалар,
Сенемін!!!
Қазыбек ИСА
02.06.2019