Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқының 74,9 проценті сенеді
2019 ж. 22 қазан
2091
0
Еуразиялық интеграция институты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне жұртшылықтың көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Институттың сайтына сілтеме жасап.
Сауалнама 14 облыс орталығында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және ауылдарда жүргізілді. Сарапшылардың мәлімдеуінше, сауалнамаға 18 жастан асқан, ел тұрғындарының орташа әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштеріне ие азаматтар қатысқан.
Сауалнама қорытындысы бойынша, Президентті ел тұрғындары тікелей қолдап отырғаны айқын аңғарылады. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты тұрғындардың 70,3%-ы қолдайды. Қоғамда ҚР Президентіне сену деңгейі де жоғары - 74,9%.
Респонденттердің 70%-дан астамы Президенттің бастамалары халықтың әл-ауқатын жақсартуға, елді дамытуға қауқарлы деп санайды.
Олардың пікірінше, ҚР Президентінің «Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы мәлімдемесі», «Адамдарға, әсіресе балаларға қарсы ауыр қылмыстарға берілетін жазаны күшейту», «Көп балалы және табысы аз отбасыларға жалдамалы баспана беру», «Несие рақымшылығы», «Қазақстанның стратегиялық әріптестермен және халықаралық ұйымдармен белсене ынтымақтастық етуі» секілді шаралары маңызды.
Сауалнамаға қатысушылар Президент пен Үкіметтің жалақы, зейнетақы мөлшерін, жалпы елдің әл-ауқатын көтеретініне, баспананы қолжетімді ететініне, сыбайлас жемқорлықты жойып, медициналық қызмет пен білім беру сапасын арттыратынына үміт білдірді.