Соттағы трагедия мен фарс
2019 ж. 19 қазан
6145
23
ШПЕКБАЕВ неге сотқа шақырылмайды?
14-қазанда Нұр-Сұлтан қаласындағы ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев пен Қазақ күресі дүниежізілік федерациясының вице-президенті Серік Түкеевтің (ал, федереция президенті – И.Әбішев) қылмыстық ісінің сот тергеуі басталды. Сот басталмай жатып оған төрағалық етуші сдья К.Мекемтасқа қорғаушылар Е.Мәкенов пен А.Құспан сенімсіздік білдірді. Себеп? Судья Мекемтас осының алдында қорғаушылар берген 6 өтініш хатты (ходатайство) қабылдамай қайтарған. Біреуін тіпті қарамаған да. Оларды сотта оқып шығудың өзіне А.Құспанға бір сағаттан астам уақыт қажет болған, ал, судьяға оның бәрін оқып шығуына, саралауына, 2 бетке жуық қорытынды жазуына жарты сағат жетіпті. Осы 2 бетте судья 78 қате жіберген. (Гиннесстің рекордтар кітабына ұсынса бәйге алып қалуы әбден мүмкін...). «Бұндай сауатсыз судьяға адам тағдырын қалай сеніп тапсыруға болады?» деді қорғаушы А.Құспан. Екіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро басшысы А.Шпекбаевты – И.Әбішевті түрмеге тығып, одан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенттігін тартып алған адам - куә ретінде сот тергеуіне шақырыңыз деген өтінішті «тергеу кезінде шақырылмаған» деген желеумен қабылдамай тастаған. «Тергеу кезіндегі куәлерден басқалар шақырылмайтын болса, онда сот тергеуінің не қажеті бар?», – дейді А.Құспан. Бұл – қазақ сотының трагедиясы. Енді фарс жайлы. Судьяға сенімсіздік білдірілген соң ауданаралық мамандандырылған сот ұзақ ақылдасты. Соңында ...судья Мекемтасты қайта әкеліп отырғызды. Белгілі ақын Қазыбек Иса айтқандай, «Астана қаласындағы судьялар арасында қазақ тілін Мекемтастан жақсы білетін судья жоқ болса керек». Қорғаушылардың жаңа ғана сенімсіздік білдірген судьяға енді «сенеміз» демеске амалы қалмады. Фарс емей не бұның аты?.. Әрине, қорғаушылардың сенімсіздік білдірілген судьяны ұялмай-қызармай қайта әкеліп отырған (біз «ұялмай-қызармай» деген сөзді тырнақшаға алмай жазып отырғанымыз, сенімсіздік білдірген судьяны қайта алып келген – бұл бүгінгі қазақ соты үшін қалыпты жағдай) бүкіл ауданаралық сот құрамына сенімсіздік білдіруге болар еді, бірақ, одан сотталушыларға тар қапастағы мерзімін ұзартып алғаннан басқа не пайда? Олар курорттың жанға жайлы төсегінде жатқан жақ қой? Онсыз да сот тергеуі табаны күректей 7 ай дегенде зорға басталып отыр. Екіншіден, бұрынғы қазақтың билер соты заманы емес бүгін – айыпталушы өзінің ісін қарайтын қазыны таңдау құқығынан айрылған. Ендеше, «Самарқанда бір апам бар, ол менен де сорақының» кері келмесіне кім кепіл?.. Сот осылай басталды. Әлі талай «шыжыққа» куә боламыз-ау...Прокуратураның принципі «вокруг да около» ма?..
Ислам Әбішев пен Серік Түкеев сотының екінші күнін қорытындылауды И.Әбішевтің қорғаушысы Абзал Құспаннан өтінген едік: «Бүгін сотқа шақырылып, түсінік берген куәлердің ешқайсысының И.Әбішевке тағылған айыпқа, С.Түкеев туралы мүлдем айтпасақ та болады, ешқандай қатысы жоқ! Әдетте қылмыстық іс дәлелденбей жатқан кезде прокуратура не істейді? Сотқа ішінара қатысы бар адамдарды шақырып алып, орыстар «вокруг да около» демей ме, міне, сол әдіспен бір сұрақтың төңірегін шиырлай береді, шиырлай береді... Прокуратура не айтқысы келіп отыр? «Қазбайлық-Астана» деген мекемемен Су ресурстары комитеті 2018 жылдың күзінде келісім-шарт жасасады. Ешқандай дау-дамайсыз, арызсыз, қатардағы келісім-шарт, И.Әбішев оған қол қояды. Сол шартпен күні бүгін де жұмыс жүріп жатыр. 2019 жылдың басында қосымша шарт жасалатын болады. Шарт жасайын десе, Қаржы министрлігінен 2019 жылы 10 қаңтарда хат келеді: «Бюджетті үнемдеңіздер, секвестрге байланысты басталмаған нысандарды қаржыландыруды тоқтата тұрыңыздар». Болды. И.Әбішев тек «Қазбайлық-Астана» емес, екінші бір «ТОО «Баймен» деген компания бар, «онымен де әзірге шарт жасаспай тұра тұрыңдар» дейді. Алдымен ол екі компанияға ауызша ескертіледі. Ондағы ойы – компаниялар жұмысты бастай беру үшін кредит алып, техникасын, заттарын апарып, бекер шығынданбай тұра тұрсын деген ой. Сол кезде «Қазбайлықтан» хат келеді: «Шарт жасайсыздар ма, жасамайсыздар а?» Оған ауызша айтылғанды қайталап, жазбаша жауап беріледі. Прокуратура «шарт жасасқан кезде ала алмай қалған параны И.Әбішев осы қосымша шарт кезінде алғысы келді» деген ойды айтқысы келеді. Бірақ, бұл Исекең ойлап тауып отырған нәрсе емес қой, ол мемлекет тарапынан жасалып отырған тірлік. Ешқандай құпия тірлік емес. Кейін ол екі компаниямен де қосымша шарт жасалынған. Міне, прокуратураның бар айтары – осы! Бір де бір куә пара туралы естімеген! Секвестр туралы бәрі естіген. Шаймерденов дегеннің «Қазбайлыққа» хат жаздыру себебі: «Көрдің бе, ол сенен пара алмақшы, пара бермесең шарт жасаспай қояды» демекші. Бәрібір, Шаймерденов «Қазбайлықты» пара беруге көндіре алмады».«Спектаклді тоқтатайық!»
Соттың үшінші күні Ислам Әбішевтің денсаулығы сыр беріп, сот залына «жедел жәрдем» дәрігерлерін шақыруына байланысты бір жарым сағат кешігіп басталды. Жалпы, зейнеткерлік жастағы Исекеңнің денсаулығы темірдей еместігі жайлы, оның тар қапасқа түскелі бері бірнеше рет инфаркт алғанын алға татып, қорғаушылар қанша жерден оны үйқамаққа шығаруға өтініш жасағанымен, біздің тасжүрек жүйе оған рұқсат бермей келген болатын. Соттың екінші күні де Ислам Әбішевтің аяғының сіңірі тартылып қалды. Қасында отырған Серік Түкеев кәсіби спортшы болғандықтан массаж жасап, жарты сағаттай уақыт өткенде кесел кейін шегініп еді. Кеше енді сәл болмағанда Исекең о дүниелік болып кете жаздады. Сөйтсек, ғылыми түрде «минальгия» деп алатын бұл ауру өте қауіпті ауру болып шықты. Қауіптілігі оның адам денесі жаурағанда ағзаның кез-келген жерінен бұлшық ет жұмыс істемей түйліп қалады екен. Оны бәріміз де білеміз, және «сіңір тартылып қалды» деп, түйілген ет біраздан кейін жазылған бойда ұмытып кетеміз. Кейде түйін ұзақ уақыт жазылмай, жанды қинап жіберетін кезі болады, ондай уақытта түйреуішпен түйнеп тұрған жерді екі-үш рет түйреп алған соң барып жазылатыны бар. Кешегі жағдайды қауіпті болған себебі. Исекеңнің жүрегінің еті түйнеп қалды. Бұл жолы Серік Түкеев шын мәнінде Ислам Әбішевті ажалдан арашалап қалды деуге болады, өйткені жүрек тоқтап алған кезде оған массаж жасауды бір-екі минуттан артық кешіктіруге болмайды. Оның үстіне еліміздегі «жедел жәрдем» мамандары әркез жедел жәрдем етуге жетіп келе алмай жататыны белгілі. Ал, ол қайдан пайда болды дегенге келсек, айдауылдардың айыпталушыларға көрсетпейтін қорлығы жоқ екен. Мысалы, алдыңғы күні сот басталар алдында Ислам Әбішев арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Онда ол кісі былай деді: «Судья мырза! Бізді бүгін машинаның ішінде құтырған иттерді ұстап тұруға арналған, ұзындығы 70 см, ені 30 см темір тордың ішінде тұрғызып алып келді. Біз сонда кім болғанымыз – террористерміз бе? Жоқ әлде бірнеше рет адам өлтірген рецидивист-қарақшымыз ба? Бұл – бір. Екіншіден, бізді жөн-жосықсыз суық кабиналарда қайта-қайта тыр жалаңаш шешіндіріп, тексере береді. Не үшін? Әкеле жатқанда, бара жатқанда суық бөлмелерде тікемізден-тіке қақайтып, тұрғызып қояды? Қандай қажеттілік бар бұндай тінтуде? Бұндай суық жерде ұстауда? Менің денем жаураған уақытта ауру кез-келген жерімнен қысып қалуы мүмкін – аяғым ба, бүйрегім бе, жүрегім бе?» Оған судья К.Мекемтас «туыстарыңызға айтыңыз, жылы киім әкеліп берсін, жылы киініп жүріңіз» деп жауап қатқан болатын. Ал, кеше таңертеңгі жағдайдан кейін қорғаушылар «сот залында тергеу кезінде дәрігер тұрақты түрде отыратын болуын, одан бөлек И.Әбішевті денсаулығына байланысты үйқамаққа шығаруды сұраймыз» деп, тағы өтініш хат берді. Мекемтас мырза «бұл мәселені кеңесу арқылы шешеміз» деп, үзіліс жариялады. Кеңесіп келгеннен кейін «23-қазанға дейін үзіліс жариялаймын, И.Әбішев тергеу изоляторындағы дәрігерлерге көрініп емделсін. Олардың емдеуге шамасы келмесе, дәрігерлер шақырсын. Олар қажет болатын болса, сізді стационар-ауруханаға апарып жатқызсын. Дәрігерлердің айқанын істеп, емделуіңізге мүмкіндік беріледі» деп жариялады. Ислам Әбішев оған: «Тергеу изоляторындағы қайдағы емдеу? Олар мені ауруханаға да апарып емдемейді. Оны істей алмайды. Менің қорғаушым А.Құспан мені осындай жағдайда ұстауға болмайтынына, қылмыстың ауырлығы оған кедергі бола алмайтынына қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша тоғыз негіз бар екенін көрсетті. Бірақ, оның бәрін сіздер құлаққа іліп жатқан жоқсыздар! Сондықтан, екі істің біреуін істейік – ия сіз мына спектаклді созбай, маған береміз деп дайындап қойған 10 жыл ма, 15 жыл ма, кесікті мерзімді жариялаңыз. Менің де, өзіңіздің де, елдің де уақытын алмаңыз, мемлекетті де бекерге бос шығынға ұшыратып неғыласыз? Сіз де тыныш, мен де тыныш! Олай ете алмайтын болсаңыз, мені дәл осы минуттан бастап, үйқамаққа шығарыңыз! Адамгершілік тұрғысынан дәл осындай қадам жасалса ғана, ол көпшіліктің де көңілінен шыққан қадам болады. Егер сіздерге керегі істің әділ шешілгені болса, онда сіз осылай жасайсыз. Ал, егер сіздерге керегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның ұсталған адамының бәрі сотталғаны болатын болса, онда маған бірден үкім шығарыңыз», – деді. Бәрібір, судья өз қаулысын өзгерткен жоқ. Тек қаулымен келіспеген жағдайда, сотталушы оған алдағы 15-күннің ішінде шағым келтіруге құқысы бар екенін атап өтті. Отырыс 23-қазан таңертең сағат 10-да жалғасатын болады. Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz