Әркім өз сөзіне жауапты болуы керек!
2019 ж. 21 қыркүйек
3413
4
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божконың «...Тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау көрсеткіші елімізде соңғы үш жылда 17 есе артты. Тек осы үшін ғана мемлекет алдында олар тізерлеп алғыс айтуы керек. Өзі ештеңе істемей «маған бәрін беріңдер» дейтін адамды малтұраққа (стойло) көгендейтін қоғамдық пікір болуы қажет» деп салған пікірі жұмыссыз қалған немесе тапқан мардымсыз жалақысы бала-шағасының тамағына жетпей жүрген сан мыңдаған тұрғындарымыздың тура жүрегіне қадалған оқпен бірдей болды. Әрине, мұндай ауыр сөзден кейін тұрғындар да қарап қалмады. Басқа тілді болмаса да орысшаны түсінетін олар «стойлоның» мал байлайтын орын екенін, осынысымен-ақ Божко онсыз күнін әзер көріп жүрген өздерін малға теңегенін айтып, айқайлап шыға келгені белгілі. Бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дәлелдеп баққандар да көп болды...
«Әлеуметтік желіде талқыланып қып-қызыл шатаққа ұласқан, енді ғана шаңы басылған, шоғы сөніп орнында қалған күлді несіне қопарып отырсыңдар», – дейтіндер де табылар. Рас, әлдебіреудің айта салған пікірін алты ай жыр етудің қажеті жоқ. Бірақ, Божко қатардағы әлдебіреу емес. Түрлі жоғары лауазымды атқарған, әлі де жауапты қызметте отырған «мемлекеттің алдында олар тізерлеп алғыс айту керек» – деп өзі айтқандай, сол мемлекетімізді басқарып отырған Үкіметтің белді мүшесі-министр болған тұлға. Оның бұл сөзін тіпті, аңдамай айтылып қалды десек те астарында ауыр зіл жатқанын байқау қиын емес. Бүкіл халық соларға қарап, солардың дуалы аузынан шыққан аталы сөзді күтеді. Солардың сілтеген бағыты жарқын болашаққа жетелейді деп сенеді, ертеңіне үміт артады. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» демекші, халық өзі сайлаған депутаттарға төрелік етіп отырған лауазымды тұлғадан дәп осыны күтпеген-ді. Бүкіл ел-жұрт алдында кемсітіп, қорлап тіл тигізу кімнің де болса намысына тиері сөзсіз.
Біріншіден, Божко айтқандай елімізде тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау көрсеткіші соңғы үш жылда 17 есе артты делік. Шынын айтсақ, бұл келтірген көрсеткіштің өзіне үлкен күмән келтіруге болады, оны алдымен нақтылап алу қажет. Әлеуметтік көмек ондаған есе артқан күннің өзінде, қайта-қайта орын алып жатқан инфляция үкімет көрсеткен көмектің күлін көкке ұшырып, қорғау мен қолдауды көз алдымызда жоқ қылып жатқан жоқ па? Божко осыны білмесе – оның қаржы, экономика саласынан ештеңе сезбегені. Немесе өзі жоғары жалақы алып, жырғап өмір сүріп жатқанмен, төмендегі қарапайым халықтың тұмысынан мүлдем бейхабар болғаны. Олай болса сол халықтың өзі сайлаған депутат бола тұра сол қарапайым адамдардың атына ащы пікір айтуға қандай қақысы бар? Осы үшін халық емес, Божконың өзі малға теңеген тұрғындардың алдында тізерлеп отырып кешірім сұрауға міндетті.
Екіншіден, халық неге мемлекет алдында тізерлеп алғыс айтып, құлдық ұруы керек? Ау, біздің Атазаңымыз бойынша сол мемлекеттің иесі халық емес пе еді?! Әлде Божко үкімет басында отырған санаулы шенеуніктерді мемлекеттің иесі деп санап жүр ме? Олай болса саяси сауаты да шамалы боғаны. Бәлкім, мемлекет иесі қатарында өзінің де бар екенін білдіргісі келген болар. Демек, сол санаулы топтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, ал қарапайым адамдарды мал демегеннің күннің өзінде халық солардың құлақкесті құлы болғаны ғой. Сондықтан, оларды кемсітіп, қорлай салуға болатынға ұқсайды.
Көпке күл шаша алмайсыз, осы пікірді ести салысымен көпбалалы аналар Парламент ғимаратына барып, Божконың сыртқа шығып, халықтан кешірім сұрауын талап етті. «Кешірім сұрамаса қазіргі қызметінен кетсін!» – деген талаптарын да жеткізді. Көптің бұл тілегін еңселі ғимаратты күзеткендер мен бір көрініп жоқ болған қызметкерлері Божкоға жеткізді ме, әлде жеткізбеді ме, ол жағы белгісіз. Бірақ, әлеуметтік желі шулап жатты, оны Божконың естімеуі, көрмеуі мүмкін емес. Бір анығы Божко кешірім сұрамақ түгіл өзінің ағаттығын да мойындаған жоқ. «Азаттық» халықаралық ақпарат агенттігі редакциясы журналистерінің сұрағына берген соңғы бір жауабында «Мен ешкімді ренжіткім келген жоқ. Мен тек масылдыққа қарсы екенімді білдірдім», – деген Божко кешірім сұрау каперіне кірмейтінін көрсетті. Соған қарағанда, біздің биліктегілер қарапайым халықты шынында да адам қатарына қоспайтын сияқты. Дамыған елдерде болса саналы, білікті лауазымдылар мұндай масқара жағдайдан соң өз еркімен қызметінен ғана емес, елден безіп кетер еді. Бірақ, ондай үрдіс, ондай жоғары мәдениеттілік біздің елімізге, дәлірек айтсақ біздің өзіміз үлгі алар биліктегі лауазымдыларға әлі жете қойған жоқ. Вице-спикердің қорлығына шыдамаған тұрғындар оның қызметінен кетуін талап етіп айқайға басқанмен, оны маса шаққан құрлы көрмеген Божко ештеңе болмағандай кейіп танытып, Мәжілісте депутатарға ақыл айтып, жөн сілтеп отыр. Бір күні үкілеп сайлап, Парламентке ұсынған біздің қадірменді депутаттарымызды да «мал қораға» қамап қоймаса болғаны.
Бір қызығы, Божконың бұл пікірі туралы оның әріптестерінің ойын білмек болған журналистер бірқатар депутаттарды әңгімеге тартып көрді, оны түрлі телеарналар көрермендер назарына ұсынған болатын. Аттарын атап, босқа уақыт өткізіп жатпай-ақ қоялық, бірақ солардың біреуі де маңдытып ештеңе айта алмады. Әлде өздерінің басшысы, вице-спикер болғандықтан ба, ешқайысысы «халықты бұлай кемсітіп ренжітуге болмайды» деп айтуға жарамады, батылы бармады. Былай қарағанда, сол қатардағы мәжілісмендерді Божко өзінің жекеменшік фирмасына жұмысқа жалдап алған ба деп қаласыз. Қаһарына іліксе, депутаттық мандатын сыпырып алып, өздерін қызметтен қуып жіберетіндей көретін болуы керек. Әлде, бұл «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» нақ өзі ме? Ашығын айтсақ, депутаттарды сайлаған қалың бұқара үшін Мәжіліс төрағасы немесе оның орынбасары болса да олар – халық қалаулылары, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Яғни, алдында айтқанымыздай, еліміздің гүлденуіне жол ашатын лайықты заң қабылдайтын, елімізде орын алып жатқан кем-кетіктерді көзге түртіп көрсетіп түзейтін, өздері үлкен сенім артқан адамдар, басқа ешкім емес. Олардың жағдайлары толық қамтамасыз етілген жылы орында жайғасып отырғаны, ай сайын жоғары жалақы алуы да сол халықтың арқасында емес пе? Өкінішке орай, бұл туралы олардың ешқайсысы да ойланбайтын сияқты, Мәжіліс залына аспаннан топ етіп түсе қалған секілді. «Өзі болған қыз төркінін танымайды», – деп қазақ атамыз осындайда айтқан болар...
Қанша адам болса, соншалықты пікір болары заңдылық. Кім қандай ой білдіремін десе де өз еркі. Әрине, ешкімге зорлық-зомбылық көрсетіп, ар-намысына тиіп кемсітуге жол жоқ. Бұл демократиялық қоғамға тән құбылыс. Халықаралық қауымдастық алдында ресми мәлімдеуіміз бойынша, біз сол айтулы сөз бостандығы мен ой еркіндігі бар демократиялық жүйе құрып, заманауи дамыған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Содан да болар, осы бір келеңсіз жағдайға байланысты, айтылған пікірлер де саналуан болды. Басым көпшілік вице-спикерді кінәлады, эмоцияға беріліп тым қатты кеткендер де жоқ емес. Енді біреулер Божконы жақтап та жатты. Оның көп жылғы еңбегін еске салып, елімізге адал қызмет еткен патриоттар қатарына да қосқандар бар.Сөз жоқ, В.Божконың халық алдындағы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Еңбек жолын жұмысшыдан бастап инженерлікке дейін көтеріліп, кейін күштік салада ұзақ жылдар қызмет етті. Отыз жылдан аса мемлекеттік қауіпсіздік саласында істеді. Құпиясы көп бұл саладағы еңбегіне ешкім баға бере алмасы белгілі. Ал, төтеншеліктердің төресі болып тұрғанда, айқай-шу аз болған жоқ. Бұл туралы жыл сайын көктемгі қар суы басып қалған елді мекендердің тұрғындары айтып бере алады. Қызылағаштағы қырғынның өзі неге тұрады? «Мынандай алпауыт су тасқынын қайтаратын мен Құдай емеспін» деп оны кезінде өзі де мойындаған болатын. Қандай қызмет атқарғанмен әрбір адам өз ісі мен сөзіне жауап беруге міндетті. Айтар сөзіне бақылау жасай алмайтындай Божко бес жасар бала емес қой. Құдайға шүкір, Владимир Карпович жетпіске келіп отыр. Әлде қартайып, сөйлер сөзінен жаңылыса бастады ма? Олай болса, халық талап еткендей демалысқа шықсын. Жалпы, біздің Парламент қарттарға арналған пансионат емес қой, зейнет жасындағы шаршаған депутаттарды бір уақыт аяп, үстеріне шапан жауып құрметтеп демалысқа жібергеніміз дұрыс шығар. Олар да ет пен сүйектен жаралған адам баласы ғой, қинай берудің қажеті жоқ. Ақыл жастан демекші, оқыған-тоқыған білікті мамандар бізде жетіп артылады, алды шетелге шығып оқып келіп жатыр. Соларға да бір уақыт жол ашып, білімі мен күш-қуатын пайдалану керек қой. Жоғары жақта тұрақты тіркелген бір топ адамды бір лауазымнан екінші орынға ауыстырғаннан осы өткен отыз жылда ештеңе ұтқан жоқпыз. Билік алаңында тамырын тереңге жібергендер жемқорлыққа салынып, халықтың байлығын талан-таражға салып келеді. Құқық қорғау орындары құрықтап, топ-тобымен түрмеге тықса да тоқтар емес. Солардың барлығы мемлекеттік қызметтегі лауазымдылар.
«Тізерлеп алғыс айтуға» байланысты шұғыл үн қоса алмаған біздерге қалың оқырмандарымыз да ренжіп қалған секілді. «Әлеуметтік желі шулап жатқанда, сендер құлақтарыңды бітеп алып отырсыңдар. Аттарың айқайлап тұрғандай, қазақтың үні, бұқараның үні емессіңдер ме?!» – дегендер де болды. Құрметті оқырмандардан кешірім сұрап, апталық басылым болған соң ақпаратттар ағымына ілесе алмай қалғанымызды мойындаймыз.
Ағымыздан жарылсақ, билік тарапынан, әріптестері арасынан «Божконың бұнысы дұрыс емес!» деп айтатын адам шығады деген сенімнен күдер үзе бастағанбыз. Жоқ, бар екен ондай жүрекжұтқан депутат. Осындай ақжарма ақпаратты «Sputnik Қазақстан» сүйіншілеп жариялады. «Біріншіден, бұл мәселе бойынша арнайы этикалық комиссиямыз бар. Оны Қуаныш Сұлтанов басқарады. Сол комиссия қарау қажет. Екіншіден, меніңше, бұл сөз дұрыс емес. Әрине, мен ондай сөзбен келісе алмаймын», – деп турасын айтып салыпты «Ақ жол» партиясының төрағасы, халық депутаты Азат Перуашев журналистерге берген сұхбатында.
Оның ойынша, этикалық комиссия қарамаса, депутат Божконы ұсынған ұйым қарауы тиіс. «Бұл депутатты жіберген орган бар. Ол – Қазақстан халық Ассамблеясы. Өткенде министр Дәурен Абаев бұл кісінің сөзіне түсініктеме берген болатын. Басқаша көзқараста айтты деді. Бәлкім, басқа ойы болған шығар. Бірақ кім болса да, әркім өз сөзіне жауапты болуы керек», – деп пікір білдіріпті Перуашев.
Өкінішке орай, Қуаныш Сұлтанов басқаратын Этикалық комиссия мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы тарапынан Божконың бұл пікіріне орай біршама уақыт өткенмен, ешкім жұмған аузын ашқан жоқ. Соған қарағанда, әдеттегідей «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатын түрі бар. Әңгімемізді түйіндей келе мемлекеттік қызметкерлердің этика және мінез-құлық мәселесіне тоқтала кетелік. Өйткені, бұл бір ғана Божкоға ғана қатысты жағдай емес. Осы бағытта арнайы заңымыз да бар. Оған 22.07.2019 жылы Президенттің жарлығымен түзетулер мен өзгерістер де енгізілген. Алайда, кез келген мемлекеттік кеңсеге кіре берісте ілулі тұрған бәріне ортақ сол ережені елемейтін лауазымдылар жиі кездеседі. Сөзбен кемсіту ғана емес, қарапайым адамдарға жұдырық ала жүгіріп, қол жұмсайтындар да бар. Мұндай дөрекілік жайында біз бұрындар да жазған болатынбыз. («Қазақ үні» газеті, «Абайлаңыз, әкім келе жатыр!»).
Мемлекеттік қызметкер қай жағынан алып қарасақ та көпшілікке үлгі көрсететін тұлға болуы қажет. Қарапайым халық соларға қарап сап түзеп, болашақ бағытын бағдарлайды. Сондықтан, «Бірақ кім болса да, әркім өз сөзіне жауапты болуы керек» – деп Азат Перуашев айтқандай бұқараның сенімін арқалаған кезкелген қызметкер өзінің әрбір ісіне, әрбір сөзіне есеп беріп отырғаны ләзім. Өйткені, ол қатардағы қарапайым адам емес, көпшіліктің көз алдында жүрген танымал тұлға. Оның әрбір қадамы, әрбір сөзі көпшіліктің жіті назарында. Ешкім періште емес, бәріміз де пендеміз. Жіберген кемшіліктерді мойындап, кешірім сұрай білу де біліктілікті білдіреді. Жаңылыспайтын жақ жоқ дегенімізбен, аңдамай сөйлеу – ақылдылықтың белгісі емес. Әрбір мемлекеттік қызметкер осыны үнемі қаперінде ұстағаны жөн, сонда ешкім біреудің алдында қызармайтын, божкоша айтсақ «тізерлемейтін» болады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz