Лауазымдылар қызметіне халықтың өзі баға берсін
2019 ж. 03 тамыз
3590
13
Құдайға шүкір, біздің елімізде лауазымды қызмет орындары жетіп артылады, тіпті тым көп. Президент аппараты, ең жоғары атқарушы билік орны болып табылатын Министрлер кабинетіне қарасты ондаған министрлер, қаптаған салалық департамент басшылары, облыс, қала, аудан, ауылдық әкімдері мен оның мыңдаған орынбасарлары болып жалғасып кете береді, кете береді. Өткен жылғы халықаралық ресми деректер бойынша, Қазақстанның 18 миллион халқына шаққанда 100 мыңға жуық шенеунік келеді екен. Былайша айтқанда, әрбір 180 адамға бір шенеунік басшылық жасайды. Бұл дегеніңіз – жұмыс істейтіндердің кем дегенде 21 пайызы шенеуніктерден тұрады деген сөз. Қазақша айтқанда, әрбір 4-5 қосшыға – бір басшы. АҚШ пен Германияда аталмыш көрсеткіш – 14, Қытайда – 9, көптеген сала бойынша жан-жақты дамыған Жапонияда – 8 пайыз ғана. Бұл нені көрсетеді?..
Саны бар да сапасы жоқ, басшылықта жылдар бойы түк бітірмей жүрген лауазымдылар туралы, олардың халыққа шынайы қызмет етуге таза ниетінің жоқтығы жайында «Қазақ үні» газеті талай жылдан бері көзге шұқып көрсетіп, жазып келеді. Таптауырын тақырыпқа қайта оралуға бұл жолы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметінен алынуы түрткі болды. Жоқ, біз Шымқаланың экс-әкімін қолдап-қорғау мақсатында немесе қаралау үшін емес, еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлердің бәріне де тікелей қатысы бар ортақ мәселе болғандықтан, қайта әңгіме қозғамақпыз. Кезінде Ғ.Әбдірахымовтың жақсы істерін жария етіп, кемшіліктерін де сынап жазған болатынбыз.
Ресми таратылған мәліметтер бойынша ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың отставкасы туралы өз пікірін білдірген екен. Оның айтуынша, Ғ. Әбдірахымов халық алдындағы жауапкершілігін толық түсінбей-ақ қойыпты. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі басты міндет – халықтың сенімі, халық пен билік арасында диалог орнату. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ғабидолла Әбдірахымов ел билігінен қолдау тауып, таудай сенім арқалады. Оны еліміздегі ең лауазымды әрі жауапты қызметтерге тағайындады. Өкінішке қарай, мұны өзі жеткілікті түрде ұғынған жоқ», – деді Қырымбек Көшербаев Шымкент қалалық мәслихатының сессиясында ордалы топтың алдында. Президент Әкімшілігінің жетекшісі экс-әкімнің ұнамсыз қылықтарын атап, тізіп те бергенге ұқсайды. «Оның қылықтары БАҚ пен әлеуметтік желілерде егжей-тегжейлі жарияланып жүрді. Мұның бәрі дәл қазіргі уақытта – халық мемлекет қолдауына мұқтаж болып отырғанда, Арыс енді ғана еңсесін тіктеп, Түркістан жаңарып, еліміз жаңа заманның сын-қатеріне жауап іздеп жатқанда болды. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмаларына кереғар, биліктің абыройын түсіретін жағдай. Бүгінде Ғабидолла Әбдірахымовқа артылған саяси сенім шегіне жетті. Халық биліктің барлық тармағының адал жұмысына лайық. Осыған байланысты, өңір басшылары халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өздерін келісті ұстауы керек», – деп түйіндепті сөзін Қырымбек Көшербаев. Дұрыс, дөрекі сөйлеп, халыққа қиянат жасауға болмайды. Бұл жағынан Көшербаев мырзамен толықтай келісуге болады. Бірақ Әбдірахымовтың қызметін қайта-қайта көтеріп, лауазымды орындарға тағайындаумен болған жоғары жақтағы басшылар бұған дейін қайда қарап отырған? Маманды лауазымды орынға тағайындамас бұрын оның біліктілігі, іскерлігі, адами қасиеттері мен мінез-құлқы алдымен қарастырылуы керек еді ғой. Бұны да міндетті түрде Бұқаралық ақпарат құралдары көрсетіп жазып отыруы керек пе? Олай болса, жауапты қызметке мамандарды дұрыс іріктей алмаған жоғары жақтағылар не бітіріп отыр?
Ал, қызметінен босатылған Ғабидолла Әбдірахымов болса желідегі парақшасында өзіне сенім білдірген шымкенттіктерге алғысын білдіріпті. «Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Қымбатты достар! Мен үшін Шымкент қаласының әкімі болып жұмыс істегенім – үлкен мәртебе және мақтаныш. Осындай мүмкіншілік берген Елбасымызға, Президентімізге алғыс айтамын. Қолдан келгенше, қаланың дамуына әріптестермен бірге атсалыстым. Мен Шымкент халқына өте ризамын. Сіздер әрқашан мені қолдадыңыздар. Өзімді өте бақытты адам ретінде сезініп жүрдім. Әр нәрсенің соңы болады бұл өмірде. Жаңалықтар да болады. Жаңадан келген қала басшысына сәттілік тілеймін. Барлықтарыңызға үлкен алғыс айтып, басымды иемін. Аман болыңыздар. Шымкент жайнай берсін!», – деп жазыпы Ғабидолла Әбдірахымов Instagram парақшасына. Экс-әкімнің мына сөзінен қарап «халық алдындағы жауапкершілікті толық түсінбеді» – деп айтуға аузың бармайды. Халқының алдында бас ие білу біліктіліктің белгісі, онысына да шүкіршілік дейміз. Орнынан кеткен талай әкімдерді көргенбіз, тұрғындар алдында ләм-мим деуге жарамай, үн-түнсіз кете барған.
Осы жерде мына мына бір қалыптасқан жаман әдетті де айтпай кетуге болмайды. Өздеріңіз де ондаған жылдар бойы байқап жүргендеріңіздей, біздің лауазымдылар көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін мінберге шыға салысымен мемлекет басшысына немесе өзге де басшыларына жағынудан бастайды. Ондаған жылдар бойы олардың сөзінің басы «Елбасының тапсырмасымен, Елбасының арқасында...» деумен келсе, енді «Мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаевқа» ойысып алды. Бұл жағымпаздықтың бірінші белгісі. Олардың мына сөзіне қарасақ, Ебасы болмаса, президент болмаса қазақ халқы күнін көре алмай қаңғырып кететін сияқты көрінеді. «Халық мүддесіне орай, халықтың талабы бойынша» десе ауыздары қисайып қала ма? Елдің, жердің негізгі заңды иесі қазақ халқы емес пе? Қолдан «құдай» жасауға біз неге әуеспіз? Ата заңымыз бойынша президенттің өзі халыққа қызмет етуге міндетті. Сол үшін ел алдында оған адал қызмет етуге ант қабылдаған жоқ па? Сонда қалай болғаны, мемлекет басшысы айтпаса министрлер, әкімдер және өзге де басшылар ештеңе істемейтін болғаны ғой. Ашығын айтсақ, шынында да солай болып отыр. Жоғарыдан тапсырма болмаса қазіргі басшылар өз басымен ойластырып бір де бір тың іске кіріспейді. Арнайы бағдарлама енгізбесең қимылдамайтын робот секілді. Жергілікті аймақтағы немесе белгілі бір саладағы жағдайды саралап, одан қорытынды жасап, тұйықтан шығудың тиімді, нақты жолын өз беттерінше іздестіруге, соған байланысты батыл қадам жасауға басшылардың басым бөлігі қауқарсыз. Өйткені олар – қорқақ, біліксіз. Сондықтан, өзінен лауазымы жоғарыларға жалтақтап, жағымпазданып, осындай әдіспен қайткен күнде де қызметін сақтап қалуға бейім тұрады. «Халқыма адал қызмет етіп, елімнің гүлденуіне барынша үлес қосайын», – деген ой олардың түсіне де кірмейді.
Көпшіліктің, оның ішінде біздің қалың оқырмандарымыздың ойынша, біздегі лауазымды қызметке тағайындауларда мамандардың біліктілігі мен іскерлігіне назар аударылмайды, тамыр-таныстық, туған-туысқандық жүйе қалыптасып, әбден тамырланып алған. Тіпті, қызметке пара беріп орналасу да жиі орын алатыны бар. Бұл туралы мерзімді баспасөзде жазылып, телеарналарда айтылып та жүр. Бұл заңға қайшы, қылмыстық іс болып саналады. Оны қадағалаушы, анықтауға тиісті құзырлы орындар бізде жеткілікті. Бірақ олардың жұмысы осы күнге дейін нақты нәтиже беріп көрген емес. Түрлі заң бұзушылыққа, әсіресе, жүгенсіз кеткен жемқорлыққа қарсы елімізде «Қырамыз, жоямыз!» деген сансыз бағдарламалар қағаз жүзінде қалды.
Бір мысал келтіре кетейік. «Басшыларды қоластындағылардың жемқорлығы үшін жауапқа тарту – ұжымда тәртіп орнатудың ең жақсы жолы» – деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов жақында ғана өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқалы кеңесінде. «Президенттің басшылардың жауапкершілігін күшейту туралы талабын білесіздер. Аталмыш талап – басшыларды ұжымда тәртіп орнатуға ынталандырудың ең жақсы факторы», – деген Олжас Бектенов аталмыш норманы заңнамалық негізде бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Бұл мәселені Парламентте шешетін боламыз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады. Яғни, кез келген қызметкер жемқорлық бойынша жауапқа тартылса, басшысының жауапкершілігі туралы мәселе қоятын боламыз. Біз ол үшін барлық тетіктерді іске қосамыз. Әр басшы өз ұжымында жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Күн сайын қарамағындағы адамның қызметте де, жұмыстан тыс уақытта да немен айналысатынын біліп отыруы қажет. Ұсақ бассыздықты елемеу – үлкен жемқорлыққа жол ашады. Егер сізге мемлекеттік қызметтегі мансап жолыңыз қымбат болса, табысқа жеткіңіз келсе, қарамағыңыздағы қызметкерлерге ие болуыңыз керек. Бұған барлығыңызды шақырамыз», – деді Олжас Бектенов. Әдемі айтылған ой. Бірақ, тағы да сол «Президенттің басшылардың жауапкершілігін күшейту туралы талабын білесіздер...» – деп басталған бұл мәлімдеменің қаншалықты нәтижелі болары белгісіз. Тек тағы да жалаң ұран болып қалмаса жарағаны. Бәлкім осы жолғы жобалары нақты іске асса, қарамағындағы былықты көрмейтін министрлер мен аймақ басшылары ұйқыдан оянып, қимылға көшетін болар. Халық есебінен 50 миллион теңгелік қымбат баспана сатып алған Павлодар қаласы әкімдігі сияқты қылмыстық істерге тосқауыл қойылады деп үміттенеміз. Бұндай жемқорлық фактілерін көптеп келтіруге болады. Орынбасарлары жемқорлыққа салынған министрлер мен әкімдердің осы күнге дейін біреуі де жазаланған емес. Өзіне бекітілген аймақта немесе саладағы тұрақты орын алып жатқан жемқорлықтың басшыларға мүлдем қатысы жоқ сияқты. Басшы болған соң оны білмеуі мүмкін емес. Демек, біздегі басшылар қарамағындағылардың қолымен от көсеп отыр деп нық сеніммен айтуға болады. Рас, жемқорлыққа қатысты бірқатар қылмыстар ашылып жатыр. Бұл орын алған қылмыстың болмашы бөлшегі ғана. Шын мәнінде жемқорлық көлемі бұдан жүздеген есе көп. Ең бастысы, соны қадағалаушы органдардың өздері таза болуы керек.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болған кадрлық тағайындаулар жүйесіне қалай тәртіп орнатуға болады? Біріншіден, ол алдында айтқанымыздай, маманның біліктілігі мен іскерлігіне байланысты болғаны жөн. Ең бастысы – адал қызмет етуге деген шынайы ниеті ескерілуі қажет. Екіншіден, олардың қызметіне бағаны халықтың өзі беруі керек. Билік өзі тағайындаған қызметкердің кемшілігін халық алдында ашып көрсетуге ешқашан тырыспайды. Өйткені, бұл олардың да кемшілігі, жіберген ағаттығы болып табылады. Ал, біздің билік өз қатесін ешқашан мойындап көрген емес, мойындамайды да. Сондықтан, қоғам, халық тарапынан бақылау қолға алынғаны дұрыс. Бұл жерде жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық кеңеске сенім артқанымыз жөн.
Тақырыбымызды түйіндей келе, оның тұздығы ретінде мына бір анекдотты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Оны кім қалай түсініп, кім қалай қабылдайтыны әркімнің өз еркінде.
Бірде Түркияның халықаралық әуежайында кешіккен ұшақтарын күтуге тура келген қазақ пен жапон азаматтары кездесіп қалады. Уақыт өткізу үшін өзара әңгіме қозғалады. Экономикасы мықты дамыған ертегідей Жапон елін естуі бар қазақ жапондыққа: «Сіздер дамыған қуатты елсіздер, біздің қазақтармен салыстырғанда жапондықтар шетінен ақылды шығар?» – деп сұрайды. «Кешіріңіз, керісінше қазақтарда ақылды адамдар анағұрлым көп» – дейді жапондық қазақты күтпеген жерден таңғалдырып. «Қалайша?!.Олай болса Қазақстан қарыштап дамып, Жапонияны неге басып озбайды? Құпия болмаса осы жағын түсіндіріп беріңізші!» – дейді қайран қалған қазақ. «Оның ешқандай құпиясы жоқ. Бізде тоғыз ақымақ адамға бір ақылдыны бастық етіп сайлайды. Ал сіздер тоғыз ақылдыға бір ақымақты бастық қылып қоясыздар», – деген екен жапондық. Осы бір әзіл әңгіменің астарында біз көре алмай жүрген ақиқат жатқан жоқ па?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz