Қазыбек Иса. АРЫС АПАТЫ. Рух жыры
2019 ж. 26 маусым
4629
1
Қасиетті қайран қара шаңырақ,
Қаусап қалды,
Қанға адамдар боянды...
Қала түгел қала берді қаңырап,
Ел бір күнде қан майданда оянды...
Қалдық қойма?!-
Қандай оған дәру бар?!.-
Оқ үстінде отырған ел аһ ұрды!
Ауған барып, ауып келген қарулар,
Өзіміздің кеудемізге атылды!
Отыз жылдан астам неге сақталған?
Қаңсық қару таңсық болған заман ба?
Кімге керек енді қазір ақталған-
Бір қаладан айырылдық табанда...
Салғырт біздің санамызда бар апат,
Сан апаттан сабақ алған күй кәні?
Бұршақ емес... бомба жауып алапат,
Мина үстінде тұрған қала қирады...
Аты алысқа кеткен әсем жер едің,
Апатта да бастық елдік намысқа!
"Біз соғысты көрген жоқпыз," деп едің-
Дулат көке,
Көрдік міне, Арыста!
Өртте қалған балалардың шырылы-
Бұл бір Сұмдық сынақ болды баршаға!
Етігімен су кешкендер түгілі,
Жалаңаяқ от кешкендер қаншама!
Ауыр сынақ біріктірді xалқымды,
Жайшылықта аударады назар кім?
Бүгінгі күн батырлары – әркімді,
Ап шыққандар аймағынан ажалдың!
Үш апаттан бізге қандай күй қалған,
Төртінші апат!-
Есіңді енді жи бүгін!
Бір қойманы көшіруге қиналған-
Бір қаланы құрбан етті билігім!?.
Арыс десе, ән естілген қалада,
Жер жаруда снарядтар дауысы!?.
Баласынан айрылып көп Ана да,
Гүл орнына...
Оққа толды бау іші!..
Бейбіт күнде ажал құшу –қай тәуір,
Тірлік еді-
Сырқырайды сыз кеуде...
Балам аман болсыншы деп әйтеуір,
Көлікке сап жібергендер іздеуде...
Кім тоқтатар жойқын мынау толқынды,
Аз ба еді өмір Алашқа бұл азабың?!.
Бауырларын құшағына толтырды,
Кеше өзгені қабылдаған қазағым!
Аман шықты ел алапаттан соншама,
Алла салған сынағын да зор шекті...
Қандай ажал, қандай тажал болса да,
Рухты ешкім жоя алмасын көрсетті!
Апаттан бұл сабақ алдық жаңа бір.
Қазақтың бұл қасиеті көп дара!
Арыс десе-
Қолын созып бар өңір,
Қорғап қалды Ел бірлігі тек қана!
Қасіретті қасиетпен парықта,
Қане, бауырым, қайрат жиғын, түрегел!
Арыс десе – бұдан кейін тарихта,
Сақтандыру сабағы деп біледі ел!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"
26.06.2019.