ҚР Президенті елордадағы ашық құдықтарға қатысты: Бұл - масқара
2019 ж. 14 маусым
2268
2
Әлемдік деңгейдегі кездесулер өтіп жатқан қалада ашық құдықтар мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда активімен өткен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 13 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Актив кеңесіне шаһардың жаңа басшысы мен экс-әкім Бақыт Сұлтанов қатысты. Шара барысында Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік түйткілдерді көтерді. Олардың арасында жолдар мен ашық люктер мәселесі де болды.
«Қараңыздаршы, қыруар қаржы бөлініп жатыр, ал жолдар шұрық-тесік. Құдықтар проблемасы бар. Бұл масқара. Еуразия астанасы аталатын елордада адамдар люктарға құлап, жоғалуда. Және бүтін бір Үкімет пен әкімдік бұл проблеманы шеше алмай отыр. Жер бетіндегі мәселелермен айналысу қажет. Әңгімелер мен әдемі сөздерді азайту керек. Бұл қолымыздан келеді, бірақ жұмыс істеңдер. Ең бірінші кезекте, адамдар үшін», - деді Президент.
Сондай-ақ ол көшедегі қауіпсіздік туралы айта келе, жаңа әкімге қаланы өмір сүруге одан әрі ыңғайлы етуді тапсырды. Үйлердің құрылысын жүргізу, инфрақұрылымды дамытумен қатар, балалар алаңдарын, скверлер салуды жүктеді. Бұл ретте, әлемдік идеяларды қолдану құптарлық екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай құру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін көтерді.
«Ахуалға жүргізген анализдің нәтижесі адамдар жұмыстың жоқтығына алаңдаулы екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұған қатысты наразылығымды білдіремін. Кеше әкімдермен кеңес өткіздім және олардың жұмысының басты көрсеткіші қанша жұмыс орнын құра алғанымен өлшенетінін айттым. Әрине, бұл міндет ел экономикасын дамытудың жалпы міндетінен туындауда. Экономика барлық халықты еңбекпен қамтамасыз ететіндей жұмыс орнын ұсына алмайды. Бірақ соған ұмтылу керек», - деді ол.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, халықтың масылдық көңіл-күйіне қатысты айтып өтті. Көп жағдайда бос вакансиялар болады. Бірақ жұмыс істейтін адам табылмайды.
«Республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамы - бұл әлеуметтік бюджет. Біз негізгі қаржыны мемлекетті дамытуға бағыттауымыз тиіс. Осы жұмыстардың барлығы мұқият қайта құруды қажет етеді. Әлеуметтік көмекке кімнің шынайы мұқтаж екендігін нақты түсінуіміз керек. Жұмыс істей алатын, бірақ әлеуметтік көмекке қол созып отырғандармен басқаша жұмыс жүргізу қажет. Кері жағдайда, ешбір бюджет мұндай қысымға шыдас бермейді», - деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев мәлім еткендей, алдағы таяу уақытта бұл саланы дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.