ТОҚАЕВТЫҢ ТОСҚАУЫЛЫ АЖЫРАСУДЫ ТОҚТАТА АЛМАЙДЫ
2019 ж. 03 маусым
21546
21
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларында ерлі-зайыптылардың ажырасулары күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. «Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетуіне байланысты бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді» – деп хабарлады sputniknews.kz.
Әрине, Президенттің алаңдаушылық білдіретіндей жөні бар. Әрбір отбасы – өз алдына бір шағын мемлекет. Үлкен Отанымыз осындай отбасылардан құралатындықтан оның түтінінің түзу шыққаны керек бәрімізге. «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деп жазыпты мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасына да.
Біріншіден, бұл Тоқаев айтқандай алаяқтық емес – амалсыздық, жанұясын жұрт қатарлы баға алмағандықтан туындаған шарасыздық. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ, алатын айлығы мардымсыз ата-ана басқа не істесін, банктерді тонамайды ғой. Алаяқтық деп бас пайдасы үшін біреулерді арбап-алдап, соның есебінен байлыққа кенелетіндерді атайды. Мысалы, елордадағы баспаналарды үлескерлердің жарналық ақшасына салып, екінші бреулерге заңсыз тағы да сатып жіберіп, адамдарды бір-бірімен соттастырып қойған мердігер құрылысшыларды атай аламыз. Сол сияқты ата-бабаларымыз ұрпақтарына аманат етіп кеткен қасиетті жеріміз бен оның қойнауындағы қазба байлықтарды, халық меншігіндегі зауыт, фабрикалар мен өзге де құндылықтарды заңсыз жекешелендіріп алып, миллиардтап пайда тауып, арам ақшаларын шетелге жасырып жатқан жемқорларды да алаяқтардың алдыңғы қатарына жатқызуға болады. Егер бала-шағасын асырамақ ниетпен болымсыз жәрдемақы алу үшін ажырасқандарды алаяқ деп есептесек, халыққа ешбір елде жоқ жоғары пайызбен несие беріп алымшыларды қанқақсатып жатқан банкирлерді кім деп атаймыз? Тосқауылды алдымен соларға қою керек шығар. Біздің бұл ойымыз отбасыларда ажырасу жалғаса берсін дегенді білдірмейді. Шаңырақтың шырқы бұзылуына түрткі болып жатқан қоғамдағы келеңсіз көріністерді көрсетіп отырғанымыз деп түсініңіздер.
Көптеген отбасының өз шаңырағын шайқалтуына атаулы әлеуметтік көмекті алу басты себеп болып отырғанын бұдан бұрынырақ Шымкент шаһарындағы соттар хабарлаған болатын. Ұлттық салт-дәстүрді қатаң сақтайтын қазақы өңірде бұрын-соңды мұндай үрдісті көрмегендіктен «Көпбалалы аналар ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермеуде, ал әкелері мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатыр!» - деп жанайқайға басты еліміздің болашағын ойлайтын ондағы азаматтар. Онысы орынды, дер кезінде дабыл қаққан. Бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз
түсетін көрінеді. Алып қалада қанша сот бар, ал еліміз бойынша сонда осы тектес қанша арыз түсетінін санап көріңізші.Бұл алаяқтықтан бұрын – ұлтқа төнген қауіп-қатер, керек десеңіз жалпыхалықтық трагедия. Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының тым төмендеп кеткенін байқататын нақты көрсеткіш.
Біздегі заң бойынша ақшалай атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға, мүгедектерге ғана беріледі. «Күн көру деңгейінің жетпіс пайызы» деген түсініктің өзі қайдан шықты, оны кім ойлап тапты? «Адам басына шаққандағы кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден сәл ғана асып кетсе, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейді. Себебі, тәртіп сондай» – деген болатын бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өзі Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің қойған сұрағына. Сонда не болғаны, аты айтып тұрғандай «күн көру деңгейінің жетпіс пайызына» қалай күн көруге болады? Демек, тамақ ішсең киінбей жалаңаш жүріп, киінсең аш отыруың керек қой. «Күн көру деңгейінің жетпіс пайызына өмір сүр» деген сөздің өзі естір құлаққа ерсі, санаға сиымсыз емес пе? Ал, жалдаған пәтердің жалақысы мен басқа да төлемдерді кім төлейді? Құдай бетін аулақ қылсын, ауырып қалсаңыз ақшаңыз болмағандықтан арам өлесіз. Бұл жерде жырға айналған «жетпіс пайыздың» өзі ешқандай жәрдем бере алмайды.
Естеріңізге сала кетейік, осы «жетпіс пайыздың» өзіне жұрт әзер қол жеткізді емес пе?! Халықты әлеуметтік жағына қорғауға тиісті бұрынғы министр Мәдина Әбілқасымованың «Бізде бес балаға айына 16 мың теңге көмек беріледі!» деп шіренгені ұмытыла қойған жоқ. Соның өзін көпсінген кейіп танытты. Оның сөзіне қарасақ, Мәдина Әбілқасымованың өзі небары 8 мың теңге айлыққа өмір сүріп отырған секілді көрінді. Бұл не деген көрсоқырлық, мынандай қымбатшылық заманда 16 мың теңгеге бес баланы қалай асырауға болады? Осы сөзді қай бетімен айтты? Ақыры көпшіліктің талабына орай қызметінен кетуіне тура келді. Мысалы, табиғи ресурстары шамалы Финляндияда 17 жасқа дейін бір балаға айына – 94,88, екінші балаға – 104,84, үшінші балаға – 133,79, төртінші балаға – 153,24, келесілеріне – 172,69 еуро 17 жасқа дейін төленеді. Ата-аналарының кірісі мен кілем, сырмақ сияқты мүліктері, тауықтары мен ит-мысықтары біздегідей есепке алынбайды, жалғызбасты аналарға қосымша тағы да үстеме 53,30 еуро тағайындалады. Ал жер қойнауы қазба байлыққа толы, небары 18 миллион ғана халқы бар қазақ елі неден таршылық көріп отыр, неге сол байлық ұлттың әлеуметтік-тұрмыстық саласына бағытталмайды?
Әзер қол жеткіздік деуіміздің де өз себебі бар. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Астанада ата-аналары түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болып, үйде қараусыз қалған бес бірдей сәбилері тірідей өртеніп кеткен трагедиядан соң, осыған байланысты бүкіл еліміздегі аналардың жанайқайынан кейін ғана билік бетін бері бұрған сыңай аңғартты. Сондағы жарылқағандары – жоғарыда айтылған атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 20
789 теңгеге дейін көтеруге мәжбүр болды. Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатындар саны бұрынғы 570 мыңнан 830 мың отбасыға дейін көбеймек. Яғни, осы күнге дейін кем дегенде 160 мыңнан астам адамдар жәрдемақыдан қағылып келген деген сөз. Бұл да толық дерек емес, жағдайы төмен отбасыларды түгендеу түпкілікті аяқталған жоқ. Оның өзі аналарды «ана құжат қажет, мына құжат керек» деп зыр жүгіртуде. Жәрдемақыға мұқтаж адамдар саны неге мұнша көп? Өйткені біздің елімізде тұрғындарымыз тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Жұмыс табылса да айлығы тым аз, оған 5-6 баланы асырау мүмкін емес. Елімізде орташа жалақы 160-170 мың теңге деңгейінде деген ресми жаияланып жүрген деректер қып-қызыл өтірік. Миллиондап айлық алатын әкімдер, министрлер, депутаттар төменде не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз. Олар өздері сол көпшіліктің ортасынан шыққандарын әлдеқашан ұмытқан. Биліктегілер бастауыш сыныптарда оқытатын қарапайым математиканы білмейді немесе білгісі келмейді. Орташа жалақы барлық айлық жиынтығын тұрғындардың түгелдей санына бөлгенде анықталады емес пе? Оның ішінде жұмыссыз жүрген жүздеген мың адамдарымыз да болуы керек. Олар да біздің қоғам мүшелері, жұмыссыз қалғандары үшін кінәлі емес. Жұртқа жұмыс тауып беріп, ел экономикасы еселеп өсіруге тиісті лауазымдылар мұндай міндеттің өздеріне жүктелгенін білмейтінге ұқсайды. Осы жерде мына бір мәселені де айта кеткен орынды. Бәзбіреулер : «Қазақ жалқау, жұмыс істегісі келмейді, үкіметке қарап аузын ашудан басқаны білмейді» дегенді айтып қалып жүр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз, қазаққа қара күйе жағудың қажеті жоқ. Кезінде жыл сайын миллиард пұт астық жинап, миллиондап мал өсіріп, бүкіл кеңестер одағын асыраған қазақты бүгін Құдай ұрып па? Жоқ, ұрса жер байлығын дұрыс пайдаланып, соны ұйымдастыра алмай отырған билік басындағыларды жын ұрған болуы керек. Лайықты жалақысы бар тұрақты жұмысы болса 20 мың теңге үшін балаларынан безініп, әйелімен ажырасатындай қазақтың еркектері түгелдей есінен ауыспаған шығар...
Арнайы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш қабылдаудың өзі 2019 жылдың 1 сәуірінен дау-жанжалмен басталды. Жер-жерлерде көпбалалылардың тұрмыстық деңгейін анықтау мақсатында жұмыс істеген арнайы комиссиялар ата-әжелерінің зейнетақысы мен үйдегі жиһаздарды, тауықтарының туылмаған жұмыртқасына дейін шотқа салып кіріс қатарына есептеп, жәрдемақыны қайткен күнде де бермеудің амалына көшкені қоғамда наразылық туғызды. Бұл туралы «Қазақ үні» (18.03.2019ж.) газеті де дереу үн қосып, «Қарияларды қаңғыртып жібереміз бе?» деген тақырыппен сын материал жариялаған болатын. Онда немерелеріне арнайы жәрдемақы тағайындату үшін ата-әжелері өз үйінен тіркеуден шығып, басы ауған жаққа қаңғып кетуіне тура келетіні айтылған-ды. Енді міне, балаларға берілуге міндетті болар-болмас қаржы үшін ата-аналарын ажырастыруға дейін жеткіздік. Осылай жалғаса беретін болса бұдан да асқан сұмдықтарды көретін боламыз. Сонда осы ата-аналар мен ата-әжелердің бәрі шетінен алаяқ болғандары ма?..
Арнайы жәрдемақының басын ауыртпай-ақ жайына қалдырайық. Ашығын айтсақ елімізде некелерін заңды түрде бұзып, сот арқылы ресми түрде ажырасу бұған дейін де ушығып тұрған-ды. Бұл жерде жәрдемақыға қатысты «алаяқтықтың» ешқандай қатысы жоқ. Алыстағы тұрмысы ауыр ауылдар мен аудандарды айтпаған күннің өзінде өмір сүру деңгейі жоғары деп есептелетін Алматы қаласының өзінде ажырасқан отбасылар саны күрт көбейіп кеткен. Қалалық Әділет департаментінің өкілдерінің айтуынша тек биылдың үш айында 1772 отбасы некесін бұзған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. Ал, некеге тұрған азаматтардың саны 17 пайызға азайған. Статистикаға келсек, 2017 жылы бұзылған неке саны – 6800, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 мыңнан асты. Некеге тұрғандар саны 2017 жылы – 17 мың адам, 2018 жылы – 16 мыңнан сәл ғана асты. Біздегі ажырасулардың 80 пайызы сот арқылы жүзеге асады, өйткені ол отбасылардың кәмелетке толмаған балалары бар. Ал, қалған 20 пайызы АХАТ бөлімдеріне келіп некесін бұзуға өтініш жасайды екен. Оның себептері де жетерлік. Қоғамдық ұйымдар жүргізген сауалнамаларға қарағанда – жас жұбайлардың бір-бірін түсінбеушілігі, жұмыссыздық, ауыр тұрмыстық жағдай, жастар пәтерден пәтер жалдап көшуден жалыққандықтан шаңырақтарын шайқалтып жатыр. Бұған не дейміз, жәрдемақысыз-ақ ажырасып жатқандарды да алаяқ атандыруымыз керек пе?
Жоғары мінберден билік басындағылар халқымыздың саны өсіп келеді деп сүйінші сұрап жататыны бар. Дұрыс, оған қуануымыз керек. Енді бір лауазымдылардың беті бүлк етпестен: – «Бұл әйелдер сонша міндетсінетіндей бес баланы үкімет үшін тауып па еді!» дегендеріне де куә болып жүрміз. Бұл нағыз топастық. Үкімет деп отырғаны осы сөзді айтқан санасыздар ма? Олар ақшаны өз қалтасынан төлеп, үкіметті де жекешелендіріп алған ба? Әлде бейкүна балалар олардың табағына қол сұғып па? Мына сөздерін басқаша түсіну мүмкін емес қой. Ұрпақ өсірмеген, оның жағдайын жасамаған елдің ертеңі жоқ. Сонау соғыстан кейінгі жылдардың өзінде әрбір үйде кем дегенде 5-6 алты баладан болатын. Бірақ сол кездегі басшылар «Баланы неге шұбыртып таба бересің?» деген емес. Керісінше әрбір балаға мемлекет тарапынан тұрақты көмек көрсетілетін.
Байқап отырғандарыңыздай, ажырасу мәселесі жәрдемақыда емес, халықтың тұрмысының тым төмендеп кеткенінде болып отыр. Біз отыз жылға жуық көптеген проблемалардың себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Мәселе неге пайда болды, оның алдын алып қалай шешуге болатынын ескермейміз. Жәрдемақы үшін жаппай ажырасулардың да себебін көре-біле тұра, «бұл – алаяқтық» деп өзімізше тосқауыл қоймақпыз. Дәп осы жерде Президент айтқан цифрландыру да нәтиже бермейді. Ол адамдардың қанша баласы бар, айлығы мен мал-мүлкінің есебін ғана шығарып бере алады. Тоқаевтың тосқауылы ажырасуды тоқтата алмайды. Ол үшін алдымен жайлаған жемқорлықты жойып, қарапайым халықты тұрақты жұмыспен қамтып, тұрмыстық жағдайын түзеуіміз керек. Сонда ғана «алаяқ ата-аналардан» арылатын боламыз...
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні