Жалаң ұран жемқорлықты жоя алмайды
2019 ж. 31 мамыр
4317
14
Бүгінгі күні қалың бұқара ел болашағы үшін алаңдап, президенттік сайлау қалай өтеді, ертеңгі күніміз не болады деп елеңдеумен отырса, біздегі жеңін түріп алған жемқорлар халық қаржысын қымқыруын тым болмаса осы бір жауапты науқан кезінде де тоқтатар емес. Елдегі саяси жағдай мен қарапайым адамдардың құлдырап кеткен әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі құлқынның құлына айналғандардың ойларына кіріп те шықпайды. Жегідей жеген осы бір дертке қарсы жарияланған жылдар бойғы жалаң ұрандар жемқорлықты жоя алмайтынына көз жеткізіп болдық. Енді не істеуіміз керек?..
Бізге тап болған сыбайлас жемқорлықтың ширек ғасырлық тарихын түгендеп жазуға бір адамның ғұмыры жетпесі анық. Соңғысын ғана атасақ, сайлау атты сайыс қызып тұрған тұста Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тағы да сол жемқорлыққа қатысты екі айға қамауға алынды. Білім жүйесімен байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында үлестес компаниялар мүддесін қорғап, сол үшін 9 миллионнан астам теңге тұратын «Тойота-Камри» маркалы жаңа автокөлігін пара ретінде алды деп күдікке ілінген Рамазан Әлімқұловты Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро оның 2017-2018 жылдары делдалдар арқылы жүйелі түрде пара алып отырғанын да түпкілікті тексеріп жатыр...
Миллиардтап ұрлаған жемқорлардың тізімін келтірмей-ақ мына бір ресми дерекке назар аударып көрелікші. Қазақстанды жайлаған жемқорлықтың жай-жапсарын Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Атамекен» палатасы жанындағы көлеңкелі экономика мен жемқорлыққа қарсы кеңесінің отырысында мәлімдеген болатын. Кеңестің сараптау тобы Ұлттық компаниялардың еншілес мекемелерінде сатып алуларға бақылау мүлдем жүргізілмейтінін анықтаған. «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары қордың сатып алулар бойынша талаптарына пысқырып та қарамайтын көрінеді. Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстан экономикасынан жыл сайын шамамен 1 трлн. 250 млрд. теңге жемқорлардың қалтасына кетеді екен. Бұл еліміздің ЖІӨ-нің 2 пайызы. «Біз тек бір жылда осы ақшаға 628 мектеп пен 1256 балабақша салар едік. 1 жылда барлық әлеуметтік нысандардың қажеттілігін жабуға болар еді» – деген-ді А.Шпекбаев.
«Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» – демекші, қолына қалам ұстап сыбайлас жемқорлықты сынап жазып келген сол кездегі қырықтағы қылшылдаған журналистер бүгін зейнеткерлікке шығып, қартайып отыр. Ал жемқорлық болса жылдан жылға жасарып, күннен күнге күш алып келеді.Бұл жауыз ертегідегі жеті басты айдаһардан да асып түсті. Мыңдаған бас шабылса да, жаңасы өсіп шыға келеді. Басқа басылымдарды айтпағанда, бір ғана «Қазақ үні» газеті жиырма жылдық ғұмырында осы тақырыпта қаншама сын мақалалар жариялады.
Басылымдар мен телеарналар былай тұрсын, 2008 жылы Елбасының «Сыбайлас жемқорлыққа он мәрте күйрете соққы» атты құзырлы бағдарламасының да әсерін көрмедік. Ия, ұрандатып басталған бұл шараға бұқара бастапқыда үлкен үміт артқан-ды. Алайда, тағы да алданып қалды аңқау ел. Қайда сол қоғамды күйреткен қылмыстың қабырғасын қақырата сөгеді деген он соққы? Он соққыны маса шаққан құрлы көрмеген жемқорлық айылын да жиған жоқ, жеңісті жорығын алаңсыз жалғастырып келеді. Соған қарағанда жеңілістен көз ашпайтын нашар боксшы сияқты біздің соққыларымыз сырт кетіп, нысанаға дөп тимегенін мойындауымыз керек. Осы соңғы ширек ғасырда сыбайлас жемқорлық мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Қаншама бағдарламалар қабылданып, ордалы отырыс төрінде үстелді жұдырықтаған шенеуніктердің жалынды сөзі жемқорлық үшін жай ғана сырт көзге жасалған қоқанлоққы күйінде қалды. Одан басқа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы» атты кезекті жобалар да жалаң ұран ғана болып қалғанын көрдік. Ұсынылған бағдарламалар мен атқарылған шаралардан қандай нәтиже шыққаны ешкімді толғандырмайтын сияқты. Оны талап етіп жатқандарды, осыны атқаруға міндетті лауазымдылардың жауапқа тартылғанын көрмедік.
Әлемдегі дамыған елдерде кәсіподақ пен түрлі партиялардың саясатқа ғана емес, экономика мен әлеуметтік ахуалға, сол сияқты өмірдің басқа да саласына ықпалы зор. Бұны демократиялық қоғамның қалыптасқан заңдылығы десек те болар. Біз де демократиялық қоғам құрып жатқан елміз. Бізде де көппартиялық жүйе бар деп әлемге жар салып жүрміз. Бұқараны жарқын болашаққа бастайтын сол партияларымыз қайда? Олар неге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік көрсетпейді? Бұлшық етін ойнатып, сыбайлас жемқорлықты сойылмен соққандай сілейтіп саламыз деп білек сыбанып кіріскен, ең мықты деген біздегі «Нұр Отан» партиясының өзі дәрменсіз болып шықты. Сөйтсек, жемқорлардың басым бөлігі сол партияның өз ішінде жүр екен ғой. Олай дейтініміз, қомақты қаржы ұрлағандардың көбісі лауазымдылар. Ұрылардың тобырында министрлер мен әкімдер де, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, миллиардтаған қаржы бөлінген мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға тиісті жауапты қызметкерлер де толып жүр. Сол лауазымдылардың бәрі мемлекеттік қызметкер санатындағы осы биліктегі партияның мүшелері емес пе? Рас, ұйымның атына кір келтірмес үшін оларды соттардың алдында қызметінен босатып, партия қатарынан шығарып тастайды. Сонда бұл партия кіммен күресіп жатыр? Өзімен өзі ме? Бұл – адамның бір қолы ұрлап, екінші қолы оны ұстап жатқанға ұқсамай ма? «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың» деген халық даналығы осындайда айтылған болар. Ал, біздегі басқа партиялар тым әлсіз, олар «Нұр Отанның» көлеңкесінен шыға алмай қалды. Өйткені Мәжілістің өзінде билік партиясының қасында олар тым аз, он пайызды әзер құрайды. Сол себепті олардың дауысы өтпей қалады. Сонда халық кімге, қай партияға, қай билікке сенуі керек? Біздің көптеген оқырмандарымыз тарапынан айтылып жатқан осы тектес пікірлерді сараптап қорытындыласақ дәп осындай ой түйіндеуге тура келеді.
Осы тұста мына бір шындықты айта кеткен жөн деп білеміз. Біздегі бағдарламаларға бөлінетін қаржы Мәжілісте талқыланып, қабылданады. Оның орындалу барысы туралы сала басшыларының есебін де тыңдайды. Демек, осының бәрі халық қалаулыларының қатаң бақылауында болуға тиісті. Мәжілісте 107 депутат тұрақты жұмыс істейді, соның ішінде «Ақ жол» партиясынан небары 7 депутат бар. Әділін айту керек, саны жағынан аз болғанмен «Ақ жол» депутаттық фракциясы ел экономикасын дамытуға байланысты, жемқорлықпен күреске қатысты мәселелерді өзгелерге қарағанда жиі және тұрақты көтеріп келеді. Мысалы жақында ғана «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев жемқорлардың халықтан ұрлаған қаржысы Ұлттық қордағы қаражаттан екі есе көп екендігін мәлімдеді. Олар ұсталған күннің өзінде бостандыққа шыққасын, молынан қарпып қалған капиталдарына қайта ие болады. Оның үстіне сол ұрылар рақымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын босатылып жатады.
Осының алдында ғана жемқорлардан 180 миллион теңге қайтартқызған «Ақ жол» партиясы Бас прокуратураға жемқорлық қаражаттың оффшорларға кетуін тоқтату туралы тағы да ұсыныстарын жолдады. Өзінің депутаттық сауалында Азат Перуашев күні бүгінге дейін Қазақстаннан сыртқа кем дегенде 167 млрд. доллардан астам қаражат шығарылғанын атап өтті. Бұл-халықаралық сарапшылардың анықтамасындағы деректер ғана. Салыстырсақ жемқорлардың халықтан ұрлаған сомасы еліміздің шынында да тәуелсіздік жылдарында мұнай сатылымынан түскен Ұлттық қордағы қаражатынан екі есе көп. Партия 2012 жылдан бастап уәкілетті органдардан ұрланған миллиардтарды Қазақстанға қайтаруды талап етіп келеді. Бірақ билік бұған құлақ асқан емес.
«Біздің алдымызда ұрланған ақшаны қайтару мәселесі ғана емес, сыртқа тоқтаусыз кетіп жатқан заңсыз капиталдың орын алуына жол бермеу міндеті тұр» – дейді партия төрағасы. Сондықтан жемқорларға деген заңды барынша қатайту қажет. Мысалы, АҚШ-тың бірнеше штаты жемқорлық бойынша 10-15 жылға сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салған. Дәл осындай заң Беларусь мемлекетінде де қабылданды. Мұндай заң жобасын РФ Мемлекеттік Думасы да енгізді. Қазақстан ғана жариялы түрде ұзақ мерзімге сотталушыларды бірінші мүмкіндік туған жағдайда еш айғай-шусыз бостандыққа шығарады. Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндіктеріне жол бермеу және сотталушылардың ұрланған қаражат сомасын толық өтемейінше, елден сыртқа шығуына тыйым салуды ұсынып отыр.
Ия, сыбайлас жемқорлық дүниежүзі елдерінің біразында бар. Оған ешкім де қарсы дау айта алмайды. Бірақ дәп біздегідей жемқорлық жаппай жайлаған елдер өте аз.Сондықтан да сыбайлас жемқорлыққа күрес бойынша халықаралық рейтингте соңғы сатылардың бірінде тұрмыз.
Экономика саласына тікелей жауапты Министрлер кабинетіне де құт қонбай қойды. Оның басшысын 2-3 жылда бір ауыстырғаннан да пайда болмады. Қарапайым халық сол үкіметтен үмітін үзіп, енді кімге сенім артарын білмейді.Министрлер мен әкімдерді бір орыннан екінші орынға ауыстырғандары да ешқандай нәтиже берген жоқ. Керісінше сол ауыстырулар қазіргі ауыр жағдайға алып келді десек қателеспейміз. Тамыр-таныстық арқасында ертеңінде-ақ екінші бір жылы орынға жайғасатынын білетін басшы бірдеңе бітіре қояды дегенге кім сенеді?
Биыл тағы да үкімет басшысы ауысты. Тіпті отыз жыл бойы бір орында тапжылмай отырған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та биліктен өз еркімен кетті. Нәтижесінде не өзгерді? Жаңа Президент пен жаңа Үкімет қандай нақты шараларды қолға алды, соған тоқтала кетейік. Әзірге мақтана қоярлық оң өзгеріс жоқ, баяғы сол сөзбұйда. Рас, сыбайлас жемқорлыққа байланысты отырыс өткізген Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті. Бірінші – қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, бірінші басшылар тікелей жауап беретін болады. Екінші – қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптастырып, адамдардың құқықтық сауатын арттыру. Үшінші – қоғамдық бақылауды күшейту. Төртінші – бюджеттік саясаттың ашықтығы. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, оның жазасын қатаңдату. Бесінші – жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту. Бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе, өңірлерде халықтың өкілдерін қатыстыру. Алтыншы – мемлекеттік қызмет көрсетуді ашық етіп, электронды нұсқаға көшіру. Жетінші – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттерден босату. «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек» дегенді де айтып қалды Тоқаев. Елбасының бағытын берік ұсанамын деген жаңа Президенттің бұл сөзі сенімсіздеу шықты.
Бірінші басшылар орынбасарларының қолымен от көсеп отырғандығын біздің газет кем дегенде 4-5 жыл бойы жазып келген-ді. Қол астындағылар арқылы жемқорлықпен айналысатын басшыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін де ұсынғанбыз. Өкінішке орай бұл ұсыныс биліктің құлағына енді жеткен секілді. Оның өзінде іске аса ма, жоқ па белгісіз. Айту жағынан бұрынғы Президентіміз де ширек ғасыр бойы майын тамызып келді. Бұл жерде айту ғана емес, нақты іс керек. Тоқаев өзінің осы айтқан жеті ұсынысын іске асыра ала ма, оны уақыт көрсете жатар. Бір ғана тілек – Президенттің ұсынысы тағы да кезекті жалаң ұран болып қалмаса екен.
Жемқорлықты тоқтатудың тағы бір тетігі бар. Сала басшылары мен түрлі деңгейдегі әкімдерді отставкаға жіберу мәселені түпкілікті шешпейді. Жоғарыдан тағайындалған басшы жемқорлығын тоқтатпайды. Өйткені олар сол өзін тағайындаған жоғары биліктегілермен сыбайлас, тіпті сол қызметі үшін пара да береді. Сондықтан аймақ, аудан, ауыл әкімдерін, судьяларды жергілікті халықтың өзі тікелей сайлауы керек. Тұрғындар қызметке сайлағаны үшін олардан пара сұрамайды. Жұмыс істей алмаса орнынан өздері алып тастай алатындай мүмкіндік берген жөн бұқараға. Халықтың алдында есеп берсе жауапкершілік те артады. Бәлкім, сонда «ғасыр дертінен» арылатын шығармыз. Қалай десек те, жемқорлықты жоймай халықтың тұрмысын жақсарта алмайтынымыз анық.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz