"ОРЫС ШОВИНИЗМІ ӨРШІП БАРАДЫ": МАЙЛИННІҢ МАҚАЛАСЫ ТАБЫЛДЫ
2019 ж. 27 мамыр
16592
3
ҚР Президенті архивіндегі 719-қор, 188-істен «На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизм» деген құжатты көріп, қызметкерлердің рұқсатымен суретке түсіріп алып едім. Жетісулық «бандаларға» қатысты басқа құжаттарды зерттеп жүріп қаперден шығарыппын. Өткенде дерекқорымды ақтарып отырып қайта ұшыраттым. 1931 жылдың 9 наурызында басылған «Еңбекші қазақ» газетіндегі мақаланың аудармасы еді. Жалаң қаққан ОГПУ-дің көрінген дүниені тәржімалатып, тіркеуге ала бермейтіні бесенеден белгілі, солай болып шықты. Автор үш беттік мақаланы сарказмды айдарларға бөліп, ащы тілмен қазақ күйін жазыпты.
«На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизмнің» ұзын-ырғасы мынадай: Түркісіб теміржолы бойындағы Үштөбе стансысында 613 адам жұмыс істейді, соның 34-і ғана қазақ. Өзгелер өктемдік жасап қазаққа күн көрсетпейді. Мысалы, Алматыға тартып бара жатқан пойыздың Фердман деген машинисі Көккөзов деген қазандықшы қазақты сабап, айдалада отарбадан түсіріп кетеді, стансы бастығы Чернышев деген «Итте болғанша иесінде болсын» деп Көгенов деген қазақтың пальтосын сыпырып алып, орыс теміржолшыға кигізеді; Теміров деген жұмысшы бұранда бұраудан қолы үсіп, жақын жердегі үйшікке кіріп жылынады, ол жерде жайланып отырған орыс жұмысшы мұны жақтырмай сабап, темірмен ұрып тісін қағып алады... Карнецкий деген машинист көмекші қазақтарды паровоздан лақтыруды ермек етіпті. Бұл жайында мақалада былай делінеді:
«Однажды Карнецкий безо всякого на то повода вытолкнул за шею Уксукбаева с паровоза со словами: «Нам не нужны ничего не понимающие бараны!». Также вытолкнул рабочего, казака Таскаева, обзывая его «собакой» и «свиньей». Тот упал лицом вниз».
Барактар мал қорадан нашар, лас, сасық, тон, пима секілді киім-кешек қазақ теміржолшыларға берілмейді. Автор осындай мәліметтерді тізе келіп, партиялық ұйым мен кәсіподақты да түйреп өтеді. «Шара қолдану керек» деп тұжырымдайды.
Әр адамға, әр сөзге құзғын көзбен қарап отырған кезеңде партия үнжарғысы болған басылымда мұндай мақала жазуға дәті барған кім екен деп алаңдаған көңіл «Жулаучи» деп белгіленген авторды оқығанда селт етті. «Жолаушы!» Би-ағаң ғой! Бейімбет Майлиннің «Еңбекші қазақта» істегені, бөлім басшысы болғаны белгілі, XX ғасырдың бірінші жартысында Ілияс Жансүгіров «Матай», «Қаптағай», «Күйші», Әлихан Бөкейханов «Қыр қазағы», Мұхтар Әуезов «Қоңыр», «Екеу» дегендей бүркеншек есімдер қолданса, Би-ағаң «Мырқымбай», «Малай», «Жолаушы», «Балықшы» деген есімдермен жазып отырған. ОГПУ кез келген авторды қадағалай бермес, Жындыбайдан туған Желдібайлардың есерлігін аямай сынайтын, сәбеттің бітіспес жауына айналған алашордашыларға:
Жұртты сүйер ерлер шығып қол басы, Саф азамат бағлан болып жолдасы, Жарық сәуле ендіретін қазаққа. Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы! – деп жыр арнап қырға іліккен Бейімбеттің жөні де, сойы да басқа. Оның үстіне Бейімбет Майлин Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде өзі бұған дейін аз уақыт жұмыс істеген, кейін «Социалды Қазақстан» атанған «Еңбекші қазаққа» оралып, 1934 жылы «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып тағайындалғанға дейін осы басылымнан қол үзбеген. «На станции Уштобе развивается великодержавный шовинизмдегі» мәліметтер автордың Үштөбеге келіп, жағдайды көзбен көргенін меңзейді.
Үштөбе – Түркісіб бойындағы ірі стансылардың бірі, 1930 жылдың 28 сәуірі, сағат 12.00-де күміс қазық қағылған Оғыз-Қорған, кейін Айнабұлақ атанған бекетпен ұштасып жатыр. Биағаның мақаласы біраз жайтқа көз ашады: 613 адамның отыздан асар-аспасы ғана қазақ болуы жергілікті халыққа деген көзқарасты анық көрсетеді, советтік кинолардағы теміржол келіп малшы қазақтың көзі ашылды деген насихат – жалған. Коханов деген құрылыс басшысының 16 жасар бозбаланы әжетхана тазалаушы етіп қойып, басқа жұмыс сұраса «Боқ тазалағың келмесе басқа жаққа кет, жақсы жұмыс тауып ал!» деп жекіруі осыған куә болған қаламгердің жан-дүниесін алай-түлей еткені анық. Байғұс қазақ қайда барсын? Бұл – өңірде ашаршылық айдаһардай ысқырып, жан-жағын жалмап жатқан уақыт еді. Егістікпен айналысатын ауылдарды ОГПУ жендеттері тіміскілеп, жарты қап күріш үшін адам атылып жатты. Мына мәліметке қараңыз:
"СОВ.СЕКРЕТНО ЗАПИСКА ПО ПРЯМОМУ ПРОВОДУ из Алма-ата. МОСКВА. ОГПУ АКУЛОВУ МИРОНОВУ. Произведенным ЭКОПП 28-го октября обследованием Каратальского рисосовхоза установлено: выход рисашалы совхозом приуменьшен, площади посева 585 га исчислено валового выхода 14625 центнеров, районными организациями определено 17550 центнеров, краевой план сдачи 20338 центнеров. Совхозом не включены в валовой выход остатки прошлого года 631 центнер, кои разбазарены: местность снабжена без наряда 123 центнерами взаимообразно организациям отдано 299 центнеров от посевной площади 31 года, благодаря безхозяйственности потеряно 185 центнеров. Уборка проведена ненормально, по определению самого совхоза в соломе осталось не менее пяти процентов риса, обследованная комиссией солома 79 га содержит до десяти процентов. Совхоз намерен всю солому перемолотить. Примерный выход после перемолота составляет 1001 центнер. Во время уборки 570 га потеряно 668 центнеров, потери значительно выше, до сих пор полей жителями собираются колосья. Некоторые набирают до двух пудов в день. Совхозом до сего времени не обмолочены огрехи, находящиеся в скирдах. Указанные возможности совхозом были скрыты, в хлебофуражный баланс не включены. Семян 31 года составлено лишних 1000 центнеров. По плану хлебосдачи сдано всего 5557 центнеров. В зернохранилище находится 8539 центнеров. Виновных привлекаем к ответственности. Копию прошу передать ГОЛОЩЕКИНУ: 15283/6 КАРУЦКИЙ ВЕРНО: Подпись". (ҚР Президенті архивінен).
Осы бір парақ мәлімет тұтас Қаратал өңіріндегі, қала берді, бар қазақ жеріндегі жағдайды жария етіп тұр. 1928 жылғы кәмпескеде «аша тұяқ қалмасындап» 40 миллион малды қырып салған большевиктер коллективизацияны да мандытпады. Сүйек-саяққа, тері-терсек, жылан-бақа сияқты болмайтын нәрселерден салық жиып, елді ығыр етті. «Қаратал» күріш совхозының басшылары бала-шағаға талғажау болсын деп амалдаған қорды, тіпті, егістікте қалып қойған әр масақты жинатқан, үйілген маяларды тінтіп, сабанның әр талын тексерген, «Қамбадағы 8539 центнер астықтың 5557 центнерін ғана өткіздің» деп адамдарды жазалаған. Аш қалған ауылдасын аман сақтап қалғысы келгендер «коррупционер» атанған.
Негізі, 1930-31 жыл қызыл билік пен қазақтың арасы қатты ширыққан уақыт. Қазақстанның өзге аймағы секілді Талдықорған маңындағы халық та отырықшы, егінші етемін деген озбырлыққа шыдамай дүркін-дүркін көтеріліске шығып тұрған. Талас Омарбековтің «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері» деген кітабынан Шұбар, Ақкөл, Сарқан, Қаратал көтерілістері туралы білеміз. 1930 жылдың 20 наурызында Шұбар ауылының халқы аудандық атқару комитетіне келіп, түйір астық қалдырмай тонап жүрген Попов деген шолақбелсендіні өздеріне беруді талап етеді. Өкіметтің өз уәкілін ұстап бермейтінін білген соң штабқа ұмтылады, округтік соттың төрағасы Беков дегенді сабап, тапаншасын тартып алады. Талас ағамыз аударған, 171-беттегі құжат мынадай:
"ҚОСЫМША. Шұбарға дейін бар болғаны 12-15 ш (шақырым) екенін ескеріп, маған бүгін бірнеше сағатқа болса да Шұбарға барып келуге рұқсат етулеріңізді өтінемін. Сарқан мен Қоғалыға хабар беруге уақыт таппай жатырмын, жұмыс кеңірдектен. Сіздердің телеграф арқылы хабарлауыңызды өтінемін. Сонда фактіні бір тұрғыдан баяндауға қол жеткізетін едік, өйткені, мен сіздерге қолжазбасыз хабарладым.
Липен. Липен – Талдықорғандағы ОГПУ-дің оперативтік бөлімінің басшысы, мына хатты Алматыдағы бастығы Федоровқа жазған. Федоров рұқсат береді, Сарқан мен Қоғалыға хабар беретінін айтады. Бұдан ОГПУ-дің бірнеше аймақтың қазағы толқып тұрғанынан хабардар болғанын байқаймыз. Расымен, аталған екі аймақта ереуіл бұрқ етті. Қоғалыдан «Совет үкіметін құлаттық» деген хабар жеткенше жендеттер Шұбар жанайқайын тұншықтырып үлгерді. 24 наурызда шұбарлық 16 азамат тұтқындалды. Бір опасыз 19-наурыздың түнінде астыртын жиналып, ел көтермекке бел буған Сейсенбай Өмірәлиев, Тұрғали Мамаев, Мамыш Жұртақаев, Оспан Сыпатаев секілді игі жақсыларды тізіп берген көрінеді. Ал 27 наурыз күні Бүйен-Ақсу халқы ширығып шықты. Бұларға жетекшілік еткен азаматтардың есімі осы күні елге аян – Қалдыбай Қылиев, Егеубек Жаңабаев, Ғали Сатырбаев. «Кеңес өкіметі жойылсын!» деп ұрандап, Ақсу сынды елді мекендерге басып кірген көтерілісшілерде жүзге тарта мылтық болып еді. 30 сәуірге дейін Балқаш-Қаратал құмын паналай жүріп соғысқан көтерілісшілердің топтарын Ортай, Сартаев, Тұрсын Омаров, Үсенов Әміхан сияқты азаматтар басқарған. Талдықорған ОГПУ-і Сарқан бойындағы бүлікпен алысып жатқан сәуір айының басында, 2-сәуірде Балқаш, Шоқпар аудандарында көтерілісшілердің бас көтеруі Жетісу қазақтарының Кеңес өкіметін түбегейлі төңкеріп тастауды көксегенін дәлелдейді. Бір-біріне хабар беріп, ұйымдасып атқа қонған".
«Балқаш ауданы №1 ауылдың қауымынан Шоқпар ауданының азаматтарына! Біз өзіміз де көтеріліс ұйымдастырудамыз. Құдайдан сәтті аяқталсын деп тілейік. Түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда Шұбарда, Қараталда және Талдықорғанда, барлық жерде біздегідей көтеріліс басталыпты. Қопалы қозғалысы өзінің ықпалын барлық жаққа таратты. Бізде тұратындар және бізден төменгі №1, №2, 3 және 10 ауылдар Ақкөлді (ААК – Ақкөл аудандық комитеті – Т.О.) алды. Енді қол қусырып отыруға болмас, үндеу жазып, төменгі және жоғарғы жақтағы халықты көтеріліске қосылуға үндеңдер. Барлық халықты кеңінен хабардар етуге қажет шаралар қолданыңдар. Арғы бетте тұрған ағайын бізге хабар айта алды: бізге Қаратал ауданынан екі қашқын келді және олардың айтуынша Қоғалы мекені қолымызда. Енді босқа отырудан еш пайда жоқ. Халық арасында үгітті жүргізіңдер және күшейтіңдер, бір сөзбен айтқанда, босқа отырмаңдар. Бұл хат №1 ауылдағы қауымнан, өздеріңнің ағайындарыңнан жазылды. Қол қойылмаған. 7.IV.30. Аударған - Ырымбетов. Дұрыс (қол қойылмаған, көшірме)». (Т.Омарбеков «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері», 186-бет).
Осы бір жапырақ хаттан қазақ арманы есіп тұр. Кейін «Ақкөл көтерілісі» деген атаумен тарихқа енген бұл майдан да жаншылды. Алматы округіндегі көтерілістердің тез басылуына теміржолдың іске қосылған бөлігі себепкер болды. Семей, Алматыдан шақырылған атқыштар бригадасы отарбамен жедел жетіп, Айнабұлақ, Биже, Үштөбе секілді стансылардан барлауға шығып, көтерілісшілерді жойып отырды. Елдің есін жиғызбады. Қорғалаған қазақтың дәрмені жеткені Қытайға қашты.
"Л/С Сов.секретно. СПЕЦСВОДКА об итогах откочевок населения КССР за 1930 год. По материалам ИНФО ПП ОГПУ КССР на 27/II-1931 года. ОТКОЧЕВКИ ВНУТРИ И ЗА ПРЕДЕЛЫ КССР. С весны 1930 года по январь 1931 года, по далеко неполному учету откочевками по КССР, внутри его и за пределы было охвачено всего 34577 хозяйств, из них: байских – 1014 хозяйств, середняцких – 1817, бедняцких – 2167, колхозников – 54 хозяйства и неподразделенных на социальные группы – 29525 хозяйств. Из неподразделенных по имеющимся данным преобладающее большинство относится к группам бедноты и середняков.
По неполным данным в Китай откочевало из пограничных районов быв. Алматинского и Семипалатинского Округов 2638 казахских хозяйств. Кроме того, туда откочевало из прилегающих к пограничным районов: Малай-Саринского – 92 хозяйства (кроме этого еще зафиксированы массовые откочевки из ауылов 12 и 13, но без указания количества откочевавших), Чиликского – 62 хозяйства, Каратальского – 30 хозяйств и Курчумского – 11 хозяйств". (ҚР Президенті архивінен).
Ұзын-сонар арнайы құпия мәліметтен үзінді ғана алып отырмын. 29525 түтіннің әрқайсысында бес жан бар деп есептесең, 6-7 айда шекара асқан қазақтың саны 150 мыңға жетіп жығылады. Ол қашқан қазақ, ал өлген қазақ ше? Тарихшылар есебі бойынша, 1916 жылғы үркіншілікте (400 мың), 1919-21 жылғы ашаршылықта (1 400 мың), 1931 жылғы ашаршылықта (2 млн. 800 мың) аштан өлген қазақтың саны – 4 млн. 600 мың адам. Кей тарихшылар мұны «жұт» деп жүр, жұт – табиғаттың жазуымен болар кесапат, ал адам қолынан келгенді зұлмат, нәубет, геноцид деп атымен атаған жөн болар.
Отызыншы жылдардың аласапыранында ең көп жапа шеккен оңтүстік-шығыс пен шығыста жарты миллиондай адам қырылған. Тұрар Рысқұлов Сталинге жазған хатында Алматы облысында аз уақытта 2100 үйдің қаңырап, ел босып кеткенін мысал етеді, яғни, Голощекин қатесін мойындаған, көмек беріле бастаған 1933 жылы да өңірдегі жағдай түзелмеген. Осындай қиын күйде қалған жергілікті халықтың жәутеңдейтіні, өкіре сөйлеген өзгелерден қорғалайтыны түсінікті.
«...Шырынкүл шын налыды. – Құдай-ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз?
Көзінен бүртік-бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді. Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр». «Аштық құрбанында» (1937) Қайрақбай мен Шырынкүл болып шырқыраған, «Күлпәшта» (1922) бай мен баланың өлігін құшып өкірген Күлпәштің күйін кешкен қазақ бұл кейіптен көпке дейін құтылмап еді. Үштөбедегі оқиға соның бір ғана көрінісі. Қаламы өткір қайраткер мұны да елеусіз қалдыра алмапты, жазыпты.
Тыңда мені, Отаным, Тыңда, тыңда, құлақ сал. Саған, халқым, оқ жонған, Түсті қолға бандалар. Ежов ерім көреген, Жайғызбай уын жыланның, Суырып алды інінен. Соқты жүрек қаттырақ. Оқ жонғандар халқыма, «Атылсын!» Үкім біреу-ақ.
Қызыл саясатқа қарсы шыққанның бәрін бандыға теліп, «Атылсын!» деп ұрандатқан осындай дүниелер түспейтін газеттің бетіне ұлт туралы мақала басу – өзіңе үкім шығару болса керек. «Жолаушының» мақаласы түпнұсқада «Үштөбе стансысында ұлы орысшылдық шовинизмі өршіп барады» деп аталады екен. Советтік саясат соны «великодержавный» деп аудара салған. Төте және латын таңбасы қатар қолданылып, 1931 жылы, 9 наурыз, дүйсенбі күні жарық көрген газеттегі мақаланың тура төбесіне төте жазумен «Лениннің ұлт саясатын бұрмалатпаймыз» деп ұран жазыпты. «Жолаушының» мақаласы да Ахаңның әліпбиімен басылып, Үштөбедегі шовинизмді іреп салған. Сәл төменіректе тағы бір шағын мақала тұр. Тақырыбы «Ұлыорысшылдық ойы жайылып, жергілікті ұлтшылдықты қозғауда». Төңкерістегі кірмелердің өктемдігі қазақтың ашуын қоздырып, намысына тиіп жатқанын айтыпты. Авторы – «Тілші». Жазу мәнеріне қарасаң «Жолаушы» секілді.
Үштөбедегі оқиғаға байланысты тексеру жүріп, бірнеше адамға шара қолданылған екен. Сөгіс алған, жұмыстан қуылған. Ал, Бейімбет Майлин «халық жауы» атанып, 1938 жылдың 10 қарашасында атылды. Қаламының ұшын намысының шоғына балқыта жазып, бір мақаласымен бір ауылдың қазағын қорғап, басқасына қозғау сала алған, адамдықтың жолында басын тік ұстап жүріп өткен ұлы «Жолаушының» туғанына биылғы 15 қарашада 125 жыл толады.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,
Дереккөз: "Жетісу" газеті