Алаш ардақтылары шығарған «Қазақ тілі» газетіне – 100 жыл
2019 ж. 20 ақпан
11492
0
Қазақ ұлты оқу білімге әдебиет, мәдени ағарту ісіне жүйрік, рухани тұрғысынан зиялы жұрт. Бұны біз тарихтың сан толқынында дәлелдеген елміз. Қазақ жерінде түлеген тұлғалар қадым замандардан бері күллі Тұран топырағын түрткүл дүниеге танытқан тектілер аз болмаған өңір. Арысын әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, А.Яссауи, А.Игүнекилерді айтпағанда, берісі Алаш қайраткерлерінің майталман істері қазақ ұлтын сақтап қоймай, барша түркі тектес туысқан халықтарға үлгі болып, ұрпаққа рухани мол мұра болып қалды. Бір бастарында мұғалімдік, жазушылық, аудармашылық, ел басқару мен жолсыздан жол салып ғылымды қалыптастырған ғалымдықтары, қала берді сол заманда халықтың көз құлағы болған газет журналдардың өзін озық үлгіде шығара білулері шын мәніндегі ерен еңбектерімен, қажырлы қасиеттері еді. Қоғамның сан-салалы жұмыстарын жан-жақты дөңгелеткен алаш ардагерлерінің ісі ұлтымыздың ұшаң теңіз рухани байлығы. Алаш азаматтарының көптеген істерінің бір парасы қазақ баспасөз, газет-журналдарын шығарып дамытуы еді. Сол заманда газет-журналдардың орыны халықты ағартушылық жолындағы қазіргі ақпарат ағымының атасындай болып тұрған ғаламтордан кем болмаған. «Тар заман ерді туғызады» дегендей сол аласапыран ғасырда қазақ ішінен қайнап шыққан майталман мамандардың руханияттың басына келуі, халықтың білімін, сауаттылығын арттырды. Сын сағатта Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін істеген ұлы игілікті істерінің бірегейі газет шығарулары еді. Биылғы жылы сол кезде қазақ оқығандарының 1919 жылы Семейде шығарған «Қазақ тілі» газетіне бір ғасыр, яғни 100 жыл.
Заманында ұлттың сапасын көтеруге ұшаң теңіз еңбек еткен газеттердің бірегейі «Қазақ тілі» газетіне Міржақып Дулатов, Ташкентте аспирантурада оқып жүрген Мұхтар Әуезов, жазушы Жүсіпбек Аймаутов, Сәбит Дөнентаев секілді қазақтың біртуар халық қамын ойлаған зиялы-қайраткерлерінің сөздері, айтар ой-идеалары, ел еңсесін көтеретін білімін арттыратын ұлт ішіндегі маңызды мәселелерді мақала қылып жазып қазақ тілі газеті арқылы қоғамға таратып жатты. Алашорданың төбе биі болған Шәкәрім бастатқан қазақ зиялылары қордаланған қоғам проблемасын, халық білімін көтеруге қатысты әр түрлі көлемді мақалаларын осы қазақ тілі газетінде жариялап қазақ баспасөзінің жандануына зор ықпал етті. Ақын Шәкәрім қажы да «Сын һәм сынауды сынау», «Қазақ балаларының оқу орыс тілінде қойылған мектептерге қашуы неліктен?» деген сынды ұлт тағдырына алаңдайтын, оқу, білім саласымен қоғамдық проблемаларды қозғап маңызды мәселелерде мақала жариялап тұрды.
«Сарыарқа» газеті жабылысымен іле-шала сол жылы желтоқсан айында шыққан Қазақ тілі газетін кейбір зерттеуші-ғалымдар алдыңғы «Сарыарқа» газетінің заңды жалғасы деген әр түрлі пікірлер де айтылып жатады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, «Сарыарқа» газеті жабылысымен сол газетте жұмыс істейтін қызметкерлердің түгелі дерлік «Қазақ тілі» газетіне ауысады. Газеттің өн бойынан байқалып тұратын сол кездегі газет қызметкерлерінің азаматтық және ұлтқа деген шын жанашыларлық белсенділіктері еді. Халықпен оқырмандарын тек маңызды мақалалармен, сапалы пайдалы ақпараттар тарату арқылы ерекшеленген Қазақ тілі газетінде жазылған кейбір дүниелер бүгінгі күн үшінде маңызын жоймай отырғаны белгілі. Қазіргі кезде
телерадио құралдары болсын, газет-журналдар болсын, тілші-журналистердің кейбір жағдайда білімдері жетпей жата ма, ұсақ сыни дауларға ұластырып және ондай жағдайларды көптеп таратап халық талғамын әлсіреуіне себеп болатыны жасырын емес. Иә бұндай жағдайлар уақытында халық ықыласына бөленген «Қазақ тілі» газетінде де белең ала бастағанда Шәкәрім сияқты Алашорда ақсақалы ақылмен ескерту жасап отырған.
Сөзім дәлелсіз болмас үшін «Қазақ тілі» газетінде жарияланған Шәкәрім қажының бір-екі мақаласының жерлеріндегі айшықты ой-түйіндеріне тоқтала кеткенді жөн көрдім. Ақынның «Сын һәм сынауды сынау» деген мақаласында «Менің ойымша, сын кекеу – мысқыл, күндеу – өзімшілдік, айла – қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс-әрекетке кіріскен сыннан сын иесі түгіл, халыққа көп зиян шығады. Себебі, кекетіп, мазақталушының неше мыңнан бірі болмаса, кек қумай, ыза болмай қалмайды. Сондықтан сыншылар аталған жаман мінездерден аулақ отырып, таза жүрекпен сынау жөн. «Менің ойымша, кемшілігі – мынау, оған дәлелім – мынау!» деген жөн. Сыналушылар да өз ісіне сын салынғанды көргенде ыза, өзімшіл, мақтанды әбден жоғалтып, салқын қан, таза көңілмен сын айнасына бұзылмай қарау керек. Егерде сын дұрыс болса, бас иіп, мойындау керек. Міне, адамның ең толығы — осындайлар» [1.364 ] Шәкәрім осы мақаласы арқылы сол кезде белең алып бара жатқан күндеу-міндеу сияқты орынсыз қасиеттер газет бетіне шыға бастағаныны сынның орынды болғандығы жөн деп орынсыз таластың дұрыс еместігін алға тартады. Тағы осы мақаласында: «Менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз тазалық болмайды. Не тіршілікте, не артқыларға ат қалдыру дегенді тіпті миыма қондыра алмаймын. Себебі сіз мақтау, жоқтау керек қылмасаңыз да, қылған іс, айтылған сөзіңіз жаратылыс ағымының талқысына салынбақшы. Ол сіздің ісіңіздің бағасын, салмағын ашпай қоймайды. Сондықтан не іс қылсаңыз да, атақ үшін қылмай, көпке пайда қылу, я көпті зияннан құтқару үшін істеу жөн» [1.364 ].
Көпке пайдалы білімді тарататын сол кездегі жаңғыз қоғамдық жаңалықтардан хабардар қылатын газет журналдардың өзін орынсыз сын, жеке бас пайдалар үшін айтылатын бос сөздерден аулақ болуға үндейді. Керісінше ақын өзі айтқандай көпті зияннан құтқару, көпке пайда қылатындай білім берерлік дүниелерді көксеп жазғаны белгілі. Сол заманда ел жүгін көтерген Алаш ардагерлерінің қайсысының болмасын арқалаған жүгі жеңіл болмағаны белгілі. Қоғамның қай саласы болсын сол замандағы зиялы қауымның келуімен жанданды десек артық айтқандық емес. Әсіресе, мәдениет саласында төңкеріс жасап қазақты қазақ қылып кетті десек те болар анығында. Елге деген ерен сезімдері туған жердің тасы болып қалануды қалаған қалам ұстап қайратын жанып, ұлтқа білім беруді еңбектерімен дәлелдеді. Ол заманда басқасын былай қойғанда, қазақша басатын баспаларда жоқтың қасы еді. Орыс не татар баспаханаларынан шығатын басылымдарда тілдік, дыбыстық өзгерістерге де ұшырап жататыны белгілі. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбай қазақ тілі газетіндегі «Қазақша машинелер алынсын» деген мақаласында: «Бұл уақытқа шейін қазақ тілінің жүзеге шығуына бөгет болатын көп кемшіліктерді санадық. Сол санаған кемшіліктеріміз қазақша жазудың қиындығы, қазақта ысылған қызметкерлердің аздығы, қазақша баспахананың кемтарлығы, қазақша жазу мәшинелердің жоқтығы болып келеді. Бүгіңгі таңда қазақтан кеңсе қызметкерлерін көбейтуге курстар ашып отырмыз. Қазақша баспаханаларды күшейтуге кірісіп отырмыз. Ендігі кірісетін үлкен жұмыс
қазақша жазу түрін жеңілдету. Қазақша жазу машинелерін жасап шығару болып отыр» [1.360] деуі сол кездегі техникалық құралдар мен мамандардың жетіспеуі қазақ тілінің, қазақ руханиятының баяу дамып жүруіне белгілі дәрежеде әсер еткенін байқауға болады. Осындай маңызды қоғамдық мәселелердің барлығы дерлік қазақ тілі газетінде шығып елдің ішіндегі әр түрлі проблемалардан халық хабардар болып отырды. Халықтың мұңын-мұңдап жоғын жоқтаған қазақ тілі газеті сол кезде мақала жазумен ғана шектелмеген, көптеген ұлтымызға қатысты үлкен мәселелерде талқыланып шешімін тауып тұрған. Мысалы, ел ішін аштық жайлаған жылдары Алаш қайраткері Міржақып Дулатов бастаған зиялы қауым жиын өткізіп, жиын қортындысы бойынша қазақстанның аштық жайлаған өңірлеріне әл-қуаты бар аймақтар көмектесулерін сұрап ашық хат жазады. Ашық хаттың нәтижесінде он бес мындай ірі қара жиналып аштық болып жатқан өңірлерге таратылады. Қазақ үшін халық саны бәрінен бұрын тұратын нөмірі бірінші мәселе екенін ескерсек, бұл сол заманда халықты сақтау үшін жасалған ең үлкен игілікті шара екені белгілі. Бұл ұсынысты жиынға қатысушылар қолдап, ол «Қазақ тілі» газетінде ашық хат ретінде жолданады. Қазақтың төл әліпбиінің жасаудың басында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиді өзгерткендеде «Қaзaқшa жaзу тaқырыпты жaңa ережелер» деген мақала еңбеген осы «Қазақ тілі» газетінде жариялап, халықтың әліпби тануына да белгілі дәрежеде әсер етті. Тіпті, «Қазақ тілі» газетінің өзі 1928 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы жасаған осы әліпбимен шығып тұрғаны белгілі. Осының бәрі газеттің сол заманда бүгінгі күннен қарағанда да анақұрлым салмақты болғанын көрсетсе керек. Шәкәрім қажы да Ташкенттегі «Шолпан» журналында қатесі орасан көп болып басылған «Ләйлі –Мәжнүн» дастанындаға қателіктер басып шығарушалар тарапынан кеткен қателіктер екенін «Қазақ тілі» газеті арқылы оқырман қауымға жеткізген. Халқымызға қажетті барлық мәселелер елді құлақтандыру, не болмаса білім, қоғамдағы әр түрлі маңызды жаңалықтар, әдебиетке қатысты дүниелерді «Қазақ тілі» газеті арқылы оқырман қауым, жалпы бұқара біліп отырған. Заманында елдің болашағы үшін төл әліпбиімізді халқымызға танытып, оқып білуіне себеп болған «Қазақ тілі» газетінің тарих алдындағы рөлінің ерен екені айтпасада түснікті. Биыл ұлтымыздың игілігіне осындай биік дәрежеде қызмет еткен, Қазақ баспасөздерінің алғашқы қарлығаштары саналатын, Алаштың аяулы ұлдары шығарып қызмет еткен «Қазақ тілі» газетінің мерейлі, мерекелі жылы.
Медет Рақымбаев,
qazaquni.kz