Әлихан Бөкейханның 12 томдық шығармалар жинағы жарық көреді
2018 ж. 23 қазан
24492
2
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 12 томдық шығармалар жинағы 5 мың данамен биылғы жылы жарық көрмек. Бұл маңызды жұмыс "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің қолдауы арқасында жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Белгілі тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының мәліметінше, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының, партиясының және Ұлттық Жерлі Автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 15-томдық жинағының қалған 12 томын (IV-XV тт.) үстіміздегі жылы 5 мың данамен басып шығаруға қаражат бөлініп отыр.
ЮНЕСКО «бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп таныған ұлт көсемінің туғанына 150 жыл толған мерейтойы жылында да (2016), өзі құрып басшылық еткен Алаш Ұлттық Жерлі Автономиясының 100-жылдығында да (2017) «қаржы тапшылығынан» шықпай қалған теңдессіз тарихи, ғылыми, әдеби-публицистік мұра биыл баспа көрмекші.
«Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» көптомдығы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көреді.
- Ұлтжанды депутат Азат Перуашевтың ыждаһатымен көрнекті Алаш қайраткерлері Тұрағұл Абайұлы, Ахмет (Ахметғали) Мамытұлы, Қажым Басымұлдарының шығармалары, зерттеулері, мақалаларының бір-бір томдық, Елдес Омарұлының 3 томдық, сондай-ақ «ХХ ғ. басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» жинақтары да 5 мың данамен баспа көреді. Бұл ғылыми, ғылыми-танымдық жинақтарды А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Орынай Жұбаева бастаған ғалымдар тобы төте жазудан көшіріп, өңдеп, құрастырып, ғылыми түсініктері мен алғысөздерін жазып ұсынды, - деп жазды С. Аққұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға ол оқыған Ресейдегі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетіне ескерткіш тақта орнатылатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.
Ескерткіш тақта орнатуды «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған парламенттік фракция ұсынып, Санкт-Петербор мемлекеттік Орман-техникалық университетінің ректорына арнайы хат жолдады. Оған қоса «Ақ жол» Ресей Мемлекеттік Думасын да іске жұмылдырды, атап айтқанда – «Справедливая Россия» партиясының Мемлекеттік Думадағы С. Миронов бастаған фракциясы қызу қолдау көрсетті. Нәтижесінде осындай қуанышты шешім қабылданған болатын.
qazaquni.kz