"МАЗАҚ болады!": Жамбыл облысында шенеуніктер КЕНЕСАРЫ ХАНның ескерткішін ҚҰЛАТПАҚ
2018 ж. 21 қыркүйек
7593
0
Жамбыл облысында шенеуніктерге жақпай қалған Кенесары ханның ескерткіші сүрілуі мүмкін Жамбыл облысында Кенесары ханның ескерткіші төңірегінде туындаған дау басылатын емес. Жергілікті билікке төре тұқымдары тұрғызған кесененің кескіні сол күйі ұнамай қойды. Айтуларынша, мұндай «мазақ монументтің» болғанынан болмағаны дұрыс. Сондықтан көзге оғаш көрінетін ескерткіштің сұлбасын қайта өзгертуді немесе сүріп тастауды талап етеді. Алайда ханның ұрпақтары оған үзілді-кесілді қарсы.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.«Астымдағы атымды ал, мойнымдағы басымды ал, алайда қазаққа деген рухымды ала алмайсың» деп, ат үстінде жүріп, азаттық жолында алысып, жанын құрбан еткен тарихи тұлғаның құрметіне тұрғызылған ескерткіш бұл. Кенесары ханның ұрпақтары атаның даңқын дәріптеу үшін оның құрметіне монумент салғызып жатыр. Оның ашылуы бір айдан кейін болуы тиіс еді. Бірақ төре тұқымдарының тілегі сол күйі орындалмайтын тәрізді, өйткені атқарушы билік өкілдері бұл ескерткішті сүреңсіз деп тауып, оны сүріп тастауды талап етіп жатыр. Бұл әлі аяқталмаған, «Атылмай қалған оқ деп» аталатын ескерткіш. Оның жалпы биіктігі 6 метрге жуықтайды. Тұғырдағы ханның сұлбасы екі метр болса, жебенің ұзындығы 4 метр шамасында. Жер жекенікі, қаржы Меркідегі төре тұқымдарының қалтасынан жұмсалған.
Аманбай Бексұлтанов, зейнеткер:
- Мынау үлкен торап жол. Бұл қазіргі 21 ғасырдағы жібек жолы рөлін атқарып тұр. Мына жақтан 1 жарым млрд. Қытай еуропаға шұбаса, ол жақтан қытайға қарай қаншамана ел шұбайды. Сол кезде көрсін біздің қандай бабамыздың болғанын.
Жұрттың айтуынша, әу баста әкімдік ескерткіш салуға жер сұрап барғанда бермеген. Кейін күре жол бойынан өздері жер тауып, кесене салуды бастап кеткен. Аяқталар тұста осындай дау туындарын білмедік дейді өздері. Алайда, соңғы ханның ұрпақтары өліспей беріспейтін сыңайлы. Яғни, көңілдерінен шығатын монуметтің мұртын да бұзғызбаймыз деп табандап тұр.
Асқар Қызылов, Жамбыл ауылының тұрғыны:
- Алдырмаймыз, бұл кімге зиян келтіріп тұр. Үлкен жолдың бойында тұр. Ал шенеуніктер ескерткішті көріп аң-таң болғандарын жасырмайды. Айтуларынша, қазаққа ортақ, тарихи тұлғаның кесенесі даңқына лайық, еңселі болуы тиіс. Сондықтан көпке мазақ, әрі келешекке күлкі болмас үшін, монументтің сұлбасын өзгертсін деп талап қойып отыр.
Марат Қасым, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:
- Ертең ел айтады. Көпшілік, келешек ұрпақ та айтады. Не үшін қойдыңдар деп, мазақ болып кетуі мүмкін. Хан Кене қазақа ортақ тұлға. Сондықтан, мәртебесі, беделіне сай ескерткіш қойуымыз керек. Оның үстіне ескерткіш заңдастырылмай, еш рұқсатсыз салынған.
Әкім орныбасары бұл мәселені жүзеге асыру қиын екенін жасырмады. Ал төре тұқымдары дегендеріне жетіп, істі аяғына жеткізсе, Меркі ауданының тоқсан жылдығына орай ашылуын жасамақ. Алайда, лентасын қиюға ұяттан қызарған әкімдіктен бірде-бір өкіл келмейтін тәрізді.