Сексен жыл бұрын шабылған бәйтеректер
2018 ж. 30 наурыз
15436
2
Былтыр және биыл «үлкен террор» деп атаған қанды саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толады. Сонымен қатар, Алаш үкіметінің құрылуына, Алаш мемлекеті туының көтерілуіне де, Қазан төңкерісі мен кеңес үкіметінің орналастыруына да бір ғасыр толды. Сталиндік қызыл террор Алаш зиялыларын да, кеңес үкіметін орнатысқандарды да аяған жоқ.
Екі-үш жылдың ішінде қазақтың сорпа бетіне шыққандары қызыл қырғынға ұшырады, көбісі атылды, атылмағандары абақтыда, лагерьде темір тордың ар жағында азап шегіп дүниеден өтті.
«37-ші жыл» деген сөз саяси қуғын-сүргінді білдіретін «тұрақты сөз тіркесіне» айналып кетті. Шәкәрімдей, Жүсіпбек Аймауытовтай Алаш азаматтары одан бұрын атылды, Жақып Ақпаев абақты мен айдаудардан кешіп ауру халде қайтып дүниеден озды, Алаш көсемі ақын Міржақып Дулатов 1935 жылы лагерьде қайтыс болды, ал қалғандарының көбі 1937 жылы қамалды. Кейбіреулері саяси қуғын-сүргіннің бірінші толқыны кезінде ұлтшыл, алашшыл ретінде сотталып, лагерьлерден бостандыққа шығып, айдаудан қайтып келіп, енді қайтадан тұтқындалды. Сонымен қатар революцияға үлесін қосқан, республиканың басшылығында жүріп коммунистік идеясына бірінші күннен берік болған адамдар да «халық жауларына» айналды. Қысқасы, «байшыл», «ұлтшыл», «пантүрікшіл», «алашшыл», «троцкист», «бухариншыл», «тыңшы (шпион)», «фашист», «Отан сатқыны» деген сияқты нақақтан жала-айып тағылып, қазақтың талай оқығандары, ұлттың мүддесін көздегендері, тілеуін тілегендері құрбан болды.
1938 жылдың ақпан айының 25-і мен 26-і аса қайғылы күндер еді. Бір күнде халқымыз Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтей ақындарынан, Құдайбереген Жұбановтай тілтанушыдан, Санжар Асфендияровтай дәрігерінен, Темірбек Жүргенев, Сейітқали Меңдешевтей мемлекеттік қайраткерлерінен айрылды. Жалпы, Алматыда осыдан сексен жыл бұрын бір күнде отыз тоғыз зиялы атылды.
Бұдан жарты жыл бұрын Мәскеуде Алаштың Әлиханы мен Нығмет Нұрмақов атылды. Жарты жыл кейін Жаһанша Досмұхаметов та құрбан болды. 1937 жылғы желтоқсан айы Мұхаметхан Сейітқұлов, Елдес Омаров, Асылбек Сейітовтің атылуымен басталды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет үш бәйтерек болса, солардың екеуі сұрапыл ақпанның аяғында бір күнде атылса, үшіншісі кейін олардың тағдырын қайталады. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Ораз Жандосов,Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов, Тұрар Рысқұлов... сұм ажал, қанды қуғын-сүргін ешкімді аямады.
Бірақ арыстардың аттары, ақындардың шығармалары, ғалымдардың еңбектері тарихтан өшірілмеді. Боздақтардың есімдері ел есінде.
«Тар заман» фильмінің экрандарға шығуын – ұрпақтардың құрбан болған зиялы ата-бабаларымызға алғыс, тағзым ретінде түсінуге болады.
Асқар Дайырбек
qazaquni.kz