Алаштың алғашқы институтына 100 жыл
2018 ж. 05 қаңтар
3152
1
Жоғары оқу орнының ашылуы – өркениеттіліктің өріне шыққандықтың айшықты бейнесінің бірі. Алаштың арыстары өздеріне мүмкіншілік туғанда қолға алған ең алғашқы шаруаларының бірі де сол болған. Қазақтың оқу-білімге ынтызар жастарының талабын қайтсек тезірек қанағаттандырамыз деген олар қазақтың алғашқы жоғары оқу орнын Ташкент қаласында ашқан...
Патша құлаған тұстағы қазақ қоғамының саяси аренадағы белсенді іс-әрекеті негізінен Ташкент пен Омбы қалаларында, артынан Орынборда өткені мәлім. 1917 жылғы аласапыранда қарапайым халықты қайтсе де өз жағына тарту мақсатымен төңкерісшілер (ағы да, қызылы да) олардың ең зәру мәселелерін шешіп беруге тырысқан. Алаш арыстары да осыны пайдаланып, оқу орындарын ашуды талап еткен. Сондықтан да төңкерістен кейін қазақ даласының жер-жерлерінде оқу орындары ашылды. Мәселен, Омбыда 1918 жылы Колчак өкіметі Алашорданың өтінішімен мұғалімдік курс ашты. Оның алғашқы директоры, ақын Мағжан Жұмабаев болды. Жазушы Сәбит Мұқановтың сол курста оқығаны белгілі. Артынан бұл оқу орны Қызылжарға көшірілді. Қазіргі М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің сүйегі сол оқу орнынан.
Сол секілді Ташкентте қызылдардың қолдауымен Алаш арыстары 1918 жылдың 5 желтоқсанында қазақ балалары үшін өлкелік педагогикалық курстар ашыпты. Оның меңгерушісі И.Тоқтыбаев, мұғалімдері Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Ходжиков, Ф.Құлтасов және Е.Табынбаев болған. Осы тұлғалардың бәрі де артынан алашордашы ретінде Қызыл империяның құрбандығына ұшырады. Курстың меңгерушісі қызылордалық Иса Тоқтыбаев 1933 жылы Мәскеудегі әскери академияда мұғалімдік қызмет атқарып жүрген жерінде ұсталған. Алаш зиялыларын зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелдінің айтуына қарағанда, көп жыл қуғын көрсе де осы кісі әйтеуір ажалдан аман қалыпты (М.Қойгелді, «Айқын» газеті, 31.05.2013 ж). Ақмолалық Хайретдин Болғанбаев та екі рет репрессияға ұшырап, 1937 жылы атылған («Бақ.кз», 26.09.2012 ж., Д.Асауов). Ал басқа ағаларымыз туралы көп жазылғандықтан олардың жарқын есімдерін оқырмандар жақсы біледі ғой деп ойлаймыз.
Біздің қолымызға түскен ташкенттік қазақ зиялылары құрастырған «Первый казахский институт в Ташкенте» деген құжаттар жинағының 15-бетінде келтірілген дерекке қарағанда осы курс алдымен училищеге, артынан институтқа айналған:
«1. Постановлением Мусульманского комитета от 7-15 октября 1918 года, утвержденным Советом Народного Образования 20 октября 1918 года № 34, при русском Педагогическом училище открыто Киргизское педагогическое отделение. 2. С 1-го июля 1919 года педагогическое отделение выделено в самостоятельное педагогическое училище, которое с 1-го октября 1920 года реорганизовано в Краевой Киргизский Институт Просвещения с 4-мя основными, 3-мя подготовительными классами и Образцовой школой при нем» (ЦГА РУз, ф.372, оп.1, д.60, л.5). Тағы бір құжатта онда кімдердің сабақ бергеніне дейін көрсетілген.
Құжаттың атауы: «Краткие сведения о возникновении Казинпроса в Ташкенте». «В нем преподавали: М.Тынышпаев, Х.Досмухамедов, С.Ходжанов, И.Тохтыбаев, М.Жумабаев, К.Жаленов, Х.Болганбаев, К.Ходжиков, Ф.Култасов, Е.Табынбаев, С.Утегенов, А.Байтурсынов, Ж.Аймауытов, Д.Адилов, Д.Сарсенов и др». Осы институт 1928 жылы Алматыға көшірілген ҚазПИ. Көріп отырғанымыздай Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтан басқа Алаштың арыстары төрт көзі түгел осы институтқа сабақ берген екен.
Әрине, алашордашы ағаларымыздың аттарын атаудың өзі айыпқа бұйырылып тұрған замандарда ҚазПИ-ді олардың ашып, сабақ бергенін айту мүмкін емес еді. Сондықтан, ҚазПИ-дің тарихын 1928 жылдан бастаған ағаларымызға кінә да таға алмаймыз. Бірақ қазір заман басқа, заң басқа ғой. Құдайға шүкір, қазір өз қолымыз өз аузымызға жеткен тәуелсіз елміз. Сондықтан тарихи әділеттілікті орнатып, оқу орнының 1918 жылдан ашылғанын айтатын болсақ, оның қандай айыбы бар?
Әзірге, ҚазҰПУ-дің жасаған «әділеттілігі» сол, оқу орнының тарихы туралы анықтамаға алғашқы ұстаздардың қатарына А.Байтұрсыновтың есімін қосыпты. Ал қалған арыстар қайда сонда? Олардың қандай жазығы бар? Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны туралы негізгі деректерді Ташкент архивінен алып, кітап қылып жариялаған тарих ғылымдарының докторы, 30 жыл бойы Ташкенттің Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетінің деканы болған, профессор Сейдуәлі Тілеуқұлов ақсақал бастаған топ. Олар құрастырған орыс тіліндегі аталмыш жинақта Қазақтың алғашқы жоғары оқу орны 1918 жылы Ташкентте ашылып, 1928 жылы Алматыға көшірілгендігі архивтік құжаттармен тайға таңба басқандай көрсетілген...
Бұл қазіргі айтулы оқу орнымыз – Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университеті. Бірақ жоғарыда айтылғандай, алашордашылардың өздерінен де, істерінен де қашып, оқу орны өзінің құрылған жылын әлі күнге 1928 жыл деп көрсетуде. ҚазҰПУ-дің Ташкент педагогикалық институтының негізінде құрылғаны Қазақ энциклопедиясында да аталып өткен (ҚСЭ., 6 том., 247 б, А-ты, 1975 ж.). Бірақ кейінгі, «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында белгісіз себеппен оқу орнының алғаш рет Ташкентте құрылғаны айтылмаған («Қазақстан» ҰЭ, 1 том, 286 б., А-ты, 1998 ж).
Оқу орны өзінің 75 жылдық, одан 2008 жылы 80 жылдық мерейтойларын да 1928 жылы ашылғандығымен санап, өткізді. Енді биыл, ашылғанына 100 жыл толғалы отырса да 90 жылдығын атап өтпекші. Осының өзі тарихқа да, Алаш арыстары рухының алдында да қиянат.
Аталмыш жинақтан тағы бір маңызды деректер келтіретін болсақ, онда сол кездегі студенттер мен оқытушылардың санына дейін көрсетілген: «Занятия начались с 1 октября 1920 г. (Бұл институт болған уақыты – Ж.С.) Количество учащихся к началу 1920 учебного года –224, к концу 1920 учебного года –202. К началу 1921 учебного года –221, к концу учебного 1921 года –178. Общее количество преподавательского состава 1920 г. 33 человек, 1921г. 33 человек». Сол жылдарда осынша қазақты оқытқан оқу орнын көзге ілмеуге бола ма?
Жинақтың 48-бетінде институт мұғалімдерінің қазақ тілінде жазған ғылыми еңбектері мен авторларының тізімі берілген. Соның ішінде А.Байтұрсыновтың «Қазақ әліппесі», екі бөлімнен тұратын «Қазақ тілінің грамматикасы», М.Дулатовтың «Қазақ хрестоматиясы», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі сөздігі теориясы мен атақты «Педагогикасы» осында жарық көрген. 1925 жылғы 20 мамырдағы бұйрықпен КазИнПрос-тың сол кездегі директоры Сегізбай Айұзынов қызметінен босатылады да, оның орнына Дәлел Сәрсенов тағайындалады.
Осы жылдан Қазақ үкіметі жаңадан қазақ ЖОО ашу мәселесін қолға алады. Оны әуелде политехникалық институт қыламыз деп білікті адамдарға хаттар жазылған (оның мәтіні де осы жинақта), бірақ артынан педагогикалық институт ашуға тоқтаған секілді. 79-бетте осы педагогикалық институт туралы уақытша, ал 83-бетте түпкілікті ереже жарияланған. 1926 жылғы 2 мамырда ҚАКСР Халық комиссарлар кеңесінің отырысында Ташкенттегі КазИнПросты Педагогикалық жоғары оқу орнына айналдыру туралы мәселе қаралады: «Бывший Казинпрос в г.Ташкенте считать преобразованным в ПедВУЗ под названием «Казахский Педагогический Институт» деген қаулы алынады. Және осы қаулыда оның барлық мүлкі жаңа институтқа көшетіні айтылған. 1926 жылғы 13 шілдеде бұрынғы ректор Дәлел Сәрсенов қызметінен босатылып, оның орнына Темірбек Жүргенов тағайындалады. Сөйтіп қазақ жастары арасынан алты жыл бойы мұғалімдер дайындап келген алғашқы ағартушы институт енді педагогикалық оқу орнына айналыпты. 1926 жылғы 29 қазанда институттың ашылу салтанатында Қазақстанның Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов сөйлеген. Оның сөзі профессор Дихан Қамзабеков құрастырған «Смағұл Сәдуақасов» атты қос томдық жинақта жарияланған.
С.Сәдуақасов өз сөзінің бір жерінде: «Я убежден, что будущий историк Казахстана, безусловно посвятит особую главу в своей книге – открытию первого казахского ВУЗ-а» депті. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Тұңғыш қазақ ЖОО-сы Қазақстанның жаңа астанасы Алматыға 1928 жылы көшірілгенде, Ташкенттегі барлық кезеңі ұмытылып, «болашақ тарихшылардың» бәрі оны ауызға да алмайтын болды. Туған жылын да 1928 жыл деп көрсетіп, Алаш арыстары қызмет еткен 10 жыл жадымыздан өшірілді. Өкінішті...
Енді Алаш абыздары ақталған, Тәуелсіз заманда Абай атындағы ҚазҰПУ өзінің шын туған күнін көрсететін уақыт жетті. Әрине, бұл деректен талай тарихшыларымыз хабардар болуы мүмкін. Ташкенттік ғалымдардың жоғарыда аталған жинағын да талайлар білетін болар. Тіпті, өзіміз де дәл осы деректі алғаш рет «Егеменге» 2007 жылы, одан кейін басқа басылымдарда жариялаған едік. Алаш арыстарының еңбектеріне үлкен баға беріліп жатқан кезде олардың тағы бір зор еңбегін ұмытуға болмайды. Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнына 100 жыл толғаны ұлтымыздың мерейі екенін ұмытпайық.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»