Азат Перуашев: Латын қарпіне көшу – Алаш арыстарының да арманы
2017 ж. 01 қараша
2819
10
(Азат Перуашевтің Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты халықаралық - ғылыми – теориялық конференциясында сөйлеген сөзі)
Құрметті конференцияға қатысушылар, ханымдар мен мырзалар!
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап көрсете отырып, алдымызға келесі міндетті қойды: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Менімше, рухани жаңғыру дегенімізге – Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі істерін көпке дәріптеуде кіреді.
Халқымыздың ұлттық кодының бір тармағы осы – Алаш құндылығында жатыр.
Ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш қозғалысының ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерттеу, мағынасын ашып көрсету, оны ел игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін қымбат құндылық.
«Ақ жол» партиясы осыдан бес жыл бұрын «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын жариялаған еді.
Содан соң байқау жыл сайын өтіп, партиямыздың дәстүріне айналды.
Сол байқаудың бір номинациясы «Алаш қайраткерлерінің жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» деп аталған.
Яғни, «рухани жаңғыру» деген бүгінгі қоғамдағы жиі пайдаланатын сөзді біздің партия көптен бері қолданып келеді.
Партиямыздың саяси бағдарламасымен бірге, Алаш ұстанымдарын насихаттау бағдарламасы бар, сол да табандылықпен іске асыруда.
Сондай-ақ, Алаш идеясын қолдап, біз осыдан бес жыл бұрын Парламент мінберінен тұңғыш рет Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртып, депутаттық сауалдар жолдап, Үкіметтің назарына бірқатар ұсыныс жасағанбыз.
Жалпы идеологиямыздың өзегі ретінде алынған осы бағыттағы жұмысымыздың азды-көпті нәтижелерімен Алаш мұрасын зерттеп жүрген алаштанушы-ғалымдар, ізденушілер, жұртшылық өкілдері жақсы таныс.
Оның бәрін тізбектеп, айтпай-ақ қояйын. Кімге болса да бұл бағытта жұмыс әлі жеткілікті, әлі көп.
Мен, біз әлі де Алаш идеяларының әлеуетін толық аша алғанымыз жоқ деп санаймын.
Алаш деген – азаттық үшін құрбандыққа бару, Алаш деген – білім мен намысты халыққа тарату. Алаш деген – көпшілікке прогресшіл жол мен ашық ой-сананы таныту, Алаш деген – ұлтжанды болу.
Бізге әлі де Алаш идеясын біржолата жоюды көздеген кеңестік, отаршылық жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға көп күш жұмсауға тура келеді.
Біздің ойымызша, дәл осы мақсатпен күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөнінде айрықша тарихи маңызы бар Жарлығына қол қойды.
Мен шын жүректен баршамызды осы тарихи мағынасы бар Елбасымыздын шешімімен құттықтаймын!
Латын қаріпіне көшу деген - отаршылық психологиядан азат санаға, еркін ойға көшу, азаматтық ерлік. Латын қарпіне көшу- Алаш арыстарының да арманы! 1926 жылы Баку қаласында өткен түркі халықтарының латын қарпіне өту жөніндегі конференциясына Алаш жетекшілерінің де қатысқаны белгілі. Ал, сол кездегі әліпбиді жасауға Халел Досмұхаметұлы, Қошке Кемеңгеров секілді алаш өкілдері атсалысты.
Осы өркениетті таңдау жас ұрпаққа ашық дүниеге ақ жол көрсетіп, еліміздің болашағын жаңа көкжиекке, жаңа дәуірге шығарады.
Дәл осы мақсатпен бүгінгі конференциямыз да өтуде.
Мен «Ақ жол» партиясы, оның парламенттегі депутаттық фракциясының атынан конференцияны ұйымдастырушы – Қазақ ұлттық университетінің ректорына, ұжымына шын алғыс білдіргім келеді.
Ерекше рақметімді белгілі ғалымдарға, алаштанушыларға, алыстан осы Алаш тақырыбына қызығушылық танытып келген шетелдік қонақтарымызға айтамын.
Конференциямыздың жұмысы жемісті, жастарға өнеге болсын!
Алаштың аты еліміздің көк аспанында Темірқазықтай мәңгі жарқырап тұрсын.
"Қазақ үні" ұлттық порталы