Алашордашы Темірболат Телжанов туралы не білеміз?
2017 ж. 25 шілде
4284
1
Алаш қайраткерінің шығу тегі. Қазақ тарихындағы ең жарқын әрі көрнекті қоғам және мемлекеттік қайраткерлерінің бірі – Темірболат Мұхамеджанұлы Телжанов. Алғашқы жылдары большевиктер жағында болған ол біршама уақыт Ақмолада қызмет істеді, ХХ ғ. 20-жж. басында Ақмола уезіндегі аштыққа қарсы күреске қамтылды.
Ол белгілі отбасыдан шыққан: керей руының бұрас-құрман бөлімінен тарайтын белгілі Телжан болыстың немересі. Жергілікті қариялардың арасында осы бір құрметті адам туралы естеліктер әлі күнге дейін сақталған. Арабша сауатты болған Телжан болыс 1906 жылы Ақмола облысы аумағында алғашқы екі жылдық орыс-қазақ мектептері ашыла бастаған кезде алғашқылардың бірі болып Ақмола әскери губернаторына өтініш беріп, өз ауылдастары үшін де осындай бір мектеп ашуды сұраған. Осы мақсатқа өзінің жақсы үйін тегін ұсынған.
Мұхамеджанның ұлы Темірболат 1906 жылы дүниеге келген Жамал есімді сұлу қызға үйленген еді. Қалыңдығы Ақмола облысы Омбы уезі Покров болысының «мыңды айдаған» атақты байы Ташанұлы Жақыптың қызы болатын. Оның екі туған ағасы Хамит пен Қазкен өз еріктерімен майданға аттанып ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен. Ал өмір бойы колхозда ұста болып істеген және ауыл молдасы қызметін құпия атқарған, қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарына және соғыста қаза тапқан ауылдастарына Құран бағыштап жүретін үлкен ағасы Ғабдолла 1965 жылы қайтыс болған. Жамалдың барлық дерлік үлкен буын туыстары жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған немесе майданда қаза тапқан.
Темірболаттың жұбайының Омбы облысы, Таврия ауданы, Пристанский совхозының аумағында орналасқан Байдалин (Байтұяқ) деп аталатын туған ауылы бүгін де бар. Бір қызығы, ол туып-өскен үй де сақталған. 1983 жылы осы жерлерде Темірболат пен Жамалдың ұлы – Қазақстан мен одан тысқары өңірлерде белгілі суретші Қанапия болып қайтқан. Анасының ауылы жөнінде
ұлы былай деп еске түсіреді: «Есімде, бала күнімде атам мені үш ат жегілген ашық жеңіл қорапты арбамен Телжан ауылынан Омбы облысындағы анамның Байтұяқ ауылына қыдыртып жиі апаратын. Менің есімде далалық шөптердің, жусандар мен гүлдердің саф иісі аңқыған кең дала, ескі мазарлар, Батыс Сібір қазақтарының ескерткіштері сақталып қалыпты».
Қоғамдық-саяси қызметі. Темірболат 1898 жылы Омбы қаласының іргесінде, Қаныкей деген жерде дүниеге келген. Жас шағынан бастап Омбы-Ертіс бойы қазақ қауымдарының қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласты. Бастапқыда, барлық жергілікті сауатты тұрғындар қатарында ол да Ақмола облысы аумағындағы демократиялық Алаш қозғалысының жұмыстарына қатысты. Алаш қозғалысы кеңес өкіметінен саяси амнистия алғаннан соң ол кеңестік-партиялық органдарға жұмысқа қабылданды. 1919 жылы 21 жасында большевиктер партиясына өтті. 1919-1921 жж. аралығында жастығына қарамастан Б(б)КП Сібір бюросының ресми органы «Кедей сөзі» газетінің редакциялық алқасына мүше болып сайланды. Бұл туралы белгілі кеңестік зерттеуші В. Познанский: «Р(б)КП ОК Сіббюросы (Сібір бюросы – авт.) «Кедей сөзі» газетінің редакциялық алқасын құру жөнінде мәселені шешу үстінде көрнекті коммунистер өз ұйымдарынан Г. Тоғжановпен, Сібір облыстық татар-қазақ бюросынан Т. Телжановпен қатар Р(б)КП партияда жоқ белгілі қазақ ағартушысы Мағжан Жұмабаевты енгізді. Сібревкомның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабаев Г. Тоғжановпен, Т. Телжановпен, Б. Айбасовпен, Серкебаевпен, Қ. Кемеңгеровпен, Фазыловпен, М. Сейітовпен және Қ. Кәкеновпен бірге Омбыда халықты Қырғыз (қазақ – авт.) Республикасы туралы кеңінен хабарландыру үшін әдеби топ құрды», – деп жазды. Темірболат жаңа мектептер ашу қажеттілігі, қазақ балаларының жоғарғы оқу орындарына түсуі, өлке тарихын белсенді зерттеу, үйлену және жерлеу ғұрыптарының кейбір ескірген тұстарын жою, жергілікті мал тұқымдарын жақсарту жөнінде көптеген публицистикалық мақалалардың авторы болды. Газетті аптасына бір рет шығару көзделген болатын, бірақ іс жүзінде ол айына бір рет шығып отырды. Бұл газетте атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы беттеуші болып істеген еді.
1921 жылы Темірболат Омбы губерниялық атқару комитеті Президиумының мүшесі, Сібревком жанындағы ҚАКСР өкілдігінің баспасөз органы «Бостандық туы» газетінің редакторы болды. 1922 жылы ол ҚазАКСР ОАК-і екінші шақырылымының мүшесі, сол жылы өлкенің беделді және бұқаралық басылымы «Еңбекші қазақ» газетінің алғашқы ұйымдастырушыларының және бас редакторларының бірі болады.
1921-1922 жж. Қазақстандағы жаппай ашаршылық кезінде аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету ісінің төтенше уәкілі болып тағайындалады. Астана қалалық Мемлекеттік архивінде Темірболаттың Ақмола уезі аумағындағы аштық ошақтары мен оның салдарларын жоюға қатысқаны туралы құнды деректер сақталған.
1923-1924 жж. оны Ақмола губерниялық сотының мүшесі етіп
тағайындайды, ол сонымен бірге Б(б)КП Сібір бюросы жанындағы Сібір облыстық қырғыз-татар бюросы жанындағы Сібір жастары арасында комсомолдық саяси жетекшісі және ұйымдастырушысына айналады.
Омбыдағы қазақ жерлестігі. Темірболат Омбы жеріндегі қазақ студенттік жерлестігінің жұмысына бел шеше араласты, бұл ұйым осы күндерге дейін жұмыс істейді. Облыс аумағынан және өлкенің сырт аймақтарынан келген студенттерге Омбыда бейімделулеріне көмектесті. Оқушы жастар арасындағы қоғамдық мәні бар іс-шараларға қатысты. Қазақстанның белгілі суретшілерінің бірі Әубәкір Исмаилов еске түсіргендей (материалдар Қ.Т. Телжановтың жеке архивінен – З.Қ.): «Омбыда, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Омбы өзенінің арғы жағында бұрыннан қазақтар тұратын. Бұл бөлікті ел арасында «Қаржас» деп атайтын. ХІХ ғасырда Омбы қазақ жастары білім алған мәдени орталыққа айналды. 20-жылдары белгілі әрі құрметті тұрғындардың бірі Темірболат Телжанов болып табылды. Ол студенттерге көп көмектесетін, біз мен, Әубәкір Исмаилов, Қосшыбаев Мәлік, Сәрсенбаев Сәрсенбай Врубель атындағы Омбы Көркем техникалық училищесінде Көркемдік жоғарғы оқу орындарына дайындық курстарына оқып жүрдік. Ол бізге бояулар, тушь, кенеп табуға көмектесетін. 1928 жылы 2 мамырда Халтурин атындағы клубта қазақ студенттерінің кеші өтті. Оның қарсаңында біз Қостыбаев Мәлік екеуміз Темірболат Телжановтың көмегімен афишаларды жазып (араб әрпімен) желімдедік. Кеште Темірболат Телжановтың досы Смағұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов болды. Концерт болып өтті, онда Мағжан Жұмабаев өз өлеңдерін оқыды; әйгілі әнші Қали Байжанов Т. Телжановтың өтінішімен Шоқпайдың «Екі жирен» әнінің нұсқасын, «Арман» әндерін орындады. Осы концертте мен «Қара жорғаны» биледім. Залда пленэрлық жұмыстардан көрме өткізілді. Темірболат Телжанов біздің жұмыстарымызды мұқият қарады, одан соң бізбен әңгімелесті. Себебі біздің жұмыстарымыз оған өте ұнаған болатын. Ол менің ұлым бар, ол өскенде оны міндетті түрде суретшіге оқытатын боламын», – деді. 9 мамырда Қаржас ауданында үлкен Мешітке жақын жерде халық сайрандары болып өтті. Онда сол кездегі белгілі жырау Ақтай Маманов «Қозы Көрпеш», «Еңлік Кебек» жырларын айтты. Осы бас қосуда Темірболат Телжанов қазақ студенттеріне көмекке қаржы жинады. Маусым басында Петропавлда үлкен концерт болды, оны ұйымдастыруға Т. Телжанов атсалысты... Сахнада атақты әнші Үкілі Ыбырай, жыршылар, хор, бишілер өнер көрсетті. Осыдан соң біз Т. Телжановпен кездестік, мен өзімнің жылжымалы көрмеге қатысқым келетінімді айттым. Ол журналист Серкебаевпен бірге маған көмектесті».
Темірболаттың аумақтық межелеу комиссиясына қатысуы. Өз халқының нағыз патриоты ретінде ол Сібревком жанындағы Сібір өлкесі мен ҚАКСР шекараларының орналастырылуы бойынша республикалық комиссияға еніп, тарихи әділеттік үшін Омбы мен Омбы уезін қазақ автономиясының құрамына енгізу жөнінде қатаң позиция ұстанды. 1893 жылға дейін бұл уездің аумағын жүз пайыз қазақтар қоныстанған болатын, тек
Омбы қаласы мен Пресногорьковская және Ертіс казак шептерінің бөліктері оған енген жоқ. Сібревком жанындағы Қырғыз АКСР Өкілеттігінде ол Т. Тоғжановпен бірге партиялық бақылау жұмыстарына жауапты болды. Мысалы, ол Петропавлда «мұсылман-дәрігерлер» шығаратын орта медициналық мектептің ашылуына түрткі болды, онда 60 адамға квота қойылса, олардың 40 орыны қазақтарға, 20 татарларға берілуі тиіс болды. Ол сонымен қатар, Қазақ Республикасы туралы ақпарларды кеңінен насихаттау үшін құрылған Әдебиет алқасының жұмысына белсене қатысты.
Алайда өкінішке орай, 20-жж. соңына қарай ұжымдастыру саясаты басталар алдында Т. Телжанов басқа да Алаш қайраткерлерімен бірге келіссөздер процессінен алынды. 1930 жылы уездің ең құнарлы солтүстік-шығыс бөлігі Омбы губерниясының құрамына біржолата өтіп кетті.
Орынбор мен Ленинградта оқыған жылдары. Көп ұзамай білім алуға деген үлкен құштарлық оны Орынборға жұмысшы факультетіне алып келді. Бұл оқу орнын ол 1924 жылы үздік бітірді. 1925 жылы Ленинград политехникалық институтының экономикалық факультетіне түсті. Осы оқу орны қабырғасында ол Қазақстан мен Ресейдің әр облысынан келген 250-дей қазақтың жерлестер жұмыстарына бел шеше кірісті. Телжанов үйірмелер басқарды, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша дәрістер оқыды. Осымен қатар түрде Шығыс халықтары мәдениет үйінде жұмыс істеді, Ленинград көркемөнер техникумында қоғамдық пәндер бойынша оқытушылық қызметпен шұғылданды.
Ленинградта ол қазақ халқының көрнекті өкілдері М. Әуезовпен, Ә. Марғұланмен, С. Мұқановпен және көптеген тұлғалармен жақын араласты, Омбыдағы сияқты қазақ жерлестігі ұйымының құрушысы болды. Бұл жөнінде белгілі қазақ жазушысы С. Мұқанов былай еске алады: «Ленинградта жақсы дәстүр болатын: әралуан өлкелер мен одақтас республикалардан келген студенттер жерлестіктер ұйымдастырды. Мұндай жерлестікті қазақ студенттері де ұйымдастырды... Қазақ жерлестігі ол кезде 250-ге жуық адамнан тұрды. Оның төрағасы Политехникалық институттың студенті Темірболат Телжанов, хатшысы Энергетикалық институттың студенті Ыбрай Тәжиев болды. Темірболат Телжановқа мен пәтер мәселесі бойынша кеңесуге келдім. Темірболат сол күні-ақ мені орналастырды».
Мемлекеттік және оқытушылық қызметі. 1929-1930 жж. оқумен бірге жемісті түрде аға экономист, ҚАКСР Сауда Халық комиссариаты экспорттық-импорттық Басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Осы кезеңде ол колхоздық құрылыста да, егін салу науқанына да қатысуға уақыт тапты. 1931 жылы Алматы ауылшаруашылық институтында саяси экономия кафедрасының меңгерушісі, доцент болып еңбек етті. 1931 мен 1934 жылдар аралығында Ресейде оқытушылық және әкімшілік қызметтерде болды: Енукидзе атындағы Ленинград Шығыс институтында саяси экономия кафедрасында доцент, Мәскеуде Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі және директор орынбасары қызметтерін атқарды. Көп ұзамай оны марксизм-ленинизм университеті директорының орынбасары лауазымына қойды. Бұл
оның ұйымдастырушылық қабілеттері мен тәжірибелі оқытушы әрі іскер жетекші сипаттарының анық мойындалуы болатын.
Темірболат Телжанов КСРО-ң барлық дерлік түркі тілдерін білетін, сонымен қатар орыс, неміс және түрік тілдерін де меңгерді. 1934 жылы 21 қазанда ҚазКСР компартиясының бірінші хатшысы Л. Мирзоянның қатысуымен өткен жиналыста, құпия дауыс беру барысында мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры етіп сайланды. Ал 1935 жылдың 16 қараша күні өткен Б(б)КП Өлкелік комитетінің бюро мәжілісінде ол Л. Мирзоян атындағы ауылшаруашылығы институтына оқытушылық қызметке жіберілді.
Т. Телжановтың мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі өткен ғасырдың 20-30 жж. көптеген көрнекті зиялы қауым қайраткерлері ортасында өтті.
Т. Телжановтың саяси қуғындалуы және оның отбасының тағдыры. Жаппай қуғын-сүргіндер науқаны жақындап келе жатты. Олар Темірболат Мұхамеджанұлын да айналып өтпеді: 1936 жылы 6 қаңтарда Алматы қалалық партия комитеті оны өзінің әлеуметтік шығу тегін жасырғаны үшін, контрреволюциялық алашордалық ұйымға қатысқаны үшін деген желеулермен партия қатарынан шығарды. Осыдан соң 1937 жылы 4 қарашада ол тұтқындалды. Ленинград облысы бойынша ІІХҚБ (УНКВД) үштігінің 1938 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен ол жазаның жоғарғы түріне – ату жазасына кесілді.
Оның отбасын да тағдыр соққылары күтіп тұрған еді. Ол ұсталған соң отбасы Ленинградта қалған болатын. Жұбайы Жамал балалары Қанапия және Айшамен бұрынғыдай оның ата-анасымен бірге тұратын. 1941 жылдың күзінде Қанапияны басқа да мектеп оқушыларымен бірге Ленинградтан Киров облысы Колково селосына жер аударады. Бұл жөнінде өз естеліктерінде Қ.Т. Телжанов былай деп еске алады: «Арқамдағы дорбаммен үшінші қабаттан түсіп келе жатып, есіктің сыртында үнсіз күйде мені шығарып салып тұрған анама бұрылып қарағанымда мен оны енді қайтып көрмейтінімді түсіндім». Ленинград блокадасында қоршауда қалған кезде Жамал басқа да жүздеген мың қалалықтар сияқты аштықтан өлді, ал Айша А.Я. Ваганова атындағы белгілі Ленинград хореографиялық училищесінің оқушыларымен бірге Молотов қаласына жіберілді.
1942 жылы 5 сәуірде Қанапия Телжанов анасының өлімі туралы қайғылы хабар алады, Ленинград қоршауында қайтыс болған анасы небәрі 36 жаста еді. Қанапия екі мәрте Ленинград балалар үйлерінің жасөспірімдерінен қарсыласу жасағын құрады. Алдарына қоршаудағы қалаға жетіп, оны қорғауға қатысу мақсаттарын қояды. Бірақ жақын бекеттерде мұндай «қорғаушыларды» пойыздардан түсіріп қайтадан Кировқа жіберіп отыратын. Осы жағдайларда, оған Ленинград түбінде соғысуға рұқсат етпеген соң ол Алматыға қайтуды да ойлайды. Бірақ әрбір өтінішіне бас тартқан жауап алып отырады. Осындай қиын кездерде, 1942 жылдың суық қысында ол Русаново селосынан жаяу шығып, қалың қарда 20 шақырым астам жол жүріп Халтурин аудан орталығына жетеді. Осы жерде милиция бастығымен кездесіп, оның
сендіре айтылған уәждерінен соң жергілікті басшылық оған облыс аумағынан шығуға рұқсат береді. Қайтар жолда ол аш қасқырлармен бетпе-бет кездесіп те қалады. Бұл туралы Қанапия «Қазақтардың арғы ата-бабалары қасқырдан жаратылған деген біздің аңыз-әңгімелеріміз рас болар», – деп еске түсіреді, бір-бірлеріне тура қараған қасқырлар мен олардың «туысы» Қанапия ешқандай оқиғасыз өз жолдарымен кетеді. Осылайша, болашақ суретші 15 жасынан өз бетінше өмірін бастайды: Киров облысынан асқан қиындықтармен Алматыға жетеді. Оны бірден Алматы көркемдік училищесінің екінші курсына оқуға алады. 1947 жылы ол оқуды табысты бітіріп, КСРО Өнер Академиясының И.Е. Репин атындағы Ленинград сурет салу, мүсін өнері және архитектура институтының сурет өнері факультетіне түседі. 1953 жылы диплом жұмысын жемісті қорғап, Қазақстан астанасына оралады және Өнер училищесінің жоғарғы курстарына бірден дәріс бере бастайды. Заңсыз қуғындалған әкесі Темірболаттың, атасы Мұхамеджанның құрметтеріне лайықты өз балаларын дүниеге әкеледі, оларға тамаша білім мен тәрбие береді.
Т. Телжановтың ақталуы. Ленинград әскери округі трибуналының 1958 жылғы 28 мамырдағы шешімімен Т. Телжановқа қатысты іс қылмыстық құрамы болмауына байланысты тоқтатылады. Т. Телжановты партиялық ақтау және оны қайтыс болғаннан кейін партия қатарында қалпына келтіру туралы Қазақстан компартиясы Алматы қаласы Советский аудандық комитетінің 1990 жылғы 5 қаңтардағы анықтамасы және Қазақстан компартиясы ОК Бюросының 1989 ж. 29 желтоқсандағы Қаулысы, № 104 хаттамасы бар. Бұл аса үлкен бағаларға түсті. Өз ұлдары өмір бойы «халық жауының балалары» деген таңбамен жүрсе де, Қанапия өзі туралы ойламай әкесінің шынайы есімінің қайтарылуына күш салды. Мысалы, ол қазақтарды ұлтшылдықпен жаппай қаралау әлі де сейілмеген тұста, 1989 жылы 11 қыркүйекте КОКП ОК жанындағы партиялық бақылау комиссиясына, К. Пуго атына былай деп жазды: «Бұл қылмыстар қашан тоқтатылады, жалпы олар – «қылмыскер әкенің балалары» деп аталатын ұлдар мен қыздардың жан-дүниелерін жаралайтын бұл руханиятсыздық тоқтатыла ма! ...Мен бұл қаралауды қабылдай алмаймын және аз өмірім қалса да бұл таңбамен ана дүниеге бара алмаймын. Мен оны қабылдай алмаймын, болашақ буын алдында мұндай жалған қорытындымен келісе алмаймын. Біздің уақыттан соң жаңа буын келеді – жас, бейтаныс буын. Мен бұл жалғанның өз уытымен олардың да саналарын улауына төзе алмаймын. Немерелері мен шөберелеріне өз аталары мен арғы аталарының айтылмай қалған сырлары, ашылмай қалған дарындары үшін, сүрген және олардан тартып алынған өмірлері үшін ұят болмауы тиіс. Олар тұншықтырылған біздің буындай емес, кеудесін кере еркін дем алсын». Осы хаттың оның әкесінің ақталуының бастамасы болып табылғанын мойындау керек.
Қазақ халқының қадірлі ұлы есімізде. Темірболат Телжановтың есімі оның ең лайықты ұлдарының бірі ретінде қазақ халқының жадында мәңгіге сақталады. Қазіргі жастар одан үлгі алуы тиіс, себебі ол сияқтылар өз еліне пайда келтіріп, даңққа бөледі. Үлкен өкінішімізге қарай, қазіргі Қазақстан аумағынан тыс жерде туған қандастарымыздың есімдері ұмытыла бастаған: мысалы, Ресейде қалыптасып кеткен жазылмаған заңдар бойынша олар еске түсірілмейді, ал қазақстандық зертетушілер ресейлік әріптестеріне сеніп оларды мүлдем зерттемейді. Қазақстан Республикасының тысқары аумақтарда дүниеге келген көптеген қазақтардың есімдері өздерінің зерттеушілерін күтуде. Біз Темірболат Мұхамеджанұлы Телжановтың есімімен Қазақстан қалаларының көшелері мен даңғылдары аталады деп сенеміз. Ұрпақтары алғыс сезімімен ескерткіш те орнатар. Ғалымдар оған өз естелік-кітаптарын арнайтын болады. Себебі біздің жас буын олардан үлгі алып өсуі тиіс. Адал. Білімді. Айнымас. Таза. Өз Отаны мен халқын шексіз сүйген.
Зиябек Қабылдинов,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
qazaquni.kz