"Алашорданың" 100 жылдығын атап өтуге үкімет неге құлықсыз?
2017 ж. 16 маусым
4704
4
Биылғы жыл қазақ елі үшін атаулы күндерге толы болды. Жыл бастала салып, әлемдік спорт бәсекесінің жалауын желбіретсек, бүгінде ғалам елдері көз тіккен «ЭКСПО-2017» Көрмесін өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар, еліміз саясаттағы да ықпалы артып, халықаралық келіссөздер, мен конференцияларды ұйымдастырып отырған жайымыз бар. Бірақ бұдан басқа да тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына негіз болған тарихи оқиғаларды естен шығармағанымыз жөн. Тарих сахнасында сонау ХХ ғасырда құрылған «Алашорда» Үкіметіне бүгінде 100 жыл толып отыр. Елдің іргетасын қалап кеткен осы партияның атқарған ісі мен ерен еңбегі елдің есінде ме?
"Алашорда" Үкіметі мен Алаш қозғалысы
Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов бастаған қазақ азаттық қозғалысы басшыларының және саяси ұйымының дұрыстығын өмір ағымының өзі жан-жақты дәлелдеп берді.
Қазақ азаттық қозғалысы көздеген мақсат-мұраттардың жалпы адамзаттық құндылықтар арасында екендігін кейінгі әлемдік тарих көрсетіп отыр. Никарагуа ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Сандино кезінде «біздің қозғалысымызға сырттан таптық мазмұн, сипат беруге ұмтылыстар жасалынды. Біз оған үзілді-кесілді қарсы болдық, өйткені біздің күресіміз антиколониалдық мазмұндағы күрес еді» деп мәлімдеді. Алаш атауындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Сандино жасаған тұжырымға ХХ ғасырдың 20-жылдары келген болатын.
Алаштық ұстанымдағы зиялылар большевиктер ұсынған социализм идеясымен осы жолда белгіленген төтенше өзгерістерді қабылдай алған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының большевиктер идеясын қабылдауға даяр еместігіне байланысты олар ұсынған социализм идеясын «шақырылмаған бөтен қонақ» деп атады.
Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш идеясы: бір ғасыр өткен соң» мақаласында айтылғандай: "Большевиктер ұйымдастырған 1917 жылғы социалистік революция мен одан кейінгі өзгерістерге байланысты бұл айтылған ойлар, әрине, жаңа қоғам құру ісіне белсенді түрде атсалысқан аға буынның жасампаз еңбегін жоққа шығарғандық емес. Қарапайым халық, оның озық туған ұлдары мен қыздары үшін социализм идеясы, Тұрар Рысқұлов дәл атап көрсеткеніндей, түпкілікті жалғыз мұрат емес, қоғамдық өмірді жағымды мағынада өзгертудің құралы есебінде жүрді. Осы тұрғыдан аға буынның қажырлы еңбегі өз нәтижесін бергендігі анық. Олардың түрлі ауыртпалықтарға қарамастан, атқарған мақсаттық қызметі мен еңбегінің ең басты нәтижелерінің бірі – бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз".
Алаштың 100 жылдық мерейтойы
«ЭКСПО» деп «есіміз ауып» жүргенде осы айтулы мерейтой сәл көлеңкеде қалып қойған секілді. Ақталу үшін БАҚ-тан да, биліктен де кінә іздедік. Бірақ осы уақытқа дейін бұл күннің маңызы мен Алашорданың айтулы датасы халықтың санасына сіңе қоймаған секілді.
Өткен жылдың қазан айында «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаттары Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, «қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды» сұраған болатын. Сәйкесінше, примьер-министр депутаттардың ұсынысын қабыл алып: «2017 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар жалпыхалықтық тарихи мәні бар аталған оқиғаның 100 жылдығы аясында республикалық деңгейде бірқатар мерейтойлық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2017 жылы Алаш партиясының құрылуының 100 жыл толуы аясында іс-шаралар кешенін өткізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды» деген еді. Енді осы уәде етілген шаралар қаншалықты деңгейде жүзеге асуда және қандай жұмыстар атқарылды немесе атқарылып жатыр. Бір шолып өтейік...
1. «Ақ жол» партиясы «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» атты халықаралық мүшәйра жариялап отыр.
Мүшәйраның мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің негізі болып табылатын алғашққы заманауи саяси Алаш партиясы мен «Алашорда» үкіметінің арыстарына тарихи баға беру; жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулитын Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын Қазақ тарихындағы қалдырған ізі зор қайраткер тұлғалардың ерен еңбектерін жырлау; рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау.
2. «Алашорда» қоғамдық қоры ұйытқы болған Алаш автономиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның ғылыми зерттеулері мен шығармаларының бірінші толықтырылған 15 томдық монографиясының үшінші кітабы жарыққа шықты.
Соның аясында Өзбекстан, Түркия, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Қытайдан ғалымдар келіп қатысқан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде халықаралық конференция өткен болатын. Бірақ бұл кітап жеке кәсіпкердің қолдауымен 500 дана болып қана басылды. Үкіметтен қолдау болмағандықтан, ғылыми еңбекті басқа тілдерге аударып, әлемге таныту мүмкін болмай отыр.
3. «Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы» әдеби шығармашылық бәйгесі.
Республикалық патриоттық, әдеби-танымдық «Ұлт болмысы» журналы мен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы бірлесе отырып, Алашорданың құрылғанына 100 жыл толуына орай поэзия, проза, журналистика және драматургия салалары бойынша дәстүрлі «Ұлт болмысы әдеби сыйлығы» байқауын жариялап отыр.
Бұл жобалар жеке ұйымдар мен азаматтардың бастамасымен жасалған болатын. Ал республикалық деңгейде тікелей үкіметтің, министрліктің тарапынан өткізіліп жатқан шаралардың есебі облыстық, қалалық, университеттік деңгейдегі ірілі-ұсақты конференциялар, ғылыми, мәдени шаралармен шектеліп қалған.
Жоғарыда көрсетілген Бақытжан Сағынтаевтың хатындағы уәде етілген дүниелердің іске асырылғандары жоқтың қасы. Бірақ, үкімет министрлікке тапсырып, арнайы жоспар құрылып, жұмыстар атқарылған еді. Нәтижесінде – облыстарға, аймақтарға, оқу орындарына сілтеп қана отыр.
2015-2016 жылдары ұлт жанашырлары арнайы 60 баптан тұратын, «Алашорданың» 100 жылдығына және де Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған жобалар мен шаралардың тізімін, жоспарын арнайы құжат ретінде биліктің құзырына ұсынған болатын. Ол ұсыныстардың ішінде:
Қарағанды облысындағы ауданға алаш арысы Әлихан Бөкейханның атын беріп, ескерткішін орнату;
Астана қаласында Халықаралық көрме аясында ел тарихынан сыр шертетін «Алаш аллеясын» салу;
Алматы және Астана қалаларындағы аграрлық университеттерге алаш қайраткерлерінің атын беру;
2016 жылды – «Әлихан жылы» деп атау;
Биылғы 2017 жылды Алашорданың 100 жылдық мерейтойына орай «Алашорда жылы» деп атау;
Мемлекеттің қолдауымен Алашорда тарихынан сыр шертетін ғылыми монографияларды жарыққа шығару секілді т.б. шаралар қарастырылған екен. Расында, шынайы ұйымдастырылғандарынан гөрі «қағаз жүзінде» болып жатқандарының көп екенін байқап отырмыз.
Бұл ел тарихына селқос қарау ма, әлде «қаржы бөлінбеді» деген сылтаудың ақиқатқа айналғаны ма?
Әзірбайжан мен Украинада Алашорда секілді елдің іргетасын қалап кеткен тарихи партия мен мемлекеттік ұйымдардың мерейтойын жалпы ұлттық деңгейде атап өтіп жатқанда, біздің атқарылған шараларды іздеп отырғанымыз да ыңғайсыз екен...