Тұрсын ЖҰРТБАЙ: МЕНІҢ БҮКІЛ ЖАН-ДҮНИЕМ ПОЭЗИЯДАН ТҰРАДЫ
2016 ж. 20 қараша
11805
4
Қазақтың қабырғалы қаламгері Тұрсын Жұртбайдың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Бар ғұмырын ұлт тарихын зерделеп, өскелең ұрпақтың өзегіне сіңіруге арнаған ғалымның еңбектері ел ішінде үлкен сұранысқа ие. «Ұраным - Алаш», «Бесігіңді түзе», «Дулыға» секілді терең танымдық кітаптардың авторы бүгінде ақсақал жасына келсе де, Астанадағы «Отырар кітапханасы» секілді үлкен ғылым ордасын басқарып отыр. Ұдайы іс-сапарда, онан қалса жұмысынан қолы босамайтын Тұрсын Құдакелдіұлы көңіл-қошы болмаса онша-мұнша әңгімеге ашыла қоймайтын жан.
Астананың ақшамында ағамен жолығудың сәті түсіп, алып-ұшып үйіне бара қалғаным. Үйіне жете бергенім сол, тоғыз қабатты тұрғын үйдің ауласында шылымын шегіп, терең ойға батқан Тұрсын ағаны көрдім.
- Аға, ассалаумағалекум!
- Уағалекум... Әй, бауырым, жүр екеуміз аздап серуендеп қайтайықшы. Бүгін өзі сыртқа шықпадым. Сен бүгінге үшінші адамсың сұхбат алуға кеп тұрған.
Ерте көктемнің ызғарлы желіне қарамастан кешкі шамдары жарқ-жұрқ жанған Астананың көшелерінде біраз серуендеп, әрқилы әңгіме, тәрбиелі һәм тағылымды сөз тыңдап, тарих пен әдебиет қайнарынан сусындап қайттым.
- Сен қай жақтың баласысың?
- Өскеменненмін. Ұлан ауданы, Жоғарғы Тайынты ауылынанмын.
- Елің кім?
- Көкжарлы, Өтеміс...
- Өй, сен дәл келдің ғой. Кімге айтсам деп жүр едім. Көкжарлы Көкжал Барақтың Ұлытауда мекендеген жерін таптым мен. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» үшінші томында жазылған ол туралы. Мен соны таптым. Ұлытауда Барақтыкөл деген болған. Қазір Балықтыкөл деп аталады.
- Ия, аға, білем...
- А-ааа... Жарайсың.
- Өскеменнен бітірдің бе?Ия. Қанипа Бітібаеваның шәкіртімін. (Қанипа Бітібаева – атақты ұстаз. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, автор).
- Оһһ-оооу... Онда мықты екенсің ғой. Менің Өскеменде екі оқырманым бар еді. Бірі осы Қанипа апаң. Әдебиет теориясын, жалпы әдебиетті шашатын жан еді. Кезінде өзімнің «Дулыға» атты кітабымды о кісіге сыйлаған едім. Әлгі кітапты талдағанда, құдай сақтасын. Өзім де байқамаған ойларды шұқып тұрып көрсеткенде, бұл кітапты мен емес сол жазғандай болып көрінуші еді.
- Аға, сіздің сол «Дулығаңыз» менде. Апа кезінде маған сыйлап еді. «Сенде болсын» деп.
- Ммм... Екінші оқырманым – атақты атбегі Бошай Кітапбаев. Айына екі-үш рет телефон шалатын маған. Бір күні «Мен жұмыссыз қалдым» деп звандады. Сондағысы «Оқитын кітабым жоқ» дегені ғой. «Сенің кітаптарыңды үш-төрт рет, сызып отырып оқыдым» деп отыратын. Бірде сапарлатып Өскеменге барғанымда, үйінде қонақта болдым. Кітаптарымның беті, парақтарына қолдың табы әбден сіңген. Бірнеше рет оқығаны көрініп тұрды. Оқырман демекші, бір қызық айтайын. Маңғыстау облысында Бозашы деген ауыл бар. Бірде сол ауылда жазушылармен кездесу өтті. Бардық. Кенжехан Боқаев бар. Ел жиналды. Бірақ, кездесу басталмай жатыр. Жарты сағат өтті. Содан ұйымдастырушыларға барып айттым: «Бастасаңдаршы енді, ана жігіттерге обал ғой» деп. «Ой, аға, қазір бастық келеді. Тоқаң келсін...» деп тұр әлгілер. Жарайды. Тағы жарты сағат өтті. Тағы да барып айттым. «Тоқаң келсін, күте тұрыңыз» дейді. «Ой, Тоқаңдарың кім сонша? Жазушыдан үлкен емес шығар?» десем, «О кісі өзі жазушы» дейді. «Ол кісі жазушы, Тұрсын Жұртбай деген» деп қойып кеп қалды. Ал керек болса. «Тұрсын Жұртбай менмін» десем, сенбейді. Содан куәлігімді көрсеттім. Ұйымдастырушылар аң-таң. «Біз сізді үлкеееен адам деп жүрсек» деп тұр. Ол кезде отыздан асқан кезім еді. Міне, бұл оқырманның талғамы ғой. Қазір осындай талғамды оқырман өте азайып кетті. Бұл үлкен қасірет, - деп біраз ойға шомды жазушы.
- Кезінде Александр Блокпен шығармашылық кездесу кеші өткізіліп, соған небары 4 адам келген екен, - деп мен де әңгіме үшін білген-естігенімді ақтара жөнелдім. – Содан ұлы Блок төрт-ақ адам екен демей, екі сағат соларға өлең оқыған деседі орыс әдебиетін зерттеушілер. Жазушы да өз оқырманына адал болу керек қой.
- Ия... Әй, айтпақшы, сен осы кімнің баласысың?
- ...Әкемнің баласымын, - деп қайырдым сәл ойланып. Мұндай сұрақты естімегелі қашан. Аң-таң боп қалдым.
- Минус төрт саған!
- Неге?
- Атаңның, не жоқ дегенде, әжеңнің баласы болсаң бес болар еді. Онсыз да әкеңнің баласысың ғой. Бәрі әкесі мен шешесінің баласы. Бір қызық айтайын. Баяғыда Еуразия университетінде дәріс оқимын. Алдымда нешетүрлі студенттер отырады. Содан ылғи менің дәрістерімде бір қыз бала ұйқылы-ояу боп, есінеп отырады. Басында үндемей жүрдім. Бір күні сабақтың үстінде қалғып кетті. Жанына бардым да «Кім баласысың?» дедім. Селк ете қалды. Не деп жауап берерін білмей қалған ғой ол да. «Кім баласысың, айтсаншы?»... «Әкемнің...» деді ол да. «Өтірік айтасың, көріп тұрмын. Шыныңды айт...» деп қабағымды түйдім. «Әжемнің баласымын. Әжем қайтыс болып еді» деп боздап кеп жылай салды әлгі бала. Әжесінің қолында өскен екен. Қалаға оқуға келді, ауылдан ақша жібермейді. Содан түнгі клубта даяшы боп қызмет етеді екен. Қайтеді енді... «Маладес, бес саған!» дедім. Кейін тағы бір жігіт оқыды менен. Жүк тасиды екен сабақтан бос уақытта. Ақша табу үшін кейде сабақтан сұранады. Түсінемін, босатамын. Өзімнің де жырғап жүргенім шамалы ол кезде. Жатақханада тұрамын. Бір күні әлгілер кеп үйдің кілтін сұрап алып кетті. Үйге барсам үй жинаулы, дастархан жаюлы дегендей. Кейін білдім. Менің студенттерім өзара кезекшілік құрып, алма-кезек менің жағдайымды ойлап жүреді екен сыртымнын, - деп өткен күндерін ойлап, бір күліп алды Тұрсын аға. Әрине, ұстаздық еткен адам үшін шәкірттерінің өсіп-өнуінен, биікке жетуінен асқан бақыт бар ма? Шәкірттері ұстазын ұдайы алқап жүргені қандай жарасымды жағдай.
- Аға, осы сіз алаштану, әдебиеттану саласының жілігін шаққан адамсыз ғой. Соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түскен бір-екі мәселе бар еді. Солар туралы білсем деп ем. Біріншісі, «Абай жолы» туралы. Өткенде бір алаштанушы ғалым «Абай жолы» - Әлихан Бөкейхановтың идеясымен жазылған» деген пікір айтып қалды...
- Мен бұл туралы хабардармын. Бұл бір араңдатушы пікір деп ойлаймын. Ия, Әлихан – ұлттың көсемі болған. Ия, Әлихан – азаттық идеясының авторы. Ия, Мұхтар Әуезов Әлихан мен Ахметті өзіне рухани ұстаз, рухани көсем, рухани әке тұтқан. Алайда, «Абай жолы» Әлиханның идеясымен жазылды деген сөз не әдебиетті, не Әлиханды, не Мұхтарды сыйламайтын адамның сөзі деп білемін. Ия, Ахаңдар жастарға үміт артып Алаш идеясын ары қарай жалғастыру үшін Мұхтар мен Әлімханға айтқан шығар. Бірақ, Мұхтар Әуезов Абай туралы жазатынын ерте біліп қойған. Себебі, сол заманда Әуезов үшін одан басқа тақырып болған емес. Сол заманда Абайдан өзге тақырып болған жоқ. Сондықтан, мен бұл пікірмен келіспеймін.
- Менің айтып отырғаным, қаншама жас ғалымдар бар. Алаштану саласына, әдебиеттануға енді келген, тіпті әдебиет айналасында жүрген жастар бар... Осындай пікірлерді оқып алғасын олар да ертең сол дұрыс екен деп ойлайды ғой. Жастар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей дал.
- Дұрыс айтасың. Бұл өте үлкен мәселе. Қазіргі жастар сол кездегі шығармалардың қандай идеямен, қандай принциппен жазылғанын білмейді. Әдебиет теориясын былай қоя тұрайық. Сәбит Мұқановтың шығармасын оқымай, білмей жатып Мұқановты қаралайтын жастар пайда болды. Шынын айтайық, қазіргі магистранттар, докторанттар «Абай жолын» оқымай талдайтын болды. Ана сыншы, мына сыншының пікірлерін жинап ала салады. Мен таң қаламын. Әдебиет теориясының барлық талаптарына сай келетін екі шығарма бар, оның бірі «Абай жолы», екінші «Ақбілек». Екеуінде де сюжет, астарлы, үстеме, қосарлы сюжет, түрлі компоненттер тағысын тағы ториялық негіздерге жауап беретін барлық керекті көркемдік құрал бар. Филологияны бітірген жастар осы екеуін білмесе қалай әдебиетші атанады? Көркем шығарманы талдай білмесе ол қандай магистр болады? Осының барлығына тестілеу деген бәле кінәлі. Абайды қанша кеңітсең де 20-30 сұрақ шығады, оның өзін өмірі мен шығармаларына қатысты ғана қоясың. Әдебиет деген талдау, сөйлеу, жазу. Қазіргі докторлардың өзі әдебиетті терең талдайды деп айта алмаймын.
- Әуезов Мәди туралы роман жазсам деген мұратта жүргені туралы сөз рас па?
- Жоқ. Мен толық сеніммен айта аламын. Әуезов Алаш идеясы туралы «Тұман айығады» деген роман жаза бастаған. Оның конспект үзінділері сақталған.
- Алаш демекші. Заманында Ахмет Байтұрсынұлы латын әліпбиіне көшуге қарсы болған деген де дерек бар тарихта. Өзіңіз латын әліпбиіне көшу туралы бастамаға қалай қарайсыз? Бір кездері бір топ зиялы қауым өкілі осыған қарсы болып Ашық хат та жазған еді.
- 1926-27 жылдары Ахмет Байтұрсынұлының латын әліпбиіне қарсы шыққаны рас. Бірақ, мен оның себебін түсіндірейін. Қазақ әліпбиі қай жылдары қалыптасты? 1912-1924 жылдары аралығында. Оғанға дейін қазақ тілінің дыбыстық мүмкіндігін ашатын әліпби болған жоқ. Арабтың әліпбиі 17 қаріптен тұрған. Және сол кезде ұлттық сөйлеу мәнеріне толыққанды сай болған жалғыз әліпби ол Ахметтің құрастырған әліпбиі еді. Енді қадым заманнан жаңа ғана сауаттылыққа көшіп жатқан сол кездері ел, қайтадан латын қаріптеріне көшсе халықтың сауаттылығы не болар еді? Ахаң халықтың жағдайын ойлады. Араб қарпінде сауаттанған елдің жағдайы не болар еді?
- Ал, бүгінгі таңда латын қарпіне көшу қажеттілігі бар ма?
- Бұл өте күрделі әңгіме. Түптің түбінде латын қарпіне көшеміз деп ойлаймын. Ол өте ауыр болады. Бұл ең алдымен орыс алфавитінен құтылуға көмектеседі. Сондықтан, мен оны қолдаймын.
- Әліпби, тіл деп жатырмыз. Қазір сөздің қадірі кеткен-ау деп ойлаймын. Біздер кейде сөздердің мағынасын білмей қолдана береміз. Сөздің, сөз тіркестерінің түпкі мағынасына жетпестен айта береміз. Осы қазақ сөздері мен сөз тіркестерінің мағынасын ашу жөнінде ғылыми негіз болу керек секілді.
- Қазақ сөздерінің түсіндірме сөздігі бар. Онда бар қазақ сөзінің 80 пайызы қамтылған. Бірақ, әлі де қосатын, әлі де зерттейтін дүние бар. Мысалы, мен өткенде Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрінің көз жасы» атты романын оқыдым. Содан өзім үшін 300-дей жаңа сөз аштым. Бұл бір қарағанда менің әредік қолданып жүрген сөздерім болғанымен, түптің түбінде зерделеп мән бермейміз ғой. Қазір сөздік құрам өзгеріп кетті. Енді он-он бес жылдан кейін не болады екен? Қазір тіпті «сөз байласты» дегенді көбі білмейтін. Әсіресе, сөз қолданыс, сөз төркінін білмеушілік деген дерттің әдебиетке, поэзия мен прозаға еніп бара жатуы үлкен қауіп. Жас қаламгерлер сөздің мәнін білмей қолдана беретін болды. Бір қызық мысал айтайын. «Қатын» деген сөз бар. Түріктер, өзбектер, қарақалпақтар бәрі «қатын» деп айтады. Біз ғана «әйел» дейміз. Қатын деген үлкен статус болған. Қатын – ері өлген жағдайда мұрасына ие боп қалатын адам болған. Ал, әйел – ешкім емес. Тіпті, күңнің де мұраға иелік етуге құқы болған. Әйелде болған емес. Әйел деп – босағада, кір жуып жүргендерді айтқан. Ал қазір әйел деп мақтанады, әйел деп табынады. Өзге түркі жұрттарының бәрі қатын деп атайды. Бізден басқа...
- Алашқа қайта оралсақ. Алаштануда әлі ашылмаған тұлғалар көп. Мәселен, Райымжан Мәрсеков. Біздің ғалымдар Әлихан, Ахметті зерттеуден жалықпайды. Алайда, Алаштың өзге қайраткерлері де бар ғой, тіпті аты аталмайтын... Дерек жоқ па, факт жоқ па?
- Мен бұған Жұмахан Күдеринді қосайыншы. Кім ол? Омар Алмасов, Ыбырай Жайнақов, Садық Аманжолов, Садық Өтегенов... Бұлардың бәрі жай тұлғалар емес. Хамит Тоқтамышов. Алаштың алғашқы әскери полкін құрып, Кеңес үкіметіне қарсы күрескен адам. Біздің тұңғыш командиріміз былай айтқанда. Сондықтан, біз қазір бұлардың өмірінен сыр шертетін деректерді хал-қадірімізше жинастырып, елге жеткізудеміз. Оны ары қарай дамытып зерттеу болашақтың үлесінде. Себебі, оған тағы да бір өмір керек.
- Сіз екі өлеңдер жинағының авторысыз. Әдебиеттегі жолыңыз өлеңнен басталды ма?
- Менің бүкіл жан-дүнием поэзиядан тұрады. Менің «Дулыға» болсын, өзге де кітаптарым болсын, астарында поэтикалық қуат жатыр. Маған кез-келген тарихи дерек тек қана дерек күйінде мүлдем қызық емес. Оның астарында ұлттың тағдыры жату керек. Ойлы оқырман өзі түсініп отыр ғой. Менің уақытым аяқталып барады ғой. Жазып кетсем деген дүниелерім бар. Соған қолым тимей жүр. Мен 30 жасыма дейін ғана жазушылықпен айналыстым. Одан кейін ұлттың тарихын зерделеуге бет бұрып кеттім. Тістеніп жұмыс істедік. Менің жазушылық сезімім енді оянған секілді көрінеді кейде. Жазушылық құштарым әлі басылмаған. Құдай қуат берсе, сол ойдағы дүниелерді жазып кетсем арманым жоқ болар еді...
Тұрсын аға сөзін осылай аяқтады. Күйкі тірліктің күйбеңі көп қой. Емін-еркін, арқа-жарқа болып отырып кең көсіліп әңгіме құруға уақыт, шіркін, таршылық етеді. Астарлы әңгімесін тыңдай бергің келеді.
- Әй, қайтатын да уақыт боп қапты ғой. Үйдегі немерелер ат қып мінеді қазір. Тағы сұрағың бар ма?
- Жоқ, аға..., - деп ыңғайсызданып қалдым. Сұрақ көп, әрине. Ағаның уақытын да сыйлау керек.
Ойдағы дүниелерін жазуға Алла көп уақыт берсе екен деп іштей тілеуін тіледім. Аман болсақ, әлі талай сүбелі сұхбат құрармыз...
Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
Ақын, Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері