Шоқайдың қазасын «Түркістанға тәуелсіздік сұраумен» байланыстырады
2016 ж. 29 желтоқсан
3400
2
20-ғасырдың басында совет билігі орнаған тұста эмиграцияға кеткен қазақ саясаткері Мұстафа Шоқайдың қайтыс болғанына бүгін 75 жыл толды.
Мұстафа Шоқай патшалық Ресей тұсында мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарған, кейін Түркістан автономиясының басшысы болған. Ол 1921 жылы Стамбул арқылы Парижге эмиграцияға кетіп, әуелі Францияда, сосын Германияда тұрған. Эмиграцияда жүргенде «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, Совет Одағының саясатын сынаған мақалалар жазған Мұстафа Шоқай 51 жасында – 1941 жылы желтоқсанның 27-сі күні Берлинде қайтыс болған.
Мұстафа Шоқай еңбектерін зерттеп жүрген ғалым, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры, «Мұстафа Шоқай» кітабының авторы Әбдіуақап Қара Азаттыққа берген сұхбатында оның эмиграциядағы еңбектерін айтты.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қара[/caption]Әбдуақап Қара: – Мұстафа Шоқайдың 1921 жылы наурыз айында Тбилисиден кейінгі тоқтаған қаласы Стамбул болатын. Бұл жаққа келісімен ағылшын тіліндегі Times газетіне мақала жазғанын білеміз. Бірақ қолжазба қалды деп айта алмаймын.
Азаттық: – Мұстафа Шоқайдың Стамбулда қалу мақсаты болған ба?
Әбдуақап Қара: – Әрине, болған шығар. Мұстафа елден шыққан кезде «шетелге мүлдем кетемін» деп шықпаған. Ол кісі большевиктердің уақытша билікте болатынына, кейін олар құлатылып, орнына ұлттық күштер келетініне сенген. Сол себепті ол Алаш қозғалысы күйрегеннен кейін бірден шетелге кетіп қалмады. Әуелі Бакуге тоқтады. Онда бір жылға тақау уақыт болып, большевиктерге қарсы күштермен бірге жұмыс жүргізеді. Баку қызылдардың қолына өткеннен кейін Грузия астанасы Тбилисиді паналады. Ол жақта газет шығарып, саяси істермен шұғылданды. Бірақ коммунистер ол жерде де тұрақтатпады. Ақыры Стамбул арқылы Парижден бірақ шықты.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Мұстафа Шоқай жары Мария Шоқаймен бірге. Тбилиси, 5 мамыр 1919 жыл. (Сурет "Алашорда" фотоальбомын алынған).[/caption]Егер бейбіт жағдай болғанда, Стамбулда толық тұрақтап қалуы мүмкін еді. Өйткені аласапыран кезде келді. Ол тұста Түркияның жағдайы ауыр болды. Оның үстіне болшевик төңкерісінен кейін қашқан 100 мыңдаған ақ Стамбулды паналаған болатын. Осындай бір кезге тап болған Мұстафа үй іздеді. Бірақ қымбат болды. Сонымен қатар ол кезде Стамбул жау қолында еді. Осы секілді бірнеше себеп Мұстафаның Стамбулда ұзақ аялдауына мүмкіндік бермеді.
Азаттық: – Бір жазбаңызда «Ножан Түркістанның уақытша астанасы атанды» депсіз. Бұл сөздің не астары бар?
Әбдуақап Қара: – Бұл – сол кездегі ғалымдардың шығарған сөзі. Ножанға (Франциядағы Мұстафа Шоқай тұрған Ножан-сюр-Марн қаласын айтады – ред.) Мұстафаға барамыз дегенді «Түркістанның уақытша астанасына барамыз» деп әспеттеген. Бұл – саяси астармен айтылған нәрсе емес, шартты түрде айтылған сөз. Мұстафаның әңгімесі үнемі тек Түркістанның мәдениеті, тарихы, өркениеті жайында болған. Сол себепті француз ғалымдары ол кісіге көп баратын. Ножанға барып, Мұстафаның үйінде әңгіме-дүкен құрады екен.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Санкт-Петербург Императорлық университеті заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқайдың есеп кітапшасы. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург.[/caption]Әбдуақап Қара: – Бұл кезеңдерден қандай жаңа деректер бар десеңіз, архив деректерінен шығады. Бірақ бұл – детальдар. Алайда басты бір мәселе әлі де көпшілікке жетпей жатыр. Ол – Мұстафа Шоқайдың концлагерьде ешқашан нацистермен істеспегені. Мұны қайталап айтамыз, өйткені бұған әлі де сенетіндер бар. Керек десеңіз, Мұстафа Шоқай оларға қарсы болып: «Мен нацистермен істеспеймін» деп ашып айтқан. Өйткені нацистердің легион құру жобасы болған. Бұл туралы Мұстафа Шоқайға ұсыныс жасалған. Мұстафа Шоқай оларға бір ғана сұрақ қойған: «Сіздер Совет Одағын құлатқаннан кейін Түркістанға тәуелсіздік бересіздер ме?» деп. Бірақ бұл сұраққа нацистер жауап бермеген. Себебі олардың Орта Азия елдеріне тәуелсіздік беру туралы ешқандай ойы болмаған. Керісінше большевиктерден ары қанау жоспары болған. Мұны жақсы білетін Шоқай әдейі сұраған. Сұрағына жауап ала алмаған соң бірге жұмыс істеуден бас тартқан. Мұстафа Шоқайдың ажалы да осы ұсыныстан кейін болған.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Мұстафа Шоқайдың Париж маңындағы мүсіні[/caption]Азаттық: – «Мұстафа Шоқай сүзектен қайтыс болды» деген дерекке күмән келтіріп, «ол қастандықтан көз жұмған» деп болжаған пікірлер де жиі айтылады. Осы уәжге қатысты қандай да бір нақты дәлел таптыңыздар ма?
Әбдуақап Қара: – Бұл болжам ғана. Себебі оны анықтау – тарих ғылымының еншісі емес, медицина саласының құзіретінде.
Азаттық: – Мұстафа Шоқайды шетелдегі қазақтар қалай бағалайды?
Әбдуақап Қара: – Совет Одағы тұсында Мұстафаның атын атауға тыйым салынып тұрған кезде ол кісіні алғаш бағалап, іздеген, жатқан жерін тапқан – Түркия қазақтары.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Түркия қазақтары Мұстафа Шоқайдың Германиядағы зираты басында. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).[/caption]Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
Нұртай Лаханұлы,