ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖӘНЕ БҮГІНГІ ТӘУЕЛСІЗДІК
2016 ж. 01 қараша
4058
0
Абай және Әлихан экономикалық тәуелсіздік мәселесінде
Ұлы Дала кеңістігіне өтіп жатқан уақыт пен тарихи оқиғаларға, сол далада туып өскен ұлт перзенттерінің ақыл-ойына, парасат-пайымына шектеу жоқ. Бастағы сәулелі білім мен дененің қажыр-қайраты барында озық ойлылық танытқан тұлғаның өз дәуірі түгілі, кейінгі жетілген ұрпақ түсініп болмайтын, түсіндіріп тауыса алмайтын қыр-сыры сол өзі туған даланың қалтарыс-бұлтарыстарындай аса күрделі ме дерсіз. Заманнан заман ауысып, ұлы қайраткер қалдырған асыл ұғымдар ұлт дүниесінің кем-кетігін толтыруға жарайды-ақ, ал оны жарататын тетік болса... Алдыңғыдан көрген өнеге, тапқан олжа адамның жан иірімдеріндегі әлдебір нәзік сәулелер арқылы кейінгіге жалғасса, құба-құп. Ұлысы үшін түн ұйықтамай алаң кешкен, күн отырмай орынсыз күлкіден қашқан арыс Әлиханның «өзімдікі дей алмай өз малын», «ұстарасыз аузына мұрты түскен» (Абай) жұртының сол кездегі хал-ахуалын ойлап, қапаға түскені анық. Өзінің тас пен тамырды, тұлпар мен тұғырды айыра алатын, айырып қоймай оның жұрттан озған артық қасиетін жеріне жеткізе мойындатып беретін қабілетінің арқасында қалың алашына танытқан ұлы Абай ағасының тот баспас маржан жырлары мен қарасөздерінен экономикалық көзқарастарды айқындап бағдар тұтты. Қысқасы, Абай сөзі – Әлихан бастаған ұлт зиялыларына шамшырақ, идеяларына тамызық. Әрине, хакім Абайдың өлеңдеріндегі экономикалық тәуелсіздік жайынан зерттеген Тұрсын Жұртбайдың Абайды экономист қылып шығару ойымен келіспеске қақымыз жоқ, қабыспайтын екі саланың – поэзия мен экономиканың, тоғыспайтын екі тұлғаның – экономист пен ақынның қалай тіл табысатыны ғалымның «Күйесің, жүрек...Сүйесің» еңбегінде егжей-тегжейлі жазылды. Һәм мұндағы бір ерекшелік, ортақ тақырып болғанымен, Абайдан кейінгі қазақтың мақтанышы Әлиханның кәсіби мамандығының экономист болуында жатса керек. «Экономикамен поэзия да тоғысады екен. Оны тоғыстырып тұрған «шерлітолқын» – тәуелсіздік», – деп жазады Т. Жұртбай [1, 68]. Ал тәуелсіздік ешкімге экономикалық тәуелділік болмаған жағдайда ғана шын тәуелсіздік болып бағаланады деген зерттеушілер тәпсірі қай кезеңде де өзекті бола береді. Басқаша айтқанда, бір жерге басы қосылмай түрлі-түрлі саланың табан тірейтін тұсы – атыңнан айналайын Азаттық! Ал қасиетті, сол үшін жан беруге тұратын асыл мұра Азаттықты тұншықтырмай айтып қалу – адамның озық ойлысы мен асқан парасаттысына бұйыратын бақ. Сонымен, рухани һәм экономикалық тәуелсіздік тақырыптары ұлы Абай мен Әлиханды қалай байланыстырады? Абай заманы – қазақтың еркін дәурені көзден бұл-бұл ұшып, көңілден сағымдай бұлдырап бара жатқан уақыты. Уысына ұстаған патшалық Ресейдің үстемдігінің шектен тыс артып, уыты көпке жайылған тұсы. Ресей қазақ жері мен халқын басыбайлы иемденуге бірнеше бағытта жойдасыз жоспарлар құрып, сайтани саясатты іске асыра бастады: - аяғы үзеңгіде тұратын көшпелі халықты тегіс аттан түсіру, сөйтіп біржолата жуасыту; - шұрайлы мекен, шүйгін жер мен су, қоғалы көлдерді тартып алып, тұрғылықты елді шөлге ығыстыру, сөйтіп қазақтың жерін империя құрамына бүтіндей кіргізу; - дінім хақ Ислам деп таныған, бір құдайлық ілімге бас қойған көне жұртты өзге дінге күштеу, шоқындыру, сөйтіп имансыздық пен дінсіздікке ұрындыру; - қазаққа салық салып, қатарға жарайтын еркек кіндіктісін тізіп, әскерге алу, бас көтерген халық перзенттерін көгендеу, түрмеге тығу және қуғындау, сөйтіп рухани тәуелсіздікті біржолата тұқырту. Елдің алдындағы малынан ай мен күннің аманында айырылуын, жерден кетіп, шөлге жеткенін, құдайсыздық іліміне шырмалған надан адамдардың кәпір тірлігін, өз маңындағы беткеұстар азаматтардың пұшайман халін өз көзімен көрген Абай: Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, – деп күйзеледі. Экономиканың заттық көрінісі – байлық, кейіпкері – бай. «Байды қадірлейін десең – бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па? Ешбір байдың өз малына еркі өзінде жоқ» деп торығады Абай. Әлденеге алданып, бірдеңеге жұбаныш қылғысы-ақ келеді. Бірақ, ол мүмкін емес. Заманынан мойны озық туған жан ішіне мұң жамап, елінің қайғысына күйініп, қайғыланады. Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап, мал ізде. Адал бол, бай тап, Адам бол, мал тап, – деп үндеген Абай мал, егін, сауда деп байлықты айта отырып, экономикалық терминдерге қатысты өз ойларын білдіріп отырады [2, 52]. Ұлы ақын патшалық Ресей тарапынан жасалған қастандықтарға қоса туған ел-жұртының еңбекке қырсыздығын, жалқаулығы мен мансапқорлығын сынап мінейді. 42-қара сөзінде «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, саудаға салынса, қолы тиер ме еді?!» десе, Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп бос сенделуден, мағынасыз мақсаттан құтылудың бір жолы еңбек, саудалық, білім деп таныған [2, 53]. Ғалым Т. Жұртбай келтірген патша шенеунігі И. Мельниковтың «Қазақтарды Сібір қазақ әскерінің маңынан 10 шақырым (верст) аулақ қоныстандыру үшін оларды көшіру және қора-жай салу үшін 500 сом бөлу туралы» мәлімдемесінде: «...Осы халықтың тағдыры туралы тарих шығарған қатыгез үкімге қарамастан көңілге уайым түсірер бір күдік туралы айтпай кетуге болмайды, қыр жағдайымен етене танысқан соң мұндағы адамның өмірі табиғи ерекшеліктерге бейімделе ала ма деген ой келеді. Бұл арада орыстар тұрақты қоныстана ала ма? Қазақтардың малдарына қолайлы жерлерін алып алған соң олар кедейленіп шыға келеді... ...Қазақ даласындағы экономикалық күйзелістің басты себебі – номадтардың көшпелі тіршілігіндегі дәстүрлі қарым-қатынастың бұзылуы екенін үкімет ескертуі тиіс», – деп үкімге парапар нұсқау жолдайды. Экономикалық күйзелістің басты себебі деп таныған осы оқыс әрі тосын жайт тек экономикалық қана емес, көшпелі өмірдің барлық тіршілігінің күйзелісіне айналды. Демек тұтастай алғанда, бұл дегеніңіз рухани тәуелсіздікті құлдыратудың төте жолы да болып есептеледі. Сөйтіп «Ресей империясы «қазақтарды жер бетінен мүлдем құртып, жойып жіберу» үшін оның ең алдымен дәстүрлі көшпелі экономикалық қарым-қатынасын бұзды. Ал қыр елінің бар тіршілігі соған негізделген болатын. Көшпелі өмір салтына бейімделген күнкөріс қамы – олардың өмір тірлігінің кепілі, ең қасиетті мүддесі, ешқашанда бұзуға болмайтын заңы еді» [3, 72]. Абай заманында басталып, елге зәбірі аяусыз жүргізілген отаршылдық саясатының біз айтқан жоспарлары ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларын тіксіндірмей қойған жоқ. Әлихан бастаған ұлт көсемдері егер қазақтарды үстемдік отырықшылық өмірге жедел көшіретін болса, онда қазақ халқы азабы ауыр ашаршылыққа ұшырайтынын сезіп білді. Сондай-ақ ата-бабадан сақталып, дәстүрге айналған, көшпелілер өміріне тән экономикалық түзілім сақталмаса, онда халық сөзсіз тәуелділікке көшіп, таза шикізаттың құлына айналады. Отырықшылыққа айналған ел тез шоқынуға бейім болады, табиғи қалпынан айырылады деп есептеген. Патша шенеуніктерінің көшпенді қазақ халқын тез арада отырықшы етуге құштарлануының астарында осы шоқындыру жатқан болатын. Алаш ұстанған 5 ұстанымның ең алғашқысы жер мәселесіне келіп тіреледі. «Жер – өмір сүру мәселесінің ең зоры» деп таныған Әлихан Бөкейхан жер мәселесіне келгенде я өмір, я өлім принципін алға тартады. «Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен жер болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей». «Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек [4, 170-178]. Оның бүкіл кешкен ғұмырында тек бір нәрсені, аса киелі дүниені соңына дейін асқан төзімділікпен, ыждағатпен орындады десек, ол – қазақтың жері. Тұтас жердің бөлшектенбей сақталуы, шекараның айқындалуы – ұлы қайраткердің есімін мәңгілік аспандатып тұрады. «...Біздің азиялық шет аймаққа» отырықшыл егіншілік мәдениетін орнықтыру лепірме бос сөздер,өйткені оның айтушы-авторлары әдейі солай дейді. Ол бос сөз – алдау, яғни сортаң, ащы жерлерді қарапайым ғана түрлендіре көбейту арқылы қолайлы, қалыпты жерлерге айналдыру... Қазақ даласының көп ғасырлық тың жерлері тез жыртылады да, егіншілік бастапқыда гүлденгенімен, кейін сынған астау секілді шаңы шыққан жерлерге «ешқандай тамақ болатын шөп шықпайды, сөйтіп алдау ашылады». [5, 443]. Қазақ даласында басы артық жер жоқ екендігін дәлелдеген Әлихан Бөкейхан өңір-өңірден сауал жолдаған ел ағаларына тиісті жауаптарын «Қазақ» газеті арқылы білдіріп отырған.Әлихан Бөкейхан және Шіліктідегі шиеленіс
1896 жылы басталған патша үкіметінің Щербина экспедициясы 1899 жылы шығыстағы Тарбағатай өңіріне де келіп жетеді. Ә. Бөкейхан құрамында бар бұл жоба қазақ даласын зерттеуге шыққан, анығырақ айтқанда Ресей империясының қоныстандыру және экономикалық статистика саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл сапар Әлихан Бөкейхан үшін үлкен тәжірибе болғаны айқын. Шығысқа жеткен экспедиция Ертістің оңтүстігін тұтасымен Тарбағатай, Сауыр, Сайхан тауларының қойнауларын түгелдей картаға түсіріп, нақты көлемін өлшеп шығады. Шілікті алқабында көп аялдап, зерттеу жұмыстарын жан-жақты тиянақтады. Сөйтіп патшалық Ресей мүддесіне қызмет еткен әйгілі экспедицияның қорытынды материалдарының салдарынан орыс көпестері мен помещиктері Зайсан, Тарбағатайдың ең шұрайлы, нулы жерлерін иемденген де, жергілікті қазақ халқы тау-тасқа ығыстырылады [6, 52-53]. Мұндай саясат оң жамбасына дәл келген орыс көпесі А.И. Сорокин мүмкіндікті бос жібермейді, Шіліктінің шұрайлы жері Сарытұмсықтан қыстау салады. Саз аталатын шұрайлы шабындықтың шөбін түгел шауып маялатып, түпкілікті орныға бастайды. Мұндай озбырлыққа жергілікті ел ағалары төзбей қарсы тұрады. Өйткені жер – еркіндіктің кілті, одан айырылу – бәрінен айырылумен бірдей еді. Аталған оқиға бір шеті Сауыр, екінші жағы Маңырақ қоршаған алып жазықты ата-бабасынан бері мекен етіп келе жатқан Бұрымбет пен Қожан елінің ел ағаларының шамына тиеді. Сол кездегі Шілікті болысы Зейнолла Бұтабайұлына да ұнай қоймайды. Ол ақылдаса келіп, ел болып жиналып, Сорокинді сабап, жергілікті тұрғындардың қаһарына іліндіреді. Орыс көпесі арыз-шағымын арқалап Зайсанға кеткенде, салған қыстауын жылқы айдатып, тып-типыл етіп қиратып, ешбір белгі қалдырмайды. Жәжең (Зейнолланы халық құрметтеп «Жәжең» атаған – З.К.) өзі болыстықтың қат-қабат шаруасымен ауылда болмаған болып, Шорға, Қарасу жерінде жиын өткізген. Сорокин болса Зайсандағы уезге шағымданып, арнайы комиссия шығарады. Тексеруге келген комиссия қора жайдың орнын да таба алмайды. Сонда да құрығы ұзын, айласы асқан Сорокиннің көрсетуімен Зейнолла болыс Зайсан түрмесіне қамалады. Сегіз ай түрмеде жатады. Алайда Жәжең сол кезде Шіліктіде болмағанын дәлелдеп, қылмыстық іс бекімей, түрмеден босап шығады. Осыдан кейін Зейнолла болыс жер мәселесіне байланысты ұлттың көсемі ретінде таныла бастаған Әлихан Бөкейханға ақыл сұрап хат жазады. Ол хаты Орынборда үзбей шығып тұрған «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 36-санында «Жауап хат Зейнолла Бұтабайұлына» деген атпен жарияланған [6, 52-53]. Ұлт қамқоры Әлихан Бөкейхан болған жайға қатты қынжылады. Мұндай келеңсіздіктің бүкіл қазақ жеріне де ортақ екенін жасырмайды, хатта Шілікті өңірі туралы «Карл Риттердің «Азия» деген кітабына қарағанда, бұл өлке бұрынғы уақыттағы көл асты болады. Шілікті өлкесінің ащылы жері бұл күнде жоғалған көлден қалған, көл суы кеткен соң, мұндағы тұз қаңсып жер ащы болған. Мұнда егін шаруасы қол емес, Шілікті – мал кіндігі. Бұл жерде Еуропаның Әлпі (Альпі) деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып дүрілдетер еді» деген аз-кем хабар береді [7, 165]. Сақтар заманынан қалған Шіліктінің экономика үшін таптырмас жер екенін тәптіштеп түсіндіреді. Сонымен қатар жауап хатта Шілікті өңірін жайлап отырған рулар мен олардың жерінің тепе-теңдігі, шабындық үшін қанша жер керектігі, оларға тиесілі шаңырақ пен түтіннің саны қанша болуы керектігі де сөз болады. Жауаптың соңғы мазмұны мынадай: «Закон жолына салса 54-жайлауда артық жер жоқ. Мұнда күнелтетін қазаққа карта бойынша 13 мың 831 десятина жер сыбаға керек. 54-жайлаудан қазынаға жер алынбайды. «Палуан алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, күшке салса онысын өзі біледі. Шілікті болысындағы төртінші ауыл Бұрымбеттің 16 қыстауы 55-ші жайлаумен бөліктес. Зейнолла Бұтабайұлының алдырып отырған жері 144-ші қыстау жерінде болса да 9-маусым 1909 жылғы Министрлер Кеңесінің насихат-бұйрығына сүйеніп, қыстау тұрған жер – қой өрісі, көктеме, пішендік деп жолдауға ғана болады. Бай орысқа жер берем деп қыстаудан көшіретін Закон жоқ» деген екен. Шілікті өңіріндегі мыңжылдықтар мұрасы сақталғанын ескерсек, патшалар қорымының қазіргі қазақ археологиясындағы баға жетпес құндылығын білсек, бұл өлкені басқыншылардан қорғауда ақыл-кеңесін аямаған Әлихан Бөкейхандай халық қорғанының қадірі арта түседі.Әлихан Бөкейхан және бүгінгі Қазақстан
Әр ғылымнан экциклопедиялық білімі бар, тарихи танымы мен ақыл-парасаты қалыптасқан, кемелдікпен басқару қабілетіне ие ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның экономикалық тұрғыдағы ойлары бүгінгі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның дамуында да аса өзекті. Себебі ХХ ғасыр басында іске асырылмақ болған құндылықтар өмірге еніп үлгермеді, мүлде басқа формация ірге теуіп, халық өз басшыларынан жаппай айырылды. «...Әлихан Бөкейханов (Бөкейхан – З.К.) бастаған қазақ зиялылары ішкі сауданы қолға алып, шағын кәсіпкерлікті дамытуды ұсынды, қазіргі тілмен айтқандай «франчайзингтік» бизнесте ұлттық басымдықты күшейтіп, ұлттық сауда буржуазиясын қалыптастыру қажеттілігін көтерді» [8, 79]. «Қазақ жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс» және осында «өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек» деген алаш қайраткерлерінің өмірлік ұстанымы ұлт экономикасын жапон үлгісінде дамытуға әкелді. Алаш идеясының маңызды тұжырымы – қазақ елінің толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі. «Мейдзи жаңғырығы аталатын 1868-1890 жылдар аралығында жапон мемлекеті әр салаларында нақты реформаларды жүзеге асырды. Мұндай реформалар экономиканың, демократиялық принциптердің алға жылжуына оң ықпалын тигізді. Мемлекетті қуаттандырды» [9]. Жапония батыс мемлекеттерінің сыртқы экономикалық экспансиясына түспеуді мақсат тұтса, алаш зиялылары қазақ елінің орыс отаршылдарының шикізат көзіне айналмауын көздеп күресті. Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық тұрғыда ғана деп тәпсірленетін Кедендік одаққа кіруі арқылы көп нәрседен айырылып жатқаны жанға батады. Жалпы одақ деген нәрсе теңдес, бірдей, ара салмағы өлшемдес елдердің арасында қолайлы болады дағы, басқадай жағдайда, әсіресе бірі державалық, бірі енді дамуға бет алған мемлекеттер арасында тепе-теңдік сақталмайтыны заңдылық болып саналады. Бұл орайда одақ дегеніңіз – экономикалық тәуелділіктің бүркеме атауы ғана. «Абай экономикалық тәуелділіктің «одақ» деген бүркемесінің де тамырын басып, оның басыбайлылыққа қызмет ететінін білген. Ол өзінің «Алтыншы сөзінде»: «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса – ант ұрғандықтың басы осы», – дейді.Мұның астары – шикізатынды беріп отырсаң «күшті өкіметке» жағасың, саудаң жүрсе – доссың, сарқылған күні – итке тастаған қу сүйексің. Соған тәуелдісің. Бұл – бірлік, достық, интернационалистік емес, «антұрғандықтың», яғни құлдықтың басы дегенге салды. Жалданудың бүгінгі көрінісі – жалақы. Бірлігіңіз – одақ. «Антұрғандық – экономикалық тәуелділік. «Өз малынды өзіңдікі дей алмай, күндіз күлкінің, түнде ұйқының бұзылуының» себебі де сонда» [10, 74]. Өткен ғасыр басындағы ұлттық экономиканың тетіктерін Алаш зиялылары қалады, алайда қазіргі Қазақстан сол Алаш арыстарының еңбектерін іс жүзінде кәдеге жаратқан жоқ. Бүгін болар, бүгін болмаса ертең, түбінде біздің Әлихан Бөкейханның әлемдік тұлға екенін өз мемлекетінің билік жүйесінен бастап барлығы еріксіз мойындайтын болады. Заңғар КӘРІМХАН qazaquni.kz