«Ақ жол» Алаш партиясының 100 жылдығын Үкімет деңгейінде атап өтуді ұсынды
2016 ж. 12 қазан
3995
8
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған депутат Азат Перуашев осылай деді, деп хабарлайды inform.kz.
«Алдағы 2017 жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл ұлттық демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының ұстанымдары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Бірақ, азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлеріне көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмады. Алаш арыстарының ең басты еңбегі заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне ат салысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда қанын да, жанын да аяған жоқ. Дегенмен, бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел», - деді депутат.
Сонымен қатар ол, Алаш қайраткерлерінің тәжірибесі Елбасы айқындап берген «Мәңгілік ел» патриоттық актісімен үндесіп жатқанын, осы ретте Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында 20 ғасырдың басында қазақ қоғамында зиялы қоғам қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал, деп көрсеткенін еске салды.
«Ендеше, Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына үкіметтік және басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда қазірден кірісуге шақырамыз. Оны өткізуді салмақты әрі сапалы дайындық пен жоспарлау қажет деп санаймыз. «Ақ жол» фракциясы ҚР Үкіметіне қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, жүзеге асыруды ұсынады. Осы ұсынымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарабынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз», - деді А.Перуашев.
qazaquni.kz