Тарих және жауапкершілік
2016 ж. 12 қазан
6368
0
Халқымыз ата тарихына ешқашан да бейжай қарамаған. Өткенді сергек байыптап, бүгінгіні сындарлы бағалап, болашаққа ойлы жоспар құра білген. Бұл – бағзы замандардан келе жатқан төл дәстүріміз. Ұлтымыздың «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген нақылы бірыңғай тарихпен байланысты. Жеті ата дегеніңіз – қарапайым есеппен алғанда 200 жылдай уақыт. Яғни осы уақыт мөлшеріндегі тарихты білу – әрбір азамат үшін сын. Сонымен бірге бізде осы қарапайым деңгейден жоғары тұратын, жалпы халықтың тарихын әріден зерттейтін, ұлт мүддесі үшін қызмет істейтін бір шоғыр кәсіби тарихшылар бар. Бүгінгі күні жетпістің белесіне шығып отырған Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің осы кәсіби тарихшылардан тұратын шоғырдың ішінде де орны ерекше.
Мәкеңнің туған жері де, өскен ортасы да ғалымның азаматтық болмысына мықты іргетас болғандай. Ол 1946 жылы 18-тамызда Шу бойында дүниеге келген. Қазір бұл жер Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылы деп аталады. Көрші қырғыз елімен шекаралас өлке Мәмбет Құлжабайұлының бала кезінен отаншыл болып өсуіне әсер етпей қоймайды. Белгілі дәрежеде ол кісінің Қырғыз мемлекеттік университетінде оқуы да отаншыл жастың өз тарихына деген құштарлығын туғызды десек, артық болмас. Бішкетегі оқуды тәмамдаған соң, Мәмбет Құлжабайұлы ұлттық оқу-ағарту саласының қара шаңырақтарының бірі ҚазҰУ-де ұстаздық қызметте шыңдалды. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей, Мәкеңнің үлкен академиялық ғылымға енуі де, жас зерттеуші болып, жинаған білімін шәкірттерімен бөлісуі де осы ҚазҰУ-дың ғылыми шаңырағынан басталады. Бұл кезеңде Мәмбет Қойгелдиев аса танымал қазақ ғалымы, академик Рабиға Сыздықпен бірге Оразмұхаммед сұлтанның хатшысы болған қазақ ғұламасы, тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағ» атты ортағасырлық тарихи шығармасын талдап, тамаша зерттеу еңбек жасады. Кезінде Шоқан Уәлиханов қатты көңіл бөлген бұл құнды еңбектің қазақтың саяси тарихы, тілі мен мәдениеті туралы деректік қуаты мол шығарма екендігі ғылыми тұрғыда негізделді. Білім мен ғылымның тізгінін қатар ұстаған зиялы ғалымның азаматтық келбеті сол кезеңде-ақ өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Дегенмен, ҚазҰУ тарих факультетінің ардагер профессоры Серік Жақыпбековтің «Алаш тақырыбы оның басына бақ болып қонды» деп айтқанындай, Мәмбет Құлжабайұлының іргелі ғалым болып қалыптасуына, елге танылуына Алашорда тақырыбы тікелей әсер етті. Осылайша 90-жылдардың ортасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сол кездегі «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің есімі ерекше атала бастады.
Мәкеңнің ғылымға келген уақыты КСРО көлемінде ұлы өзгерістер басталған кезеңмен сәтті қабысты. «Қайта құру», «жариялылық» сияқты Мәскеуден естілген ұрандар тек қазақ арасында ғана емес, жалпы советтік империя құрамына амалсыз енген толып жатқан өлкелерде жаңғыру идеясымен ұласты. Қоғамның алдыңғы қатарлы азаматтары тәуелсіздің туралы ойлана бастады. Осы сәтті саяси үдерістер Мәкеңнің Алашорда тақырыбына біржолата келуіне бірден-бір себеп болды. Мәмбет Құлжабайұлы 1994 жылы тынымсыз ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Алаш қозғалысын зерттеуге алғашқы ірі ғылыми қадам болған «Қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметі (ХІХ-ХХ ғғ. басы)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Сол жылы Қазақстанда Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын даярлап басып шығарды. Негізінен «Қазақ» газетінде жарияланған мақалалардан тұратын бұл жинаққа Мәмбет Құлжабайұлы көлемді алғы сөз жазып, Алаш қозғалысына, Ә.Н.Бөкейханның көшбасшылық қызметіне баға беріп, Алашорда мен Түркістан автомиясының арақатынасына ғылыми шолу жасады. Автор осы жинақта «Біз мақаламызда «Алаш қозғалысы» деген ұғымды мынадай екі мағынада қолданамыз: біріншіден, Алаш қозғалысы ұлт-азаттық қозғалыс дегенді білдіреді, екіншіден, ол Алаш партиясы, Алашорда үкіметі-Халық Кеңесі, Алаш автономиясы деген ұғымдардың жиынтығы боып табылады» деп қазақ тарих ғылымында «Алаш қозғалысы» ұғымын нақтылады (Бөкейханов Ә. Шығармалары. Алматы: Қазақстан, 1994.- 93-б.). Осылайша қазақ тарих ғылымы сонау 1930 жылдары Санжар Асфандияров еңбектерінен кейін үзілген, Алашорданы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының шоқтығы ретінде бағалауға қайтып келдік. 1995 жылы Мәмбет Құлжабайұлының Алашқа қатысты зерттеу жұмыстарының үлкен бір нәтижесі – «Алаш қозғалысы» кітабы жарыққа шықты. Бұл жыл жемісті болды, тек Мәкең ғана емес, қазақ тарихшыларының аға буын өкілі Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» монографиясын жазса, Сұлтанхан Аққұлыұлы Ә.Бөкейханның 1899-1937 жылдар аралығында жазылған ірі еңбектері мен мақалаларынан тұратын таңдамалы жинағын шығарды. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында терең із қалдырған оқиға – әрине, Алаш қозғалысы. Қазақ тарих ғылымындағы бетбұрыс осылайша басталды. Мәмбет Құлжабайұлы осы кезеңнен бастап «Алаш тәжірибесі нені көрсетті?» деген сұраққа жауап іздеді. Автордың өз сөзімен айтсақ «біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген өткінші құбылыс емес, – дейді ғалым, ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды. Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік».
2002 жылы Мәмбет Құлжабайұлы ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры болып тағайындалды. Бұл кезеңде ғалым қазақ қоғамының қайта өрлеуіне тамызық болардай бірталай іс тындырылды. Ұлт тарих ғылымында Алаш қозғалысы тарихына жаңа көзқарас қалыптасты деп осы уақытты айта аламыз. Бұл мәселе Мәкеңнің мына сөздерінен айқын көрінеді: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген – ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті». Халықтың өткен өмірі жалпы қоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік. Мәмбет Құлжабайұлы «Құрметті Әлекең – Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды», -деп жеткізеді бұл жарқын ойды. М.Қ.Қойгелдиев Алаш мемлекеттілігінің жалғасы ретінде қарастыратын бүгінгі Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастап Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қарай әлемге танылған мемлекеттердің біріне айналды. Әрине, қандай да бір мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері болады. Осы жағынан келгенде Қазақстан Республикасы ішкі әлеуметтік мазмұны, басқарудың принциптері демократияға сүйенген қоғамды құру үстінде, белгілі дәрежеде ол үдеріс халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде нарықтық экономикаға бойлап келген халыққа әлеуметшіл, қазақтың, қазақстандықтардың барлық әлеуметтік топтарының жағдайын бірдей ойлайтын билік қалыптасып келеді. Екіншіден, кез-келген мемлекеттің тірегі белгілі бір ұлт, барлық мемлекет осы жолмен қалыптасқан. Бізде де сондай. Бүгінде халықаралық деңгейде кең таныла бастаған Қазақстан аталатын мемлекетке де өз атын берген де, сондай-ақ оның халқының басым көпшілігін құрап отырған да қазақ халқы. Мәмбет Құлжабайұлы жазғандай, мұндай шындықты айту ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылданған ауыр заманнан өттік. Енді міне жаңа заманда қазақтың жоғын айтатын да уақыт келді. Мемлекет халқының басым көпшілігі болғандықтан қазақтың қорланып қалған мәселелері де аз емес. Ал оларды атап айту, оларға билік орындарының назарын аудару – бұл жергілікті жұртқа артықшылықтар талап ету емес. Ортақ мемлекеттік жүйеде қазақ халқының түрлі талап-тілектері өз уағына және заман талабына сай деңгейде шешілсе болғаны. Алаш зиялыларынан бізге жеткен аманат та осы болса керек, – дейді Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев. Отандық тарихшылар қауымының төрінен мәртебелі орын алатын санаулы кәсіби мамандардың бірі және бірегейі – Мәмбет Қойгелдиевтің жетпістің белесіне шығуына орай көкейімізге ең алдымен ғалымның ұлт және мемлекет туралы жазғандары түседі. Ол Алаш жұртына тарихшы-ғалым, алаштанушы ретінде жақсы таныс. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде Қазақстан тарихы кафедрасын басқаратын Мәкеңнің Алаш қозғалысынан басқа да шаруалары аз емес. Оның бір мысалы – осы кафедраның жанынан құрылған «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығы. Мәмбет Құлжабайұлы – Алаштану мектебін қалыптастыруға орасан зор үлес қосып жүрген тұлға. Алаш қозғалысының күрделі кезеңдерін қамтитын «Уақытша үкіметтің Қазақстандағы билік органдарының қызметі», «Қазақ комитеттері: құрылуы мен қызметінің тарихы», «Оңтүстік Қазақстан 1917 жылғы қос революция тұсында», «ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс», «Қазақ съездері: қаралған мәселелері, шешімдері және олардың орындалуы (1917-1918 жж.). Тарихи талдау», «Қазақстан бүкілресейлік құрылтай жиналысына даярлық және оның идеяларын қорғау кезеңінде», «Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз халықтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» сияқты ұлт тарихының өзекті мәселелері жас зерттеушілердің арнайы ізденіс нысанына айналды. Мәкеңнің шәкірті К.Ілиясованың сөзімен айтсақ, «аспирантурада оқып жүрген кезімізде, кандидаттық диссертациямызды жазу және қорғау барысында біз профессор Мәмбет Құлжабайұлын әр қырынан тани бастадық. Оның үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрдік, онысына сүйсіне қарайтынбыз, керек жерінде мінезін де көрсетіп қоятын, әрдайым әділдікті ту ететін, еңбекқорлығымен қоса талапшыл, жастарға жанашырлық таныта білетін, қолынан келсе қамқорлығын аямайтын адам. Профессор-оқытушылар құрамынан кафедраның ізденушілері мен аспиранттарына өз сабақтарын бергізіп қойып, олардың еңбегін қанаудан аулақ болуды талап ететін. Кафедра «аспиранттары мен ізденушілеріне ғылыммен айналысуға ешбір кедергі жасамауы керек» дейтін. Осындай қасиеттерімен оның беделі аспиранттар арасында да арта түсетін». Мәкең бір еңбегінде «Алаштық басқарушы топтың алдына қойған мақсат-мүддесін, осы тұрғыдан оның интеллектуалдық-саяси деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін негізгі құжат, әрине, бұл Алаш партиясының бағдарламасы», – дейді. Бағдарлама не айтады? Бағдарлама қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі екі қоғамдық мәселені шешуді көздеді. Олар біріншіден, қазақ елін отарлық тәуелділіктен азат ету, екіншіден, тегеурінді реформалық шараларды іске асыру арқылы қазақ өмірін жаңа сапаға көтеру. Әлихан Бөкейхан пен оның серіктерінің ұстанымы бойынша Алаш бағдарламасында Ресей мемлекеті «демократиялық, федеративтік республика» ретінде құрылып, ал шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс еді. Бірақ Ресей империясын біржола ыдыраудан сақтап қалу қамына кіріскен большевиктер партиясы Польша мен Финляндияның мемлекеттік дербестігін мойындай отырып, украин, грузин, қазақ сияқты халықтарды империя құрамында ұстап қалу мақсатын қойды. Осы себепті Алаш қозғалысы революциядан кейін Советтік деп аталған, бірақ империялық заты өзгермеген биліктің жойқын соққыларына ұшырады. Әрине, бүгінгі тарихнамада да, елдің ішінде де өз ара кереғар пікірлер бар. Бұл үдеріске белгілі дәрежеде қоғамның кейбір жағынан артта қалушылығы да, жершілдік пен рушылдық та әсер етеді. Бұлардың ішіндегі ең ауыры кертартпалардың ғалымның еңбегін мойындамауы. «Бізде сөзге тоқтамайтын адамдар бар, – дейді Мәкең осындай бір даулардан шаршаған уақытта,- сөзге тоқтай алмайтын жалған ғалымдар бар. Жалған патриоттар бар. Алаш партиясы мен оның қайраткерлерінде ұлттық ұстаным өте жоғары болған. Өкінішке қарай, біз сол ұстаным деңгейінен төмен түсіп кеттік қой деп қорқамын. Алаш – жалпыұлттық деңгейдегі саяси құрылым. Ал бүгіннің жалған патриоттары Алашқа өздерінің рулық, жүздік ұстанымын таңғысы келеді. Бұл – өте кір, лас нәрсе. Өкініштісі, одан арыла алмай келе жатқандар арамызда бар. Әрине, Алаш зиялылары арасында кейбір мәселелер бойынша түрлі ұстанымдар болған. Олар дискуссияға да түскен. Бұл енді табиғи заңдылық емес пе?! Бірақ, олар негізгі мәселеде, жалпыұлттық мүддеде бірауызды болды. Оны бөлшектеймін деу – абыройсыз тірлік... Алаш қозғалысы жалпыұлттық біртұтас қозғалыс болды. Осы процесте Алаш зиялыларының әрқайсының өзінің орны бар. Ал бізде соны бұзғысы келетіндер бар. Мұндайды мен шала ғалымдық деп есептеймін». Біз бірталай ауыртпашылыққа толы заманды бастан өткеріп, ақыры Алаш идеяларына қайта оралдық. Мәмбет Құлжабайұлы аумалы-төкпелі 90-жылдары тарихшылардың арасында қазақтың елдікті көксеген мәңгілік құндылықтарына қайта оралуының басында тұрды. Әрине, қазақ қоғамы, оның басқарушы азаматтары Алаш идеясын толық қабылдады деп айта алмаймыз. «Алаш» идеясын қабылдау үшін, Мәкең айтқандай, оны алдымен түсіну керек. Бойға сіңіру керек. Ұлтыңның болмысы ретінде ұғынып, сол ұлтыңа қажет идея ретінде қабылдауың керек». Қабылдау деген – соның кейбір озық ұстанымдарын басшылыққа алу деген сөз. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет құру, оны баянды ету бағытында толып жатқан жұмыстар атқарылды. Сонымен бірге болашақтың үлесінде қалып отырған жұмыстар да шексіз. Бүгінде ортамызда 70 жылдық белесін тойлап, ел құрметіне бөленіп отырған ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Мәмбет Қойгелдиев Алаш аманаты жолында талай ғылыми жобалар мен кешенді жұмыстарды атқара береді деп сенеміз. Осы орайда шын ғалым сапасы мен жауапкершілігінен тағылым алар жастар, шәкірттер көбейсе деп тілейміз.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі
qazaquni.kz