АСТАНАДА алаш арыстарына әлі орын жоқ!
2009 ж. 30 желтоқсан
2255
0
Егер Тәуелсіздік болмаса, біздің ел үшін Астана салудың өзі сол баяғы арман күйінде қалар еді. Аталардың талай ғасыр қан төгіп, жан берген Тәуелсіздігі табан астында тап келгендей болып көрінгенімен, осы күні ойға салып отырсаң, Алланың өзі бере салған Бақыт сынды. Енді осы Бақытты бастан ұшырып алмай баянды ету жолында күресіп жатырмыз, әрине.
Тәуелсіз мемлекет тізгіні қолымызға тигеннен кейін, Астана саласың ба, Бас қала саласың ба, басқа қала саласың ба – өз еркің, әлде, кеңес үкіметінің қаншалықты қысымын көрсе де, 43 қала салған Қонаевтай басқа қалалардың бас-аяғын түзеп, бойына қан жүргізіп, жан кіргізіп, еліміздің еңсесін көтеріп алған соң Астана салу керек пе еді?! Қалай болғанда да, Астананың салынуы біз үшін – Бақыт!
Егеменді ел болған соң өзіңе тән Астана болуы – заңдылық.
Ал, осы табиғи заңдылық қалай жүзеге асып жатыр.
Мұны заңдылық деп қадап айтуымыз керек. Оңтүстікте Қытай қорғанының түбіндегі Алматыға, солтүстікте орыс орманының іргесі Қызылжарға Астана салып беру, әрине, аса қауіпті болар еді. Астана Қазақстанның жер ортасы – Европа мен Азияны қатар құшақтап тұрған Атырауға (мұнайлы өңір екендігі өз алдына) бұйырмаған соң, сайын дала Сарыарқаның қақ төрінен орын алуы – заңдылық еді. Ал, осы заңдылықты Алаш арыстары баяғыда-ақ болжап қойған болатын.
Алғаш рет бұл ойды орнықтырып, тайға таңба басқандай, анық айтқан Алаш арысы – Әлихан Бөкейхан еді. Әлекеңнің «Астана салуға лайық жер – Есілдің Қараөткелі» – деп қадап айтқан орнықты ойын алғаш құптаған Алаштың ұлы ғалымы – Ахмет Байтұрсынов пен сол Алаштың ұлы ақыны – Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Кезінде Орынбордан кейінгі астана қазақ жерінің қай тұсына түсуі керектігі туралы талас болғанда, Ақмоланы қолдап «қызылкеңірдек» болғандардың бірі – Сәкен Сейфуллин еді.
Сәкеннің бұл ойын өзінің қаламдас, айнымас серіктері – Бейімбет Майлин де, Ілияс Жансүгіровте қолдаған болатын.
Кейіннен кеңес уақыты кезінде, бүкіл жер асты кен байлығының кемел көрегені – Қаныш Сәтбаевтың өзі, небір ғылыми болжамдарға сүйене отырып, келешекте қазақ жерінде жаңа астана салу қажеттігі туындап жатса, оған лайық жер тек қана – Ақмола деп тасқа жазып қалдырып кеткендігін бұл күнде мойындамасқа хақымыз жоқ.
Ал, осы Алаш арыстары бұлтартпастай дәлелдеп, асыл армандарын аманат етіп кеткенде, Астана салудың Арқа жеріне бұйыруы заңдылық екеніне ешкім де дау айтпас.
Ендеше, Астана аспаннан түскен жоқ. Астана – аталарымыздың асыл арманы. Біз сол асыл арманды жүзеге асырып жатырмыз. Егер тәуелсіздік орнамаса, тағы да қайталап айтам, бүгінгі шенеуніктер сол баяғы кеңес үкіметіне қызмет еткен қалпымен, бұдан да гөрі абырой-атағы аспандап, өздерінің сүйікті жұмыстарын жалғастыра берер еді. Сол үшін бізге тәуелсіздік сыйлаған жаратқан жалғыз ием – Құдай тағалаға мың тағзым!
Әйтпесе, бізге Тәуелсіздікті алып берген кеңес үкіметінің «қателігі» емес, тіпті кейбіреулер айтқандай, Горбачев та, Ельцин де емес, бір Алланың өзі деп бағамдауымыз керек. Біз сол Тәңірдің өзі сыйға тартқан Алаш арманын адалдықпен жүзеге асыруымыз керек болды. Соның ең басты нысаны – Астана!
Біз сол Тәуелсіз тари¬хы¬мыздың бастауында тұрған Астананы қалай салып жатырмыз. Оның өзіне тән өзгешелігі, астанаға тән артықшылығы неде?
Аспанмен таласқан үйле¬рімен бе? Ол үйлер қай жерде, қай елдің астанасында жоқ. Қазақтың еліне, жеріне тән ұлттық рең, шығыстық шырай қайда? Қазіргі таңда Астананың қай құрылысын қазақы қалыпқа жатқызамыз? Әлде оған лайық тарихымыз, дәстүріміз, тағдырымыз жоқ па?
Егер, қазіргі таңда Астана құрылыстарының сыртында қолдан салған қошқар мүйіздер мен жылтырақтарды бір сәт алып тастасақ, бұл Астана бәкене күйінде қалар еді.
Әйтсе де бұл Астана салынып жатыр. Бірақ қалай салынып жатыр?! Алдымен, адам баласы үшін ең басты құндылық баспана мәселесі туралы әңгімелескенде, «мен мұндалап», апайтөстеніп көзге түсері – «Триумф» деп аталатын тұрғын үйлер кесенесі. Оның өзін Мәскеуліктер сызып берген деседі. Тура Москваның маска киген макетіндей... Одан кейін, 30-40 қабатты сыртқы жылтыр (іші бұлдыр болып жүрмесін) әлі аяқталмаған үйлері. Одан кейін, көне Ақмоланың ескі үйлерін оймыштап, қыш кірпішпен қаптап қойғаны оңды болды! Ал, астаналықтар «Жеті бөшке» (орысша «Семь бочектен» аудардым) деп атап кеткен дөңгелек үйлердің сапасыздығы сондай, тұрғындар әлі күнге жөндеу жұмыстарынан зардап шегіп жүр. Мұндай сапасыз салынған үйлердің санын есепке алып жатқан ешкім жоқ.
Сапасыз салынған тұрғын үйлер тізбегін тоқтата тұрып, Есілдің сол жағалауында еңсе көтерген Мәжіліс, Сенат, Үкімет үйлерінің іргесімен қапталдаса салынған, аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан «Министрліктер үйінің» сапасы да сын көтермейді. Оны да өз жарасын өзі жалаған жолбарыстай әр министрлік өзінің жыртығын жамап-жасқап, жөнге келтіріп, қызметкерлерін жыл сайын қыстан аман алып шықты.
Онжылдықтағы оңды құрылыстардың бірінен саналатын бірден-бір бірегей ғимарат Астанадағы цирк үйінің бағы жанбай-ақ қойды. Пайдалануға беріле салысымен «күрделі жөндеуге» іліккен ірі құрылыс іркілістен көз ашпай онжылдық мерекеде есік ашуға да жарамады. Себебі сол, сапасыз құрылыс әлі күнге дейін сан соқтырып келеді. Сыртынан қарағанда сымбатты-ақ. Оның өзі Қарағандылықтардың арқасында, Цирктің сыртқы алаңы ажарланып, көз қызығарлық көріністер пайда болды. Ал, іші... астан-кестен күйде әлі күнге қалыпты жағдайына келіп болған жоқ. Соның кесірінен мақтауға да, мақтануға да тұрарлық алып құрылыс астана мерейін асыруға үлес қоса алмады.
Осындай құрылыс тарихын толықтыратын көрнекті нысандардың бірі – Астанадан 37 шақырым жердегі «Ақмол» ауылында орналасқан қуғын-сүргін көргендерге орнатылған «Алжир» мұражайы. Бұл жерде халқы үшін құрбан болған асыл ағаларымыздың аяулы жарларының көз жасы төгілген. Көбісі осы арада мәңгілік сапарға аттанып, жазықсыз құрбан болған. Осындай орынға ұрпағымыз мінәжат етер бедерлі белгі орнату бүгінгі уақыттың заңды сұранысы.
Дұрыс-ақ, жазықсыз жапа шеккен Аналарға қандай ғимарат орнатса да артық емес. Сөйтіп, мұражай ашылды. Алайда сол мұражай Елбасының салтанатты ашуынан кейін көп ұзамай, сапасыз салынғаны сондай, төбесінен кенересіне су саулап, айдың-күннің аманында-ақ жауынмен ағып кете жаздады. Мұражай директоры, тәжірибелі маман Априза Құсайынованың жан ұшыра жүгіріп, жанталаса қимылдауының нәтижесінде көп дүние аман қалды. Ал, ашылғанына жыл өтпей-ақ жаралы да мұңлы күйге түскен мұражай «күрделі жөндеуді» күтіп күн өткізуде.
Жаңа құрылыстар түгілі өткен ғасырлардың белгісіндей бедер танытып тұрған көне ғимараттардың да ескі жыры таусылар емес. Солардың бірі, бұрынғы – Теміржолшылар сарайы, бүгінгі Күләш Байсейітов атындағы Ұлттық опера және балет театры. Ішін де, сыртын да жылтырата салған бұл сарайдың да сыры мен мұңы жетерлік. Айналып келгенде, бұл ғимарат та өзінің кезекті жөндеуін күтіп, алаң-елең күй кешуде.
«Өзге емес, өзім айтам, өз жайымды» деп Қасым ақын айтқандай, тікелей өз жұмысыма қатысты әңгіме айтар болсам, Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайын он шақты жыл басқарғанымды өзіме мақтаныш етем. Алайда мен осы жылдар ішінде Астана құрылыстарының ішіне үңілмей, сырттай жылтырата салатынына талай куә болдым. Соның бірі мен басқарған С.Сейфуллин мұражайына байланысты. 1846 жылы іргесі қаланған бұл үйдің бір жарым ғасырдан астам жасы бар. Көне құрылыстың «жанының сірілігі» сондай, бұл үй маған дейін «күрделі жөндеу» дегенді көрмей келіпті.
Тек қана Астана болғаннан кейін 1998 жылы сыртын жылтырата салып «күрделі жөндеуден» өткен бұл мұражайдың мен келгенде сыртындағы сыры мен сыны кетіп, сұрқай күй кешіп тұр екен. Содан жыл сайын жамап-жасқап, амалдап күй кештік. Қала әкімі болып Иманғали Тасмағамбетов келгеннен кейін кенеуі кетіп тұрған көне ғимаратты бірден қолға алып, мұражайды жаңарту, әрлеу (реставрация) жұмысы бірден басталып та кетті.
Қазір мұражайдың негізгі ғимараты іске қосылып, екінші үйі де кезек күтіп тұр. Дәл қасындағы азып-тоза бастаған ескерткіші де ескеріліп, бәріне бірдей қамқор қолдың шапағаты тиер деген үміт үстінде жүрміз.
Айтты-айтпады, соңғы жылдары бірыңғай көзбояушылыққа ұрынып, сапасыз құрылыстар салуға бой алдыра бастаған Астана құрылыстарына өзгеше үрдіс қарқын пайда болды.
Тәжірибелі де, іскер қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов соңғы уақытта толас таба бастаған қала құрылысына қан жүргізіп, жан кіргізді.
Әттең, осының бәрі Ас¬та¬наның онжылдық қарсаңында қат-қабат, қауырт жүргізілді. Қалада күні-түні құрылыс қарқыны кең құлаш жайып, кемел істің келелі көрінісі келешекке жол тартқан еді. Ал, онжылдық болса, күркіреген күндей дүркіреп өте шықты...
Өте салысымен салынып жатқан Астана құрылысында бір сәт тыныштық орнап, қаладағы қарқын сәл саябыр тапқан еді. Жан шаттығынан әлі де арылып болмаған қала жұртшылығы бұл тыныштықты жақсыға жорып, кешегідегідей үрдісті күндерге үмітпен қараған еді. Бірақ, ол күндердің дүбірі тым алыстап кетті. Көбінесе, бірі басталып, бірі аяқталмаған ала-құла құрылыс алаңдарында бой көтерген крандар қанаты қайырылған қырандардай аз уақыт қимылсыз қалған еді.
Неге бұлай?! Бәлкім, қысқа жіптей күрмеуге келмеген қаражат қол байлау болды ма?! Әлде, ойдан-қырдан бас қосқан алаяқтардың алдауына түсіп, құрылыс компаниялары әлдекімге алақан жайып қалды ма?
Болмаса, бүйірден келген бір дүлей күш дүйім дүниеге әсер етіп, алшаң басқан астана құрылысының аяғына «жем» түсірді ме? Немесе негізгі бастауынан бір кәдік болып, көп нәрсе кәдеге аспай жатыр ма?
Әлде, қаптаған көзбояу¬шылықтың көзі ашылып, түптің түбінде көздеген мақсаттың мағыналы жолын жалғастырудың қамын жасап жатыр ма? Қалай болғанда да сәл-пәл саябыр тапқан қала құрылысы бірте-бірте қарқын алып, Астана асқақ кеудесін қайта көтере бастады. Қарышты қарқын, үрдіс қимылға көзі үйреніп қалған жақсылыққа жаны құштар қала халқы Астана құрылысының қайта жанданып, қарқын алуын асыға күткен еді. Нәтижесінде – онжылдық мерейтой үстінде үрдіс қимыл көрсеткен, Астана тарихына таңба боларлық татымды істердің көрініс тапқаны көңіл көншітті.
Солай бола тұрса да, санаға салмақ салып ойласақ, біз осынау қызығын көріп тойлап өткен Тәуелсіздігіміз үшін қан төгіп, жан берген, еркін елдің Астанасында еңсе көтеруге лайық, арманда кеткен арыстарымыздың бірде-біреуіне ескерткіш орнатылмауы ұлтын сүйген әрбір азаматтың намысына шоқ тастамауы мүмкін емес.
Әрине, елорда ескерткішсіз емес. Алғашында «күпі киген» Абай көрініс тапты. Атына заты сай болмаса да, Астанада ашылған алғаш ескерткішке елдің елең ете қалғаны рас. Одан кейін еңселі ескерткіш деп есептеуге тұрарлық, Кенесарыға орнатылған тұғырлы бейне Есіл жағасында бой көтерді. Елдің ат үстінде тұрған тұғырлы тұлғасын Абылай ма, жоқ әлде, Кенесары ма, деп ажырата алмағаны болмаса, артынан «бұл да Тәуелсіздік нысаны ғой» деп тәубе етістік. Сөз арасында, реті келген соң айта кетер болсақ, бұрынғы Ақмоладағы қазақ ұлтының қайраткеріне орнатылған жалғыз шағын ескерткіш Сәкен Сейфуллин мүсіні де, бұл күнде тозығы жетіп, бәкене күйге түскенін жұрттың бәрі біледі.
Әйтеуір көңілге бір демеу боларлығы, онжылдықты оңтайлы атап өткеннен кейін Астанада Жамбылға, Бауыржанға, Әлияға ескерткіш орнатылады. Оның өзінде де осынау игілікті іс, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе облыстарының Астанаға тартуы іспетті болды. Әйтседе, Әлия әлі күнге сыңарсыз қалғандай сезіліп тұр. Әлбетте, қазақтан шыққан қос батыр қыздың есімі бір-бірінен ажыратылмай қатар аталатын. Оған куә – Алматыдағы көне алаңда көрініс тапқан қос арудың еңселі ескерткіші болары хақ. Ал Астанаға Әлия жеткенде Мәншүктің қалыс қалуын халқы қаламайды. Бұл о бастан-ақ ойлануды қажет етіп, оңтайын келтіретін іс еді. Әлде, Мәншүк сынды аяулы перзентіне бір ескерткіш орнатып беру, Орал облысының оралымына келмейтін күрмеуі қиын күрделі іс пе еді, – деген ойға қаласың. Әрине, Мәншүкке Астанада бір ескерткіш орнату тек қана Орал облысының еншісінде қалмас, ел аман болса, оған да куә болар күн алыс емес шығар.
Менің айтпағым, бүкіл төрткүл дүниені өзіне жалт қаратып, тұлғасына тәнті еткен Астанада ең болмаса, Алаш арыстарының бірде біреуіне еңселі ескерткіш орнамауы – елдігімізге сын екенін еске салу. Әйтпесе, айтты-айтпады Астана, алдымен Алаш арыстарының арманы емес пе еді?!
Төрткүл дүние көз тігіп, Астанамызда онжылдық тойымызды дүркіретіп өткізгенге дейінде, тіпті одан кейін де Алаш арыстарының бірде-біреуі – ең болмаса Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың, Мұстафа Шо¬қай¬дың, сондай-ақ Халел, Жанша Досмұхамедовтардың мүсіндері «мен мұндалап» еңсе көтермегенін қалай түсінуге болады.
Әсілі, Астана қалың ел, жалпақ Алашқа ортақ емес пе еді?! Тәуелсіздік тұғыры астана тойын жыл сайын дүркіретіп өткізіп жатқанда, Алаш туралы ауыз ашпасқа ант етіп пе едік? Әйтпесе, біз әңгімелеп отырған ескерткіштер түгілі Алаш арыстарына даңғайыр даңғыл ғана емес, жөні түзу көшелер де бұйырмапты-ау! Мәселен, Бөкейханға Астананың бір қуықтай ғана көшесі бұйырса, Ахмет, Міржақыптарға бұйыр¬ған көше, Елорданың ең шетіне ығыстырылыпты. Жалпы, Астанадағы өз орнын таппаған, келмеске кеткен кеңестің келеңсіз саясатын еске салатын көше атауларын қайта қарап, сарапқа салатын кез келген сияқты. Сондай сарапқа түсер шақта, қылышы мен сөзі жасындай жарқылдаған от ауызды, орақ тілді ақын десең ақын, батыр десең батыр Махамбетке кезек тимей қалмасын деңіз! Махамбетке ескерткіш түгілі, жәй көшенің өзі бүгінгі Елорда түгілі байырғы астанамыз Алматының өзінде оның есімін еске алар бірде-бір нысанның болмауы, әрине, намысыңа тиеді.
Әлде біз, шынымен-ақ намыссыз халықпыз ба?! Болмаса, кешегі кеңестік кезең миымызға құйып тастаған қорғасын – санада әлі күнге қозғалыс болмай жатыр ма? Осы біз кешегі кеңестік кезеңнің шашбауын көтеріп шабыттана сөйлегенде алдымызға жан салмай, ал, Алаш тақырыбына келгенде неменеге кібіртіктеп қала береміз.
Өзіміз бақытын сезініп, қызығын көріп отырған Тәуелсіздік үшін нағыз құрбан болған арыстарды аяқ асты етіп, бүгінгі көз алдымызда жүрген «көсемдердің» кесегесін көгерткеннен тарих алдындағы парызымызды өтей аламыз ба?
Кешегі кеңес үкіметінің «күн көсемдерінің» өзі бүгінгі ұрпақ жадынан шығып бара жатқан жоқ па? Осыдан неге сабақ алмаймыз?
Тұтас халықтың қолы жеткен асыл арманы – Тәуелсіздік болса, сол азаттықтың арғы бастауында тұрған ардақты бабаларымыз Ахмет, Міржақып, Әлихандардың атын атап, аруағын әспеттеу бүгінгі ұрпақ біздің міндетіміз.
Егер Елордада ең бірінші еңселі ескерткіш көтеру қажеттігі туындаса, қазақтың батыр ұлы Жұмабек тұлғасы көзге елестер еді. Өйткені, осы астана орналасқан жер түгілі, тұтас Қазақстанның солтүстік өңірін Хрущев кесімінен, тың тырнағынан аман алып қалған асыл азамат Жұмабек Тәшенов емес пе еді. Ол туралы ой халықтың жүрегінде жүрсе де, әзірге биліктегілердің санасына сіңер емес. Ал, Тәуелсіздіктің бүгінгі құрбандары – Заманбек, Алтынбек туралы әңгіме – келешек ұрпақтың еншісінде.
Арғы ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік күресі өмір бойы толас таппақ емес. Тәуелсіздік алдың екен деп, барына алданып, базарына мәз болып отырып қалар ұрпақ біз емеспіз. Тәуелсіздік жолы қазақтың маңдайына мәңгілік жазылған ұлы күрес. Осынау ұлы күрес әлі де жалғасып жатыр, ол толас таппайды.
Бүгінгі бастан кешіріп отырған, Тәуелсіздігіміздің тұ¬¬ғыры – Астана. Ал, Астанамызда сол тәуелсіздігіміз үшін құрбан болған Алаш арыстарының бірде-біреуіне құрмет көрсетпей, тұлғаларын танытпай, тым-тырыс қа¬луымыз ұлтқа да, ұрпаққа да үлгі боларлық іс емес!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері.
АСТАНА