Ахмет Байтұрсынұлы туралы қойылым сахналанды
2016 ж. 12 сәуір
6308
1
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол – жастар» қанатының сахналауымен Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында Ақтау қаласында тұңғыш рет ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен адал жары Александраның (Бәдрисафа) өмірінен сыр шертетін «Азаппен өткен өмір-ай!» атты драмалық қойылымның тұсаукесері болып өтті.
Алдымен айтарымыз, тарихи ұлы тұлға туралы драманы сахнаға алып шыққан кәсіби емес әуесқой өнерлі жастар, басты ерекшелігі де дәп осында жатыр. Сондықтан оған қатал сын айтудың өзі қисынсыз. Ең бастысы – жастардың Алаш арыстарына деген ақ пейілі мен оларды насихаттауға бағытталған бағалы бастамасын қуана қолдауымыз керек.
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салып, ағартушылық қызметімен қоса халқымыздың 20-шы ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы мен жары Бәдрисафаны еліне жаңа қырынан көрсетуінің өзі үлкен ерлік дер едік.
Ғасырлар тоғысында адамзат тарихының беймәлім тұстары жетерлік. Ақыл мен сана, еркіндік пен батылдық, шынайылық пен әділдік үстем құруы үшін талай қилы кезең бастан өтті. Ұлтым деген ұл туса қуанған халықпыз. Елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, қылышынан қан тамған алмағайып заманның ырқына көнбей, мұратқа жету жолында табандылық танытқан арыстарымыз бүгінгі күннің тұлғалы тарихына айналды. Солардың бірі-Ахмет Байтұрсынұлы.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде азап шеккен Ахмет Байтұрсынұлымен бірге адал жары Александра (Бәдрисафа) ойранды жылдардың қайғы-қасіретін, шексіз әділетсіздігін бірдей көргендігін бейнелейтін драмалық қойылымның авторы – драматург, жазушы Өтен Ахмет, идея авторы және қоюшы режиссері – Әлия Исаева, қоюшы суретшісі – Талғат Мамаев.
Бұл қойылым көптеп жиналған көрермендерін бей-жай қалдырмады. Қанша қиындық көрсе де, соңғы демі қалғанша шыдап баққан Бадрисафа (Александра) өзінің адал жары Ахмет Байтұрсынұлына деген махаббаты арқылы қазақтың тілін де, дінін де, салт- дәстүрін де қабылдайды.
Ахмет Байтұрсынұлының ерлігі мен жары Бәдрисафаның табандылығы көпшілікті тәнті етіп, сол кездегі қуғындау мен жалған жала, жағымпаздық пен асыра сілтеушілік көрермендерінің көздеріне жас алдырып, көңілін босатпай қоймады.
Ахмет Байтұрсынұлының рөлін Маңғыстау энергетикалық колледжінің 2 курс студенті Ғазиз Ізтұрғанов, Александраның жас кезін Нұргүл Бектұрсынова, Александраның қарт кезін - «Ақ жол – жастар» қанатының жетекшісі Әлия Исаева, атсыздың рөлін Рамазан Таңсықбаев, татар байы Садықты №28 орта мектептің 11-сынып оқушысы – Маханбет Төлеби, Перизатты Гүлжайна Бақытжанова, Перизаттың анасы Қапизаны Гүлмайса Шаңбаева, полиция қызметкерін Сәкен Оңғаров, көрші татар әйелдің рөлін Гүлшат Нұрмұханова, Бейтаныс жанды Сәбит Құдайбергенов сомдады. Осыдан екі жыл бұрын жазылған драманы сахналауға Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаевтың ықпал еткенін айтқанымыз жөн. Ол осы аймақта жастарға қолдау көрсетіп, ақылын айтып, игі істерді атқаруға мұрындық болып жүрген жанашыр азаматтардың бірі. Драмалық қойылым соңында Жаңбырбай Жәнібекұлы жастардың жұмыстарына сәттілік тілеп, ата-аналарға алғыстарын білдірді. Сонымен бірге бұл қойылымды енді реті келсе Астана көрермендеріне ұсыну керектігін айтты. Ата-аналар атынан Қ.Түмет, М.Салтанатова өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, осындай игі шараны ұйымдастырған «Ақ жол» партиясына алғыстарын жеткізді.
Сәтті өткен қойылымнан соң жас актерлер өз әсерлерін жеткізіп, жүрекжарды пікірлерін де білдірді.
– Еңбегіміз еш кетпеді. Жастарға тағылым мол жақсы қойылым болды деп ойлаймын. Зал көреремендерге лық толды. Бұл шараға достарымыз, өзіміздей замандас студенттер, ата-аналардан бастап, өлкеміздің ақындары, ұстаздар мен елжанды азаматтар келді. Актер болу басты армандарымның бірі екенін жасырмаймын, міне, сол арманым бүгін орындалғандай! Мен үшін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдау басыма қонған бақ деп ойлаймын – деді басты рөлді ойнаған Ғазиз Ізтұрғанов.
– Қойылымға дайындық кезінде ескі киімдерді табу, актерлерге грим жасау жағы қиындық туғызды. Өйткені бізде кәсіби грим жасайтын адам болған жоқ, өзіміз ізденіп, үйрендік. Жалпы біздің партия Алаш бағытында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Партияның бір ұстанымы Алаш бағыты болғаннан кейін Алаш арыстарын насихаттап, олардың елге жасаған еңбектерін жас ұрпаққа көрсетудеміз. Бастапқыда осы драмалық қойылымды алғаннан кейін, тарихты жаңғыртып насихаттау парызымыз және ой салатын драма болады деп шешім қабылдап, оны қоюға тәуекел еттік.
Өзім Ахмет Байтұрсынұлы мен адал жары Александра (Бәдрсифа) өмірі желісінде жазылған бұл пьесаны ең құнды драмалардың бірі деп есептеймін. Біз өз елін, өз тарихын сүйген қазақ жазушымен кездескенімізге разымыз. Негізі пьесаның материалы 2- 3 сағатқа созылады. Кейбір жерін қысқартып, мағынасын жоғалтпай, ойды, оқиғаны бұзбай дайындадық. Әу баста, қысқартқанымыз үшін қысылып едік, драманың авторы Өтен Ахмет өзі көріп, тамашалап, жақсы бағасын бергеннен кейін жанымыз тыншыды. Осындай терең тақырыпқа барған қазақ жазушысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көрермендер де, әуесқой актерлер де бір жасап қалды. Спектакльдің мәнін түсініп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Әрине, драма аяқталғанша халық оны қалай қабылдайды, тарихи оқиға мәнін аша алдық па, көптің көңілінен шыға ма деп қобалжығанымыз рас. Дегенмен, көздеген мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Сонымен қатар, қойылым атаулыға көп жинала бермейтін халықтың өз қалауларымен келгендеріне қуаныштымын. Және бұл қойылымды Астана қаласында қоюды ұсынып отыр. Ол да үлкен қуаныш, – деді Бәдрисафаның қарт кезін бейнелеген және драмалық қойылымының қоюшы режиссері Әлия Исаева ағынан жарылып.
Осылайша Ақтау қаласында үлкен бір игі шара іске асты. Жастардың жалынды жігері мұқалмасын, жолдары қашан ашық болсын дегіміз келеді.
Жанұзақ ҚОЙШЫҒҰЛОВ, «Ақ жол-жастар» қанатының баспасөз хатшысы
Ақтау қаласы
"Қазақ үні" газеті