Алаш әскері туралы мағұлматтар болашақта оқулыққа енгізілуі мүмкін (фото)
2016 ж. 07 сәуір
5098
1
Әлихантанушы ғалым, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның Алаш милициясы мен ұлттық әскер құрудағы еңбегін жан-жақты ашып көрсетті.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен құрылған Әскери-тарихи музейінде «Әлихан Бөкейхан және Алаш әскері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Шараның ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылғаны белгілі. Қазақтың ұлттық тарихында ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әскери тарихында Алаш әскерінің құрылуы, құрамдары мен әскери қайраткерлерінің есімдері айрықша орын алады. Алаш әскерінің тарихына қатысты арнайы жиынға саясаткер, Парламент депутаты Азат Перуашев, белгілі алаштанушы ғалымдар: Сұлтан Хан Аққұлұлы, Дихан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұлоы, Қайырбек Кемеңгер, Зиябек Қабылдинов, Ербол Тілешев, Ерлан Сайлаубай және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. Шараның жүргізушісі: қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы. Шара барысында алғашқы болып сөз алған әлихантанушы ғалым, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның Алаш милициясы мен ұлттық әскер құрудағы еңбегін жан-жақты ашып көрсетті. 1916 жылғы Торғайдағы қозғалысқа өз ойларын білдірген Алаш қайраткерлері ұлттық автономияны ұстап тұру үшін әскер керектігін жақсы түсінген. Ұлттық армияның тарихын осы кезден бастау керектігін және оны құруда негіз болған алғышарттарды жақсы атап өтті. Сонымен қатар қазақ әскери тарихының арғы-бергі оқиғаларынан сөз қозғаған тарихшы Зиябек Қабылдинов қазақтың жауынгер халық екендігін, олар патша шенеуніктерін сескендіргенін тарихи құжаттар негізінде сөйлетті. Алаштың алғашқы құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлының қазасы – тарихта белгілі оқиға. Ол туралы заманында аз жазылмады. Шәкерім қажының жоқтауы, Міржақып пен Жүсіпбектің қазанамасы, Сәбит Дөнентаевтың өлеңінен білетініміздей, Алаш әскерінің сапында болып, шейіт кеткен жас арыстың тағдыры жайында ғалым, профессор Сағымбай Жұмағұлов баяндап берді. Әлихан бастаған Алаш Орда үкіметінің құрамында болған, қазіргі тілмен айтқанда министр қызметін атқарған Отыншы Әлжанұлының Алаш әскері мен милициясын құрудағы еңбегі орасан. Сондай-ақ жергілікті Жетісу әскерін жасақтау ісінде Отыншының ізі жатыр. Бұл туралы жиын барысында ғылым кандидаты, зерттеуші Қайырбек Кемеңгер әңгімеледі. Жиынның жүргізушісі, зерттеуші Берік Әбдіғалидың зерттеу жұмыстарының бір бөлігі ретінде осы Алаш әскерінің тарихы қарастырылады. Алаш әскерінің құрылуы мен құрамы, басқарған қайраткерлер мен ішкі-сыртқы қатынастары, сарбаздардың тізімі жайында көп мағлұмат айтылды. Шара соңында жарыссөз ұйымдастырылып, жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Зерттеуші Ерлан Сайлаубай Алаш әскерінің шығыс қанатын зерттеп жүргендігін, Семей қаласындағы архивтен тапқан олжасы негізінде ғылыми мақала жариялап жатқандығын айтты. Өз сөзінде ол 1920 жылдардан басталатын әр түрлі толқулар мен көтерілістер осы ұлттық әскер рухының өшпегендігін білдіреді деді. Сонымен қатар шара барысында қатысушылар тарапынан қарар қабылданып, онда Алаш әскерінің тарихына қатысты жаңа деректерді тауып, тарихи жәдігерлерлі жүйелеу, ғылыми еңбектер шығару, солардың негізінде оқу бағдарламасындағы оқулықтарға енгізу, т.б. ұсыныстар енгізілді. Тарихи мәні зор мұндай жиындар алдағы уақытта арнайы бөлімдерге бөлініп, жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.
Заңғар Кәрімхан
Дерек көзі:e-history.kz/kz