Елдос Тоқтарбай: Әлихан Бөкейхан – қазақтың бренді
2016 ж. 05 наурыз
6268
2
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деген Әлихан Төре өзі бастаған атпалдай топтың сақа жігіттеріне «алаш баласын қайткенде азамат, қазақ қауымын қайткенде мемлекет етеміз» (Ә.Кекілбай) деген үлкен міндетті жүктеген.
ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық күрестің мәні де, мағынасы да өзгеше. Ерекшелігі сол – қазақтың арғы-бергі тарихын алсақ, сонау Абылай Хан да, Кенесары Хан да, Махамбет пен Исатай батырлар да, бәрі-бәрі – Ресей Патшалығының отарлау саясатынан шығып, бодандықтың қамытын шешіп, Хандығымызды сақтап, өз алдына дербес ел болуды армандады. Ал, Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің жүріс-тұрысы, тіпті, ой-арманы ерен еді. Бұлар – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына үлкен жаңалық болып келген, ірі реформалық қозғалыс жасаған оқыған, сауатты, бірнеше тілді еркін меңгерген, әлемдік саясат пен мәдениеттен, әдебиеттен жан-жақты хабардар болған озық ойлы тұлғалар еді. Сталин бастаған Кремль басшылары қазақтың бетке ұстар осындай сақа жігіттерінен сезіктеніп, олардың мақсаттары мен болашаққа бастаған бағыт-бағдарларын кескектеп отырды. Әсіресе, олар үшін ең қауіпті тұлға – Әлихан еді, оны 1921 жылдан бері үйқамаққа алып, оны Алаш қайраткерлерінен алыстатуға тырысты. Француз, тағы басқа шет тілдерін еркін меңгерген, Толстой секілді орыс жазушыларымен тең дәрежеде байланысқа түскен қазақтың Джек Лондоны – Жүсіпбек Аймауытұлын 1931 жылы ату жазасына кесті. Одан кейін Әлихан, Ахмет ату жазасына ұшырады. Алыптардың соңынан Алаш идеясын білетін арыстар да оққа ұшты. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлының куәлігімен Мұхтар Әуезов ату жазасынан аман қалып, Алаш идеясын кейінгі буынға жеткізді. Егер, Мұхтар Әуезов ату жазасына іліккенде, «Абай жолы» романы жазылмас еді, Әлихан негізін қалаған «Абайтану» ілімі ғылым саласына айналмас еді. Алаштың идеясын ұрпаққа аманаттаған екінші тұлға – математика саласы бойынша тұңғыш қазақ профессоры, Алаштың ардақты ұлы Әлімхан Ермек еді.
***
Отар қойды қошқар бастайды. Үйір жылқыны айғыр бастайды. Ұлтты, елді көшбасшы бастайды емес пе?! ХХ ғасыр – қазақтың ояну ғасыры. Қалың ұйқыдағы қазақты ұйқысынан оятып, олардың жүректеріне, сенімдеріне үлкен рух берген қазақ тарихындағы асқақ дара тұлға – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан еді.
Иә, Әлихан бүгінгі қазақ үшін кім? Ол – қазақтың бренді. Әлихан «Қай жұрттың болсын болашақ тұрмысына ерік беріп жаңалық кіргізетін, халықтың ұлғайып кеңеюіне кедергі болатын зиянды ғұрып-әдетін, қараңғылығын жоятын жолбасшы көсемі – сол халықтың өз арасынан шыққан оқығандары. Қараңғы халықтың тұрмысын гүлдендіріп, жарыққа шығаратын– оқығандар» деп маңайына қазақтың оқыған жігіттерін жинап, елдік, ұлттық мақсатын жүзеге асыруды көздеген. Алаш серкесінің елдік, ұлттық мақсаты екі бағыт арқылы жүзеге асты: Бірі – Әлиханның 1905-1917 жылдар аралығында еңбегі – күрескерлік жол, азаттыққа жету жолы. Күрескерлік жолының жеңісі – 1917 жылдың 13 желтоқсанынан – 1920 жылдың 5 наурызына дейін билік салтанатын құрған – «Алашорда» ұлттық территориялық – автономиялық мемлекет еді.
Екіншісі – 1920-1928 жылдар аралығы – ғылым, білім, шығармашылық жолы. 1920 жылы большевиктік диктатура толық орнағаннан кейін Алаш серкесі Әлихан Бөкейхан қазақ оқығандарына: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой» деп болашақ ұрпақтың кәдесіне жарар ғылымның іргетасын қалауды өзінің сенімді серіктеріне табыстаған. Міне, осыдан кейін «Алқа» Алаш қайраткерлері құрған бейресми шығармашылық ұйымы құрылып, 1920-1924 жылдары ұйымның идеясы, мақсат-міндеті жоспарланып, 1925 жылы ұйым іске кіріседі. «Алқаның» арқасында Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» , «Мәдениет тарихы» , «Әліпби» (1924), «Баяншы» , Міржақып Дулатұлы «Есеп құралы» , Халел Досмұхамедұлы «Жануартану», «табиғаттану», «Адамның тән тірлігі» Мағжан Жұмабай «Педагогика» , Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология» , Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы», Қаныш Сәтпаев «Алгебра» сияқты оқулықтар жазды. Әлиханның тікелей бағыт-бағдарымен Әлімхан Ермек, Сұлтанбек Қожанов – математика, Елдес Омарұлы – геометрия, физика, Санжар Асфендиярұлы , Телжан Шонанұлы – тарих, тіл,Жұмағали Тілеуліұлы – медицина, Жұмахан Күдеріұлы – биология, Құдайберген Жұбанов, Қошке Кемеңгеров – лингвистика, тіл саласына арнап оқулықтар және жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының қолдауымен «Алгебра» оқулығын жазған Том университетінің студенті, 20 жасар Қанышқа атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтпаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, талайлы болатын жігіт» деп батасын берген еді. Әлиханның ғылым жолындағы мақсатын сталиндік репрессиядан кейін жүзеге асырып, Қазақтың Ғылым академиясын құрып, оның дамуына мол үлес қосқан, өмірінің соңына дейін басынан қасірет пен қуғын-сүргін бұлты арылмаған тұлға – осы Қаныш Сәтпаев еді.
Қазақ ғылымының фундаментальды ғылым болып қалыптасып, қолданбалы ғылымға айналуына көп еңбек сіңірген – Алаш қайраткерлері. Осының бәрінің жүзеге асуына тікелей себепкер болған – Әлихан Бөкейханның ұлттық идеясы.
Әлихан Бөкейхан – абайтанудың ғылыми негіздемесін жасаған тұңғыш абайтанушы-ғалым. Ол – Абайды «Қазақтың рухани ұстазы» деп бағалап, оның өмір жолы мен шығармашылығын тұңғыш рет жариялап, өлеңдерін құрастырып, баспадан шығарған. Ол – кәсіби аудармашы, көсемсөздің хас шебері. «Иртыш», «Омиш», «Товарищ», «Речь», «Слово» газеттеріне редақторлық жасаған білікті редактор-журналист.
***
Әлихан Төре – хан тұқымынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Үлкен атасы – Бөкей Барақ сұлтанның ұлы. Бөкейдің тоғыз ұлы болған, соның бірі – Батыр сұлтан. Батырдан Нұрмұхамед тараған. Әлиханның әкесі – Нұрмұхамед, анасы – Бегім ханым. Бала Әлихан ауыл молдасы татар Зәриевтен сауат ашып, ілім жолында қанаттанып, асқақ армандарымен биіктерге жетуді мақсат еткен. Сол жолда 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектеп-интернатта оқып, 1886-1890 жылдары оқуын Омбыдағы техникалық училищеде жалғастырып, одан әрі Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқу түсіп, жоғары білім алған тұңғыш қазақ балаларының бірегейі.
«Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» деп тұтас қазақ елін – біртұтас Алаш еліне айналдырып, үш жүздің басын қосып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның территориялық-шекаралық бөлінісін жасаған еді, егер, Әлихан бұл іске араласпа, мына оңтүстік өңіріміз – Қоқан, бүгінгі өзбек еліне, батысымыз – түрікмендерге, солтүстігіміз – орыстарға, шығысымыз – қытайға кетуі ықтимал еді, құдай сақтап, Әлихан сынды «бүгінін емес, ертеңін» ойлаған, болашағын ойлаған көсем бағымызға қарай туылып, еліміз бен жерімізді қорғап, өзінің қара басын қауіп-қатерге тіккен екен. Осы сөзіміз нанымды болу үшін ұлт зиялысы Міржақып Дулатұлының «Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейхан» деген пікірін келтірсек жеткілікті, Жақаңнан асырып айта аламыз ба?
***
5 наурыз Алаштың Әлиханының туған күні. Биыл дара тұлғаның дүниеге келгеніне 150 жыл! Бұл – барлық «Алаш!» деген қазақтың ортақ тойы.
Әлихан Бөкейхан – қазақ руханияты һәм саяси жүйе тарихындағы үлкен феномен. Ол – бар қазақтың ауыз толтырып айтар мақтанышы, мерейі. Әлихан Бөкейханды ЮНЕСКО –ның өзі – «Әлемдік тұлға» деп таныды, ол – «Ғасыр саңлағы».
Әлиханның Алаш идеясы – бүгінгі қазақтың да шамшырағы іспетті. Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойы құтты болсын!
***
1922 жылдан бері Әлихан Бөкейхан ОГПУ-дің назарында болып, оған Отаны – Қазақстанға келуге тыйым салынған. Осы жылдар аралығында көсемімізді әлденеше рет түрмеге қамап, оған айыппұлда салған. Өмірінің соңына дейін үйқамақта отырды. Үйқамақта отырса да, ғылым саласының өркендеуіне үлес қосып, қазақ мәдениеті мен руханиятына айрықша еңбек сіңірді. Тіпті, Әміре Қашаубаевтың Парижге баруына мұрындық болып, оның ол жақта айтатын әніне шейін таңдап, ол әнінің мән-мағынасы мен киетін киім үлгісіне дейін бәрін тәптіштеп ұлт ұстазы Ахметке жазған хатында баяндаған, оның Парижге барар алдында Ахметтің тәрбиесінде болуын қалап, Ахаңа тапсырған еді. Парижге барып, қазақтың әнін, Ақан Серінің шерлі әні – «Балқадишаны» орындап, бүкіл француз жұртын сырлы да, нәзік қайталанбас сирек дауысымен тамсандырған Әміре Мұстафа Шоқайдың үйінде болып, Мұстафамен әңгімелесіп, Әлихан мен Ахметтің хатын беріп, оның жауабын да елге әкелген еді. Әнші елге келген соң, тыңшылар оның Парижде Мұстафамен кездескенін біліп, оның советтік коммунистік мемлекет үшін аса қауіпті адам екенін түсініп, көпке ұзатпай оны өлтіріп тастады емес пе! Ал, Мұстафа Әміренің орындауы бойынша қазақтың жеті-сегіз әнін жазып алған екен, біз қазір сол әндер жазылған касетаны таба алмай отырмыз!..
1907 жылы Алаш көсемі Әлиханның тапсырмасымен алаш қайраткері Шаймерден Қосшығұлұлы Түркияға барып, үкімет, парламент басшыларымен кездесіп, түрік газеттері арқылы ІІ Николай патшаға мәлімдеме жасаған еді. Ататүріктің өзі – Алаш арысы Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтып, азамат ақынның «Оян, Қазақ!» өлеңін түрік тіліне аудартып, оны бүкіл түрік еліне идеал тұлға етті емес пе? Ал, Мағжан ақын «Алыстағы бауырыма» деп Ататүрікке өлең арнаған еді. Бұл – Әлиханның иісі түркі халықтарының басы бір арнада тоғысып, бір шаңырақ астына жиылып, бір-біріне жанашыр, қамқор болуы керек деген біртұтас идея. Мұстафа Шоқайдың да үміті осы болған.
***
Кез келген саяси қайраткердің сенімді адамдары, ақылман үзеңгілестері болады. Алаш серкесі Әлиханның екі қанаты бар еді: бірі – ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы, екіншісі – көсемсөздің хас шебері Міржақып Дулатұлы. Осы екі арыстың қолдауымен қаншама игі бастама жүзеге асты, соның игілігін бүгінгі ұрпақ – мына біз көріп отырмыз. Сенімді жігіттерімен бас қосып, қазақ елінің болашағын ойлап, бағыт-бағдарын бекіткен Әлиханның арманы – ұлттық мемлекет құру еді, шүкір, біз оған да жеттік. Алайда, біз әлі күнге дейін Әлиханымызды, ұлт көшбасшысы – Әлихан Төре Бөкейханды толық тани алмай келеміз. Өкінішті-ақ. Саңлақ тұлғаның мерейтойы атаусыз қалмаса екен.
Қошке Кемеңгер «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тілдің тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деген екен, осы сөзден ақ, Әлиханның қазақ ұлтының бостандығы мен зайырлығы үшін атқарған істерінің қандай болғанын байқайсыз.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің бренд тұлғасы – саяси қайраткер, Алаш көшбасшысы, «Алашорда» мемлекетінің төрағасы Әлихан Бөкейхан әкеміздің әруағына құран бағыштайық, оның ұлт бостандығы жолындағы атқарған қызметі мен біртұтас Алаш идеясы алдында мәңгілік қарыздар екенімізді ұмытпайық, ағайын!
Дерек көзі: adebiportal.kz