Әлихан Бөкейхан туралы білгіңіз келсе
2016 ж. 19 ақпан
6937
4
Әлихан Бөкейханов — Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы. Қоғам қайраткері Әлихан ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалым. Әлиханды ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы деп қарастырады.
Шығу тегі
Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1866 жылы, наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ол ауыл артынан Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал совхозы болып өзгереді. Ал 90-шы жылдардың басында аталмыш ауыл бірер жылдай Әлихан Бөкейханов атымен аталған. Бүгінде Шабанбай би селолық округы болып өзгеріп кетті. Әлиханның тегі алғашында Нұрмұхамедов болған деп көрсетіледі, кейіннен жоғарғы оқу орнының соңғы курсында ол өз қалауымен тегін Бөкейханов етіп өзгерткен.
Білімі
Жас Әлихан ең алғашында Қарқаралыдағы ауыл молдасынан арабша тіл сындырады. Кейіннен қаладағы үш сыныпты, орыс тілді бастауыш мектепке ауысады. Оны тәмамдаған соң, 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке қабылданады. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білім алады.
Саясатқа бет бұруы
Оқуын ойдағыдай бітірген соң, Омбыға қайта оралады. Сол бетте «Народная свобода» партиясының қатарына өтіп, қазақ зиялылары мен саяси белсенділердің басын қосқан шағын топ ұйымдастырады. Әлиханның кейінгі уақытта саяси күрескер болып қалыптасуына осы Омбыдағы күндері ерекше әсер етеді. 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады.
Қарқаралы петициясы
1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады. Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Петицияға 14 500 адам қол қойған.
Тұтқындалған депутат
1905 жылдың күз айында ғалым-публицист Семей облысы қазақтарының атынан Ресей патшалығына 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланады. Алайда ол дума жұмысына қатыса алмады. Себебі, дала өлкесінің генерал-губернаторының негізсіз айыптауымен 3 ай Павлодар абақтасына жабылады.
Шетелдегі қызметі
Абақтыдан шыққан Әлихан Бөкейханов сол кезде тарап кеткен дума мүшелерінің артынан Финляндияның Выборг қаласына келеді. Выборг үндеуіне қол қояды. Сол үшін жазаланып, 3 айға Семей түрмесіне жабылады.
Қоғамдық-саяси баспасөзге келуі
1906 жылы Омбыда шыққан кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде бас редактор болады. 1908 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» басылымдарында басшылық қызметте жүреді. 1909 жылы «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс жасайды. 1911 жылы Ахмет Байтұрсыновпен бірлесе «Қазақ» газетін шығаруға атсалысады. Осы кезде жандармерияның қара тізіміне ілігіп, Самар қаласына жер аударылады. 1916 жылы жер аудару мерзімі аяқталған соң, Орынборға қайта оралып, қалалық думаға сайланады. Әлихан Бөкейхановтың мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші ғалымның, көрнекті публицист Әлиханның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған.
Толқынды 1917 жыл
1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады.
20 жылдардағы тұтқындау
1920 жылы Алаш автономиясы тарайды да оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, осында 10 жыл бойы үй қамақта отырады. Осы жылдары Әлихан ғылыми жұмыспен көп айналысады. Алайда жала жабылып, үстінен жалған іс жүргізілген Бөкейханов Бутырка абақтысына тоғытылады.
Ату жазасы
Бутырка абақтысына тоғытылған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1937 жылы Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірнің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына жерленген. Оның есімі 1989 жылы ақталды.
Отбасы
Әлихан Бөкейханов Яков Севостьяновтың қызы Ольгаға үйленген. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.
Дерек көзі: munara.kz