Әлем атап өтетін Әлихан тойы Алаш көсемінің атына лайық болуы керек
2016 ж. 08 ақпан
3319
8
АЛАШ АРДАҚТЫСЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ ЖЕТІМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫНДАЙ БОЛЫП ЖҮРМЕЙ МЕ?
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өтуге Қазақстан Үкіметі қаржы бөлетін болды деді жақында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бірақ, қандай нақты іс-шаралар жоспарланып, қанша қаражат бөлінетінін ашық атай алмады. Соған қарағанда, бұл мәлімдеме Үкіметтің емес, мәдениет майданы сардарының жеке ойы мен таза ниетіне көбірек ұқсайды.
Бұлай деуге біздің де толық құқығымыз бар. ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отырған айтулы шараға үлкен мән беріп, лайықты атап өту жөніндегі «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттық сауалына біздің Үкіметіміз «қаржы қарастырылмаған» деп, ресми түрде жауап берген болатын. Алаш тақырыбын тұрақты көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясының атына келген ол хат «Қазақ үні» газетінің биылғы жылдың №4 санында жарияланып, қалың оқырмандардың назарына жетіп үлгерді. Әрине, биліктің бұл жауабы ешкімді жарылқай да, қуанта қоймағаны белгілі. Қарапайым халық қаржы жағынан Үкіметтен күдер үзген соң Алаш ардақтысының мерейтойын лайықты түрде атап өту үшін өздері ақша жинау туралы жер-жерлерде бастама көтере бастады. Онысын да орынсыз деп айта алмаймыз. Өйткені Әлихан Бөкейхан жетекшілік еткен Алаш арыстарының қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз, ұшан-теңіз. Ұлттық идеология мен демократиялық ұстанымдарды ұштастырып, жаңа қоғам құруды қолға алған Алаш ардақтыларының еңбегі тарихтан белгілі. Ол толық зерттеліп біткен жоқ, әлі де талай ақтаңдақ тұстары ашылары анық. Ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр, мәдениет пен өнер, экономикасы мен тұрмыс-тіршілігін, оқу-ағарту ісін ілгері жылжытқан еңбектерін былай қойғанда, өзіміз өмір сүріп отырған қазіргі Ұлы даламыздың шекарасын шетінетпей сақтап қалуға күш жұмсап, бастарын қатерге тіккен ерліктерін қайда қоямыз? Олар болмаса ұлан-ғайыр жеріміздің жұлмаланып, ұлтарақтай көлемі ғана қалуы да мүмкін еді ғой... Біз жалпы «қызық» халықпыз. Әлем мойындаған Алашқа қарағанда маңызы мен мәні түкке тұрғысыз кейбір мерекелерге қаржыны қарша боратып шашқанда алдымызға жан салмаймыз. Шетелдік шоу бизнес өкілдерін шақырып алып, қойын-қонышын ақшаға толтырып, «Қазақтың жомарттығын көріңдер!» деп кеуде кереміз. Ал өзімізге келгенде кежегеміз кейін кетіп, қырысып-тырысып қаламыз. Тіпті, туған күндерін тойлаған біздің байлар мұхиттың арғы бетіндегі атақты әртістерді шақырып, миллиардтаған ақшаларын бір-екі әні үшін шаша салған кездері аз емес. Сол «жомарт жандар» енді неге үнсіз қалды? Әлде Алаш азаматтары олар үшін ешкім емес пе? Сонда қыруар байлықты кімнің арқасында тер төкпей-ақ қоржынына салыпты? Ата-бабаларымыз бен оның ішінде қазақ үшін құрбандыққа шалынған арыстарымызды олар білмей ме? Олай болса байларымыз қазақ тарихынан мүлдем мақұрым, ұлттық сана-сезімнен жұрдай болғаны ғой? Осындайда «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген қазақ атамыздың керітартпа қыңырларға айтылған қатаңдау сөзі еске түседі. Жоқ, біз аста-төк той жасайық деп отырғанымыз жоқ. Құдайға шүкір ондай тойлар бізде жетерлік, дағдарыс та бөгет болып жатқан жоқ оларға. Қарапайым да болса, ұлағаты мол Алаш өмірінен жастарымыз сабақ алатын, өз тарихын бойына сіңіретін шараларды ұйымдастырсақ деген негізгі тілегімізді айтқымыз келеді. Мәдениет министрін кінәлаудан аулақпыз. Оның қолында күш пен қаржы тұрса басқаша болар еді. Депутаттарымыздың да Алашқа деген адал ниетін байқап жатырмыз. Өзгелердің алды болып білдірген «Ақ жол» партиясының тілегінен соң пәрменді Парламентіміздің Жоғарғы палатасындағы бір топ сенаторлар да Үкіметке ресми сауал жолдап, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты атап өтуге, әлем жұртшылығы алдында масқара болмауға шақырып жақында ғана тағы бір сауал жолдады. Мәртебесі жоғары Сенаттың сауалы Үкіметтің дұрыс шешім қабылдауына әсер етер деген үміттеміз. Одан қалды халықтың да тілегі осы, қаржы болмай қалған күннің өзінде де қазақтың санасынан Алаш арыстарының есімін ешкім өшіре алмайды. Халық үкіметке емес, үкімет халыққа қызмет ететіні рас болса бұл мәселе оң шешімін табар деп сенгіміз келеді...Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті