Санжар Асфендияров - денсаулық саласының серкесі
2016 ж. 13 қаңтар
6697
2
Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ елінде халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету ісі өте баяу дамығаны белгілі. 1913 жылға дейін 5,6 миллион тұрғыны бар аймақта небәрі 196 дәрігер жұмыс істепті. Барлығы 1800 ауруханалық төсек орны және 96 амбулаториялық мекеме қызмет еткен. Демек, 10 мың тұрғынға шаққанда 0,3 дәрігер және 3 ауруханалық төсектен ғана келеді. Әсіресе, жергілікті халық медициналық көмекпен мүлдем қамтамасыз етілмейді. Облыс және уезд орталықтарында дені еуропалық ұлт өкілдерінен құралған уездік және учаскелік дәрігерлер түрлі жұқпалы аурулардан зардап шегіп отырған көшпелі тұрғындардың жағдайына өте салғырт қарады.
Революцияға дейін қазақ жерінде медициналық кадрларды даярлайтын бірде-бір оқу орны ұйымдастырылмағаны және аян. Патша билігі тұсында қазақ арасынан шыққан азсанды дәрігерлердің барлығы Мәскеу, Қазан, Саратов, Томск және Киев университеттерінің медициналық факультеттерінде, Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясында және Қыздар медициналық институтында, ал кіші санаттағы дәрігерлер Орынбор, Омбы, Астрахань, Воронеж және Қазан фельдшерлік және Кронштадт әскери-фельдшерлік мектептерінде даярланды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарынан кейінгі кезеңде Қазақстан территориясында кеңестік негізде құрылған денсаулық сақтау жүйесі және халыққа медициналық көмек көрсету қызметі күрделі қалыптасу кезеңін бастан кешірді. Ауруханалар мен дәрігерлер саны біртіндеп көбейді. Дегенмен, белгілі ілгерілеушілік Қазақстан сынды ірі аймақ үшін қалайды жеткіліксіздік танытты. Денсаулық сақтау халық комиссариатының мәліметтері бойынша 1930 жылға қарай Қазақстан территориясының ауқымдылығына байланысты 1 дәрігерлік учаскеге 40 мыңнан 238 мың адамға дейін келіп, осы учаскелерде небәрі 305 дәрігер ғана жұмыс істеді, яғни бұл учаскелердің медициналық персоналмен қамтамасыз етілуі мардымсыз 19,8%-ды ғана құрады. Қазақ елінде денсаулық сақтау жүйесінің емдеу және санитарлық-профилактикалық салаларында негізінен революция немесе азамат соғысы жылдарында білім алған төмен білікті фельдшерлер еңбек етті. Көптеген дәрігерлер мен фельдшерлер жоғары жалақыға қарамастан шалғай елдімекендерге жұмысқа ауысуға ерік танытпады. Соның салдарынан Қазақстанның көптеген ауыл және елдімекендерінде жергілікті халық медициналық қызметтен мүлдем шет қалды. Оның үстіне еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан дәрігерлердің қазақ халқының әдет-ғұрыптарымен, тұрмыс-салтымен таныс болмауы және қазақ тілін білмеуі жергілікті халыққа медициналық жәрдем беру ісіне айтарлықтай кедергі келтірді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін жергілікті медициналық кадрларды даярлау 1923 жылы Орынборда құрылған Өлкелік медициналық техникумда жүргізілді. Техникумда оқу мерзімі екіжылдық даярлық курстарымен қоса есептегенде барлығы 6 жылды құрады. Қазақтар үшін техникумның жанынан арнайы даярлық және акушерлік курстар, жұмысшы факультеті қызмет етті. 1926-1927 оқу жылында осы орта оқу орнында білім алып жатқан 240 студенттің ішінде тек 88-і ғана қазақ ұлтының өкілдері еді. 1929 жылы Орынбор медициналық техникумын бітіріп шыққан 35 адамның ішінен 24-і қазақ жастары болды. Сол жылы медициналық техникум Орынбордан толығымен Орал қаласына көшірілді. 1930 жылға дейін республиканың денсаулық сақтау жүйесінде қызмет еткен жоғары білімді мамандардың айтарлықтай бөлігі Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медициналық факультетінің түлектері еді. Бұған дәлел ретінде, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариатының келесідей мәліметтерін келтіруге болады: 1928-1929 оқу жылында Қазақстаннан тыс жерде оқып жатқан 669 студенттің ішінен 140-ы медицина саласы бойынша білім алды. Олардың 53-і Орта Азиялық мемлекеттік университетінің медицина факультетінің студенттері болса, қалғандары салыстырмалы теңдей дәрежеде Мәскеу (5), Ленинград (5), Қазан (8), Саратов (15), Астрахань (17), Омбы (14), Томск (8), Новочеркаск (7), Воронеж (6) және Иркутск (1) университеттерінің медициналық факультеттерінде немесе медициналық институттарында білім алып жатты. Алайда, сыртта білім алып жатқан студенттердің айтарлықтай бөлігі ауыр материалдық жағдайға байланысты өз оқуларын мерзімнен бұрын аяқтап отырды. Соның салдары ретінде, тек санаулы студенттер ғана дәрігер дипломына қол жеткізіп, республикаға қайта оралды. Мысалы, 1928-1929 оқу жылында Қазақстаннан тыс жердегі медициналық оқу орнын небәрі 21 адам ғана аяқтаған екен. Олардың тек екеуі ғана қазақ еді. 1920-жылдардың аяғында Қазақстанда жоғары және орта оқу орындарының бой көтеруі медициналық білім беретін техникумдардың ұйымдастырылуына да ықпал етті. 1928-1931 жылдар аралығында, салыстырмалы қысқа уақыт ішінде Қызылорда, Семей, Қостанай, Петропавл, Шымкент және Ақтөбе қалаларында медициналық техникумдар ашылып, олар акушерлерді, фармацевтерді, рентгенотехниктарды, санитарлық дәрігерлердің көмекшілерін даярлаумен айналысты. Дегенмен, 1930 жылға дейін Қазақстанда бұрынғысынша жоғары білімді дәрігерлерді даярлайтын бірде-бір оқу орны болмады. Қазақстанда тұңғыш жоғары медициналық оқу орнын ашу Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру тарихымен тығыз байланысты. Ағарту халық комиссариатымен құрастырылған бастапқы жобада ҚазМУ-дың құрамында медициналық факультетті ашу да жоспарланды. Алайда, Денсаулық сақтау халық комиссариаты белгілі себептерге орай бұл жобаға қатысудан және ҚазМУ-ды ұйымдастыру комиссияның құрамына өз өкілін қосудан бас тартты. Халық ағарту комиссариатының 5 жылдық перспективті жоспарына сәйкес Қазақстанда медициналық жоғары орынды ашу 1933 жылға дейін іске асырылатын маңызды іс-шаралардың қатарына жатқызылды. 1930 жылдың қаңтар айында Қазақ республикасының үкіметі, жауапты комиссариаттар (Ағарту және Денсаулық сақтау) және Қазақ АКСР-нің БОАК жанындағы өкілетті өкілдігі ҚазМИ-ді құру үшін РКФСР-дің жоғарғы органдарынан тиісті шешім алу бағытында қызу жұмысты бастап кетеді. ҚазМИ-ді ұйымдастыру жұмыстарына ҚазМУ-дың ректоры, медицина саласының маманы, қабілетті ұйымдастырушы Санжар Асфендияров белсенді түрде тартылды. Қазақ республикасының үкіметі оған ҚазМИ-ді құруға бағытталған істерге жалпы жетекшілікті жүргізу міндетін жүктеді. 1930 жылы С.Асфендиаров ҚазМУ және ҚазМИ істері бойынша Мәскеу қаласына екі рет іссапар шегіп, олардың барысында болашақ институтта қызмет ететін ғалымдармен келіссөз жүргізумен, институт үшін қажетті құрал-жабдықтарды алдыртумен, институттың қаржы сметалары мен оқу жоспарын бекітумен айналысты. 1930 жылдың жазына қарай ҚазМИ-дің құрылуын құжат негізінде орталық органдарда заңдастыру өзінің шешуші кезеңіне аяқ басқан болатын. ҚазМИ-дің алғашқы 1930-1931 оқу жылына 100-120 студентті 1-курсқа қабылдау жоспарланып, оларға жалпы пәндер бойынша ҚазМУ-дың және Мал дәрігерлік институттың профессор-оқытушылық құрамы дәріс оқуға міндеттелінеді деп шешілді. ҚазМИ-дің жетекші құрамына тоқталатын болсақ, қазақ өкілдігінің РКФСР-дің ХКК-не және Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатына бекіту үшін жіберген түсіндірме баяндамада ол 22 әкімшілік-техникалық қызметтерден тұратындығы көрсетілді. 1930 жылы 22-маусымда Қазақ АКСР-нің БОАК жанындағы өкілетті өкілі Қ.Балғаев Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы О.Исаевтың және БКП (б) Қазөлкекомның бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің атына жолдаған хатында РКФСР-дің Мемлекеттік жоспарлау комитеті және Денсаулық сақтау халық комиссариаты Алматыда ҚазМИ-ді ұйымдастыруға рұқсат бергендігі туралы мәлімдейді. РКФСР-дің Кіші және Үлкен Халық Комиссарлар Кеңесінен ҚазМИ-ді құру туралы шешімді өткізу мақсатында Қазақ өкілдігінің қызметкерлері Т.Рысқұловқа қолдау көрсету туралы өтініш білдірді. РКФСР ХКК-нің ақырғы шешімін күтіп жатпастан, өкілдік Қазақ республикасы үкіметінің бірқатар мүшелерінің қызмет бабымен Мәскеуде жүргендігін пайдалана отырып, ҚазМИ мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізеді. Бұл кеңеске Қазақстанның жоғары білім мен ағарту саласының жауапты қызметкерлері мен білікті мамандары да шақырылды. 1930 жылы маусым айында ҚазМУ-дың делегациясын Мәскеуге бастап келген С.Асфендияров осы кеңестің жұмысына белсене араласты. Кеңеске қатынасушылар өкілдік жанынан Қазақстанның ЖОО-на жәрдемдесудің ортақ комитетін құру туралы шешімді бірауыздан қабылдап, оған төрағалық ету Қ.Балғаевқа тапсырылды. Комитеттің құрамында В.Көшербаев Ауыл шаруашылық институты, ал Орысов ҚазМИ бойынша Мәскеуде барлық ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етулері тиіс болды. С.Асфендияров Мәскеу қаласында Қазақстанның ЖОО үшін оқу ғимараттарын тұрғызу мәселесі бойынша түрлі ұйымдармен және мамандармен келіссөз жүргізіп, олардың барысында ҚазМИ және Мал дәрігерлік институттың ортақ пәндері үшін бір ғимарат тұрғызу тиімділігі туралы ұсыныстар алға тартылды. Мысалы, ҚазМИ-дің адам морфологиясы және мал дәрігерлік институттың анатомия пәндері үшін бір ғимаратты тұрғызу, сондай-ақ екі институттың физиология және патологиялық анатомия кафедраларын біріктіру қажет деп табылды. 1930 жылы шілде-тамыз айларында алдымен РКФСР ХКК-нің Кіші, артынан Үлкен Кеңесі де Алматы қаласында 1931 жылдың ақпанынан Қазақ медициналық институтты ашу туралы қаулыларды қабылдаған соң, 23-қарашада БКП (б) Қазөлкекомы С.Асфендияровқа ҚазМИ-дің директоры қызметін атқару міндетін жүктейді. 1930 жылы 10-желтоқсанда Қазатком төралқасының мәжілісінде Қазақ АКСР-нің Денсаулық сақтау халық комиссары Б.Әбдірахманов ҚазМИ-ді ұйымдастыру бағытында атқарылған іс-шаралар туралы баяндама жасайды. Онда ол «Медициналық институт туралы мәселе 2 жыл бұрын талқыға салынған болатын, ал қазіргі уақытта оны құруды қолға алып отырмыз. Біз 1931 жылдан бастап тиісті қаржының бөлінуіне қол жеткізіп, салалық комиссариаттардың және кәсіптік ұйымдардың көмегімен осы институтты ақпан айында ашатын боламыз» дей келіп, дәл сол сәтте жоғары оқу орнын құруға бел шеше кірісендерін, ұйымдастыру жоспары жасалғанын, сондай-ақ директорлық қызметке С.Асфендияров, ал оқу бөлімінің меңгерушілігіне Л.Витте тағайындалғанын мәлімдейді. Қысқасы, Қазаткомның қаулысынан кейін ҚазМИ директоры С.Асфендияровтың және Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының өкілі, Өлкелік санитарлық-бактериологиялық институттың директоры Л.Виттенің жетекшілігіндегі ұйымдастыру комиссиясы институтқа тыңдаушыларды іріктеу, оқу ғимараттарын және жатақхананы жөндеу, лабораториялар мен кабинеттерді жабдықтау, профессор-оқытушылық құрамды жасақтауға шұғыл түрде кіріседі. 1931 жылы қаңтар айында Алматы қаласында болашақ медициналық институттың құрылымын талқыға салған дәрігерлердің бірнеше кеңесі өтеді. Бұл кеңеске қатынасқан медицина саласының қызметкерлері институттың ашылуы туралы хабарды қуанышпен қарсы алып, қызу қолдау білдірді. 1931 жылы 9-ақпанда БКП (б) Қазөлкекомы 1919 жылдан бастап әр жылдарда Түркістан АССР-і Денсаулық Халық комиссары қызметтерін атқарған Санжар Асфендияровты Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының директоры қызметінен босатып, Қазақ медициналық институтының ректоры етіп тағайындайды. Міне, осындан кейін-ақ бүгінде аты төрткүл дүниенің біралай жеріне танылып, ұзақ жылдарғы ғұмырында мыңдаған білікті кадрлар даярлап үлгерген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғұмыры басталып кеткен екен.
Алмас ЖҮНІСБАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері
"Қазақ үні" газеті