«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы қорытындыланды
2015 ж. 07 желтоқсан
3862
1
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарын анықтауға арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Байқау төрт номинация тұрады: бірінші, «Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы»; екінші, «Алаш қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту»; үшінші, «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер»; төртінші, арнайы номинация – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алаш және Қазақ хандығы» тақырыптары бойынша қорытындыланып, жарыс жеңімпаздары анықталды. Конференцияны «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кіріспе сөзбен ашып, байқаудың алашшыл азаматтар үшін ерекше мерзімде 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Ұлттық кеңес, яғни, қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің – Алашорданың дүниеге келуін рәсімдеген тарихи съезінің ашылған күнінің алдында өтіп отырғанын айрықша атап өтті. Соған байланысты партияның аймақтардағы филиалдары желтоқсанның 5-13 аралығында Алаш апталығын өткізеді. Апталық аясында Алаш зиялыларының өмірі мен атқарған қоғамдық-саяси, мемлекеттік, шығармашылық жұмыстары жұртшылыққа, әсіресе, жас ұрпаққа кеңінен насихатталады. Партия жетекшісі «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының» қабылданып, оның Жол картасы сияқты қызмет етіп, 2015 жылға белгіленген бағыт-бағдарлардың негізінде жүзеге асқанын хабарлады. Ал Бағдарламаның діңгегін 2016 жылы туғанына 150 жыл толатын «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханды және 2017 жылы құрылғанына 100 жыл толатын «Алаш» қозғалысын лайықты ұлықтау бойынша жасалған нақты ұсыныстар құрайтынын, жалпы алған бағыттың дұрыстығын қараша айында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енуінің айғақтай түскенін айта келіп, партия көшбасшысы «бағдарламалық міндеттерді орындау үшін көп күш-жігер жұмсау қажет. Әлихан Бөкейханның туғанына бір жарым ғасыр толуы мен Тәуелсіздіктің ширек ғасырының тұспа-тұс келуінің өзінде үлкен мән бар. Оған Үкімет қана емес, әрбір азамат атсалысуы керек» деді. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының өз тарапынан 2016 жылғы ««ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын бастайтынын жариялады. Байқау қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналады. Оның қорытындысы 2016 жылдың 5-наурызында – Алаш көсемінің туған күнінде шығарылады. Жүлделік қор 1 миллион теңгеге ұлғайтылып, 4 миллион теңгені құрайтын, үш кезеңнен тұратын жалпыұлттық байқаудың жаңартылған шарттары жасалды, ол бұқаралық ақпарат құралдарына таратылады. Бізге, ең бастысы, Алаш идеясы қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртудың басты бағыттарының бірі болғанын, оны сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеп, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылғанын, оның қазіргі заманда да практикалық мән-маңызы бар дүние екенін жұртшылықтың ұғынып, байыптай түскені қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің 30-қараша күнгі Қазақстан халқына Жолдауында тағы да бір жария еткен «Елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету!» мұраты да Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түссек, баянды болатыны күмәнсіз. Әсіресе, Алаш идеяларын жас ұрпаққа таратудың маңызы зор. Биылғы жылғы өтіп жатқан, бүгін қорытындысын шығаратын байқаудың басты мақсаты да осы» деп түйіндеді өзінің сөзін Азат Перуашев. Байқаудың модераторы, «Ақ жол» ҚДП орталық кеңесінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы байқаудың бұдан бұрынғы екі кезеңінен өтіп, төрт номинация бойынша финалға шыққан Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты Алмас Жүнісбаевты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы Алма Сайлауқызын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенті Шаһкәрім Сәдуақасовты, «Жастар үні», «Болашақ» басылымдарының қызметкері, маңғыстаулық Айгүл Дәденді, әдебиеттанушы, Астана қаласындағы С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Елдос Тоқтарбайды, Павлодарлық жеке кәсіпкер Дархан Жанғазинды, Қазақстан телерадиокорпорациясының тілшісі Мәриям Әбсаттарды, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің «Қорқыттану және өлкетану» бөлімінің ғылыми қызметкері Назгүл Бердіқожаны жұртшылыққа таныстырып, өз баяндамаларын жасау үшін, оларға кезекпен сөз берді. Нәтижесінде, Қазылар алқасының шешімімен «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының 1-номинациясы бойынша екі жұмыс бас бәйгені бөлісті. Олар: Алмас Жүнісбаевтың «Қазақ медициналық институтын құрудағы Санжар Асфендияровтың орны мен рөлі» және Алма Сайлауқызының «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және демократиялық құндылықтар» атты зерттеу еңбектері. 2-номинация бойынша Шаһкәрім Сәдуақасовтың «Алаш азаматы Ә.Ермековтің қазақ өлкесінің территориясы мен шекарасын анықтаудағы рөлі», 3-номинацацияда Елдос Тоқтарбайдың «Алаш қайраткерлері және олардың сенімді серіктері» атты жұмыстары бірінші орынды иеленді. 4-ші арнайы номинация бойынша Назгүл Бердіқожаның «Сартай батыр туралы тарихи деректер» атты еңбегі бас бәйгеге лайық деп танылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жеңімпаздарға 250 мың теңгеден сыйақы тапсырды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының грамоталарымен марапаттады. Конференция аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен шығарылған Қазақстан тарихшылар қауымдастығының Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған естелік медалімен марапаттау рәсімі өткізілді. Онымен биылғы жылы ұлттық тарихымызды ұлықтауға және және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруға елеулі үлесін қосқан ЕҰУ профессорлары: журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім, экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемел, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов, «Кәусар» танымдық орталығының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, Халықаралық Түркі академиясының ғалым хатшысы, ф.ғ.д. Амантай Шәріп, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры, т.ғ.д. Марат Әбсеметов, ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD Сұлтанхан Жүсіп, осы Алаш институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер, жазушы-драматург Өтен Ахмет, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Серік Тұрғынбекұлы, жазушы, өлкетанушы ғалым Тоғанбай Құлманұлы, «Қазақ-Беларусь» голографиясы» бірлескен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әмірхан Орынбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов тағы басқалар марапатталды. Оларға, жалпыұлттық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, конференцияға қатысқан басқа да алаштанушы ғалымдарға, студенттерге, партия белсенділеріне, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдеріне «Ақ жол» партиясының жыл сайынғы дәстүріне айналған жалпыұлттық байқауының қорытындыларын негізге алып шығарып жатқан «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» сериялы ғылыми жинағының баспадан жаңа ғана шыққан үшінші кітабы сыйға тартылды. Тұтастай алғанда, жалпыұлттық байқаудың пікірсайыс алаңдарындағы бетпе-бет кездесулердегі қызу талқылаулар бұл тақырыптың біздің қоғамдағы өзектілігін көрсетті. Финалға дейін жеткен 18-35 жас аралығындағы 8 қатысушының Астана мен Алматыдан екі-екіден, сондай-ақ Қарағандыдан, Павлодардан, Маңғыстаудан, Қызылордадан бір-бірден өкілдері болғанының өзінен жалпыұлттық деңгейдегі шараның географиялық жағынан да кеңейе түскенін байқадық. Алаш атын аялап, Алаш идеяларына қызығушылық танытып жатқан жас ұрпақ республиканың түкпір-түкпірлерінен табылып жатыр. Ішінде оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, докторанттар, журналистер, студенттер және т.б. бар ізденушілердің тың ойлары, ұсыныстары, тарихи деректерге жан-жақты, кешенді келіп, оның мәндерін бүгінгі заманның болмысына сай ашып, практикада қолдану тұрғысынан жаңаша беруге талпыныстары алдағы жылғы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқаудың да жоғары деңгейде өтіп, болашақта Алаш тақырыбы бойынша түбегейлі зерттеулерге жол ашатынына сенім ұялатады. Егемен елімізде Алаш жолының жалғасатынына күмән қалдырмайды. «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі "Қазақ үні" газеті |